Дәрігерлердің қанша жалақы алатыны белгілі болды
Дәрігерлердің қанша жалақы алатыны белгілі болды
Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров елордалық дәрігерлердің жаңа жалақы жүйесі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жетекшілік құрамның жұмыс тиімділігін көтеру үшін биыл 50% жоғары жаңа жалақылар тағайындалды. Биылдан бастап, бас дәрігерлер өз ұйымының бейіні мен жүктемесіне қарай, ай сайын 350-550 мың теңге аралығында жалақы алады. Әр мейрам сайын берілетін сыйақылар да тоқтатылды. Оның орнына жартыжылдық қорытындысы бойынша жақсы нәтиже көрсеткен мамандарды қолдау бойынша жаңа бонустық жүйелер қарастырылған. Осылайша, тиімді жұмысқа жағдай жасап, емхана жетекшілерінен нақты нәтиже талап ете аламыз», - деді Камалжан Надыров Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Астанадағы дәрігерлердің орташа жалақысы емханаларда - 150-160 мың теңге, ауруханаларда - 180-200 мың теңгені құрайды.
«Барлығы көрсетілетін қызметке байланысты өзгеріп отырады. Біздің ауруханаларда әртараптандырылған еңбекақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Яғни, қандай жүктемеде жұмыс істегеніңізбен және қай салаға бейімделгеніңізбен байланысты», - деп түсіндірді басқарма басшысы.
К. Надыров жоғары технологиялы оталар жасайтын дәрігерлердің анағұрлым көбірек жалақы алатынын жеткізді.