«Түркістанда» шыққан мақаланы Америкада талқылады
«Түркістанда» шыққан мақаланы Америкада талқылады
Сол жылы шіліңгір шілденің аптап күндерін Сарыағаш шипажайында өткізіп жүр едім. Түске дейін ем-домын алып, күн төбеден ауып, ыстықтың пәті қайтқан кезде маңайдағы ауыл-аймақтың кітап дүкендеріне баратын әдетім. Астымда «жигули» жеңіл көлігім бар. Бұрын аудан орталығы болған Абай елдімекенінен қайтып келе жатып, үлкен жолдың бойындағы жанармай бекетіне бұрылдым. Күн аралатып соғып тұрған соң жанармай құюшымен таныс та болып қалғанмын. Аты Тұрдыбай. Сақалды орта бойлы кісі. Есік алдындағы ағаш орындықта сүлесоқ отыр екен. Қолында «Комсомольская правда» газетінің жаңа саны. Қабағы түнеріп, иіні түсіп кетіпті.
Амалсыз жөткіріндім. Ол кеудесіне түсіп кеткен басын көтеріп алды.
− Айып етпе, бауырым. Мына газет балам туралы дұрыс жазбапты. Менің балам адал жан, әскери тұтқын емес. – Езілген кеудесін жазып, орнынан созыла тұрды. Мамандығым журналист болған соң әуестік билеп газетті оқуға сұрап алдым. Мақала 2002 жылдың 17 шілдесінде жарияланыпты. Демек бұдан екі күн бұрын жарық көрген. Беташар бетіндегі сақалды жігіттің суреті бірден көзге ұрады. Оның жоғары жағына үлкен әріптермен «Талиб тұтқынының анасы оны Қазақстанға қайтаруды талап етеді» деп жазған. Ал астыңғы жағына «Анасы Ильхомжан Ботаевты іздестіру барысында бүкіл Ауғанстанды шарлап шықты. Енді Бостандық аралының Америкаға қарасты Гуантанамо базасындағы қазақстандық әскери тұтқынды іздеп баруға жиналып жатыр» деген сөз тайға таңба басқандай. Газеттің ішкі бетінде меншікті тілшісі Лаура Көпжасарованың «Гуантанамодағы талиб тұтқындарының арасында Қазақстан азаматы да бар» деп аталған мақаласы жарық көрген.
Мақаланы оқып шықтым. Екіұштылау оймен жазылыпты. Маған Ауғанстандағы аласапыран кезде анасының басын қауіп-қатерге тігіп, баласын тозақтың отына оранған жерге іздеп барғаны қатты әсер етті. Сол-ақ екен басыма осы жайды неге жазбасқа деген ой сап ете қалды. Өзімді майқұйғышқа таныстырып: «Егер, көңіліңіз қаласа мен әйеліңіздің сол сапарын «Түркістан» газетіне жазайын», − деп ұсыныс жасадым. Іргедегі шипажайда ем-дом қабылдап жатқанымды, материалды сол жерде жазып, газетке жарияламас бұрын өзіне оқытып алатынымды айттым. Ол содан соң ғана келісімін берді де Абай елдімекеніндегі үйіне ертіп барып, әйелі Хасиятпен жүздестірді. Өңі сүлік сорғандай бозарып кетіпті. Ол Ауғанстандағы азапты сапарын көз жасына ерік беріп отырып баяндады. Сөйлеп отырғанда фотоаппаратыма бейнесін түсіріп те алдым. Көлемі газеттің бір бетін алатын мақаланы дайындап, Тұрдыбай мен Хасиятқа алдын ала таныстырдым. Олар мұқият тыңдап, жазғаныммен келісті. Хасият: «Осы материал газетке жарияланған соң, Сыртқы істер министрлігіндегілер тағы да үн-түнсіз отыра берер ме екен?...», − деді ауыр күрсініп.
Оқиға былай болған. 2001 жылы қаңтар айының басында ұлы Ильхомжан сауда-саттық жасауға Тәжікстанға барады. Жайшылықта сондай сапардан ары десе бір аптада қайтып оралып жүрген ол ұшты-күйлі хабар-ошарсыз кеткен. Мұнда әке-шешесі және үш баласымен жары зарыға күтіп, ауыр күндерді өткізіп жатты. Арада бір жыл өткен соң 2002 жылдың 5 қаңтар күні республикалық «Хабар» телеарнасының тілшілері Ауғанстанның Шеберған қаласындағы НАТО мен Ақш әскери күштеріне берілген шетелдік жалдамалы тұтқындар лагеріне ат басын тіреп, қазақстандықтар бар ма деп іздестірген. Телекамераға Ильхомжан ілігіп, өзінің Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Сарыағаш ауданынан екенін, талибтердің Тәжікстаннан Ауғанстанға еріксіз күшпен алып келгенін, мұнда аспазшы болғанын, ешкімге қарсы оқ атпағанын айтады. Күн сайын ұлымнан бір хабар болып қала ма деп телеарна жаңалықтарына телміре қарап отырған Хасияттың жүрегі алдамапты. Экраннан жылт ете қалған ұзын сақалды ұлын бірден танып, ертеңіне Астанаға жол тартқан. Сыртқы істер министрлігіне барып, тұтқында отырған ұлы Ильхомжанды қайтаруын өтінеді. Олар көмектесуге уәде берген. Бірақ бұл шырғалаң жайдың жуық арада оң шешіле қоймайтынын, төзімділік сақтау керектігін ескертеді. Ана: «Егер сіздер баламды жуық арада қайтарып бере алмайтын болсаңыздар, онда Ауғанстанға өзім барып, ұлымды алып келуіме қажетті жол құжаттарын беріңіздер», − деп талап еткен. Хасият алған бетінен қайтпай табандап тұрып алғаны соншалық күнде министрліктің есігін ашып, талабын қоюдан танбайды. Ақыры олар тиісті құжаттарын беруге мәжбүр болады.
Ананың Ауғанстанда өткен азапты сапары жайындағы мақаланы газеттің сол кездегі редакторының орынбасары Дидахмет Әшімханұлы оқып: «Шіркін аналар-ай, ұлы үшін жанын қиюға да бар. Тек мақалаңнын атын «Жанпида» деп өзгертейік», − деді. Дидағаң ерекше талантты жан еді ғой. Әсіресе мақалаларға ат қоюдағы тапқырлығын айтсайшы. Ұсынған аты мақаланың маңызы мен мәнін дөп басып тұрса қалай келіспейсің. Мақалам «Қилы-қилы тағдырлар» рубрикасымен 2002 жылы 8 тамызда жарық көрді.
Уақыттан жүйрік не бар. Жылдар жылжып өтіп жатты. 2006 жылдың көктемінде Абай елдімекенінен Тұрдыбай телефон шалды. Ол Гуантанамоға Нью-Иорк қаласындағы тәуелсіз адвокатурасының өкілдері барып, ондағы тұтқындардың қал-жағдайымен танысқандарын, сонда Ильхомжанмен де сөйлескендерін айта келіп: «Балаңыздың ақтығын дәлелдеп көрсететін қандай құжаттар бар? Егер қолдарыңызда сондай құнды құжаттар болса, біз әскери лагерьден бостандыққа шығуына көмектесер едік», − деген. Ол осыдан төрт жыл бұрын халықаралық «Түркістан» газетіне жарияланған «Жанпида» атты көлемді мақаланың барын айтады. Тәуелсіз адвокатура сол мақаланы, сондай-ақ көршілер мен оқыған мектебінен мінездеме алып, шұғыл түрде жедел байланыс жүйесі арқылы өздерінің Нью-Иорктегі мекемесіне жіберуін өтінген. Тұрдыбай: «Көлбай, енді бар үмітіміз сенің сол мақалаң мен тәуелсіз адвокатурада болып тұр. Әйелім Хасияттың түн ұйқысы қашқаны қашан, сағыныштан сарғайып барады. Ұлымызбен қауышып, біздің де көңілімізді жадырататын күн болар ма екен?..», − деп нали сөйледі. Көңілінің босап тұрғанын үзік-үзік шыққан үнінен сездім.
Тұрдыбай сол жылы маусым айының басында тағы хабарласты. «Америкадан баламның ісімен айналысып жүрген Томас Джонсон деген адвокат осы маусым айының екінші онкүндігінде Алматыға келеді екен. Сонда кездесіп, баламыз туралы толық мәлімет бермекші. Сол кездесуге бізді өзің бастап барсаң жарар еді», − деп өтінген.
Біз Алматыдағы «Отырар» қонақүйінде кездестік. Томас Джонсон қырықтың бел ортасындағы ұзын бойлы, ақсары өңді, денелі жігіт екен. Қасында Роман атты аудармашысы бар. Кездесу төрт сағат уақытқа созылды. Томас қолындағы ноутбуктен Гуантанамодағы Ильхомжанның тұрып жатқан палатасын, төсек орнын көрсетті. Тұрдыбай мен Хасият баласы туралы барлық жайға қанықты. Кездесуден соң Томас Джонсонмен оңаша отырып сұхбаттастым.
− Джонсон мырза, сіз қалай ойлайсыз, Ильхомжанның ісі федералдық сотқа дейін шешілуі мүмкін бе?
− Әбден мүмкін. Оған біз іштей толық сеніп те отырмыз. Оның үстіне жуырда «Нью-Йорк таймс» газетінде әскери сот өткен жылдың қараша айында Гуантанамодағы 500-ге жуық тұтқынның ісін қайта қарап, олардың 140-ын Америкаға қауіп төндіретін содырлар қатарына жатпайды деп шешім шығарып, әкімшілікке тұтқыннан босататындары жөнінде хабар еткенін, әкімшіліктің оны қолдағаны жөнінде жазылды. Сол 140-тың бірі Ильхомжан Ботаев бола ма деп үміттеніп отырмыз. Оның жазықсыздығын толық дәлелдейтін біз жіберген құжаттарға әскери сот пен әкімшіліктің көңіл бөлмеуі мүмкін емес. Осы орайда атап айта кететін бір жай, сіздің «Түркістан» газетінде 2002 жылы 8 тамызда жарияланған «Жанпида» атты мақалаңыз соттың алғашқы іс қарауында-ақ бізге көп көмегін тигізді. Оны біз Ильхомжанның әкесі Тұрдыбайдан байланыс жүйесі арқылы алдырдық. Әуелгіде оны орыс тіліне аударатын жан таппай біраз жүгіріп, іздеуімізге тура келді. Орыс тілінен ағылшыншаға аударған мына мәскеулік азамат Роман. Сондай қиын кезде, Ауғанстанға ұлын іздеп барған Хасият Ботаеваны айтсайшы! Неткен батыл жан еді?! Аналық махаббат кез келген қорқынышты жеңеді екен-ау. Сол мақаладан Ильхомжан өскен отбасындағы жандардың қарапайымдылығын, өрескел істерден бойын алыс ұстайтындарына көзіміз жетті. Сол секілді көршілерінің, мектеп ұжымының Ильхомжанға берген мінездемелері де әскери соттың шешіміне ықпал етері анық. Енді ары кетсе екі айда Ильхомжанды әскери сот екінші рет іс қарауында ақтап, босатып та қалар. Егер бұдан мәселе шешілмесе қыркүйек айында федералдық сотта ісі қаралатын болады, − деді.
Дидахмет Томас Джонсонмен «Ол жуықта еліне оралады» деп аталған сұхбатымды оқып, қолын қойды да: «Ильхомжанның ісі оңынан шешілсе, біздің газетке де үлкен абырой болар еді», − деді. Сұхбат 2006 жылдың 22 маусымында жарық көрді. Екі айдан соң Әскери сот Ильхомжан Ботаевтың ісін екінші рет қарап, тапсырылған құжаттар негізінде қылмыстық істен ақтап, бостандыққа шығарды. Сол құжаттардың бірі адвокат атап айтқан менің «Жанпида» атты мақалам болды.
Араға жеті жылға жуық уақыт салып, Ильхомжан елге оралды.
Жағымды жаңалықты Дидахмет Әшімхановқа жеткіздім. Ол: «Көлбай, сен не істегеніңді білесің бе?», − деп тесіле қарады. Мен: «Дидаға, журналистік міндетімді орындадым», − деп жауап бердім. Ол:
− Бұл қазақ журналистикасының тарихында бұрын-соңды болмаған жай. Білмесең біліп қой. Сен соны істедің, − деді өзіне тән жымиыспен езу тартып.
Дидағаң өмірден өтіп кетсе де, сол сөзі құлағымда қалып қойды...
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ,
ҚР Президенті сыйлығының иегері