«Балалар үйін пиар-шараға пайдалану – қиянат!»

«Балалар үйін пиар-шараға пайдалану – қиянат!»

«Балалар үйін пиар-шараға пайдалану – қиянат!»
ашық дереккөзі

ТАҒДЫР ТАУҚЫМЕТІН ТАРТҚАН ЖӘУТЕҢКӨЗДЕР

өздерін қоғамның толық мүшесі сезіне алмай жүр. Неге?

Өткен аптада Алматы облысынан сүйінші хабар жетті. Аймақ басшысы Амандық Баталов Талдықорған қаласында жетім балаларға арнап салынған 60 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйдің кілттерін өз иелеріне салтанатты түрде тапсырыпты. Бес қабатты нысандағы бір бөлмелі 28 пәтер мен екі бөлмелі 32 пәтерге балалар үйінен түлеп ұшқан жастар қоныстанады. Сол баспанаға өзіміз көшіп баратындай қуандық.

Қуанбағанда ше? Жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған ел емеспіз бе? Әкенің қамқорлығы, ананың мейірімі, отбасы жылуы дегеннің не екенін білмей өскен жастардың балалығы баянсыз болса да, бүгіні берекелі, келешегі кемел болғанына баршамыз тілеулеспіз. Бірақ тілегіміз бен тірлігіміз үнемі бір жерден шыға бермейді. Неге?

Өткен ғасырдың орта шеніне дейін қазаққа «жетім» деген ұғым жат еді. Халқымыз «көкек ана» дегенді де естіп көрмеген болатын. 70-жылдардан бастап біздің қоғамда бұрын-соңды болмаған келеңсіз құбылыстар бой көрсете бастады: құрсағын жарып шыққан баласынан бас тартқан безбүйрек аналар, туған баласын асыраудан қашқан тасбауыр әкелер, дос-құрбысымен емін-еркін ойнап-күлуге бата алмайтын, біреуге үмітпен, біреуге үреймен жәутеңдеп қарайтын тастанды балалар көбейді. «Балалы үй – базар», «бала – бауыр етің» деп ұрпақты ұлағаттайтын тектілігімізден тайып кеттік.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта республикада ата-ана қамқорлығынсыз қалған 33 680 жетім бала бар. Соның ішінде 21 856 баланы қазақстандық отбасылар қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа алған, ал 1947-сі – патронаттық тәрбиеде. Еліміздегі жетім балаларға арналған 188 мемлекеттік ұйым қамқорлыққа зәру 9879 баланы қанатының астына алып отыр. Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты 43 ұйым 2095 жетімекке қамқорлық көрсетсе, Білім және ғылым министрлігіне қарасты 145 ұйым 7784 жәутеңкөзді тәрбиелеуде.

Мейірім мен махаббатқа зәру балдырғандардың қоғамда өз орнын тауып, отбасында жақындарымен өмір сүруге бейімделуі үшін соңғы уақытта Қазақстанда отбасы үлгісіндегі балалар үйі және отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары желісін дамытуға баса назар аударылып келеді. Бүгінде республика бойынша отбасы үлгісіндегі 16 балалар үйі және 11 балалар ауылы жұмыс істейді екен. Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитеттің төрайымы Зәбира Оразалиеваның айтуынша, 2020 жылға дейін олардың қатары отбасылық үлгідегі 9 балалар үйімен толықпақ.

Республикада жетім балаларды өз тәрбиесіне алған патронаттық тәрбиешілерді, қамқоршыларды және қорғаншыларды материалдық ынталандыру жағы да оң шешімін тауып келеді. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап бала асырап алған қазақстандықтарға 75 АЕК (148 650 теңге) мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемақы төленеді. Осы және өзге де шараларды қолданудың нәтижесінде соңғы бес жылда елдегі жетім балалардың жалпы саны 8812-ге, балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны 5237 балдырғанға азайған. Соның арқасында 22 балалар үйі жабылған.

10 жылда 683 мың некесіз бала дүниеге келген     

Балалар үйіндегі жетімектер санының азайғаны елімізде өз қағынан жеритін көкек аналардың, перзентінің тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын әкелердің азайғанын білдірмейді. Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек, соңғы 10 жылда елде туған 3 397 652 сәбидің 682 987-сі некесіз жарық дүние есігін ашады деген сөз. Бұл – әрбір бес баланың біреуі некесіздіктен туып жатыр деген сөз. Олардың бәрі дерлік әкесіз өседі немесе тастандылар қатарын толықтырады. Жаман әдеттерге салынып, перзентінің тәрбиесін ұмыт қалдырғандар саны да азаяр емес. Алматы қалалық ішкі істер департаменті ювенальдық полиция бөлімінің басшысы Лейла Әліпбаеваның айтуынша, Алматының өзінде жыл сайын орта есеппен 35 отбасы өзінің ата-аналық құқығынан айрылады. Ал 100-ге жуық ата-ана балалар алдындағы тәрбиелік міндетін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бергі деректің өзі ойлантарлық: 20 адам ата-аналық құқығынан айрылса, 70 ата-ана тәрбиелік міндетін дұрыс атқармағаны үшін әкімшілік айып төлеген. Қазір тиісті орындар оңтүстік астанадағы мыңнан астам баланы тәрбиелеп отырған 980 отбасының жағдайын қарау үстінде. Демек, тірі жетім атанатын балалар саны еселене түсуі мүмкін.

Бұл біздің мәселенің салдарымен ғана күресіп, себебіне үңілуді ұмытып кететініміздің тағы бір мысалы болса керек. Елімізде баласынан бас тартатындар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен жұмыс істейтін, балалардың өз үйіне бақытты болуын қамтитын жүйе қалыптастырудың орнына жетімдер үйін керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржыны жыл санап көбейтіп келеміз. Балалар үйіндегі бір баланың қажетін толық қамтамасыз ету үшін мемлекет қазынасынан жылына 1,5 млн. теңге, бiр айда 118 мың және күнiне 4 мың тең­геге жуық қаражат жұмсалады. Оның орнына көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты аналарға берілетін жәрдемақы көлемін өсірер болсақ, ұрпақ тәрбиесі үшін де, қазына қамы үшін де оң шешім болар еді.

Қазір тұрмысы нашар отбасындағы әр балаға бір жастан асқан соң мемлекет тарапынан ай сайын небәрі 1982 теңге көлемінде жәрдемақы беріледі. 1982 теңгені айдың әр күніне шақсақ, небәрі 66 теңгеден келеді екен. Баға атаулы аспандап тұрғанда 66 теңге қай жыртыққа жамау болады? Бала күтіміне мемлекет тарапынан берілетін айлық жәрдемақы – 11 417 теңге болса, 1, 2 және 3 бала дүниеге келгенде тағайындалатын бір реттік мемлекеттік жәрдемақы – 59460 теңге. Қазақстандағы бала күтімі үшін берілетін жәрдемақыны өзге елдермен салыстырсаңыз, оның мардымсыз екеніне көзіңіз жетеді. Мысалы, өткен жылғы көрсеткіш бойынша Сингапурда бір жолғы жәрдемақы – 4900, Беларусьте – 1000-1500, Ресейде – 3000 доллар шамасында екен. Францияда 3 жылға декреттік демалысқа шыққан аналарға ай сайын 400 еуро жәрдемақы беріледі. Ал бізде тұрмысы төмен отбасындағы балаға бір жасқа толғанша айына 11 мың теңге жәрдемақы тағайындалады да, 1 жастан асқан соң айына небәрі 1982 теңге мөлшерінде жәрдем беріледі. 1 жастан асқан баланы күтіп-бағу бесікте жатқан балаға қарағанда әлдеқайда қиын әрі шығынды көп талап екені ескерілмейтіні өкінішті.

Әлеуметтік жағдайдың төмен­дігінен қажып, балаларын жетімдер үйіне өткізетін ата-аналарды ақтағалы тұрған жоқпыз. Бірақ жетімдер үйінің көзін түбегейлі жоюға кедергі келтіретін факторлармен күресте әлсіздік танытып отырғанымызды мойындауға тиіспіз. Патронаттық тәрбиені жолға қою, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерін ашу, бала асырап алам деушілерге арнайы жеңілдіктер қарастыру, туған-туыстарының қолында қалатын балалардың жәрдемақысын арттыру... Қамқорлықсыз қалған балаға үйдің жылуын сезіндіріп, отбасы тәрбиесін беруге бағытталған бұл шаралар ананың мейірімі мен әке шапағатының орнын толтыра алмайды. Бала асырап алуға үгіттейтін жарнамалар жақсы әрине, бірақ, ең алдымен, отбасын сақтап қалуға, адамдарды отбасын бұзбауға ынталандыратын тетіктер жолға қойылса, қоғамда өз ата-анасына керексіз балалар болмас еді.

Көкек аналар саны жыл сайын 1,5 мыңға артуда

«Балам далада қалмайды, мемлекет өлтірмейді» деген сеніммен баласын еш қынжылмастан тастап кете беретін әке-шешенің қарасын азайту үшін еліміздегі барлық жетімдер үйінің есігіне құлып салу керек деген пікір қылаң бергелі де бірнеше жылдың жүзі болды. Тіпті, «Балалар үйін жабу керек пе?» деген сауал пікір қайшылығын тудырып, талай ой-көкпарға өзек болды. Бұл тақырыпты заң шығарушы орган өкілдері де қызу талқылады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов «Жетімдер үйін түбегейлі жабу керек» деген пікірін деректермен дәйектеп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. ЮНИСЕФ деректерін алға тартқан депутаттың пікірінше, Қазақстанда жетімдер үйінен түлеп ұшқан жастардың 60 пайызы қылмысқа, 40 пайызы жеңіл жүрісті қылықтарға барады екен. Сондай-ақ, депутат жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға зорлық-зомбылық жасау фактілерінің көптігін нақты мысалдармен дәлелдеді. Мәселен, ЮНИСЕФ-тің халықаралық кеңесшісі Рабин Хаарр осыдан үш жыл бұрын балалар үйі, мінез-құлқында ауытқушылықтары бар балаларға арналған ұйымдар секілді 30 мекемедегі 630 қызметкер мен 997 баладан сұрау алған. Зерттеу Қарағанды, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген. Сауалнама қорытындысы бойынша жетім балалар үйіндегі балалардың 26 пайызы, балаларға арналған ұйымдардағы балалардың 35 пайызы, ал мінез-құлқында ауытқушылықтары бар балаларға арналған мекемелердегі балалардың 41 пайызы мекеме қызметкерлерінің тәрбиеленушілерге күш қолданатынын, жәбір көрсететінін жеткізген. Атап айтқанда, балаларды дәретханаға жібермей қою, психологиялық немесе физикалық зорлық-зомбылықтар жасау, шағын бөлмелерге ұзақ уақытқа қамап ұстау, байлап тастау, сөзбен кемсіту секілді әрекеттерге баратыны белгілі болды. Сауалнама барысында балалар үйінен қашу жағдайларына да талдау жасалыпты. Зерттеушілер қашу жағдайлары көбінесе олардың өзге балалардан немесе интернат қызметкерлерінен қорыққандығынан жасалатынын анықтады. Осы және өзге де жаға ұстатарлық жайттарды алға тартқан Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов елімізде жетімдер үйлерін қаржыландырудың мәні жоқ деп есептейді.

«Америка, Ұлыбритания сынды дамыған елдерде балалар үйі деген атымен жоқ. Тарихымызға үңілер болсақ, біздің халқымызда да жетім мен жесір атаулы мүлдем болмаған. Ата-анасынан айрылған баланы туған-туыстары бауырына басқан, тіпті жақыны жоқ болса, көрші-қолаң асырап алып, жетімнің күйін кештірмеген. Жыл сайын баласын перзентханаға тастап кететін көкек аналардың саны 1,5 мыңға өсіп отыр. Бұл жетімдер үйіне деген сенімнің артқанын меңзесе керек. Халқымыздың саны 20 жылда 20-ақ пайызға көбейді. Ал өзбектердің саны осы уақыт аралығында 46 пайызға артқан. Себебіне үңіліп көріңізші...», – дейді халық қалаулысы. Оның айтуынша, жетімдер үйін жабудың бір ғана жолы – патронаттық үйлер мен отбасы үлгісіндегі балалар үйлерімен алмастыру. «Ол жерде тастанды балалар аз да болса отбасы, үй тәрбиесі дегеннің не екенін сезіне алады. Баланы үйден басқа еш жер тәрбиелей алмайды. Сондықтан бірте-бірте жетімдер үйін жауып, патронаттық жүйеге көшкеніміз жөн. Сонда ғана еңсеміз түзеліп, халқымыздың саны өсетін болады», – дейді Тұрсынбек Өмірзақов.

Асырап алушылардың түгесілмейтін талабы

Расында да, жетімдер үйінен түлеп ұшқан ұлымыз қылмыскер атанып, қызымыз жеңіл жүрісті жолға түсер болса, балалар үйін ашып, оны ұстауға қыруар қаржы шығындаудың қандай қажеті бар деген сауал туындайды. Бірақ балалар үйлерінің есігіне қара құлып салу бір күннің, тіпті бір жылдың еншісіндегі нәрсе емес. ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Күлсариеваның айтуынша, қорғансыз бала, жетімдер үйі деген ұғымдарды сөздік қорымыздан шығаруға мүмкіндік бермейтін бірнеше себеп бар:

– 9879 жетім баланы қанатының астына алып отырған 188 мекемені бірден жауып тастауға мүмкіндігіміз жоқ. Олардың арасында денсаулығы нашар балалар көп. Мұндай балаларға қажетті арнайы медициналық күтімді отбасы жағдайында жасау мүмкін емес.

Бүгінде бала асырап алу кезегінде 2813 отбасы тұр. Бірақ олардың 90 пайызы үш жасқа дейінгі балдырғандарды ғана асырап алғысы келеді. Қалған 10 пайызы 3 пен 7 жас аралығындағы балаларды қамқорлыққа алуға ниетті. Оның өзінде дені сау және сырт келбеті өздеріне ұқсайтын балаларды іздеп, уақыт создырады. Балалар үйінде асырап алушылардың талаптарына сәйкес келетін бала жоқтың қасы деуге болады. 6 мыңнан астам бала, яғни жетімектердің 80 пайызға жуығы – 7 жастан асқан жеткіншектер. 50 пайызы – 14 жастан асқандар. 14 жастан асқан жасөспірімді өз отбасына кім ала қойсын? Сондықтан кезек күткендердің көбейіп отырғанын жасыра алмаймыз. Қазақстандық отбасылар алғысы келмеген ауру балалардың басым бөлігін шетелдіктер асырап алуда. Өткен жылы еліміздегі 53 науқас жетімекті шетелдік отбасылар бауырына басты, – дейді маман.

Өкінішке қарай, өз елімізден қамқоршы таппаған жәутеңкөздер шекара асуға мәжбүр. Бұл құбылысқа түбегейлі тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Әйтсе де, қазақстандық отбасыларды бала асырап алуға ынталандыра түсу үшін Білім және ғылым министрілігі «Неке және ерлі-зайыптылық туралы» ҚР кодексіне енгізілген патронат, қорғаншылық, қамқоршылық деген ұғымдардан бөлек қонақжай отбасы деген түсінікті енгізуді ұсынып отыр. Бұл еліміздегі әр отбасыға сенбі-жексенбі күндері балалар үйіндегі бір жетім баланы өз үйлеріне әкетуге мүмкіндік береді. Ал жазғы каникул кезінде балалар өздері таңдаған отбасына барып тұра алады. Осылайша баланы отбасыға бейімдеп, асырап алушы мен жетімектің арасын дәнекерлей түсудің балама жолдары қарастырылып жатыр екен. Қазір елімізде жыл сайын 4-5 балалар үйі жабылуда. Жаман көрсеткіш емес, бірақ бұл қарқынды үдете түсу қажет. Әйтпесе республикадағы жетім балаларға арналған 188 мекеме толық жабылғанша әлі 40 жыл күтуге тура келеді.

«Балалар үйін пиар-шараға пайдалану – қиянат!»

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық жасап отырған республикадағы 188 мекеменің бірі – Алматыдағы №1 Балалар үйі. 121 бала тәрбиелеп отырған жетімдер үйінің тыныс-тіршілігін көрмекке, мұң-мұқтажын естімекке «Орбита-3» ықшамауданын бетке алдық. Кіреберістегі күзетші бөлмесінде ешкім болмаған соң аулаға да, ғимарат ішінде де еркін ендік. Ғимарат ескі болғанымен, іші жинақы әрі тап-таза екен. Дәліз қабырғаларына тәрбиеленушілердің қолынан шыққан өнер туындылары қаз-қатар ілінген. Соларды жағалап келеміз. Іздегеніміз – мекеме басшысының қабылдау бөлмесі. Жетімектердің ортасына баса-көктеп бара алмасымызды біліп, әуелі балалар үйінің директоры Гүлмаржан Шунаеваға жолығуды жөн көрдік. Оған қоятын бірсыпыра сауалымыз да бар. Алдымыздан шыққан балалардың нұқсауымен іздегенімізді таптық. Жүзі жылы жан суыт жүрген журналистерге қабақ шытқан жоқ, күліп қарсы алды. Уақытымды ұрладыңдар, жұмысыма бөгет болдыңдар демей, сауалдарымызға да толыққанды жауап берді.

– Гүлмаржан Есенғалиқызы, сіздердің 121 баланы қамқорлыққа алып отырғандарыңызды ғана білеміз. Ақпарат құралдарынан №1 Балалар үйі туралы басқа дерек таппадық. Мекеменің қызметі, тәрбиеленушілері жайлы толық ақпаратты өзіңіздің аузыңыздан естісек деп едік...

– Иә, қазір біздің балалар үйінде 4 жастан 18 жасқа дейінгі 121 бала тәрбиеленуде. Бұған дейін қамқорлығымызда 150 бала болған еді. Олардың көбі 18 жасқа толып, «Жастар үйіне» қоныстанды. Кейбірі мемлекеттен үй алып, жеке отау тікті. 9, 11-сыныпты бітірген 25 бала колледждерге, университеттерге оқуға түсті. Жетім балаларға мемлекетіміз арнайы оқу гранттарын бөліп, білім алуына барынша мүмкіндік жасап отырғаны белгілі. Сара Назарбаеваның қайырымдылық қоры әр баланың жеке қорына 1 миллион, 1,5 миллион теңгеден қаржы аударып қойған. Оқу грантына қол жеткізе алмай қалған күннің өзінде олар сол қаржының есебінен ақылы білім ала алады. Мектеп жасындағы балаларымызды да өз қатарластарынан кем болмасын, сапалы білім алсын деп қаланың үздік гимназияларына беруге тырысамыз. Өздігінен жүріп-тұруы қиын, ауыр науқас түрімен ауыратын 14 баламызды мұғалімдер осы жерге келіп оқытады.

– Кез келген адам жаңа ор­таға үйреніскенше біраз қиын­­дық­тан өтетіні белгілі. Бөтен ортаға бейімделу жетім бала­лар үшін тіпті қиын болар. Кол­леджге, университетке түскен ұл-қыздарыңыз көбіне неге шағым­данады?

– Үлкен оқу орындарының студенттері жан-жақтан жиналады ғой. Алматы олардың бәрі үшін жаңа орта. Сондықтан олар әлеуметтік мәртебесіне қарап бір-бірін шеттетпейді, керісінше жақын тартып, қиындықтарға бірге бейімделеді. Оның үстіне, бәрі де ақыл тоқтатқан. Біздің балалардың ата-ана қамқорлығынсыз қалғаны үшін жазықты емес екенін түсінеді, жетімсің деп кемсітпейді. Сондықтан студент атанған тәрбиеленушілердің шағымын естіген емеспін. Есесіне, мектептегі балғындарымызды түртпектейтіндер көп. Кейбір ата-аналар біздің бала­лардың өз перзенттерімен бірге оқығанын ұната бермейді. «Жетімдер тәрбие көрмеген, балаларымыздың тәрбиесіне кері әсерін тигізуі мүмкін» деп ойлайтындар баршылық. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің бәрі бірдей маскүнемнің немесе нашақордың баласы деген пікір басым. Мейлі солай болған күннің өзінде, ата-анасының ағаттығы үшін баланы жазғыруға қақымыз жоқ. Сондықтан мектептерге барып, ата-аналармен, ұстаздармен жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Онсыз да бесіктен белі шықпай жатып тағдыр тауқыметін тартқан жәутеңкөздердің жанына жара салуға жол бермейміз. Тәрбиешілердің оларға жылы шырай танытып, өз балаларына қарағандай қарауларын үнемі ескертіп отырамын.

– Кәмелеттік жасқа толып, жетім­дер үйінен қоныс аударған жас­тар­мен байланыс үзіліп қалмай ма?

– Жоқ, түлектерімізбен үнемі хат-хабар алмасып тұрамыз. 18 баламыз «Жетісу» ықшамауданында орналасқан «Жастар үйінде» өмір сүруде. Жылы-жұмсағымызды ала барып, жағдайларын біліп тұрамыз. Олардың барлығы дерлік студент, ай сайын шәкіртақы алып тұрады. Оған қоса, күніне төрт мезгіл тамақтарына, тоқсанына екі рет киімдеріне деп мемлекет қаражат бөледі. Сондықтан олар ештеңеден тарлық көріп жатқан жоқ.

– Балаларды асырап алсақ деп келетіндер көп пе?

– Елімізде бала асырап алуға ниетті отбасылар көп. Бірақ біздің жетімдер үйінде олардың талап-тілектеріне сай келетін бала жоқ. Олар әдетте 3 жасқа дейінгі балдырғандарды, әсіресе қыздарды қамқорлыққа алғысы келеді. Ал біздің балалар үйіне 4 жасқа толған жетімектер қабылданады әрі олардың көпшілігі – ұлдар. Тәрбиеленушілеріміздің басым бөлігін 10 жастан асқандар құрайды. Әке-шешесі ата-ана құқығынан айрылып немесе қаза тауып, біздің мекемеге 13,14 жастарында келетін жасөспірімдер бар. №1 Балалар үйіндегі 121 баланың 80-і «Жетім балалар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ашық деректер базасына» енгізілген. Оларды асырап алуға, патронаттық тәрбиеге немесе қорғаншылыққа алуға болады.

– Қалған 41 бала ше?

– Олар – түрмеде жазасын өтеушілер мен ұзақ мерзімге аурухана төсегіне таңылған адамдардың балалары. Бұл жерге белгілі бір мерзімге ғана орналастырылған. Сондықтан өзге адамдардың қамқорлығына берілмейді. Ата-аналары түрмеден немесе ауруханадан шыққан соң перзенттерін алып кетеді.

 – Жетімектердің жағдайын көрсек, балаларға аз-кем қуаныш сый­­ласақ деп келетіндер көп шығар. Мұндағы балалар мейірім мен махаб­батқа зәру екені даусыз. Бірақ өзде­ріне аяушылықпен шұқшия қарай­тын көзқарастардан мезі болмай ма?

– Балаларға арнап концерт қойсақ деп жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары жиі келеді. Бірақ шынын айту керек, олардың ұйымдастыратыны біздің тәрбиеленушілерге аса қызық емес. Танымал өнер адамдары да арагідік ат басын бұрып тұрады. Қынжылтатыны, олар жетімдер үйін өздеріне жарнама жасаудың бір құралы ретінде пайдаланғысы келеді. Кәмпит әкелсе, балаларды сол кәмпитпен суретке, бейнекамераға түсіріп алуға құмар. «Жетім балаларды көріп қайтсақ деп едік» деп хабарласып жататындар да бар. «Көретін несі бар, өзіңіздің балаларыңыз сияқты екі аяқ, екі қолы бар балалар. Сіздің балаңыз жегенді жейді, қатарластары кигенді киеді. Тесіле қарап, онсыз да жандары жаралы балалардың жетімдіктерін беттеріне басудың не қажеті бар?» деп ренжимін. Балаларға шын жаны ашыса, олардың білім-білігін дамытуға, қабілеттерін шыңдауға көмектессе екен. Мәселен, балғындарымызды балабақшаға тегін қабылдаған «Умка» балаларды дамыту орталығы мен мектеп бітіретін балаларымыздың ҰБТ-ға дайындалуына бір тиын ақысыз көмектесіп жүрген білім беру орталықтарының игі ісі көпке үлгі болуға тұрарлық.

– №1 жетімдер үйінің балала­ры тағы қандай көмекке мұқтаж? «Түркістан» газеті арқы­лы қайырымды азаматтарға құлақ­қағ­ыс ретінде айтар тілегіңіз болса, жеткізуге дайынбыз.

– Біздің тәрбиеленушілердің арасында спортқа бейім балалар көп. Бірақ бізде олар жаттығатын, қарым-қабылеттерін шыңдайтын арнайы орын жоқ. Ауладағы шағын алаңды місе тұтуға мәжбүр. Қыста тіпті қиын. Спорт кешеніміз болса, балаларымыз бос уақыттарын пайдалы іске арнар еді. Жетімдер үйінен де ел спортын дамытып, Қазақстанның атын әлемге танытар даңқты спортшылар шығар еді...

Анар ЛЕПЕСОВА