Жас ұрпақты жетелейтін жеті ұстын

Жас ұрпақты жетелейтін жеті ұстын

Жас ұрпақты жетелейтін жеті ұстын
ашық дереккөзі
Қазақстан Респбликасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихи сананы жаңғырту үшін тың ұсыныстарды айтты.  Аталған мақаланы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің, тарих, археология және этнология факультеті, «Кітапхана ісі» мамандығының 2-курс студенттері ұстаздарымен талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. «Ұлы даланың жеті қыры» Алтай мен Атыраудың арасын, Ертіс пен Есілдің жағасын мекендеп, Қаратаудан Ұлытауға дейінгі ұлы даланы жайлаған ұлтымыздың ұлылығын, бабаларымыздың батырлығын арқау ете отырып, әлемге қазақ атын тағы бір рет танытуға болатынын  жеткізді. Ескі заманның өзінде даланың дүлдүлі сәйгүлікті қолға үйретіп, атқа міну мәдениетін қалыптастырған, тасты талқандап, болатты балқытып, темірден түйін түйіп, алтыннан киім киіп, дала заңына бас ұрған қазақ екенімізді еске салды. «Мақала төл тарихымызды тануға, ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіруге септігін тигізеді», ‒ дейді студент жастар. Кітапхана және мұрағат – үлкен қазына ордасы. Сол себептен болашақ кітапханашылар «Архив-2025» бағдарламасын түбегейлі қолдайтындарын жеткізді. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін даламыздан Алтын адам табылып, Ұлы Жібек жолы жүріп өткен алтын етек Алтайдың Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мəдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, əлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар əлемнің бүкіл мұрағаттарында өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатқандай. Сондықтан ежелгі дəуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық жəне шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз дұрыс, әрі ең оңтайлы шешім. Бұл жоба жүзеге асырылса еліміздің тарихына бүкіл шет мемлекеттер таңданыспен қарар еді. Қай жағынан қарасақ та, бұл маңызды жұмыс. Сол үшін мұрағат деректерін тек қана жинақтап қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді, цифрлық форматқа көшіру қажет.  

Б.Асанова,

т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының

аға оқытушысы

А.Дайынова,

«Кітапхана ісі» мамандығының

 2-курс студенті