Жаңалықтар

Инфрақұрылымдар ілкімді дамыса...

ашық дереккөзі

Инфрақұрылымдар ілкімді дамыса...

Қазақстанның сапалы жолы, тиімді транспорттық жүйесі, қуатты заманауи энергетикасы болмаса, бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылуы екіталай. Елдегі инфрақұрылымды озық үлгіде дамыту қажет. Өйткені дамыған инфрақұрылымсыз заманауи инновациялық кәсіпорындар, технологиялық жаңалықтар турасында сөз қозғаудың өзі жөнсіз. Ал бұл мәселені шешуге тек мемлекет қана қауқарлы.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында өңірлердегі инфрақұрылымдарды дамыту туралы тапсырма бергені белгілі. Елбасының бұл тапсырмасының стратегиялық маңызы зор екенін атап өткен жөн. Себебі заманауи инфрақұрылымсыз өндірістік модернизацияны қалыптастыру мүмкін емес. Жалпы, Қазақстанның бүгінгі жағдайында инфрақұрылымдарға инвестиция тарту бірнеше мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді. Біріншіден, инфрақұрылымдарға инвестиция тарту еліміздегі жол, электрмен жабдықтау жүйесі, электр жүйелерін жаңартуға мүмкіндік береді. Кеңес дәуірінен қалған, ұзақ уақыт бойы қаржыландырылмаған инфрақұрылым саласын қалыпқа келтіріп, сапалы әрі тиімді жұмыс жасау үшін қаржы бөлетін уақыт әлдеқашан жеткен. Екіншіден, ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс еліміздегі кәсіпкерлікті қолдауға, экономикада инфляциялық қысым жасамайтын, керісінше, бизнесті алға тартып, іскерлік белсенділікті арттыратын қосымша ішкі сұранысты қалыптастыруға жол ашады.

Қазақстанда 2020 жылға дейін көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бұл бағдарлама инфрақұрылымды жаңартудың немесе құрылысты жаңадан бастаудың қажеттілігін түсіндіреді. Транспорттық стратегия және өзге бағдарламалық құжаттарда кепілдендірілген орташа мерзімді міндеттер нақты жобалар шеңберінде тұжырымдалды. Бұл салаға бөлінетін мемлекеттік инвестиция өте ауқымды, олардың көлемі ондаған миллиард долларға жетеді. Қомақты қаржының бәрі үдемелі индустриалдық модернизация міндеттемелерін орындауға жұмсалады. Мұндай жобалар инфрақұрылымды алдын ала 5-10 жылға дамыту жоспарымен жүзеге асырылмақ. Осылай ғана күн сайын өсіп келе жатқан экономиканың жаңа талаптарын орындауға болады.

Мұндай стратегиялық тапсырманы толық орындауға жеке сектордың шамасы жете бермеуі мүмкін. Инфрақұрылымның үнемі мемлекеттік қатаң бақылауында болуы да сондықтан. Бүгінгі күні инфрақұрылымды дамыту – еліміздегі ірі холдинг «Самұрық-Қазына» қорының негізгі міндеттемелерінің бірі. «Самұрық-Қазына» қорының 2012-2022 жылдарға арналған Даму стратегиясында: «Қор барлық инфрақұрылымдық жобаларға шығынсыз негізде қатысады. Инфрақұрылымдық жобалар шеттен келетін өнімдерді тасымалдаумен, географиялық ерекшеліктеріне қарай транзиттік ағынды дамыту, индустрияның дамыған секторларын электрмен қамтамасыз етуге бағыталады», – делінген.

Қазір бұл жұмыстардың барлығы негізгі кезеңге өтті. 2012-2013 жылдары елде 11 ауқымды индустриалдық инфрақұрылымдық жоба қолға алынған болатын. Аталмыш жобалар қазіргі уақытта жүзеге асырылу үстінде. Бүгінгі таңда 11 жобаға бөлінген инвестиция көлемі 5 трлн. теңгеге жетті. Жобаларды жүзеге асыру арқылы 150 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Инфрақұрылымдық өндірісті дамыту, транспорттық жүйені модернизациялау шаралары бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі уақытта қуатты электр стансалары, газ құбырлары, мұнай мен газды қайта өңдеу нысандары бой көтеруде.

Ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар мен бөлімшелерге артылған  жауапкершілік мол. Холдинг жол құрылысынан бастап әр түрлі өңірлерде газ құбырларын орнатуға дейінгі жұмыстардың барлығын бақылауға алуы қажет. Өйткені бұл жобаларға бөлінген инвестиция көлемі өте ауқымды. Мәселен, Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржол торабының өзіне «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 3,3 млрд. доллар қаражат бөліп отыр.

Айта кетейік, мемлекеттік сектордың транспорттық жүйені оңтайландыруы инфрақұрылымдық модернизациялаудағы маңызды басымдықтардың бірі. Ұлттық теміржолдар, автожолдар, әуежайлар, теңіз порттары бірыңғай жүйеге біріктірілуі керек. Бұл мемлекеттік компаниялардың шығындарын азайтып, жүк тасымалдауды жылдамдатады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, қазір «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы темір жол, теңіз арқылы, әуе және автотасымалдауды біріктіретін ұлттық транспорттық-логистикалық компания құруды жоспарлауда. Аталмыш жоба жүзеге асырылса, бүкіл әлем елдеріндегідей жүкті тікелей тасымалдау жеңілдемек. «Самұрық-Қазына» қоры қазір Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерімен бірлескен транспорттық-логистикалық компания құру үшін келіссөздер жүргізуде. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының президенті Асқар Маминнің айтуынша, мұндай бірлескен компания жұмысы Қазақстанға жыл сайын 780 млн. көлемінде табыс әкеледі екен. 2020 жылға қарай Қазақстанның аумағынан 1,7 млн. шамасында контейнерлер өтетін болады.

Өткен жылы «Қазақстан темір жолының» еншілес «KTZ Express» компаниясына мемлекеттің меншігіндегі 11 әуежай берілді. Осы арқылы ұлттық теміржол тасымалдаушыларының қамқорлығымен бірыңғай әуежай холдингін қалыптастыруға мүмкіндік туды. «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылға қарай мұндай ұйым Қазақстан аумағындағы жүк тасымалдау көлемін 2,2 есеге арттырады деп болжап отыр. «Транспорттық жүйені оңтайландыру жылдам өсіп жатқан жүк тасымалдау көлемін игеруге көмектеседі. Біз 2030 жылға қарай жолаушы және жүк тасымалдау көлемін 2012 жылмен салыстырғанда 5-6 есеге (жолаушы тасымалдау – 8 миллионнан 42 миллионға, ал жүк тасымалдау 107мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін) дейін арттырамыз деп болжап отырмыз», – дейді «Қазақстан темір жолы» компаниясының жетекші мамандары.

Транспорттық жүйедегі өзгерістерге сай еліміздің энергетикалық картасы да өзгеріске ұшырайтыны белгілі. Қазір энергетика саласындағы ауқымды жобалар «Самұрық-Қазынаның» бақылауында. «Мемлекет басшысы Қазақстандағы энергетикалық қауіпсіздікті сақтау үшін бізге тапсырма берді. Ең әуелі «Орталық – Батыс» электрмен жабдықтау жүйесіне қатысты мәселені шешуді тапсырды. Қазіргі уақытта өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша Маңғыстау және Атырау облыстарындағы электр энергиясын өндіру және тұтынудың болжамды теңгерімі әзірленуде. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының энергожүйесін  еліміздегі бірыңғай жүйеге біріктірудің жоспарлары дайындалып жатыр», – дейді «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Өмірзақ Шөкеев. 2013 жылы «Сорлтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттік жобасының құрылысы қолға алынған. Балқаш ЖЭС-інің құрылысы, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2-ні қайта жаңғырту, Мойнақ СЭС жобасы Қазақстанның аталмыш қажеттіліктерін өтеу үшін жүзеге асырылды.

Мұнай және газ инфрақұрылымының бүгінгі экономика үшін маңызын бағамдау қиын. 2011 жылы отандық көмірсутек тасымалдаушы Каспий құбыр жүргізу бірлестігін кеңейту жұмыстары басталды. 4-5 жылдан кейін Каспий құбыр жүргізу бірлестігінің тасымал қабілеті жылына 28 млн. тоннадан 67 млн. тоннаға жетуі мүмкін. Бұл Қашаған мен Теңіз сынды мұнайдың негізгі өндіріс орнындағы экспортқа тұрақтылық алып келеді. Сондай-ақ, қазір «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейту де қолға алынуда. Аталмыш құбырды кеңейту арқылы жылына 20 млн. тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік жасалады.

«Самұрық-Қазына» қоры екі жылдан бері қолға алған инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс жұмыстары жалғасуда. Олардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі, Балқаш ЖЭС-і, Атырау облысындағы газ-химиялық кешені, Атырау мұнай өңдеу зауыты, Орталық Қазақстанды газбен қамтамасыз етуге арналған «Қарталы – Тобыл – Көкшетау – Астана» газ құбыры бар. Ал 2013 жылы «Самұрық-Қазына» қоры үшін инвестиция көп тартылған, маңызды жобалар «Арқалық – Шұбаркөл» және «Жезқазған – Бейнеу» теміржолдар желісі болды.

Жаңа темір жол және автомобиль магистралі, электр стансалары, құбыр желілерінің жалпы стратегиялық маңызы бар екеніне еш күмән жоқ. Мұндай жобаларға қомақты қаржы бөлінетіндігіне қарамастан, Қазақстан оларды жүзеге асыруды тоқтатпайды. Өйткені бұл ел экономикасының дамуына өз ықпалын тигізеді. Қазір холдинг бұл жобаларды қажетті инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ете алады. Тіпті, шетелден қарыз капиталын тартуға да мүмкіндік бар. Холдинг төрағасы өз сөзінде 89 млрд. доллардан астам қаражатты қажет ететін мұндай ауқымды жобаларды жүзеге асыруға  сырттан қарыз алмаса, толық аяқтау мүмкін болмайтындығын айтқан. Сондықтан, «Самұрық-Қазына» қоры қосымша қарыз ақша тартуға тырысуда. Оның үстіне, холдингтің шетелден жылына 4 пайыздық мөлшерлемемен қарыз алуға мүмкіндігі бар.

Бастысы, аталмыш жобалар жылдам іске қосылып, табыс әкеледі. «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында Өмірзақ Шөкеев ауқымды инфрақұрылымдық жобалар тек ел дамуындағы стратегиялық міндеттерді ғана емес, жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға да өз әсерін тигізетіндігін атап айтқан болатын. Аталған инфрақұрылымдық жобалар іске қосылса, елдегі жағдай түзеледі, жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті халықтың әлеуеті қалыпқа келеді.

2014 жылы қордың құрамына кіретін компаниялардың қатысуымен жаңа өндіріс орындарын құру мақсатында 150 млрд. долларды құрайтын 44 жобаны жүзеге асыру көзделген. Егер аталмыш жобалар сәтті жүзеге асырылса, 90 млрд. теңгені құрайтын компания сұранысын отандық тауарлар өтейтін болады. Сондай-ақ, «Самұрық-Энерго» қоры Қазақстанның аймақтарында энергетика саласын дамыту мақсатында жалпы құны 8,6 млрд. долларды құрайтын 19 жобаны жүзеге асырмақ. Қазірдің өзінде Талдықорған, Семей, Көкшетау қалаларында ЖЭС салынды. «Самұрық-Энергоның» басты жобаларының бірі – Балқаш ЖЭС-і. Оның қуаттылығы 1320 МВт-ны құрайды.

Әсел ӘНУАРБЕК