Қытай композиторы мен Байқадамовты не байланыстырады?

Қытай композиторы мен Байқадамовты не байланыстырады?

Қытай композиторы мен Байқадамовты не байланыстырады?
ашық дереккөзі
Еліміздегі қазақ өнері мен мәдениетінің орталығы іспеттес Алматы қаласында күн сайын өнерге қатысты бір жаңалық болып жатады. Әрине, жаңалық атаулының көбі жұрттың құлағын бір елеңдетуге жарайтын құбылыс, алайда кейбірі жай ғана жаңалық емес, ел мен елдің, халық пен халықтың арасындағы қарым-қатынастың маңызын білдіретін тарихи мәнге ие. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығымен бірлесіп, Қытайдың танымал халық композиторы Сянь Синхайды еске алуға арналған мемориалдық фотокөрмесін өткізді. Көрмені ашқан ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылым жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртонқызы өз сөзінде Қытай композиторы Сянь Синхайдың өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, өнер иесі туралы құнды мәліметтер айтты. Сонымен бірге көрмеге Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы білім және ғылым жөніндегі консулы Ми Гуйсюн қатысып, музей ұжымына өзінің ыстық ықыласын, ризашылығын білдірді. Ал тағдыр тоғысында Сянь Синхаймен істес, сыйлас болған композитор Бақытжан Байқадамовтың қызы Балдырған Байқадамова осы айтулы шараға қатысып, әкесі туралы естеліктер айтты. Сонымен Сянь Синхай кім, оны қазақ елімен нендей жағдай бай­ланыстырады және ол қазақтың танымал композиторымен қандай қарым-қатынаста болды? Сянь Синхай (13.10.1905 – 30.10.1945 ж.ж.) – халық музыканты, педагог, белгілі қытай композиторы, пианист, дирижер. 250-ден аса шығарманың авторы, сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония жанрында жазылған, оркестрлік музыкаға арналған сюита, рапсодия, скрипка мен пианиноға арналған көптеген соло музыкаларының мәні зор. Оның бірқатар музыкалық шығармалары ұлттық өрнегімен, түпнұсқалық құндылығымен ерекшеленеді. Шығармалары Қытайда қазіргі күні де танымал. Ол Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, кейін Шанхай консерваториясында оқыған. 1929 жылы Сянь Синхай Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға оралып антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысты. 1938 жылы Синхай Қытай революциясының қасиетті орны Яньаньға келді. 1939 жылы Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалды. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болды: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туындыларының бірі «Сары өзен кантатасы», сондай-ақ «Еңбек туралы кантата», «18 қыркүйек туралы кантата» және «Қарсы шабуыл», «Халықаралық әйелдер күні», «Жойылсын Ван Цзинвэй» және т. б. шығармаларын өмірге әкелді. 1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына – Мәскеуге жіберіліп, сол жерде «Ұлт азаттығы» деп аталатын бірінші симфониясын аяқтаған. 1941 жылы Алматыға көшіп келіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясы, «Қытай рапсодиясы» сюитасын, «Амангелді Иманов» поэмасын жазды. Бұған қоса ол екі ел арасындағы елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдеді. Қазақстан-Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылы 7 қазанда Алматы қаласындағы көшелердің біріне Сянь Синхайдың аты беріліп, онда сазгердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш-тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай-Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады», – деп жазылған. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, Қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері аталмыш сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен Қазақстан композиторы Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» қысқа метражды фильмін түсірді. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы – «Композитор» туындысы Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхай арасындағы достыққа арналған. 1940 жылы Қытай орталық комитеті сазгер Сянь Синхайды Совет Одағына музыка зерттеуге жібереді. Алайда соғыс басталып кетіп, композитор еліне қайта алмай, Алматыда қалып қояды. Сырқатқа шалдығып, аштыққа ұрынған қытайлық композиторға Бақытжан Байқадамов пана болып, қол ұшын созады. Қазақстанда кіріспесі түсірілген фильмнің жалғасы қазір Яньан қаласында жалғасып жатыр. Басты рөлді Берік Айтжанов, Алтынай Нөгербек сияқты танымал актерлер сомдайды. Шэнь Цзиян, «Композитор» фильмінің продюсері: – Қытайлық басты кейіпкер Сянь Синхайды танымал актер Ху Чжунь сомдайды. Ол композитор отбасында туып-өскендіктен, сазгердің жан дүниесін жақсы түсінеді деп ойлаймын. P.S. Көрмеде Сянь Синхайдың Қытайда, Парижде оқыған жылдарында достарымен, әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық фотосуреттерден тұратын 60-қа жуық сурет, Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған Оқу құралдары, Ресей, Қазақстан, Моңғолияда өмір сүрген жылдарды, музыкалық шығармаларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамовтар отбасылары арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін фотолар қойылған. Көрмеде Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері Сянь Синхай, Бақытжан Байқадамовтың әндерін орындап, көрмеге келушілерге керемет көңіл-күй сыйлады.  

Гүлайым ҚЫДЫРӘЛИЕВА,

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ