Жаңалықтар

Қайраттың қасында қасқайып тұрған  Түгелбай

ашық дереккөзі

Қайраттың қасында қасқайып тұрған  Түгелбай

Желтоқсан оқиғасына қатысты баршамызға таныс бір сурет бар. Онда сол оқиғаға байланысты сотталған төрт жігіттің сот алдында өздеріне қатысты оқылған үкімді тік тұрып тыңдап тұрған сәті түсірілген. Сондағы сол жақ шетте орта бойлы, қасқайып қарап тұрған қазақтың қайсар жігіті туралы көп жұрт біле бермеуі мүмкін. Ол – Түгелбай Тәшенов еді. 1961 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында дүниеге келген ол 1982 жылы отбасымен Алматы облысы аймағына көшіп келеді. Түгелбай Алматыдағы құрылыс техникумын бітірген соң, құрылыс мекемесінде жұмыс істейді. – 1986 жылы 17 желтоқсан күні «Брежнев алаңына жастар жиылып жатыр» деген хабар жетті, – деп еске алады, ол сол бір сұрапыл сәттерді. – Бойында намыс оты лаулаған, қаны қазақ, қылшылдаған жас жігіттерміз ғой. Жолтай Мұхаммедұлы, Аманқос Есбосынов сынды жігіттермен «Алаң қайдасың?» деп тартып кеттік. Келе сала қара нөпір халықты көріп, араласып кеттік. Ұрандатқан, қолдарына лозунгілер ұстаған өрімдей жастар... Жұртпен бірге мінбеге шыққандарға елмен бірге наразылық танытып, айқайлап тұрған Түгелбайларды бір фотограф суретке түсіріп алған екен. Осы басына бәле болып жабысады. Желтоқсан оқиғасы күшпен аяусыз басылғаннан кейін, бір аптадай уақыт өткен соң, «үш әріптің» адамдары Түгелбайды іздеп жұмыс орнына келеді. Содан бастап Түгелбай ағаның өміріндегі «тар жол, тайғақ кешу» басталады. Жүйке аурулары емдеуханасындағы күндер, соттағы сергелдең, абақты... Негізі Т.Тәшенов пен Қ.Рысқұлбеков бірдей айыпталған екен. Бірақ соңынан кінәсі дәлелденбей, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, мерзімін қатаң түзету колониясында өтеу міндеттеледі. Алайда соңынан ақталып шыққан Түгелбай 1990 жылы желтоқсан оқиғасы өткен Республика алаңына шығып, өз тағдырластарымен бірге аштық жариялады. Олардың талабымен келіскен ел билігі арнаулы жарлық шығарып, желтоқсаншыларға қатысты әділдік орнатуға түрткі болды. Бүгінде Түгелбай Тәшенов Шамалған бекетінде тұрады. Бір кезде ел намысы үшін алаңға шыққан желтоқсан батыры қазір жұмыссыз. Денсаулығы да сыр берген. Мен пәлен едім деп әкімдікке көмек сұрап баруды ар көретін азаматтың тұрмыс жағдайы мәз емес. Тиісті орындардан сұрағым келеді: Қарапайым қаһарманды кім елейді? Тәуелсіз мемлекет патриот ұрпақ тәрбиелеуі тиіс болса, өнегелі азаматтарды құрметтеу керек емес пе?  

Асылбек  ӘМІРБАЕВ,

Алматы облысы, Қарасай ауданы,

Шамалған бекеті