Арба аттың алдына түспесін десек...
Арба аттың алдына түспесін десек...
Соңғы кезде жұрт «Еткен еңбегімнің зейнетін көрем бе, жоқ па?» деген сауалға жиі бас қатыратын болды. Бұған елімізде зейнетақы жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер себеп. Шын мәнінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасақтаған «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңы қалай жұмыс істейді?
Жаңа заңға сәйкес, азаматтық-құқықтық тұрғыдан табысын алып отырған жеке тұлға бұдан былай 10 пайыз зейнет салығын өз еркімен ай сайын БЖЗҚ-ға аударып отыруы міндеттелді. Әрине, заңдағы көптің көңіліне күдік ұялатқан түзетулер кәсіпкерлерді ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарды да алаңдатуда. Ал салықтық мекемелер әкімшілік тұрғыдан құжаттың қиындатылғанын алға тартса, ал депутаттар мәселені күрделендіріп жіберген шенеуніктерді кінәлауда.
Бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енген «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңы 14 шілдеден бастап ресми түрде қабылданғанына жарты жылдан асса да, әлі күнге қажетті ереже бекітілген жоқ. Неге? Мәселен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылдың 2 шілдесіндегі №165 Қазақстан Республикасының Заңының «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» ҚР Заңының 25-бабына енгізілген өзгерістер бұл мәселенің түпкі мәнін түсінбеуге әкеп соғуда.
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер зейнетке 59 жастан жіберіліп, ең төменгі зейнетақы мөлшері 36 908 теңгенің төңірегінде тұрақтайды. Базалық зейнетақы жаңа тәртіппен тағайындалып, өтінім беру процесі жеңілдейді. Және биыл әйелдердің зейнетке шығу уақыты – 59 жас. Ерлер үшін өзгеріс жоқ, сол – 63. Әйелдердің зейнет жасын жыл сайын сатылап өзгерту 2018 жылдан басталған. Мемлекеттік шешім 1960-1964 жыл аралығында туған әйелдерге қатысты қолданылады. 2027 жылға дейін жалғасатын зейнет жасын ұлғайту процесі әр жылы белгіленген жас мөлшеріне алты айдан қосып отырады. 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында экологиялық қауіпті аймақта тұрған немесе Семей полигонында зардап шеккен ер адамдар 50, әйелдер 45 жасында зейнетке шығады. Бес немесе одан артық баланы өмірге әкелген, асырап алған және 8 жасқа дейін тәрбиелеген аналар зейнет жасын 53-ке дейін қысқартуға мүмкіндік алады. Одан бөлек, сақтандыру компаниясымен шарт жасасқан салымшы зейнетке ерте шыға алады. Әйелдер үшін 50 жас 6 ай, ер адамдарға 55 жаста аталған нұсқаны пайдалануға болады. Бұл жүйе туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Жадыра Дәулетханова: «Жаңа жылдан кейін әйелдер есеп шотына 13,5 млн теңге жинаса, 50-ден 6 ай асқанда зейнеткерлікке шыға алады. Биыл 12 млн теңгеңіз болса, зейнетке шығуға мүмкіндік бар еді. Ал ерлер 55 жасқа дейін 9,6 млн теңге жинауы керек. Сол кезде ғана зейнетке ерте жіберіледі. 2018 жылы бұл сома 9 млн теңге болды. Жыл сайын жинайтын ақшаның көлемі де өсіп келеді», – деді.
Базалық зейнетақы – зейнетақы жасына жеткен азаматтарға мемлекет тарапынан төленетін міндетті әлеуметтік көмек. Бұрын бұл көмек еңбек өтілі мен зейнетақы қорына жасалған аударымдарға тәуелді болмайтын. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшеріне байланысты есептеледі. Оған дейін барлығына бірдей 15 274 теңге көлемінде базалық зейнетақы төленіп келсе, енді 10 жыл немесе одан кем жұмыс істегендер ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын, ал он жылдан артық еңбек өтілі бар азаматтар әр үстеме жыл үшін 2 пайызға артық төлем алады. Мәселен, 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 29 698 теңге. Демек, 20 жыл еңбек еткен азамат 29698 теңгенің 54 пайызына қосымша үстеме он жыл үшін 20 пайыз алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова есептеудің жаңа әдісін таныстыру барысында: «Еңбек өтілін толық есепке алу үшін 2 миллионға жуық зейнеткердің құжаттары қаралды. Бір миллион адам ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, 930 мың азамат 37 мен 81 пайыз аралығында үстеме ақша алады», – деп түсіндірді.
Бірреттік жәрдемақы – 95950 теңге
Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Сонымен, БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады. Ал міндетті зейнетақы төлемін жүргізу кез келген табысы бар азаматтарға жүктелген. Қысқасы, жалақы алушы еңбекақысынан, жеке кәсіпкер табысынан, жекеменшік нотариустар көрсеткен қызметінен түскен кірістен төлейді. Тіпті, бұл декреттік демалыста отырған анаға да қатысты. Біз тілге тиек еткен «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңның 25-бабы БЖЗҚ-на кімнің және қалай төлейтіні айтылған. Бұдан былай азаматтық-құқықтық тұрғыдағы келісім бойынша табыс тауып отырған жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар болашағына алаңдауға кіріскен сыңайлы. «Осы баптың үшінші азат жолында, кәсіпкер кірісін өз еркімен анықтауға болады делінген. Сондай-ақ, бала туғысы келетін фрилансер-әйелдер де бұл төлемді құюға міндетті. Алайда декреттік демалысқа шыққан әйелдің бәрі мемлекеттен бөлінетін төлемақыны алады және мұның өзі кіріс көзі. Қазір кез келген кірістен 10 пайыз төлеу міндет. Бұл декретте отырған аналарға да қатысты», – дейді жеке кәсіпкер және есепші Елена Ким. 2018 жылы мемлекеттен бірінші, екінші, үшінші балаға берілетін бірреттік жәрдемақы 38 АЕК-ті құрады, ал төртінші және одан көп балаға 63 АЕК төленді. Ал бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты ай сайын берілетін жәрдемақыға келсек, бірінші балаға – 13 мың 853 теңге, әрі қарай бала санына қарай әр балаға шамамен 2 мың теңгеден қосылып отырды. «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің филиал басшысы Райхан Жолдықұлованың айтуынша, 1 қаңтардан бастап бірреттік берілетін жәрдемақының көлемі 95 950 теңге болады. Төртінші баланы босанған аналарға берілетін бірреттік жәрдемақы – 159 075 теңге, І топтағы мүгедектердің жәрдемақысы – 57 021 теңге болады. Сонымен қатар асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы көлемі де көбейеді. Мәселен, әкесі немесе шешесінен айырылған толық емес отбасылар бір бала үшін 25 541 теңге немесе қазіргімен салыстырғанда 1200 теңгеге көп көмек алады. Ал бала кезінен І топ мүгедегін тәрбиелеп немесе күтім жасап отырған отбасылардың жәрдемақысы 1484 теңгеге өседі.Қосарланған салық бар ма?
Арнайы штаттық кестеге сай жұмыс істейтін қызметкерлерден жарна салық түрінде алынбайды. Яғни, есеп-қисап бөлімі 10 пайызды БЖЗҚ-на бөледі, одан кейін кіріс салығын төлеуге кіріседі. Ал зейнетке шығар алдында әрбір қазақстандық бюджет арқылы төлем жүргізуге көшеді. Фрилансерлермен жағдай басқаша. Кәсіпкер жұмыскерге ақша төлемес бұрын алдымен келісімшарт бойынша жеке кәсіпкерлік салығын қазынаға аударады. Содан кейін фрилансер табысының 10 пайызын зейнетақы қорына төлейді. Ол зейнет жасына шыққаннан кейін де әр ай сайын кіріс салығын төлеуі тиіс. Алайда мамандардың айтуынша, фрилансерлер бұл ақшаны оңай, яғни мемлекеттік кірістер мекемесі – бенефициар арқылы қайтарып алуына болады. «Қайтарып алу орталықтары республиканың барлық өңірінде бар. Бұл мекеменің мекенжайын кез келген салық органынан білуге болады. Бұл процедура былай әрекет етеді. Фрилансер банктен референспен бірге анықтама алып, орталыққа барады. Шамамен 20 жұмыс күні ішінде фискалдар қайта келеді. Бірақ кейде бұл шаруа екі-үш айға дейін созылып кетуі мүмкін және мұны әрбір зейнет жарнасын төлегеннен кейін қайталап отыруға мәжбүрсің», – дейді Елена Ким. Кәсіби аудитор, ARBAudit аудиторлық-консалтингтік компаниясының басқарушы серіктесі Рустам Таиров министрліктегі бұл «жаңалыққа» дау-дамайлы өзгеріс деген баға берді. «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл қолға алған әрекеті қарсылық туғызды. Естеріңізде болса, бұл жанжал кез келген келісімнен, яғни сату және сатып алу кезінде түсетін пайданың 10 пайызын алу кезінде де қылаң берген еді. Меніңше, құжатты әлі де қарап, толықтыру керек. Мұны қабылдап, қолданысқа енгізуге ерте дер едім. Сол сияқты бұл талаптың әкімшіліктендіру тарапынан қалай жүзеге асатыны да белгісіз» дегенді айтады ол. Фрилансерлердің өмірін жеңілдету жайында мемлекеттік кіріс комитетінде де ұсыныс айтылды. «Министрлік заңға өзгеріс енгізді, ал азаматтар БЖЗҚ-на ақшасын аударып жатыр, әкімшілік жауапкершілікті Мемлекеттік кіріс комитеті тағайындайды. Осы саланың басы-қасында жүрген маман ретінде зейнетақы төлемінің басқа тетігін ұсынған едік. Жалпы, кіріс көзі деген түсінік бар. Яғни, кез келген фрилансерге осы кірісті төлейді. Біз фрилансерге кіріс төлейтін бірлестік немесе адамнан БЖЗҚ-ға алынатын төлемді сол процесс кезінде-ақ ұстап қалуын ұсындық. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін де тиімді еді. Тіпті, бұл басқару тетігін де жеңілдеткен болар еді. Егер керісінше болса, қадағалау жұмыстарының бірнеше түрін атқаруға тура келеді» деген пікірімен бөлісті ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев. Фискал ұсынысы қазір парламентте қаралып жатыр. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпкерлерге азаматтық-құқықтық тұрғыдағы келісім бойынша жұмыс істейтін қызметкері үшін ақша аударуға ешкім тыйым салмайды. «Біз өз еркімен төлем жүргізетін жеке тұлғалар жөнінде ақпарат жинап, талдау жүргіземіз. Егер парламент депутаттары бұл ұсынысты құптаса, азаматтарда әкімшілік жүктемелерді шешу түйткілі азаяды», – деді Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны бірте-бірте азайып келеді. 2003 жылдан бері олардың саны 2,7 млн адам болса, 2017 жылы дерек көздері 2,1 млн адамды көрсетті. Жалпы, экономикалық тұрғыдан халықтың белсенді бөлігі 600 мың адамға жетті. «Қазір мемлекет еңбек нарығында өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды біріздендіруді қолға алды. Оларды міндетті медициналық сақтандыру мен әлеуметтік сақтандыру көмегін алу үшін есепке алып, зейнетақылық төлем алу жүйесіне енгізу көзделді. Ол үшін бірыңғай төлемді енгізу жоспарланбақ. Біз жаңашылдықтан қалып жатқан жоқпыз. Мұндай үрдіс экономикалық дамуы ұқсас көрші Ресейде де жүзеге асуда», – дейді Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров. Айта кету керек, ауылды жерде өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 1,5 млн адамнан 1,2 миллионға азайды. «Халық ауылдан тұрақты жұмыс таба алмады. 2015 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеушілердің саны 230 мыңға азайып кетті. Олар зауыттарда жұмыс істемейді. Есесіне, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілердің саны 17 мыңға ғана өсті. Құрылыс алаңдарындағы жұмысшылардың саны қысқармады. Шын мәнінде, жұмыспен қамтылғандардың саны кейбір салада, мәселен соңғы үш жылда сауда саласында 90 мың адам, жылжымайтын мүлік саласында 80 мың, ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет саласында 80 мың адамға жетті», – деді депутат. Оның пікірінше, бұл көрсеткіш еңбек нарығының көлеңкелі жағын емес, еліміздің экономикасының нақты дамуын көрсетеді. «Меніңше, жұмыспен қамтудың жаңа құрылымын жасақтау керек. Егер тұрғын шаруашылық қожалығын тастап, базарға кетсе, бұдан жақсы нәтиже көру әбестік. Ең бірінші орында әр салада жұмыс орнын ашу керек, содан кейін ғана жұмыспен қамтудың тетігін қарастырған жөн. Әзірге бізде арба аттың алдына түсіп кеткен сияқты», – деді депутат.