ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ОЙРАН

ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ОЙРАН

ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ОЙРАН
ашық дереккөзі
жалғасы Қауіпті мазасыздықты Еділ қалмақтарының алыс Жоңғар хандығынан әлдеқайда жақын жердегі, желкесіндегі қожасы болып отырған орыс мемлекеті астыртын үдетіп келе жатқан. Көшім хандығын жоюға жол салып бергелі казачество қанатын жая түскен. Ертістің бойына, Тобыл өзенінің сағасына таман, Сібір хандығы астанасының орнына 1587 жылы салынған Тобольск қаласы Жайық өзені мен Тынық мұхитқа дейін созылған Сібір губерниясының орталығына айналған. Тәуке хан оны орыс мемлекетінің Ібір-Сібірдегі басты әскери, саяси, әкімшілік және шіркеулік-діни кіндік қаласы деп білетін, кей елшіліктерін сонда жіберетін. (Патшалықтың шекарасын кеңейтіп, көшпенділер ішіне батыл сұғынып қана қоймай, қорғана да алу үшін және жаңа жерге тістесе бекуін нығайта түсу үшін Петр патша Ертіс бойын түгел игеруге кіріскен. 1716 жылы Ертіске Ом өзені құятын жерде Омбы, Ертіс бойына 1718 жылы Семей, 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысына Өскемен қамалдарын салдырды). Жалпы, Тәуке хан I Петр басқарған орыс мемлекетімен жүргізген саясатында екі жақты байланыстарға, негізінен сауда және шекаралық істерге көңіл бөлді. Орыс патшалығының Шығыс елдеріне баратын сауда жолдарының бір тармағы қазақ елі арқылы өтетіндіктен, қажет келіссөздер жүргізілді. Сауда керуендерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру, тауарларға салынатын баж салығының көлемі мен мөлшерін белгілеу, сондай-ақ екі ел шекарасы аймағындағы тұрғындар арасында ұшырасып қалатын әртүрлі дау-дамайлар, ірілі-ұсақты жанжалдар мен қақтығыстар өзара елшіліктер алмасу арқылы шешімін тауып тұрды. Тарихшылар Тәуке ханның елшілері Ресей мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды дамытуға белсенді түрде атсалысты деп қорытады. ХVІІ ғасырдың соңында Тәуке хан орыс патшалығымен тең дәрежелі деңгейде қарым-қатынас жасады деп санайды. Егер әлдебір себептермен қазақ елшілігі Ресейде ұсталса немесе олардың жұмысына қандай да бір бөгет жасалса, Қазақ хандығы аумағындағы орыс елшілеріне де дәл сондай көзқарас көрсетілген. Бірде шекаралық кикілжіңдерге байланысты, Тәуке ханның елшілері Ресейде тұтқынға алынды. Сонда Тәуке хан І Петрге жазған хатында: «Ұрылар үшін елшіні қамауға алу дегенді Адам атадан бері осы уақытқа дейін ешбір құлақ естіп, көз көрмеген еді», – деген сөздермен реніш білдірген. Тәуелсіз қазақ хандығы әміршісінің орыс патшасына тең дәрежеде көрсеткен табандылығы арқасында қазақ елшілері босатылып, мәселе бейбіт жолмен шешілді. Тәуке хан Ресей мемлекетімен ғана емес, өзге де көрші елдермен, әсіресе Бұхараны билеп отырған аштархандық әулетпен жүргізген қарым-қатынастарында екі арадағы даулы мәселелерді бейбіт түрде шешуге және сол елдермен бейбіт байланыстарын дамытуға зор мән беріп, күш салып келе жатқан. Мұндай бейбіт қарым-қатынасты Жоңғар хандығымен жасау мүмкін болмай қалды. Өйткені Цеван Рабдан қонтайшының мақсаты өзінің «Өмірдің берік те мықты билеушісі, қожайыны» сипатты мағына білдіретін есіміне сай, қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағын өзіне бағындырып алу, сөйтіп, ойрат конфедерациясының шеткі бір пұшпағына – Еділ бойындағы қалмақ хандығының шекарасына шығу жолымен Шыңғыс хан тәрізді зор империя құру еді. Тәуке хан ойраттардың бір кездері қазаққа жақын халық болғанын жақсы білетін. Қазақтың кей руы өз атасын ойраттан бастайтын, жұрттың едәуір бөлігінің этникалық түрі де сол ежелгі дұшпанына қатты ұқсайтын. Екі этносты да көшпенділер өркениеті біріктіретін, өмір салты ұқсас, тілдері де соншалықты алшақ емес, бейбіт жылдарда қара да, ақсүйек те қыз алысып, қыз берісіп жататын. Тәукенің өзі де ойратқа жиен еді, оның анасы ойраттың хошоуыт тайпасының әміршісі Күнделен тайшының қызы болатын. Алайда сондай туыстық тамырларға қарамастан, жауласа келген ойратпен енді қазақтың бірігуі мүмкін болмай қалған. Себебі жер-суға таласу өз алдына, оларды дін бөліп тұрған. Кезінде Галдан Бошокту мұсылман қазаққа өз иланымын – будда дінін шарт қойып таңғысы келсе, Цеван Рабдан мәселені бірден соғысып шешуге ұмтылды. Оның әскерлері қазақ сарбаздарының қорғаныс мақсатында жанкештілікпен жүргізген күрестерін еңсеріп, Жетісудың бір бөлігін басып алды, алдыңғы шептегі қосындары Сарысу өзеніне жетті. Осындай саяси ахуал Тәуке ханды қатты ойландырды. Ол елдің бірлігі мен тыныштығын ойлап едәуір реформа жүрізген. Үш жүздің тыныс-тіршілігін әйгілі билер мен белгілі рубасы, ақсақалдар, өзінің бас адамдардан тағайындаған өкілдері және барша жұрт мойындаған, өмірде басшылыққа алған «Жеті жарғы» арқылы реттеп отырған. Алайда жағдай күрделі күйге түскен еді. Ұлан-ғайыр Дала төсін мекендейтін халқын, бейбіт өмірден қол үзіп, соғыс жағдайында күйзеліп жатқан елін қорғау, айналасындағы қатер төндіре қоршаған жауға қарсы тұруды ұйымдастыру ісін Түркістандағы ордасынан басқару қиын болып бара жатқан. Қарт Тәуке, дана Тәуке, жұрты әспеттеген Әз Тәуке жалпақ елді басқару мәселесіне уақыт талабына сай жаңа реформа жасау қажеттігін зайыр түсінген...

Жоғары дәрежедегі саяси ойдың оң нәтижесі

Таққа отырған бетте душар болған жоңғар шапқыншылығының бетін қайтарғаннан кейін, Тәуке хан мемлекеттің ішкі мәселесіне қатты назар аударған болатын. Ондаған жылдарға созылған «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заманда босаңсып, бытыраңқы күйге түскен қазақ қоғамын қайта тұтастыруға күш салған. Осы орайда Тәуке хан мемлекетті, мемлекеттің құрылымын нығайту жолдарын қарастырды. Тыныш заманда ұмыт қалған тәртіпті – Есім хан дәуірінде енгізіліп, бертінгі кезеңде жайына қалған реформаны жаңғыртты. Хандықтың жүздерге бөлінген мемлекеттік құрылымының буындарын басқару ісіне әртүрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды тартты. Билер кеңесінің жұмысын жандандырды. Жоғарғы өкімет баспалдағында ғана емес, жүздерді басқару буындарында да жұмыс істеуге тиіс кеңестерге жұртшылық арасынан танымал билер мен өзге де бас адамдардың таңдаулы өкілдері сайлануын, олардың елдегі қалыптасқан ахуалды жіті саралап, әр мәселеде әділ шешім жасауын талап етті. Есім хан реформасының мәні осында – халық өкілдерін билікке тартуда, олардың алқалық шешімдеріне басымдық беруде жатқан. Билер кеңесінің келісімінсіз хан жеке-дара шешім жасауға хақылы емес-тін, яғни хан билігі заңи тұрғыда шектеулі келетін. Тәуке хан осы қағидаға назар аударды. Билер кеңесінің ел басқаруда, сот төрелігін құруда шешім шығаратын, билік жасайтын ауқымын кеңейтті. Дегенмен, жалпақ елдің оңтүстік қиырындағы астанада – Түркістан шаһарында шығарылған шешімнің хандық жайылып жатқан ұлан-ғайыр аумақтың бар түкпіріне дер кезінде жетіп, қалтқысыз орындалуы мүмкін болмайтын. Шындап келгенде, Жоңғар хандығының Қара Ертіс яки Урга (Құлжа) жағынан шығып лек-легімен төгілген әскерлерінің шабуылдары өтіндегі өңірде отырып, алыс Еділдегі Қалмақ хандығымен шектесетін ауданда әрәдік бұрқ ете түсетін қақтығыстарға байланысты жедел шараларды ойластыру да, жүзеге асыруды басқару да қиын еді. Шалғай өлкелерде жағдайға қарай жедел түрде қажет шешімді жасайтын да, оны орындайтын да жергілікті өкімет болуы қажеттігін уақыт алға тартып тұрған. Хандықтың жергілікті жерлердегі толық өкілетті уәкілі болып табылатын атқарушы билік буыны жасалуы тиіс. Қазіргі басқыншылық шабуылдар салдарынан аяқ астынан орнай қалатын ауыр саяси жағдайды тез талдап, қажет шешімді жедел қорытып шығара алатын билер кеңесі мен оны жүзеге асыратын ықпалды атқарушы тұлға болуы өте-мөте керек-ақ. Хандықтың мемлекеттік құрылымында тап осындай буынның жоқтығы әбден қартайған, бірақ тиісінше даналығы кемеліне келген Әз Тәукеге қатты сезіліп тұрған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуірде әр ру-тайпа өз тіршілігімен, өз атамекендерінде бейбіт күн кешіп, ел арасында өзара қызықты, думанды қарым-қатынас жасаған еркіндік ахуалда бақытты өмір сүріп жатқан еді. Кешегі күндері елге жау тигенде, байырғы әдетімен, хан ордасынан жаушы жеткізген жарлыққа орай тез сарбаз шығарып, ортақ ту астына біріге алды. Бұл солай, әйткенмен, жер шалғайлығын ескере қоймаған өкімет құрылымындағы билік әлсіздігі сыр беріп-ақ тұрған. Кіндік биліктің әмірі жергілікті жерлерге жеткенше жер шалғайлығынан ескіруі әм әлсіреуі қазіргі толассыз жаугершілік тұсында еріксіз көзге ұратын. Дұшпан шабуылдаған өлкелерде халықты шұғыл қорғанысқа жұмылдыра алатындай ықпалды тұлға жетпейтіні анық еді. Әр өңірде сондай ықпалды да беделді тұлғаның болуы аса тиімді, сондайларды тауып, жер-жердегі тиісті өкіметтік билікке тағайындау керек. Бұлар әскери іске, қолбасшылыққа тумысынан бейім сұлтандар ішінен табылады, осы жаугершілік кезеңде көзге түсіп жүргендердің лайықтыларын билікке тартуға әбден болады. Есім хан салған ескі жолмен – ел құрметіне бөленгендерден таңдау жолымен, яғни меритократиялық тәртіппен алыс жатқан аймақтарға, нақтылап келгенде әр жүзге хан сайлау – қазіргі өмір талабы болып отыр. Олар алып қазақ елі тұрғысынан қарағанда – орталықтағы ұлы ханға (қаһанға) бағынышты хандар болуға керек. Іс жүзінде осылай, жүздік хандар институтын қалыптастырып, нығайту арқылы Қазақ хандығының біртұтастығы мен қуатын арттыруға болады. Қарт Тәукенің бұл ойға бекем тоқтауына жоңғарлардың 18-ші ғасыр басындағы жаңа шапқыншылықтары мен ел жаппай тартып жатқан қайғы-қасірет, күйзеліс себеп болды. Пайымдарын ордасындағы хан кеңесіне жиналғандарға, ең алдымен Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерге баян етті. Сосын Шыңғыс ханның үлкен империяны төрт баласына бөліп беріп басқару тәсілінің мәнін, Жошы Ұлысы керегесін кеңейтіп Ұлығ Ұлыс (Алтын Орда) болған кезде де Қарақорымға тәуелділігін мойындап тұрған тәртіпті ортаға салып, бәрі бірге парықтасқан. Алтын Орда өз мемлекеттік құрылымында кіші ұлыстар мен ордаларды империя ретіндегі тұрпаты ыдырағанға дейін-ақ бой көтертіп, солардың билеушілері арқылы бүкіл елді басқару әдісін қолданған, мұны баршасы мойындайды. Алыс заманды қоя тұрғанда, күні бүгін қазақ елін аласапыранға түсірген жоңғарлардың өзінің мемлекеті бірнеше хандықтан тұрады. Терістіктегі көрші, Еділдің төменгі ағысын иеленіп алған Қалмақ хандығы да, шынтуайтында, сол жоңғар мемлекетінің құрамына кіреді. Мұны бәрі білетін. Жоңғар хандығының іс жүзінде алыс-алыс жатқан дербес хандықтар төбесіндегі хандық екенін, яғни ойраттардың конфедерациялық өкіметі екенін, сондай құрылымы болуының арқасында жоңғарлар жалпақ қазақ елін жан-жақтан қысуды ойларындағыдай жүзеге асырып тұрғанын пайымға салып, тереңнен ой толғасқан. Орасан зор алқапқа жайылған жер-су төсінде қилы елмен шектесіп, небір оқиғаны бастан кешіп жатқан Қазақ хандығы басшылығының әр қиырда күнбе-күн туып жатқан мәселелерді жедел шеше алатындай мүмкіндікке қол жеткізуді қарастыруын өмірдің өзі алға тартты. Қазіргі таңда шығысы мен оңтүстігінен шекараны бұзып-жарып тап-тап беріп жүрген жоңғарлардың дүлей шапқыншылығынан да, терістігі мен батысынан күнбе-күн қауіп төндіріп тұрған қалмақ, казак және өзге жұрттың жортуылдарынан да қорғану мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Дұшпандық шабуылдарға жедел және дер кезінде қарсылық көрсетуді ұйымдастыра білу хандықтың құрылымында ескерілуге керек. Бүгінгі жағдайда айшылық алысқа созылған шартарапты Тәуке ханның Түркістандағы ордасынан жедел басқарып, уақтылы тиімді шешім қабылдап отыру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін Тәуке хан сенім артып келген, күллі ел басын иетін осынау үш әйгілі би де, жер-жердегі өзге бас адамдар да бұл шаруаны орындай алмайды. Үш өлкеге хандық мәртебесі бар үш әмірші қою қажет. Шұғыл әрекет ететін жағдайларда елдік мүддені қорғауға батыл шыға алулары үшін... Ордасында бас қосып отырған игі жақсыларға аян, Тәуке хан өзінен бұрынғы хандар тұсында, әсіресе «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай бейбітшілік кезеңдегі қамсыздық туғызған босбелбеулік пен ішкі тартыстар салдарынан ыдырай бастаған үш жүзді қайта біріктірді. Жеке-жеке ұлыстарды билеген сұлтандардың орталықтан бөлектенуіне тежеу салды. Қазақ хандығының ішкі бірлігін бекемдеуге барлық шараларды қолданып, оны едәуір күшейтті. Бүгінгі таңдағы жағдайда енді әр жүздің өз ханын сайлау арқылы бірлікті одан сайын нығайтуға болады. Бұл – қажеттілік, мұны өмірдің өзі талап етіп отыр. Қысқасы, күшті армиясы бар жоңғар конфедерациясы үлгісімен қазақ та хандығын конфедерация сипатында дамытуға тиіс. Сонда әр тараптан тиісетін дұшпандарға қарсы жедел шара жасау мүмкіндігі артады. Елдің тыныс-тіршілігін, тұрмысын жақсартып, қорғаныс қабілетін, уақыт талабына жауап бере алатындай қауқарын арттыру жолы осы. Тәуке ханның бұл ұсынысы кеңеске қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды. Қазақтың үш жүзіне үш хан сайлау қажеттігін мойындау сол кездегі ел ағаларының қоғамдық-саяси ойының ең биік шыңы, саяси шығармашылықта танытқан аса көреген және дұрыс қорытындысы еді. Содан екі ғасыр ілгеріде Тәуке ханның бабасы Қасым хан күшті мемлекет құра білген-тін. Ол сырт елден келген қонақтарға қазақтардың, яғни өздерінің кең даланы жайлаған сахара перзенті екенін, қолдарында не сирек кездесетін заттардың, не қымбат бұйымдардың, не қандай да бір тауарлардың жоқтығын айтатын. Жұрттың басты байлығы жылқы екенін, жылқының еті мен терісі әрі таңдаулы ас әрі ыңғайлы киім, ал сүті, яғни қымыз – аса сүйкімді де жағымды сусын, мал сүтінен жасалатын құрт, ірімшік, айран сынды қилы өнім теңдессіз тағам қызметін атқаратынын, көңіл көтеретін орыны – мал мен жылқы табындарының жайылымы, сүйсініп қарайтыны – бәйге, көкпар көріністері екенін әңгімелейтін. Содан бері қазақтың өмір салтына пәлендей өзгеріс енген жоқ, бірақ соны сақтау, қорғау мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Тәуке елдің ішкі бірлігін жақсарту мақсатымен Кіші жүз бен Орта жүздегі жеке-жеке әлсіздік танытатын ұсақ руларды топтастырып, күшті бірліктер (Жетіру, Уақ-Керей) құрды. Енді, міне, өкіметіне әр аймақта мәселені жедел қарастырып, тиісті шешімге келе алатын және сот билігін жүргізе алатын билер кеңесін меритократиялық тәсілмен сайлатуды тапсырды. Аз уақытта Төле би Ұлы жүз, Қазыбек би Орта жүз, Әйтеке би Кіші жүз ішінде лайықты ел ағаларынан билер кеңесін жасақтауды жүзеге асырды. Жүздердегі билер кеңесі ел ішіндегі өзге де белгілі тұлғалар қатысқан жиындарда елдік мүдде жолындағы күрестерде көзге ілініп, аймақтарында ел ризашылығына бөленіп жүрген сұлтандар арасынан хан лауазымына лайықтарды іріктеді. Осылай, Тәуке хан билейтін Қазақ хандығында 18-ші ғасырдың алғашқы жылдарында үш кіші хан – Ұлы жүзде Абдолла, Орта жүзде Қайып, Кіші жүзде Әбілқайыр пайда болды. Тарихта бұл жағдайды біртұтас қазақ хандығының өмір сүруін тоқтатқаны, қазақ хандығының үш жеке хандыққа ыдырағаны деп түсіндіріледі. Патша заманында да, совет заманында да, қазіргі тәуелсіздік дәуірінде де осы ой жаппай орнықтырылған. Әлі күнгі сол қалпында, сол ескірген және жаңартылуы күні бүгінге дейін қолға алынбаған ахуалда қалып, қайта қаралмай тұр. Біз бұл бөліністі қазақ хандығының тұтастығын, бірлігі мен қуатын арттыруға бағытталған шара деп білеміз. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты солай ойлаймыз. Шара Тәуке ханның көзі тірісінде жүзеге асырылды. Ол іс жүзінде бас хан, ұлы хан, қаһан саналды, ал жаңадан аймақтық таққа отырған үш хан (Ташкенттегі Абдолла, Арқадағы Қайып, Қарақұмдағы Әбілқайыр) дербестігі бар, бірақ ірі мәселелерде жалпықазақ мүддесін көздейтін шешімдерді басшылыққа алатын, бас билеуші Тәуке ханға қарасты әміршілер болып саналды. Бұл заман талабынан туған қажеттілік болатын. Оны бабаларымыздың саяси ой толғауының заманына сай кемелдене дамуы мүмкін етті.

Батыс өлкедегі маңызды қорғаныс шарасы

Тәуке хан елдің батыс өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін батыл шара алуға тектен-тек бекінбеген еді. Оның түпкі себебі сол, орыс мемлекетінің жүргізген соғыстарына белсене қатысу арқылы патша сеніміне әбден кірген, тиісінше, патшалықтың қамқорлығы арқасында Қалмақ хандығын күшейтіп, қуатты, жақсы ұйымдастырылған әскер жасақтап алған Аюке хан Қазақ хандығының терістігіндегі бітіспес жауына айналған болатын. Қалмақ хандығының әміршісі шапшаң да оралымды жасақтарымен әуелде қазақтардан еріксіз айырылған ноғайларға жортуылдатып, олардың Кубаньдағы ауылдарын, ауылдардағы қазандарын (шаңырақтарын) шауып кетіп жүрді. (Қалмақтар орыс әскерлерімен бірлесіп қаншама қырып-жойғанменен, ноғайлар әлі де патшалық ықпалына толық түсе қоймаған еді). Одан Қазақ хандығына – Петр патшаның қолы жетпеген тәуелсіз елге тұрақты жорық жасап тұруды әдетке айналдырды. Бәлкім мұнысы өзінің оңтүстіктегі конфедеративтік қожайыны (немесе сюзерені) Жоңғар хандығымен оның Шыңғыс хан заманындағыдай алып империя құруды көздейтін басты мақсатына бірлесіп жету орайында қимыл үйлестіру жөнінен келісіп алғандығынан шығар. Қалай болғанда да, ол жортуылдарымен қазақ жеріне терең сұғынып, Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс жағалауын мекендейтін жұртты, түрікмендерді де шапты. Арал маңындағы елді, қарақалпақтар мен өзбектерді де шапқыншылыққа ұшыратты. Тіпті Хиуа хандығына дейін шабуылдап барып жүрді. Не керек, Еділ қалмақтары да, олардың оңтүстіктегі қатыгез туыстары жоңғарлар секілді, тіпті солармен бірдей дәрежеде қазақ еліне қатер төндіріп тұрған. Тәуке хан осыны зайыр ұқты. Қалмақ хандығы әскерлерінің Қазақ хандығына жасаған шапқыншылығын Кіші жүз қазақтарының ру-тайпалары басында тұрған сұлтандар бастан кешіп жатты. Солардың бірі Тәуке ханмен аталас төре тұқымдарының бірі, Жәнібек ханның кіші ұлы Өсекеден тараған Бөлекей сұлтан ұрпағы Қажы сұлтан еді. Ол бауыры Бөлекейұлы Батыр ханмен қатар өскен бұтақ өкілі болатын. Қажы сұлтан күллі өзіне қарасты әулетімен, балаларымен (ішінде ортаншы ұлы, болашақ Әбілқайыр баһадүр бар) Сырдың төменгі ағысында өмір сүрді. Қарақұм атырабын қыстап, жаз айларында Торғай мен Ырғыз өзендерінің жоғарғы ағысында, Жемге таяу маңда көшіп-қонып жүретін. 17-ші ғасырдың соңына қарай осы аумақты мекендейтін қазақтар Еділ қалмақтарының әскери шабуылдарына жиі-жиі ұшырады. Осындай ахуалда жасөспірім Әбілқайыр шайқасқа ерте араласып, ұрыстарда танытқан ержүректігімен, батырлығымен ерекшеленді. 1698 жылы Қазақ хандығы оңтүстік-шығысынан Жоңғар хандығының жойқын шабуылына ұшырағанда, солтүстік-батысынан Қалмақ хандығының жасақтары да жер-суына тарпа бас салды. Аюке ханның орыс патшасы әскерімен түрлі соғыстарда бір сапта шайқасып көп тәжірибе жинақтаған жауынгерлері жақсы қаруланған, әскери өнерге кәсіби машықтанған болғандықтан да, көп жағдайда қазақтардан әлдеқайда басым түсіп жүрді. Алайда отанын қорғап жүрген себепті, қазақ сарбаздарының рухы мықты болатын. Олар өздерінен күшті жаудан жеңілгенмен, құты қашпайтын, еңсесін түсірмейтін. Ұрыстар арасындағы бір бейбіт сәтте жасөспірім Әбілқайырды көпке әйгілі қазақ батырының қалай көріп, танысқанын және бір көргенде қандай деңгейдегі бағалаумен әспеттегенін айта кетейік. Бұл жөнінде ғасырлар бойы ел ішінде сақталған аңызды дала төсінде айдауда болған әлдебір орыс зиялысы жазып кеткен екен. Өз аты-жөнін көрсетпей, «Невольник», яғни «Бас бостандығы жоқ» деп қол қойып, «Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире» – «Қазақ ханы Әбілқайыр туралы аңыз» деген тақырыппен 19-шы ғасырдың соңында Торғай облыстық баспасөзі бетінде жариялапты. Аңызды ғылыми айналымға Ерофеева енгізді. Сондағы жоғарыда аталған эпизодты әңгімелейік. Бір ғана өзгеріс – батырдың есімін нақтылаймыз. Біздің ойымызша, Әбілқайырды ХVІІ ғасырдың соңында, яки 18-ші ғасырдың алғашқы жылдарында кезіктірген – кейін ханның сенімді серігіне айналатын Жәнібек батыр емес (өйткені бұл шақта ол тым жас – 1693 жылы туған), дұрысы – Жәнібектің әкесі Қошқар батыр болса керек. Аңыз сонысымен де аңыз, уақыт өте келе кей деталь бейкүнә өзгеріске ұшыраған ғой деп ойлаймыз. Сонымен... Ұлы Дала. Түс кезі. Есімі елге әйгілі, ерлігіне бек разы халық тік тұрып құрметтейтін Қошқар батыр дулығасы күнге шағылыса жалтылдап, жасағының алдында желіп келеді. Алдынан жеке-дара өсіп тұрған қалың бұтақты ағаш көрінеді. Ағаштың жанынан өтіп бара жатып, батыр тізгінін тартады. Жасақ оның қос қапталынан, қаумалай тоқтайды. Бәрінің назары батыр қараған жаққа ауады. Ағаш түбінде аса көркем бір жасөспірім жігіт қатты ұйқы құшағында жатыр екен. Жәнібек батыр оған сүйсіне қарайды. «Өрімдей жас, алайда неткен өр кескін! Қуат пен жігер төгуін қара... Мына балауса бозбаланың қанында тектілік бар!» – деп сүйсінеді ол. Жан-жағынан қаумалаған сарбаздарына жүзін бұрып: «Қараңдаршы, – дейді, – құшағын қалай батыл да кең жаза жайып жатқанына көңіл бөліңдерші! Ол құдды өзінің қажырлы қолдарымен бүкіл әлемді құшақтап алғысы келетіндей!» Сарбаздар ауыздығымен алысқан аттарының басын тартып, жетекшілерінің аузына қарайды. Батыр ұйықтап жатқан жігіттің әдеттегіден тыс ғаламат көркіне сүйсінгеннен, оған ат үстінен есі кете үңіліп тұрып: «Бұл баланың болашағы зор. Айтпады демеңдер!» – дейді. Сосын ұзын найзасының ұшымен бозбаланың қолын түртіп қалады. Сол-ақ екен, бала жігіт оянып кетеді. Қошқар батыр найзасын кері тартып алуға үлгерер-үлгерместен, жолбарысша серпімді қимылмен орнынан атып тұрады. Жанында жатқан садағын ала көтеріледі. Тұрған бетте жебені батырдың кеуде тұсына бағыттайды. Садақ жағын кере тартып, атуға әзір өжеттігін танытады. «Тоқта, жанкешті бала, тоқта, – деп айқай салады батыр, – таста садағыңды, мен Қошқар болам! Қошқар батыр жайында талай естіген боларсың, сен садақ кезеніп тұрған – сол, Қошқар батыр! Мен саған жау емеспін. Мен саған жақсылық тілейтін дос болам!» Бала жігіт садағын кезеп тұрған қалпы, батырдың бетіне тік қарап, өр үнмен: «Мейлі, сен атақты Қошқар батыр болсаң – бола ғой, бірақ сенің өз бетінше тыныш жатқан адамды мазалауың қалай? Ал мен Әбілқайыр сұлтанмын! Әлдекімнің ат үстінде отырып, өзімді найзамен түрткілеуіне мен төзбеймін!» – дейді. Батырдың нөкерлері мына бейтаныс бозбаланың өжеттігі мен жасына сай емес өркөкірек менмендігіне қайран қалады. Аңырып, бір-біріне қарасады. Жабыла қамшының астына алып, жуасытып жіберсе қайтер еді?! Бірақ Қошқар батыр бейтаныс бозбаланың қылығына разы болғаны сондай, бәрін одан сайын таңырқатып, атынан түседі де, татуласу ниетін көрсетіп, өжет балаға қолын өзі созады. Сонда бала жігіт садағын төмен түсіреді. Басын иіп, ізет көрсете тұрып, ел қадірлеген батырдың қолын қысады. Жас Әбілқайыр сұлтан ел таныған дала батырымен осылай танысады. Бұл кезде Қошқар батырдың баласы Жәнібек әлі жеті-сегіз жаста ғана. Ол да әке жолын қуа келе, ел қорғанына айналған батыр, Шақшақ Жәнібек атанады. Сосын Әбілқайыр ханмен үзеңгілес болады. Ал оған дейін Әбілқайыр едәуір тағдыр талқысынан өтеді. Небір шайқастарды бастан өткереді. Ұтады да, ұтылады да. Еділ ойраттарының қолбасылары оны тұтқынға түсіреді. Олар жүрек жұтқан жас қазаққа әрі таңдана, әрі қызыға қарайды. Бұл кезде олар аса қуатты еді. Көптеген сәтті әскери жорықтары барысында қалмақтардың да, олардың бас әміршісі Аюке ханның да беделі арта түскен. Сол 18-ші ғасырдың басында Қалмақ хандығының ішкі саяси жағдайы әлдеқайда нығайғаны сондай, әлі де патшалық қармағына түсе қоймаған көрші аймақтарға өктем билік жүргізуге тырысқан. Осы реттегі оның өзге көршілерінен басымдығы көзге ұрып, тиісінше, абыройлылығы артқан, халықаралық дәрежеде танылған. Осындай биік мәртебеге жеткен Аюке ханның құзырында едәуір өзге жұрт өкілдері, солардың ішінде, қалмақтардың жеңісті жорықтарының бірінде әлдеқандай тағдыр талқысымен тұтқындалған жас Әбілқайыр сұлтан да қызмет еткен еді. Қалмақ хандығында еркінен тыс өткізген уақытын жас Әбілқайыр нәтижелі өткізіп, пайдасына асыра білді. Батыл, зерек, ақылды жас батыр сол шақтағы аса беделді және танымал дала қолбасшыларының бірі ретінде мойындалған Аюке ханның әскери істі қалай ұтымды түрде қайта құрып алғанын зерделеді. Оның жүзеге асырып отырған ел басқару жүйесін парықтады. Қалмақ ханының әскери-саяси қызметіндегі елеулі озық тәжірибені аңғарып, ол жүзеге асырған амалдың – байырғы дала әдетіне еуропалық дәстүрлерді кіріктірудің анық артықшылықтарын байқады. Не керек, құдай бойына аса зор күш-қайратқа қоса дарытқан ақыл-ойдың арқасында, Әбілқайыр сұлтан өзінің еркінен тыс біраз мезгіл уақытша әміршісі болған Аюке ханның қызметінде жүріп, оны белгілі дәрежеде жауынгерлік шаруа мен мемлекеттік істерді ұйымдастыруда өнеге көрсеткен ұстазы ретінде де қабылдағандай болды. Ақыры, танығаны мен үйренгенін, қол жеткізген білігін өз елі игілігіне жұмсайтын шақ туғанын түйсінді. Сөйтіп, Еділдің төменгі ағысындағы Қалмақ хандығында өткізген азын-аулақ уақытынан кейін, Әбілқайыр сұлтан өзінің туып-өскен өңіріне – Сыр суына шектесетін дала мен Қарақұм алқабында өмір сүріп жатқан туған-туысқандары арасына қайтты. Елге оралғаннан кейін тез арада айналасын өзінің жеке басының батырлығымен бірге, шайқас жүргізудегі өте оңтайлы тәсілдерді ұйымдастыра білетін әскери шеберлігімен қайран қалдырып, мойындатты. Ұзамай қазақтар мен қарақалпақтардан құралған жасақты бастап, башқұрт елінен бір-ақ шықты. Қаһарлы Иван (Иоанн Грозный) тұсында бодандыққа түскен башқұрттар орыс тағына Романовтар келгелі бері айрықша қысым көріп жүрген. Башқұрт жер-суы талан-таражға ұшыратылып, атамекендеріне шекаралық бекеттер, қамалдар, патшалықтың өз тұрғындары ғана жайлаған елді мекендер, христиан монастырьлары салынды. Тарихи құқтары тапталып, бостандықтарынан айрылған башқұрттар ХVІІ ғасырда әлденеше рет көтеріліске шығып, жерге, дінге байланысты көптеген талаптарын орындатуға қол жеткізе алған. Алайда патшалық қашанда өз озбырлығында бір қадам шегінсе, артынша екі қадам ілгерілеп, небір жәдігөй әрекетке баратын. Оның үстіне, өкіметтің башқұрт ішіндегі пайдакүнем шенеуніктері өкілеттіліктерін асыра пайдаланып, қилы зорлық көрсету жолымен, бодандардан заңда жоқ алым-салық алған. Сондай қысымдар салдарынан башқұрттар 1704 жылы қайта көтерілді. Алты-жеті жылға созылған бұл көтерілістің белгілі бір кезеңінде, 1708 жылдар шамасында, башқұрттардың орыс патшалығының әскерлеріне қарсы шайқастарына Әбілқайыр сұлтан да атсалысты. Ол мұнда башқұрт жетекшісі Алдар Есенгелдиннің шақыруымен келген еді. Өзі бастап әкелген қазақ-қарақалпақ одағының құрама жасағы патша әскеріне қарсы белсенді ұрыстар жүргізді. Осы шақта Әбілқайыр өзі игерген және машықтанған әскери өнерін бастап әкелген жасағы мен көтерілісшілерге риясыз үйретті. Соғысудың қыр-сырымен бөлісіп, өз әскеріне де, башқұрт жасақтарына да шебер жетекшілік етті. Соның нәтижесінде башқұрт көтерілісшілері мен оларды қолдаушы сарбаздар Сарытау (Саратов), Астрахан, Самара, Қазан, Вятка, тіпті Кавказ бен Тобылға дейін ат ойнатқан. Әбілқайыр баһадүрдің жеке басының ерлігіне, жаугершілігіне, әскери қолбасылық қабілетіне тәнті болған башқұрттар оны өздерінің ханы деп атады. Терістіктегі башқұрт көтерілісінің соңғы кезеңінде орыс өкіметіне қару алып қарсы тұру оңтүстікте 1708 жылы қайтадан өрістеді. Ол Қазақ хандығының уақыт өткен сайын үдей түскен жоңғар басқыншылығына қарсылық көрсету шараларын ұйымдастырып жатқан шағына сәйкес келді. Күрделі саяси жағдайды жан-жақты сарапқа салған Тәуке хан, жоғарыда айтқанымыздай, ел билігіне реформа жасауды қолға алған. Соған орай Әйтеке би бастаған бас адамдар башқұрт елінде орыс әскерімен соғысып жүрген Әбілқайыр сұлтанның елге қайтуын сұраған. Содан, қазақ-қарақалпақ қолын басқарып, башқұрт көтерілісін қолдауда едәуір табысты жеңістерге жеткен, еуропалық жалпақ өңірде де жиһангер, қолбасшы ретінде кеңінен танылған Әбілқайыр баһадүр туған еліне оралады. Оралысымен, ойраттардың екі тұстан да жасап жүрген шапқыншылығына қайтіп төтеп беруге болады деген өмірлік мәселені ақылдасқан бас қосуларға қатысады. Осы тағдырлы сауалды қарастыру үшін (тарихта Қарақұм құрылтайы деген атаумен әйгілі болған) халық өкілдері жиналысын шақыруға белсене атсалысады. Қарақұм құрылтайына қатысқан Кіші жүзден және Орта жүздің бір бөлігінен келген билер мен рубасылар, ақсақалдар, басқа да бас адамдар 1710 жылы Әбілқайырды хан лауазымына сайлайды және осы екі жүзден жауға қарсы жасақталатын әскердің бас сардары етіп тағайындайды. Әбілқайыр хан мемлекеттің Түркістандағы орталық ордасында отырған Бас хан Әз Тәукенің батыс өлкедегі арқа сүйейтін сенімді тірегі, қазақ хандығының қабырғалы, қарымды қорғаушысы ретінде қабылданады.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

 жазушы