«Есті жұрт естелікке құмар болмас»
«Есті жұрт естелікке құмар болмас»
Естелік жазудың ең қиын әрі ең басты екі талабы бар. Онсыз еңбегің еш, төккен тұзың сор болары кәдік. Біріншіден, естелік жазушының ақыл-есі бүтін болмағы абзал-дүр, екіншіден, естен кетпестей қызықты етемін, оқушыны елітіп, еліктіремін деп қисынсыз өтірікті көбіктей көпіртпеу. Осы екі талап орындалса ғана қолға қалам алуға қақың бар.
Мұны маған Қалағаң – Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов айтқан. Ол кісі айтқан екі талаптың үдесінен шыға алармын ба, жоқ па, қайдам?!
Алматының әр таңы, әрбір күні қайталанбастай ерекше ғой. Сондай әсем күндердің бірінде Қалағаң Төле би мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы бұрынғы «Казпотребсоюздың» ғимаратынан бірнеше қорап кітапты үйіне жеткізіп беруді өтінді. Ләппай, Қалаға!
Бір-екі қорап кітапты Көлаға – Көлбай Адырбекұлының көк «Жигулиінің» жүк қорабына салған соң көлікке жайғаса бастағанбыз. Қалағаң аяғы ауырып, таяқ ұстап жүрген кез. Жеңіл көліктің алдыңғы отырғышына жайғаса беріп:
– Әй, осы Көлбайдың мәшинесі түбек сияқты түк ыңғайсыз. Аяғың сыйса, таяғың сыймайды, – деп бізді бір күлдірген.
Иә, естелік демекші... сол жолы бәрі де менің бір ауыз сауалымнан басталып кеткен сияқты. Қалағаңда дос көп. Сыйластар сансыз. Тілеулестер түмен. Кез келген кісімен арқа-жарқа әңгімелеседі. Әсіресе, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов үшеуінің арасынан қыл өтпейді. Үш алыптың айырылмас достығына қызығушылар, қарадай қызғанушылар да аз емес.
Ол жылдар сан түрлі, аты белгілі, белгісіз кітап баспалары жазғытұрымғы жаңбырдан кейінгі қозықұйрықтай қаптаған кез. Қызғылт кәстөм киіп, бұрыш-бұрышта, көше қиылыстарында талтайып тұра қалып, құлағына кірпіштей-кірпіштей радиотелефонды тақап сөйлесетін жігіттер көзге жиі шалына бастаған шақ. Өздерін «бизнесмен» деп атайды ылғи. Одан азға келісетін түрі жоқ. Біреулері тапқан қаржысына тасып жүрген, базбіреуі алдап-сулап қарызға алғандарын мезгілінде қайтара алмай, үйіне қонбай қашып жүрген беймезгіл уақыт. Тоқ етерін айтқанда: «Алмағайып заманда алаяқтың бәрі әулие» дейтін елең-алаң кезең.
– Қалаға, – дедім ол кісінің бір бөлме толы кітапханасына қызыға қарап. Елде жоқ ерекше кітаптар. Әрбіріне жарау ат беріп, жалынып сұрап алатын-ақ жинақтар. Мәскеуден, Ташкенттен, Бішкектен, Киевтен, Минскіден... тағысын тағы алыс қалалардан жеткен ардақты басылымдар. Бұрынғы КСРО-ның географиялық картасын көз алдыға әкелетін атаулар. – Сөреңізден Хара-Даванның «Чингизхан как полководец и его наследие» деген кітабын көріп тұрмын. Орысша басылымын оқып шыққан едім. Ғажап кітап екен.
– Ә-ә, жолбарысым, революциядан кейін, жұрттың есі шығып жүрген кезеңде, 1929 жылы сонау алыс Сербиядағы Белградта осындай кітап жазып шыққан, оны жариялаған Хара-Даван Эренджен осал қалмақ емес. Атақты Василий Янның «Шыңғыс ханы» да, Исай Калашниковтың «Жестокий век» романы да осының жаңаша жазылған нұсқасы ғана. Өзім де Шыңғыс хан туралы жазсам деймін. Бірақ батылым жетер емес. Ауыр жүк, зілдей салмақ қой ол.
– Сіз неге өзгелер сияқты естелік жазбайсыз? Қазір қоғамға еңбегі сіңген абыройлы жан да, ауыл-аймақтан асып аты шықпаған пенде де, емші де, есепші де естелік жазуға әуес болып алған жоқ па?
– Жолбарысым, оларды қоя ғой. Кітаптың қадірін оңдырмай қашырған елміз біз. Тіпті, естелік пен мемуардың ара жігін ажырата алмай жүрген әдебиеттің өкілдеріміз. Бұрын «Арпа ішінде бір бидай» деуші едік, қазір сансыз кітаптан бір түйір дәнек табудың өзі орындалмас арманға айналды. Кітапты табанға тастаған, газет-журнал оқымайтын ел қараңғылықтың қойнына қайта сүңгиді де. Қазақты сауатты етеміз деп Алаш арыстары арманда кетіп еді... «Қоғамдық формация өзгергенде өмір сүр» деген сөз Қытайда ауыр қарғыс көрінеді, біз де көп құбылдық қой. Өмір таудан аққан лай өзен сияқты арқырап жатыр. Лай тасқынның бетінде шөп-шалаң да, шелек-шелек бадам да, қасиетті қалам да ағындап кетіп барады. Байғұс адам да. Бір тасқын басталды да кетті, қашан, қалай тоқтайтынымызды бір Құдай біледі. Қайраңға да келерміз түптің-түбі...
– Осы уақыт туралы, өткен шақ туралы сіз жазбағанда кім жазады? Орыстар «Святое место пусто не бывает» дейді ғой, біраз кісінің естелік кітаптарын оқып шықтым. Бірақ... панорамалық кеңістік, тереңдік пен биіктік табу қиын, – дегенмін әдеттен тыс қызбаланып. – Талай арыстардың батасын алдыңыз, тіпті, Мұхтар Әуезовтің өзі кезінде сізді қолдап мақала жазды емес пе? Шыңғыс Айтматовтың сіз дегенде шығарда жаны ғана бөлек, «Современниктің» Бас режиссері Галина Волчек қатар өскен құрбыңыздай. Жазушылар қауымы, талай режиссер мен актерлер, суретшілер жайын өзгелер онша біле бермес. Ал сіз білесіз. Білгенді айтпау... – Сөзімді жалғай алмай күмілжіп қалдым.
Жылы жымиып, маңғаз күйде отырған Қалағаң сәл ұмсына түсіп, қызбалана сөйлеген. Кеудесінде сандаған жылдар бойы бас бұғып жатқан ауыр қыжылдың бар екені білінді.
– Есті жұрт естелік жазуға құмарта бермеуі тиіс. Естелік деп айтуға болар неміз бар біздің? Отар елдің еңсесі езілгенін, көкірегімізді керіп, «мен қазақпын» дей алмағанымызды айтпасақ. Жалғыз ғана орыс коммунисінің жоғарыға жазған арызы талай айтулы институттың астаң-кестеңін шығарғанын сөз етпесек...
Жоқ, есті жұрт естелік жазуға құмар болмауы тиіс. Тек болашақтың сөзін қозғамасаң...
Сәл тосылып қалған Қалағаң бурыл тартқан бұйралау шаштарын тарамдап, қабағын шытты.
– Болашақ деймін-ау... Әлгі қызғылт кәстөм киіп, қылымсып жүрген талтаңбайларды ел мен жер, ұлтыңның болашақ тағдыры қызықтыра қояр ма екен?! Әй, қайдам... Әсілі, есі бар адам естелік жазуға құмар болмауы керек...
Қалағаңның сөздері әлі күнге құлағымда. Қазақ тарихы мен өнерінің, мәдениетінің тағылымды сансыз парақтары сырын толық ашпай қалғаны өкініш.
Жаңабек ШАҒАТАЙ,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты