Қасқыр мен қой бір отырса...

Қасқыр мен қой бір отырса...

Қасқыр мен қой бір отырса...
ашық дереккөзі
«Мемлекет әлеуметтік желіні бақылауға алады, нөмірлер мен телефондар тіркелуі тиіс, жіберілген хабарламалар мен интернет желісіндегі жазбалардың барлығы жіті қадағаланатын болады». Бұл – өткен жылдың аяғына қарай халық арасында өрбіген әңгімелер. Солай болды да. Нөмір мен ұялы телефонды тіркеуден өткізу – қажет дүние. Бірақ демократиялы, зайырлы елде тұратын азаматтың әлеуметтік желідегі жазбалары мен екеуара сөйлескен әңгімесін бөтен біреудің көріп, оқып, я бақылап отырғаны жеке адамның бостандығын шектемей ме? Егер батыста осындай жүйе қалыптасса, ол барып тұрған заңсыздық, адамның жеке өміріне қол сұғушылық әрі мәдениетсіздік болып есептелер еді. АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын және Конституциясын құрастырушы авторлардың бірі Бенджамин Франклин: «Демократия дегеніміз – екі қасқыр мен бір қойдың бетпе-бет отырып, түскі асқа не жейміз деп ақылдасуы», – деген. Грек тілінен аударғанда демократия «халық билігі» деген мағынаны білдіреді. Ал әлеуметтік желіні, түрлі мессенджерлерден келген хат-хабарларды бақылау, жаппай халықтың жеке өмірін бақылау және ойы азат азаматтарды басқару, жіпке байлап ұстау дегенді білдірмей ме? Мемлекеттің дамуы үшін де объективті түрдегі ашық ой-пікір қажет емес пе?! Аузы мен қол-аяғы байланған жұрт қалай дамымақ?! 2018 жылдың 20 желтоқсанында Digital Revolution тобының хакерлері Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қарасты «Квант» ғылыми-зерттеу институтының серверін бұзып, одан ұрланған мәліметтерді жариялады. Құжаттағы деректерге сай, Қазақстан Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Квант» институтына әлеуметтік желіні бақылайтын жүйеге тапсырыс берген. Жүйе елдегі наразы көңіл-күйді анықтап, талдау жасайды. Министрлік бұл жүйеге 4,3 миллион доллар бөлген екен. Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылайтын автоматтандырылған жүйенің» әзірленіп жатқанын мойындады. Бірақ министрлік бұл жүйеге Ресейдің қатысын жоққа шығарды. Хакерлер жариялаған құжаттағы дерек бойынша, министрлік «қазақ және орыс тілдерін танитын кешенді бағдарлама жасауға» тапсырыс берген. Қысқаша шифрі – «Әңгіме». Құжаттағы дерек бойынша, екінші шифр «Анаграмма» деп аталады. Тапсырыс атауы – «Қазақ тіліндегі мәтіндерге анализ жасайтын бағдарлама кешенін жасау және дамыту». Тапсырыс беруші ретінде «САС Институт Казахстан» компаниясы көрсетілген. Хакерлер жариялаған құжаттағы мәліметке сай, бағдарлама әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы түскен мәтіндерді саралап, өңдеуі тиіс. Келісім бойынша екі жоба 2018 жылы қарашаның 30-ына дейін дайын болуы тиіс болған екен. Хакерлер құжатты жариялаған соң, тапсырыс берген министрлік бұл ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство Қазақстанда «Ұлттық ақпараттық кеңістікті бақылайтын автоматтандырылған жүйені» жасаумен 2017 жылдан бері айналысып жатқанын хабарлады. Бірақ хакерлер жариялаған құжаттағы «Қазақ­стан жүйені Ресейде жасатып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарып, конкурс қазақ­­­стан­дық компаниялар арасында жүргізілгенін мәлімдеді. Конкурс қорытындысы бойынша қазақстандық «Квант» ғылыми-зерттеу зертханасымен келісім жасалған. «Бұл жүйе БАҚ-тағы Қазақстан аумағында таратуға тыйым салынған материалдар – терроризмді, суицидті, мемлекет тұтастығын бұзуды насихаттау және басқа да жарияланымдарды тіркеу процесін жеңілдетеді», – деп жазылған министрлік таратқан хабарламада. Желтоқсанның 25-і күні Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысынан кейін Қазақстанның ресейлік «Квант» институтымен өзара байланыс орнатпағанын айтты. Министр әлеуметтік желіге бақылау «наразылық көңіл-күйді анықтау үшін емес, заңға қайшы материалдардың жарияланып кетпеуі үшін жүргізілетінін» жеткізді. Министр журналистердің «Әлеуметтік желіге бақылау орнату адам құқығын, азаматтардың ақпарат алу құқығын шектемей ме, адамдарды аңду болмай ма?» деген сұрағына «Шектелмейді, аңду, бақылау болмайды», – деп қысқа жауап қайырды. Ал «Әлеуметтік желіні бақылау қалай жүзеге асады?» деген сауалға: «Мысалы, балаңыз суицид сайттарында отырса, сол сайттарда біреу балаңызға келіп, түнгі сағат төртте оян да, шатырға шығып, төменге секір деп айтса, біз сондайды бақылап, құқық қорғау органдарына береміз», – деп жауап берді. Жыл басында министрлік БАҚ пен интернетке мониторинг жүргізетін жүйе енгізетінін хабарлаған. «Ұлттық ақпараттық кеңістіктің автоматтандырылған мониторингі жүйесін» жасауға мемлекеттік бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеген. Сол кезде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Мәселе мониторинг, бақылау жүргізу жайлы емес. Мысалы, осы жүйе арқылы қазақ тілінде қанша жазба шыққанын біліп отырамыз», – деген еді. Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев министрдің сөзімен келіспей: «Мониторинг арқылы биліктің халық тарапынан наразылыққа ұшыраған әрекеттерінің алгоритмі жасалып, соны жөндесе бірсәрі. Бірақ байқауымша, оларды наразылық фактісі ғана қызықтыратын сияқты. Кімдер наразы, қандай топтарда наразылық байқалады және соған сай кімге «соққы» жасауға болатыны қызықтыратын секілді. Бұл – мониторинг емес, бұл – репрессивті тәсіл», – деді саясаттанушы. Саясаттанушының пайымдауынша, соңғы жылдары Қазақстанның күш құрылымдары әлеуметтік желідегі бақылауды күшейткен. Сарапшы бұл әрекетті «билік транзитіне дайындық» деп бағалады. «Ресейлік компанияның көмекке келуі де бекер емес. Бір жағынан, отаршыл сана. Екінші жағынан, әлеуметтік желідегі көңіл-күйді бақылауда Ресейдің тәжірибесі мол. Мұндай жүйе Ресей секілді демократиядан ауылы алыс елдерде бар. Қазақстан да мұндай жүйеге қол жеткізу үшін авторитарлы елге қайырылатыны түсінікті. Бұл жағдайда Қазақстан үшін Ресей, я болмаса Қытай – жақын елдер. Екі елдің ақпараттық кеңістікті бақылауда тәжірибесі аз емес», – деді Досым Сәтпаев. Қазақстандық «Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығының» (ЦАРКА) директоры Арман Әбдірасылов бақылау жүйесін шетелдік компанияға тапсыруға қатысты өз пікірін айтты. «Қазақстанда IT компаниялар көп болғанымен, олардың көбі тек дайын бағдарламаны алып-сатумен айналысады. Ал мұндай жүйені құрастыру, дайындаумен айналысатын он шақты компания бар. Олар бір-бірін біледі және барлық жобаларды да өзара ақылдасып, біліп отырады. Тапсырыс беруші ақпараттың тарап кетпеуін қалайды. Бұл жүйені шетелдік компанияға тапсырудың бір себебі осы болуы мүмкін», – дейді Арман Әбдірасылов. Ал қазақстандық «Квант» зертханасының өкілі Ләззат Шәкімова ВВС-дің орыс қызметіне өзі жұмыс істейтін «Квант» компаниясы Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігін бақылайтын жүйе жасап жатқанын растаған. Дегенмен Шәкімованың айтуынша, қазақ­стандық «Кванттың» ресейлік «Квант» институтына еш қатысы жоқ, ал атауларының ұқсас болуы – жай ғана сәйкестік. Жалпы, «Digital Revolution» тобының хакерлері Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметіне тиесілі «Квант» ғылыми-зерттеулер институтының компьютерлер жүйесін бұзуының басты себебі – мемлекеттің интернетті түрмеге айналдыру саясатына қарсылығы. Себебі Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні бақылауды қолға алғанына бірнеше жыл болған. Бұл мақсатта олар «Медиалогия» және «Катюша» жүйелерін қолданып жүр. «Медиалогия» жүйесінің стандартты мемлекеттік келісіміне федералдық және аймақтық телеарналар, радиостанциялар және газеттер мен электронды БАҚ-тарда жарияланған мақалаларды талдау кіреді. Мысалы, белгілі бір кілт сөздер қолданылған телебағдарламалардың транскрипциясы бағдарлама эфирге шыққаннан кейін бір жарым сағат ішінде тапсырыс беруші органның қолында болуы керек. 2017 жылдың соңында «Медиалогия» Мәскеу облысы Үкіметінің тапсырмасына сай арнайы әлеуметтік желілерді бақылау алаңын құрып, жұмыс істей бастаған. Жүйе «Facebook», «ВКонтакте», «Одноклассники», «Instagram» және «Twitter»-дегі 600 миллионнан астам жазбаны талдайды. 2015 жылы Ресей президенті Владимир Путин «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Павел Дуровты қыспаққа алып, «ВКонтакте»-ны тартып алғаны белгілі. Басты себеп – «ВКонтакте» желісінде саяси наразылық беттерінің пайда болуы. Бұл оқиға жөнінде: «Дуров желіде белсенділік танытқан Алексей Навальныйдың парақшасын жабудан бас тартқан. Осыдан кейін ФСБ қызметкерлері Павел Дуровтың үйіне қару-жарақпен кіріп, үйді босатуды талап етті», – деп жазды «The Business Insider» басылымы. «ВКонтакте» желісі 2006 жылы жаңадан пайда болғанда, Ресейде интернетті бақылау жүйесі де, түсінігі де болмаған. Тек 2011 жылы адамдар әлеуметтік желіде парламент сайлауларына қатысты ойларын ашық түрде жаза бастағаннан кейін Ресей президенті Владимир Путин интернет желісін қатаң қадағалауға алып, жіті бақылауға көшкен. Ал Павел Дуров жағдай тынышталғанша, Нью-Йоркке аттанды. Алайда Дуров шетелге кетіп, өз жұмысын тоқтатпай, бір сәтте заманауи, технологиялық, ыңғайлы және ең бастысы сыртқы араласудан толық қорғалған «Telegram messenger» хабаршысын құрады. 2017 жылы бағдарламаны қолданушылар саны 170 миллион болса, 2018 жылдың 1-тоқсанында 200 миллионға дейін өскен. 2017 жылдың тамыз айында Павел Дуров өзінің телеграмм парақшасына: «Күн сайын телеграмға 600 мың адам қосылып отыр», – деп жазды. Осылайша Дуров «Роскомнадзор» мен ФСБ-ның назарына тағы ілікті. Олар телеграмдағы жазбаларды оқу үшін Дуровтан телеграмның шифрлау кілтін беруін талап еткен. Ал Телеграм басшылары бағдарламада ондай кілттің жоқтығы туралы айтады. «Аузы күйген үрлеп ішер» демекші, «Telegram messenger» өте ақылды түрде ұйымдастырылған жүйе болып табылады. Тіпті, оның қызметкерлерінің өзі қатты қаласа да қарапайым адамдардың жазғанын оқи алмайды. Осыдан кейін Дуровқа тағы бір қауіп төніп, «Роскомнадзор» террористердің жазбаларын оқуға мүмкіндік бермеді деген сылтаумен Ресей бойынша телеграмды бұғаттайтынын айтқан еді. Тіпті, бұғаттауға кірісіп те кетті. Бірақ «Telegram messenger»-дің жұмысын тоқтата алмайды. Себебі бұл жүйе ФСБ қызметкерлері ойлағаннан әлдеқайда ақылды ұйымдастырылған болып шығады. Бұндайды күтпеген билік телеграмм бастау алатын интернеттегі мекен-жайларды бұғаттай бастайды. Бір күнде мұндай мекенжайлардың саны 16 миллионға жетеді. Олардың бәрі бұғатталған кезде көптеген қызметтер мен компаниялардың сайттары қатып қала бастайды. Бірнеше ірі банктер өз желілерінің бұзылғанын жариялап, дүкендерде терминалдар несие карталарын қабылдай алмай қалады. Сондай-ақ, Шереметьево әуежайының басшылары жолаушыларды электрондық тіркеу жүйесінің бұзылғандығы туралы хабарлап, арызданады. Борттық билеттерді 1960 жылдардағыдай қолжазба түрінде беруден басқа амал қалмайды. Ал ең қызығы – осы уақыттың өзінде «Telegram messenger» еш тоқтамастан, жұмыс істеп тұра берген. Нәтижесінде, Дуровтың бұл бағдарламаны желімен байланыстыру үшін оқшауланбайтын арналар арқылы жасағандығы анықталады. Яғни, телеграмды бұғаттау мүмкін емес, оны бұғаттау үшін Ресей бойынша бүкіл интернетті өшіру қажет болып шығады. Амалы қалмаған «Роскомнадзор» телеграмды ақыры бұғаттай алмады. Заман технологияланып, дамыған кезде Дуров сияқты ақылды, бастысы, шындығында мемлекетке еш қаупі жоқ, қарапайым адамдар қолданатын бағдарламаны ойлап тапқан адамды қолдамай, керісінше оның артына түсіп, қудалау – дамуға қарсы шыққандық. АҚШ «Facebook»-тың негізін қалаушы Марк Цукербергті қудалап жүргенін естідіңіз бе? «Telegram messenger» мен «ВКонтакте» желісінде жазылатын дүние «Facebook»-та жазылмайды дейсіз бе? Керісінше көзі ашық, көкірегі ояу, елдің ақылды азаматтары дәл осы «Facebook»-та көп отырады. P.S. Әрине, Ресей 146 миллион халқының миллиардтап жазатын хат-хабарларының барлығын бірдей оқи алмайды. Әлеуметтік желіні бақылау жүйесін енді орнатып жатқан Қазақстан да 18 миллион халықтың жазбаларын түгел талдай алмас. Десек те осы жүйенің арқасында әр адамның еркін ойлауы мен жазуы тағы бір жағынан шектеліп, қыспаққа түсетіні ақиқат. Суицидті не терроризмді азайту үшін халықтың қызығушылығы мен ойын аңдудың және бақылаудың керегі шамалы. Одан гөрі ұлттық тәрбие мен білім беру жүйесіне назар аудару керек.