Жаңалықтар

Бейбіт Сапаралы: Қалағаңның жүзеге асқан мақсаты

ашық дереккөзі

Бейбіт Сапаралы: Қалағаңның жүзеге асқан мақсаты

– Бейбіт мырза, биыл «Túrkistan» газетінің шыға бастағанына 25 жыл толып отыр. Өзіңіз бұрынғы бас редактор Қалтай Мұхамеджановтың орынбасары болып қызмет ете жүріп, басылымның қалыптасуына, елге танылуына көп үлес қостыңыз. Газет әу баста қалай жарыққа шығып еді? – 1992 жылы тұңғыш еларалық еркін басылым – «Zaman-Қазақстан» апталық газеті шыға бастағаны белгілі. Түркия жұмхұрбашқаны Тұрғұт Өзал мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ортақ келісімге келе отырып ашқан бұл жаңа апталық Алматыдан басталып, жер-жерде бой көтере бастаған қазақ-түрік лицейлерін, колледж бен университет жобаларын да қамтитын. 1992-93 жылдары Түркия жоғары оқу орындарына екіжақты келісім негізінде тегін жолдамамен аттанған қазақстандық жас талапкерлер тізімі де негізінде осы аталмыш газет редакциясы қабырғасында түзілген болатын. Қазақстан мен  Орта Азияны толықтай дерлік қамтамасыз ететін, ғылыми-діни және тарихи әдебиеттерді көп данамен, өте сапалы етіп басатын жаһандық жаңа үлгідегі аса үлкен баспахана орталығын құру жоспары да осы жобаның бір бөлшегі еді. Алайда Түркия тарапы қала сыртынан бос жер бөлуді сұрап, ал керісінше Қазақстан жағынан жауапты тұлғалар, қала басшылары «Орбита» шағын ауданы төңірегіндегі ондаған жер үйлерді сатып алып, баспахананы сол жерге салу қажет деген ұсыныс жасайды. Осындай екіжақты келісімді реттей алмай жүргенде, Тұрғұт Өзал 1993 жылғы 17 сәуірде  дүние салған соң, аталмыш баспахана даулы тақырыпқа айналмай, бізден жырақтағы Әзірбайжанда тұрақ тапты. – Сонымен... – «Zaman-Қазақстан» газеті екіқабатты жаңа редакция ғимаратына жайғасып, бірнеше жеңіл көліктер, қызметкерлерге төрт-бес көпбөлмелі жайлы пәтерлер берілді. Жаңа басылымның әлеуметтік-қаржылық жайдаяты екі мемлекет тарапынан да мүмкін болғанымен, жауапты басшылар арасындағы түсініспеушіліктер белең ала бастады. Түркия тарапы екі тілде, аптасына бір мәрте шығып тұрса да халықаралық деңгейге көтеріле алмай жатыр дегенді алға тартты. Газет таралымы  мен оған жұмсалып жатқан қаржылық мәселелер басылым беделіне сызат түсірмей қоймады. Осындай күңкіл сөздерден кейін газеттің бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз, басылымның шығармашылық жағын қадағалайтын, бірінші орынбасары болғандықтан мені оңаша шақырып алып, мынандай тапсырма берді: «Zaman-Қазақстан» газеті өз мәселесін өздері шешіп алар, қала әкімімен басқа жаңа газет шығаруға келісіп қойдым, соның аты мен заты қандай болуы керектігі жөнінде жарғысына дейін түзіп, нақтылы ұсыныс жасасаң» деген өтініш айтты. Көпке ұзатпай аталмыш жобаны қағаз бетіне түсіріп, Қалағаңның қолына бердім. Алайда жаңа басылым өмірге жолдама алуы үшін тағы да жарты жылдан астам уақыт өтті. – Осы ретте «Газет атауы қалай таңдалып еді» заңды сұрақ туып тұрғаны?.. – Қазіргі күннің жастары Түркістан десе оңтүстік өлкедегі шағын шаһарды көз алдына елестетеді. Ескінің қарттары Түркістан десе ер түріктің бесігі болған, Рұм мен Ханбалықты тітіреткен алып империяны көз алдына әкеледі. Жаһан жұрты Қазақ елін соңғы жиырма жыл жүзінде ғана мықтап танып-біле бастады. Ал ілгеріде СССР, Қазақ ССР дегенді дереу ұға қоймайтын шетелдік «Түркістан» муслим» десең лезде түсініп, айрықша құрмет көрсетіп бәйек болатын. Анадолы түріктері дүниетанымында Түркістан деген ұғым осы айтылған екі мағынаны да бірдей сыйдырып кете береді. Османлы империясының мұрагерлері Түркістан деп жаһан жағрафиясының жартысын қамтып жатқан жер-суды айта береді. Алайда жер кіндігі – Түркістан деп нақтылап келгенде әулиелердің сұлтаны болған құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мәңгілікке тұрақ тапқан, Ақсақ Темір өз заманында айналсоқтап кете алмай жүрген құтты мекен Түркістан жадыларына  дереу оралады. Сонау 1993 жылы Елбасы төңірегінде жаңа баспасөз басылымы ашылса деген ұсыныс қызу талқылана бастағанда Қалағаң бастап ойланып-толғанып,  осындай тарихи тұжырымдамаларды ескере отырып, Түркістан атауын қаладық. «Түркістан»  газеті осылай өмірге келген. 1994 жылдың қаңтар айының соңына, дәлірек айтсақ, 28-жұлдызында апталық газеттің алғашқы нөмірі жарыққа шықты. – Бұл мәселеде редактордың, әрине Қалтай ағамыздың тапқырлығы, басшылығы жайлы еске алар оқиғалар көп болар?.. – Әлбетте! Қай істі болмасын оның басында отырған, идея авторы мен оны ары қарай жүзеге асырушылардың еңбегін жоққа шығаруға болмас. Бұл ретте, бас редактордың жауапкершілігінен бұрын ұстанымдылығы, табандылығы үлкен жүк көтеретіні ақиқат. Қалағаң, қазақтың Қалтайы, Қалтай Мұхамеджанов – қайталанбас қаламгерлігімен қоса, өте талғампаз, талапшыл басшы еді. Айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы да бар болатын. Осы бір мінезінен, шыны керек, көп шенеуніктеріңіз қаймығып та қалушы еді. Кесіп айтатын. Айтқаны орындалып жататын. – Газет көтерген мәселелерге тоқталып өтсеңіз? – «Түркістан» апталығы көпшілікке таныла бастаған тұста елімізде үлкен саяси оқиғалар болды. Мәселен, 1994 жылғы 7 наурызда құрамы 177 депутаттан тұратын тұңғыш кәсіби парламентке сайлау науқаны басталды. Газеттің бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз бағын сынап көрмек болып Сыр еліне аттанды. Бірінші орынбасар болғандықтан редактор міндетін атқаруға бұйрық беріп кетті. Қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселелер газет бетінен қалыс қалмауды ұйымдастырып, кезекті нөмірлері жарыққа шығып жатты. Сол кезде түрік өкілдігі басшысы Әли Байрам хабарласып, «Zaman-Қазақстан» газетін қайтадан шығаруымызды өтініп, жаңа құрылтайшыларды өзім іздестіріп, жаңадан редакция алқасын құрап, бас редактор болуымды сұрады. Депутаттыққа жолы болмаған Қалағаң қайтып бас редакторлық қызметіне оралған соң, осы бір ұсыныстарды айтып-түсіндіріп, рұқсат сұрадым. Байқаймын, ұсынысым ұнамаған сияқты, дегенмен келісімін берді. Сөйтіп «Zaman-Қазақстан» газетінің орнына «Қазақстан-Zaman» басылымы дүниеге келді. Ал «Түркістан» апталық газеті қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті басылымы  бүгінде түркі халықтары болашағы жарқын болуына елеулі еңбек сіңіріп, жаңа заман талаптарына сай ғаламтор жүзі арқылы жаһанды жайлап  жататын ең танымал басылымдардың біріне айналғаны анық. Демек бұл Қалағаңның әу бастағы арман-мұраттарының орындалған көрінісі.  

Сұхбаттасқан  Таңсұлу  АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ