Жастар жылы – жасампаздық бастауы

Жастар жылы – жасампаздық бастауы

Жастар жылы – жасампаздық бастауы
ашық дереккөзі
Елбасы  Н.Ә. Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында:  «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген еді. Кеше Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев Астанадағы EXPO-2017 көрме орталығындағы «Нұр Әлем» павильонында өткен Жастар жылының салтанатты  ашылуына қатысты.  Іс-шара басталмас бұрын Мемлекет басшысы «Жас қазақстандықтардың жобасы» көрмесін аралап көрді.  Жастар жылының салтанатты ашылуына жастардың барлық санатының өкілі қатысты. Олардың ішінде жас кәсіпкерлер мен ғалымдар, дарынды оқушылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері, спортшылар мен әскери қызметкерлер, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» байқауының қатысушылары мен «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлектері бар. Жастар жылының ашылуына Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің мүшелері мен Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының жетекшілері, жергілікті атқару органдарының басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері де қатысты. Өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев жастарға «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын не үшін жазғанын айтып берді. «Біз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. 1991 жылы Тәуелсіздік алсақ та, біздің үлкен әрі терең тарихымыз бар. Сол себепті сендерге «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламды ұсындым. Ағылшындар Артур королі туралы айтады. Қытайдың 5 мың жылдық тарихы бар дейді. Біздің де тарихымыз бар. Соны жалғастырып жатқан ұрпақпыз. Жастар өз тарихын айта білуі керек. Ғұндар бар. Одан кейінгі ата-бабамыз – көне түркілер. Біз – солардың ұрпағымыз. Көне түркілер Алтай мен Қара теңіздің арасын алып отырған. Ал Атилла – біздің қыпшақ. Біз – сол батыр бабаның ұрпағымыз. Соны білуіміз керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, президент жас мамандар мен жұмысшылар қай салада болсын қажет. Оларға дер кезінде бағыт-бағдар берген жөн. Мамандық таңдауда адаспауы тиіс. Осыны Мемлекет басшысы баса айтты. «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуі керек. Үш жылда жоба еліміздің барлық өңірінде 200 мыңға тарта жас азаматтарымызды қамтуы тиіс. Оның аясында ең сұранысқа ие индустриалдық-сервистік 100 кәсіп бойынша жетілдірілген 200 оқу орны базасында мамандарды даярлағымыз келеді», – деді. Мемлекет басшысы жастардың ұсыныстарына байланысты өзінің ой-пікірін салтанаттың соңына қарай білдірді. Елбасы жастарды ауыл шаруашылығын көтеруге белсене атсалысуға шақырды. Өйткені Қазақстанда бұл саланы дамытуға барлық мүмкіндік пен жағдай бар. Басқасын айтпағанның өзінде, егіндік және жайылым жер жеткілікті. Соның барлығын тиімді пайдаланып, заманауи ғылыми технологияларды енгізетін болса, Қазақстанның әлем халықтарын асырауға мүмкіндігі бар. «Сол себепті аграрлық кешен біз үшін өте маңызды әрі бірегей. Біз осы салада өз брендтерімізді жасай аламыз. Ашық айтайын, қазір бір инвесторлар жер сұрап отыр. Соған Американың технологияларын енгізуге әзір. Мәселен, АҚШ-тың Дакота штатында бізден жеті есе артық өнім алып отыр. Ондай технологияларды өз жерімізде де енгізе аламыз ғой. Қазақстанда аграрлық кешен стратегиялық сала болып саналады. Болашақта аталған сала отандық экономиканың басты драйверіне айналуы әбден мүмкін», – деді Мемлекет басшысы. Өткен жылы біздің республикада 125 мың жас орта мектепті бітірген. Келешекте еңбек нарығына шығатын жастардың саны арта түсетін болады. Бала туу мен халық өсімі оң динамикаға ие. Бүгінде елімізде шамамен 300 мың адам немесе барлық жастардың 9 пайызы білім беруге де, еңбек нарығына да тартылмаған. Мұны да айтқан Елбасы. «Демек, осынау жастардың санын жылына 1 пайызға қысқарту үшін тиімді шаралар қабылдау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Жастар жан-жақты білімді, рухани жағынан сусындауы тиіс. Бұл бағытта Қазақстанда қолға алынған іс-шаралар көп. Соның бірі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы». Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Ашық университет платформасы заманауи технологиялар мен білім беру міндетін біріктіре отырып, білім сапасын жақсартуға және оны қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ашық университет идеясы әлемде кеңінен қолданылатын қашықтықтан білім беру мен ашық онлайн-курстар тәжірибесіне негізделеді. Мұндай курстардың әдістемесі мен технологиясы білім беруді дербестендіреді. Яғни, әр адам өзіне ыңғайлы уақытта, өзіне ыңғайлы орында және өзіне ыңғайлы жылдамдықпен оқиды», – деді. Оның айтуынша, әлем бойынша онлайн курстар тыңдаушыларының саны 100 млн адамға жеткен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  және «100 жаңа оқулық» жобасы қазақстандық ашық университетті құру мен дамытуға мүмкіндік береді, қазақстандық студенттерге әлемнің үздік университеттерінің  курстарын қолжетімді етеді. Қазір порталға енгізу үшін қазақ және орыс тілдерінде 100-ден астам курс әзірленді. Халықаралық сарапшылар бұл жобаны өңірлік білім беру хабы ретінде жоғары бағалады. Сіз мақұлдаған жағдайда, Астана ашық университеті өз курстарын алдағы оқу жылында ұсынуға дайын», – деді Р.Кенжеханұлы. Жастар жылының ашылуына байланысты салтанатты жиында жастардың бастамалары мен жобалары жайлы жан-жақты айтылды. Жастарды жұмыспен, баспанамен қамту, оларға қажетті жағдайларды жасау бағытында мемлекеттің қолға алған тиісті бағдарламалары мен жоспарлары бар. Оның бәрі жастар жылында ойдағыдай жүзеге асатыны сенім зор. Ең бастысы – жастар заманауи өзгерістер мен жаңарудан қалыс қалмай, бәсекеге қабілетті болуы керек. Мұны Мемлекет басшысы баса айтты: «Біздің көз алдымызда жаңа жаһандық өркениет келе жатыр. Цифрлық қоғамның, экономика мен білімнің дәуірі келді. Менің буыным мектепте оқып жүргенде, әсіресе ауылда теледидар да жоқ еді. Радио енді ғана шыға бастаған еді. 100 жыл тарих үшін тым қысқа уақыт. Қазір бәрі 10 жылдың ішінде қалай өзгеріп жатқанын көре беріңіз. Сол үшін біздің мемлекет уақыт алға тартып отырған тегеуріндерге жауап бере алуы керек. Қазіргі таңда мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсеке қыза түсті. Креативті буыны бар мемлекет жеңімпаз болып шығады. Мен бұл жігерді Сіздерден көріп отырмын», – деді Елбасы.

ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫ – БІЛІМДІ, ЖАН-ЖАҚТЫ ӘРІ ДАРЫНДЫ

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылына байланысты өз ойларын твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазған болатын. Онда былай делінген: Қазақстан жастары бі­лім­ді, жан-жақты дамыған әрі дарынды. Біздің еліміздің болашағы солардың қолында. Мемлекет басшысы ашқан Жастар жылы жас ұрпақтың өзекті мәселелерін шешуге күшті серпін береді, олардың өзін өзі танытуға мүмкіндік туғызады Қазақстанның озық ойлы жастары ғылымда, ІТ технологиясында, мәдениет, бизнес пен спортта тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Қабілетті, жігерлі жастарға тиісті жағдай жасап, ынта-ықыласын арттыру керек Сенаторлар Жастар жылын қолдауға бағытталған жұмыстарға қызу кірісті. 7 ақпанда Сенатта Дөңгелек үстел болады, онда депутаттар мен жастар өкілдері жас ұрпақтың бастамаларын заң жүзінде қолдау мүмкіндіктерін талқылайды.   Дәулет Кәрібек, Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ-ның атқарушы хатшысы: – Қазақстанның тәуелсіздік тарихында әр жыл жастарға ерекше көңіл бөлінді. Осыған дейінгі «Бес әлеуметтік бастаманың» өзі жастарға арналды деп айта аламыз. Мәселен 14-17 жас аралығындағы талапкерлерге арнап университеттердегі гранттар саны көбейді. Білімді көксейтіндердің бір арманы орындалды. Екінші жатақхана мәселесі шешімін тапты. Жұмыс істеп жүрген, аз жалақы алатын жастар 10 пайыздық кіріс салығынан босатылды. Осы секілді мысалдарды көптеп айтуға болады. Ал биылғы жастар жылы Қазақстанның болашаққа нық қадам басуының белгісі. Өйткені 18-20 жастағы жастар 20-30 жылдан кейін еліміздің нағыз тірегіне айналады. Елбасы осы жылы барлық жас отбасылардың ойында жүрген тұрғын үй мәселесін реттеуді тапсырды. Тұрғындар саны миллионнан асқан мегополистерде жастарға арнап жыл сайын мыңнан астам арендалық тұрғын үйлер бой көтереді. Екіншіден, әлем бойынша белең алып тұрған – жұмыссыздықпен күрес. Елімізде оқымайтын не жұмыс істемейтін жастар тобы бар. Соларды оқытып, кәсіпке баулу көзделуде. Ол өз кезегінде ел экономикасының қарқынды өсуіне серпін беріп, болашақта төнуі мүмкін қауіптердің алдын алады. Үшіншіден, білім саласындағы тың бастамалар. Университетте оқып жүріп, қоғамдық шараларға қатысқан студенттердің стипендиясын көбейту жайы да айтылды. Сонымен қатар, «Open University» жобасын дамыту. Осы тектес көптеген бағдарламалар жыл бойы жүзеге асатын болады. Бұл ел жастарын рухани, саяси, әдеби, мәдени, ғылыми сауатын арттырып, болашақта елге қызмет етуге, аянбай тер төгуге шақырады. Қорыта келе, жастардың міндеті «елім істеп берсін» деп отыра бермей, «елге пайдам тисін» деп, алға ұмтылу керектігін айтпақпын. Біз бақытты ұрпақпыз. Біздің ұрпағымыздың бақыты да мына бізге байланысты. Қалыйма Жантөреева, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары: – Елін сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауы болашақты жасаушы жастарды бір сілкіндірді. Жастар жылына әрбір жастың атсалысуы, қоғам болып жұмылуы – Жастар жылының бастау алардағы басты мақсаты. Бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыратын, заман талабына жауап бере алатын әр саладағы жастар – олар ел үздіктері, озық технологияларды өз қолымен жасаушылар, Қазақстан интеллигенциясының құрамын көбейтушілер, сегіз қырлы бір сырлы, Елбасы көрсеткен жолмен елді әлемге танытушылар, талғамы биік, талабы мен арманы асқақ азаматтар, ақылына көркі сай асылдар. Жастар жылының салтанатты ашылуы өтті. Мінберден сөз сөйлеген әрбір жас өз саласының майталманы. Елбасы өз сөзінде: «Сөзді тоқтатпай айта берсін деген ой келеді», – деп жастардың сөйлеген сөзіне ыстық ілтипатын білдіріп, жастар потенциалын білім саласы болсын, жеңіл өнеркәсіпте болсын, ғылымда болсын, жастардың өздері қалаған саласында жүзеге асыру үшін жастардың жалдамалы тұрғын үй мәселесін шешу қажеттігін айтты. Елбасының әрбір сөзі жастардың ғана емес, балапанынан үміт күткен әрбір ата-ананың, жалпы көпшіліктің көңілінен шықты. Мінберден сөйлеген бүркітші қыздың жүрекжарды сөзі әрбір жастың арманын оятып қана қоймай, әр жастың бала бүркіт арманы ұшуға өрге талпынып, қанатын қомдап-қомдап жіберді. Жастар алға, біз аға буын сіздерге отаншылдықпен тәлімгер болуға дайынбыз. Уәлихан БОЛАТБЕК, «Жас Отан» Жастар қанатының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы: – Форумда Елбасының айтқан үш бағыты ұнады. Ол – шынымен шешілуі және мемлекеттің қадағалануы керек мәселелер. Бірінші жоба – жастардың кәсіпкерлігі. Бұл бағдарлама аясында біз жас кәсіпкерлерге 3-4 жыл қолдау көрсетіп келдік. Бірақ бізде бір кедергі кездесе беретін. Кәсіпкерлік деген түсінікте ешқашан жастар деген сөз болмаған. Жассың ба, кәрісің бе, кәсіпкерлікте бәрі тең деген сана қалыптасып қалған. «Жас екен ғой, қолдау білдірейін» деген ниет кем де кем. Осы бағытта Елбасының бүгінгі ұсынып отырған ойы өте дұрыс. Егер аталған ұсыныс ары қарай қолдау тапса, жастар арасындағы кәсіпкерлік деңгейі шын мәнінде өседі. Екінші мәселе – бизнес бастауларға бөлінетін қаражат көлемін екі есе арттыру. Осының арқасында таяу арада жас кәсіпкерлер ойында жүрген жобаларын жүзеге асыра алатын болады. Жастар жылы дегенде бір жыл ішінде бәрі шешіліп кетеді деп қарамауымыз керек. Бірақ жастарға арналған көптеген мүмкіндіктердің негізі осы жылы қалануы тиіс. Келесі мәселе – ерікті студенттердің шәкіртақысын 30 пайызға көтеру. Бұрындары университетте белсенді болғаны үшін бірқатар жеңілдіктер, сабақтарына көмектер қарастырылатын. Қазір ол жоққа тән. Студенттердің барлығының жұмыс істегісі келеді, бірақ қоғамнан сондай жауап болмағаннан кейін атсалыспай жатады. Еріктілер қозғалысының дамымауының бір себебі осы, университет тарапынан қолдау таппау. Ал ерікті шәкіртақысын көтеру арқылы Елбасы студенттерді тағы бір ынталандырып отыр. Тағы бір назар аударатын дүние, кезінде қабылданған «Дипломмен ауылға», «Жас маман», «Студенттік құрылыс отряды» сынды бағдарламаларды жаңартып, оларға жан бітіру. Шынымен аталған бағдарламаларға жаңа дем, жаңа бағыт, жаңа қолдау, жаңа көзқарас қажет. Себебі соңғы жылдары олардың тиімділігі азайған. Сондықтан Елбасы бастамасы бойынша штат құрылып, жұмыстар жасалса, жастардың уақытын демалыс уақытында тиімді пайдалануға көңіл бөлінсе, жастардың тәрбиесі мен тәжірибесінің артары сөзсіз. Асара Мұқанова, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ (KAZISS) ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты: – 2018 жылғы 5 қазанда Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы жастарды жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басымдыққа айналуы тиіс екенін және 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынуын атап өтті. Бұдан кейін Президенттің тиісті Жарлығы қабылданды. Бүгін Елбасы қатысқан «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» Жастар жылының салтанатты ашылуы болды. Нұрсұлтан Әбішұлы жастарға ерекше көңіл бөледі. Елдің жаңа буынына деген қамқорлығы Қазақстан Республикасының халқының төрттен бір бөлігін құрайтын адамдарға терең сенімге негізделген. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біздің еліміз жастарды барлық салаларда, ең алдымен білім алу, кәсіпті игеру, жұмыс табуда өзін-өзі жүзеге асыру үшін көп мүмкіндіктер жасауға тырысуда. Жастарға қолдау көрсету үшін мемлекеттік бағдарламалар жасалды және олар табысты жұмыс жасауда. Олардың арқасында бүгінде біздің еліміздегі жастар сапалы білім алып, жаңа мамандықтар меңгеріп, өз үйлеріне ие болып, жұмыс істей бастайды. Көп нәрсе жасалды, алайда прогресстің шектелмеуі өте маңызды. Сол себепті Жастар жылының ашылуында Мемлекет басшысы Үкіметке жас қазақстандықтардың өзекті қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған қарапайым және түсінікті қолдау амалдарын тапсырды. Бүгінде олар бәріне белгілі – қолжетімді және сапалы білім беру, тұрғын үйге қолжетімділік, жұмыс, отбасын құру мүмкіндігі. Мұндай құралдардың ішінде, мысалы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс жасайтын жастар үшін жылына кемінде бір мың пәтер салу. Сонымен қатар, бұл пәтерлер жалға беру тұрғын үйлеріне жатады. Белгілі болғандай, бұл үш қала бүгінгі күннің өзінде ішкі көші-қон және Қазақстанның бүкіл аймақтарынан жастарды тарту орталығы болып табылады. Мұнда жастар білім алуға, жұмысқа, жеке бақытқа ұмтылады. Президенттің бірқатар ұсыныстары Жастар форумының қатысушыларымен ынталы түрде қабылданды. Жастар жылының ресми бастамасы салынды. Алда орындалатын жұмыс көп. Әділ Нұрбеков, Ақмола облысы, Жарқайың аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының консультанты, Жарқайың ауданы әкімінің мүгедектер ісі бойынша кеңесшісі: – Мен Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Жастар форумына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бәрімізге белгілі, 2019 жыл Жастар жылына арналып, көптің көкейінде жүрген біраз мәселенің түйінін тарқатты. Шынымды айтсам, бұл жиыннан кәдімгідей шабыттанып, рухтанып, жігерленіп шықтым деуге болады. Себебі Елбасының айтқан әр сөзі менің көкейімде сайрап тұр. Президент Н.Назарбаев: «Халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын еріктілікке бір сағат бөледі. Біз ол туралы тіпті ойламадық. Осы бағытта арнайы жұмыс істеу керек. Сондықтан Үкімет еріктілікпен айналысатын ЖОО-лардағы оқығандардың шәкіртақысын шамамен 30 пайызға арттыру бағытында жұмыс істеуі керек. Біз бұны жасай аламыз. Бұл бағыттағы жұмыс студенттерге арнайы көмек болса, халық үшін де пайдалы болады», – деді. Шынын айтқанда, бүгін тегін жұмыс істейтін, біреуге тегін қол ұшын созатын жастарды таба алмайсың. Менің қызметім халықпен тығыз байланыста болғандықтан, жанымдағы жастарды жиып, үнемі қарттарға, жалғызбасты аналарға, жетімдер мен жалғызілікті қарияларға көмек көрсетіп, қыс болса қарын күреп, күз болса жем-шөбін дайындасуға қол ұшын созамыз. Сондықтан еріктілерді жігерлендіру мақсатында олардың шәкіртақысын 30 пайызға арттыру еріктілер үшін үлкен көмек пен шапағат деп білемін. Жиында айтылған мәселелер сөз жүзінде қалмай, биылғы жылы қыруар шаруаның басы қайрылады деген сенімдемін. Оған жас болып, бас болып өзіміз де кірісеміз. Баянсұлу Тыныбаева, «Бірлік» БПҰ төраға орынбасары: Еліміздің болашағы жастардың даму деңгейіне, олардың сыни ойлау қабілеті және  қажетті өмірлік маңызды дағдыларды  бойына  дарыта білуіне  байланысты. Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауларында үнемі жастарға сенім артты. Мемлекет  жастардың экономикалық ахуалын жақсарту, білім алу мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасаудың барлық шараларын қолдануда. Жастар жылының ресми ашылуы болашақтың  жас мамандарын даярлап отырған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  жастары үшін де елеулі тарихи күн болды. 500-ден астам студент, магистрант жастар Елбасының жеткізген тағылымы мол әңгімесін, Қазақстанның жастар ұйымдарының өкілдерінің болашаққа ұмтылысын онлайн арқылы үлкен шабытпен қарсы алды. Университеттің «Бірлік» бастауыш партия ұйымы Жастар жылын қолдайды және белсене араласады, 40 студент «Нұр Отан» партиясына кіруге өтініш берді.

Ғалым ОМАР-ХАН

Астана