Жаңалықтар

Халыққа тегін қызмет көрсететін жеке меншік клиникалар саны артты

ашық дереккөзі

Халыққа тегін қызмет көрсететін жеке меншік клиникалар саны артты

2018 жыл Медициналық сақтандыру қоры үшін алғашқы операциялық жыл болды. Бүгінгі күні қор стратегиялық сатып алушы және медициналық қызметтер ақысын төлеуші ұйым ретінде толық қалыптасты. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі ведормство аралық комиссия отырысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова хабарлады. Айтуынша, медициналық қызметтер кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде халыққа тегін қызмет көрсетуден үміткер Денсаулық сақтау субъектілері базасына кірген емдеу ұйымдарынан ғана сатып алынады. «2019 жыл басында аталған базаға енген медицина ұйымдарының саны 1823-ке жетті. Оның 1015-і – жеке меншік клиникалар. Нақтырақ айтар болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік тапсырыс бойынша халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуден үміткер жеке меншік нысандар саны 212-ге артқан», - деп атап өтті Ботагөз Жақселекова. Қор өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Әлеуетті жеткізушілер базасына құжат өткізу мен өтінімдерді қарау қызметін автоматтандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер реестріне өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік қызмет стандарты бекітілді.