Талайларды  тоғыстырған  «Túrkistan»

Талайларды  тоғыстырған  «Túrkistan»

Талайларды  тоғыстырған  «Túrkistan»
ашық дереккөзі
Бірде Қалтай Мұхамеджанов ағамызға ретін тауып, қонағасы берудің сәті түсті. Тереңөзектегі үйде онымен туған ағасы Әби және Алматыдан бірге келген Сейфолла Оспан болды. Дастархан үстінде әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, Сыр бойы тарихы, Сыр сүлейлері хақында әңгіме тиегі ағытыла жөнелді. Әңгіме үстінде сөз алған ақын Сейфолла: «Қалаға-ау, бұл ініміздің жинап жүрген қазыналары көп. Соны көрсек қайтеді», – деп әңгімені мен жағына аударды. Жинағандарымды көріп тұрып Қалағаң: «Жолбарысым-ау, Сырдың қазіргі «сыр сандығы» сен екенсің ғой, – деп мені қанаттандырып, – Алматыға кел, сен ауданға сыймай жүр екенсің», – деп қоштасқан-ды. Қалағаның сол бір күнгі сөзі мені Алматыға алып келді. Сөйтіп, 1995 жылғы 10 қаңтардан бастап 2300 теңге айлық жалақымен халықаралық «Түркістан» газетіне орналасып едім. Міне  «Түркістан» газетінің халық алдына шығып, өз сөзін білдіргеніне де ширек ғасыр болып отыр. Осы газеттегі өмір жолымды саралап қарасам үлкендермен де, кішімен де жұмыс істеппін. Бүгінде олардың біразы өмірде жоқ. Сондықтан газетте қандай қызмет атқармасын, олардың тырнақтай болса да редакцияға көмегі тиді, береке-бірлікті ұжым болды.  width= «Түркістан» газетінің бас редакторы Қалтай Мұхамеджановтан бастап, көрнекті аудармашы, жазушы Әбілмәжін Жұмабаев, Әбірәш Жәмішев, Бейбіт Сапаралы, Дидахмет Әшімханұлы, Жаңабек Шағатай, Шәмшидин Паттеев, Көлбай Адырбекұлы, Айнаш Сатаевалар алғашқы «Түркістан» газетін шығарушылар. Аз-кем уақыттан кейін ақын Абзал Бөкен, жазушы Нұрқасым Қазыбеков, Ермек Сахариев, Ізімкүл Иманбекова, Рымтай Сағымбекова, Таңсұлу Алдабергенқызы, Сұлтанәлі Қанатбаев, Амантай Кәкен, Бота Бөрібаева, Қалдарқан Қамбар, Жанар Тәпиева, Бану Шалова, Рая Арғынбекова, Ольга Иванова, Битеева Валентина, Өтеш Аққожин, Базарбай Хуаевтер газетте 1994-2001 жылдар аралығында қызмет етті. Кейіннен газет ұжымы жаңа толқынмен толықты. Газеттің басшылығы Ш.Паттеев, орынбасарлығына Ғ.Мелдеш, Д.Әшімханұлы тағайындалды. Жас толқындар легінде Есенгүл Кәпқызы, Гүлнәр Мұқанова, Гүлзина Бектасова, Нәзия Жоямергенқызы, Гүлбиғаш Омарова, Ғайни Дәулетбаққызы, Кәмшат Тасболатова, Динара Мыңжасарқызы, Еркежан Жұматаева, Ақниет Оспанбай, Баян Оспанбековалар болды. Бұрынғы жастар ішінде Е.Кәпқызы шетелдік жоғары оқу орнында кафедра басқарса, Г.Омарова докторлық диссертациясын қорғау үстінде, Жәнібек Ғалым жоғары оқу орнында проректор қызметін атқаруда. Газетке тілші болып қызметке орналасқан Динара Мыңжасарқызы бүгінде жауапты хатшы. Жалпы, «Түркістан» газеті өзінің ширек ғасыр тарихында көптеген жас журналистерді қанаттандырып ұшырды және бірнешеуі үкімет пен қоғамдық, мемлекеттік ұйымдардың марапаттары мен сыйлықтарына ие болды. Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов «Парасат», Тынышбек Дайрабай «Құрмет» ордендерімен, Шәмшидин Паттеев, Көлбай Адырбекұлы Президент сыйлығымен марапатталса, Е.Кәпқызы, Г.Бектасова, Н.Бисенова, Г.Омарова, Д.Мыңжасарқызы түрлі конкурстардың жеңімпаздары. Газет оқырмандары «Түркістанның» қыз-қеліншектерінің жазғандарын-ай деп телефон шалып тұратын. Бірде ардагер Райхан Иса мен атақты этнограф Жағда Бабалықұлы редакцияға келіп, олармен танысып, тілектерін білдірген еді. Ал өзімнің республика оқырмандарына танылуыма Ә.Жұмабаев, Ә.Жәмішев, Д.Әшімханұлы, Ж.Шағатайдың көмектері тиді. Олардан үйрендім десе болады. Жалпы «Түркістан» газетінің редакциясы екінші үйім болып кетті. 1995 жылдан бастап 2009 жылға дейін ұйымшыл ұжымда үзіліссіз еңбек еттім. Олар әрдайым мереке, іс-шаралардан қалдырмай, өздеріне шақырып тұрады, кей-кейде ақыл-кеңестер сұрап қояды.

Тынышбек Дайрабай,  

газеттің  ардагері,

зерттеуші, этнограф, 

«Құрмет» орденінің иегері.