Жаңалықтар

Талайларды  тоғыстырған  «Túrkistan»

ашық дереккөзі

Талайларды  тоғыстырған  «Túrkistan»

Бірде Қалтай Мұхамеджанов ағамызға ретін тауып, қонағасы берудің сәті түсті. Тереңөзектегі үйде онымен туған ағасы Әби және Алматыдан бірге келген Сейфолла Оспан болды. Дастархан үстінде әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, Сыр бойы тарихы, Сыр сүлейлері хақында әңгіме тиегі ағытыла жөнелді. Әңгіме үстінде сөз алған ақын Сейфолла: «Қалаға-ау, бұл ініміздің жинап жүрген қазыналары көп. Соны көрсек қайтеді», – деп әңгімені мен жағына аударды. Жинағандарымды көріп тұрып Қалағаң: «Жолбарысым-ау, Сырдың қазіргі «сыр сандығы» сен екенсің ғой, – деп мені қанаттандырып, – Алматыға кел, сен ауданға сыймай жүр екенсің», – деп қоштасқан-ды. Қалағаның сол бір күнгі сөзі мені Алматыға алып келді. Сөйтіп, 1995 жылғы 10 қаңтардан бастап 2300 теңге айлық жалақымен халықаралық «Түркістан» газетіне орналасып едім. Міне  «Түркістан» газетінің халық алдына шығып, өз сөзін білдіргеніне де ширек ғасыр болып отыр. Осы газеттегі өмір жолымды саралап қарасам үлкендермен де, кішімен де жұмыс істеппін. Бүгінде олардың біразы өмірде жоқ. Сондықтан газетте қандай қызмет атқармасын, олардың тырнақтай болса да редакцияға көмегі тиді, береке-бірлікті ұжым болды.