Жаңалықтар

«Túrkistan» жігіт жасында

ашық дереккөзі

«Túrkistan» жігіт жасында

Тәуелсіздігіміздің төл баспасөздерінің бірі «Túrkistan» да, міне, жігіт жасы – жиырма беске келіпті. Алғашқы саны шыға бастағаннан-ақ дініміздегі теріс пиғылдылық пен тілімізге керітартпалық жасап отырғандарды Тайқазанның отында қақтаған басылым келе-келе халықтық мүдде мен ел мұратын өзінің темірқазығы етіп ұстанды. Қалтай Мұхамеджановтың қиядағы қалт жібермес қырағы көзі қоғамымыздың қалтарыстарындағы мүлгіген мәңгүрттіктерді сын тезіне алып, халықтың мұңын мұңдар, жоғын жоқтар газетке айналды. Іштегілердің көкейтесті мәселелерін індете жазған басылым сырттағы  қаракөздеріміздің туған топыраққа деген сағынышын, көші-қон саясатын халықаралық проблемаға айналдырды. Әдебиетіміз бен мәдениетімізді де, архивтерде қатталған тарихымызды да кешегісінен бастап, бүгінгісіне дейін барлаған «Túrkistan»-ның жалынды жастық шағында оқырмандарына бергені мол, берері одан да көп. Еркіндікті ту еткен баспасөз перзенті қоғам қойнауындағы жайларды жариялауда еш ақпарат құралдарынан қалыс қалған жоқ. Саясатты да саралады, экономиканы да таразылады. Тайқазанда қайнаған материалдар жұрт көңілінен шықты, талғампаздар жүрегіне жол тапты. Жиырма бес жасында «Халықаралық» деген шен тағынған газеттің ұлт құндылықтарын байытуға үлес қосар Азаматтығына ақ жол тілейміз.  

Дәурен ҚУАТ,

 «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы