Жаңалықтар

Жиырма бес – жігіт жасы

ашық дереккөзі

Жиырма бес – жігіт жасы

Газетіміздің жігіт жасы жиырма беске толар шағында, әдеттегіндей, алғашқы нөмірі, алғашқы редакторы, жаңадан ғана ұйымдастырылған ұжымы еске түсетіні бар. Сол әдетпен алғашқылар тізімінен көзімізге шалынғаны, ылғи «Сен тұр, мен атайын» жүйріктердің ішінде жалғыз қыз, бүгінде өзінің жетпіс жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан танымал қаламгер Жұмагүл Солтиева ханым болды. Астана қаласынан телефон арқылы алынған қысқаша сұхбатымыз да газетіміздің бағыт-бағдары жайлы өрбіді. – Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов еларалық газет ашып жатыр деген сөз ел арасына, оның ішінде қаламгерлер арасына тез тарады. Елең ете түстік. Оған сайдың тасындай тілшілер іріктеліп, шақырылып жатыр деген сыбыс қоса шықты. Бір күні Қалтай ағамыз телефон шалып: «Қарағым, жаңалықтарды естіп жатқан боларсың. Біздің ұжымға кел, әйтпесе, ылғи ер-азаматтар екенбіз, бір қыз керек болып тұр» деп ұсыныс жасады. Атағы дардай бас редактордың өзі хабарласып, қызметке шақырып жатқаны, шынымды айтсам, күтпеген ұсыныс болғаны рас. Біраз ойланып жүріп қалдым. Сөйтіп жүргенде, Асқар көкем Сүлейменов жұмыс кабинетіме кіріп келді де: «Ой, Жұмагүл, сені Қалағаң қызметке шақырыпты ғой, не отырыс?» демесі бар ма! Қазақтың маңдайына біткен әдебиет пен мәдениеттің біртуар перзенті Асқар көкем мені қазақи ғұрыппен асық жілік беріп, «Жалғыз қарындасым бар, соған серік боласың, менің туған қарындасымсың» деп «асырап» алған-ды. Сондықтан туған ағамдай ақылдасып, тіпті еркелеп жүретінмін. Менің жауабымды күтпей-ақ, телефонның жанына отыра қалды да, Қалағаңмен сөйлесе бастады. Екеуі қатты қалжыңдасады екен. «Әй, Қалтай, сен мына өміріңде дұрыс бір тірлік жасасаң, ол – мына Жұмагүлді қызметке алғаның болар еді», – деп әзілдесіп, жарқылдай күлісіп жатты. Ар жағынан Қалағаңның не деп жатқаны, әрине, маған естілмеді. Осылай Қалағаңның, елге танымал, сауатты, парасатты редактордың қарамағына қызметке кірісіп кеттім. Ол кісімен қызметтес болу, тәлім-тәрбиесін көру бақыттың биігі екенін кейін, уақыт өткен сайын ұғына, сезіне түскендеймін. Жаңа газетті бір ізге түсіру, жолға қою да оңай шаруа емес еді. Сонда да болса ол кісінің бір қабақ шытып, ренжіп, сырттан тындыра алмаған тірлігін ұжымдағы бірде-бір қызметкерге білдірген емес. Көңілі толмаған тірліктің өзін сыни, әзіл-қалжыңымен ұқтыратын. Жұмыс стилі өзгеше басшы болды. Қайсарлығы, батылдығы ғажап еді. Енді ғана тәй-тәй басқан сәбидің қалт-құлт жүрісі сынды, газеттің де аяғынан тік тұрып кетуіне осындай адами қасиеттері көп себін тигізгенін, мен ғана емес, сол ұжымдағы әрбір қызметкер түгілі, газет оқырмандары да жан-жүрегімен сезінгені ақиқат. Сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Мырзатай аға Жолдасбековтің газет ұжымымен кездесіп, редакциямызға бірнеше мәрте келуінің өзі, осы асқан ұйымдастырушылықтың, қала берді бірінші басшының талапшылдығының, ел зиялыларының арасындағы беделінің арқасы еді. Айтқыш, азулы азамат еді. Қалағаңның ғажаптығы, ешкімді алаламайтын. Қызметкерлерінің жазу қабілетіне, шығармашылығына баса көңіл бөлуші еді. Редакцияға күнделікті келіп-кетіп жататын қаламгерлер болсын, не авторлар болсын, әрбір бөлмеге ертіп жүріп, қызметкерлердің әрқайсысына тоқталып, таныстырып, әдемі бір көңіл-күй сыйлап, мерейіңді өсіріп жүретіні. Әсіресе, мені таныстырғанда: «Жұмагүлдің бойындағы жарқылдап тұратын қасиеті секілді біздің газеттің маңдайы да жарқырап тұрады әлі», – деп шабыттандырып қоятыны бар. Кезінде ол сөзге онша мән беріп, түсіне қоймадық. Жаспыз. Қазір ойласам, Қалағаңның аузынан ондай сөз есту, үлкен абырой, кез келген атаққа бергісіз мақтау екен ғой! Қалағаң тек ұйымдастыру шарасымен ғана емес, арасында проблемалық мақалалар да жазатын. Әсіресе, сол жылдары елімізде дінге байланысты сыни көзқарастар, пікірлер әртүрлі бағытта өрбіп жатты да, соған байланысты қордаланып қалған мәселелерді қозғаған бас муфтимен сұхбаты ел арасында қызу талқыланып жатты. Қалағаңнан мақаланы қалай жазып, қалай ұйымдастыруды ғана емес, қалай демалуды, қалт еткен бос уақытың болса, соның өзін қалай ұйымдастыруды үйрендік. Түстік астың алдында немесе тамақтанып алған соң, жұмыстан сәл босай қалса Қалағаң, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбдіраш Жәмішев үшеуі отыра қалып, әңгіме-дүкен құратын. Әңгіменің қызып кететіні сондай, кейде қызылкеңірдек болып айтысып қалып жататын сәттері қандай керемет! Тәлім-тәрбиені көзіңе шұқымай, «былай отыр, былай жүр» демей-ақ, өздерінің бойындағы қарапайымдылық жеңіп тұратын адами қасиеттерімен тәрбиеледі. Осы өмірімізде бойымызда жылт еткен жақсы бір қасиет болып, ол өзімізден кейінгілерге үлгі-өнеге болған болса, ол, әрине, сол жақсы ағалардың тәлімі. Бірде сәл-пәл ашық қалған есігінен мені көріп қалды да, өздеріне шақырып алды. Сөйтсем, шығыс шайырларынан өлеңдер оқып, авторларын таласа тауып отыр екен. «Ал сен екеуің тұра тұрыңдар, жалғасын мына қыз айтады, жастардың білімін сынап көрейік» деп маған бұрылды да, бір шумақ өлең оқыды. Авторын айтуым керек. Сасып қалдым. Шығыс поэзиясы екенін білемін, бірақ авторы есіме түспейді. Менің әкем аса сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу бір болыстың жалғыз баласы болды. Әңгімешіл, шешен еді. Әкеммен атқа мінгесіп, серуендегенді жақсы көретінмін. Айдалада, тауды жаңғыртып шабыттана өлең оқитын. Сонда «қайран Фердауси, қайран Сағди» дейтіні құлағымда қалып қойған. Сол сарынға ұқсайды екен. Үнсіз қалып қойған тағы ұят, не болса да «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, «Бұл Сағдидікі» деп салдым. «Мына қыз біледі-ей», – деп үшеуі де қуанып кетті де, тағы бір шумақты оқи жөнелді. «Бұл да Сағди» дедім, абырой болғанда солай болып шықты. Сол кезде қарсы есіктен телефон безілдей жөнелді де, жауап беру үшін мен шығып кеттім. Ағалардың сынынан осылай өткенмін. Қалағаң сынды тау тұлғалары іргесін қалап, жарыққа шығарған басылым жігіт жасы жиырма беске келгені, бүгінгі беталысы, оқырманның назарында жүрген, әсіресе, ғылым мен білімге, рухани әлемде сара жол салып буыны беки түскен келбетіне қарап отырып, осындай жылы естелік айту, мен үшін, үлкен құрмет екені даусыз. Мерейі үстем бола берсін, Қалағаңның арман-мақсатын орындап келе жатқан әріптестерге шығармашылық табыс тілейміз.  

Жазып алған

Таңсұлу  Алдабергенқызы