«Ат айналып қазығын табады,Жарасқан айналып Нәзігін табады»

«Ат айналып қазығын табады,Жарасқан айналып Нәзігін табады»

«Ат айналып қазығын табады,Жарасқан айналып Нәзігін табады»
ашық дереккөзі
Қазақ әдебиетінде поэзияның ғана сәйгүлігін тізгіндеп қана қоймай, үш бірдей – сын, аударма, сатира саласында да өзіндік  қолтаңбасын қалыптастырып кеткен Жарасқан ақынның, шығармаларынан ұлттық болмыстың жұпары аңқып тұратын ойшыл-отаншыл ақынның  шаңырағына барып, қара шаңырақтың киесі – ақын жарымен сырласу көптен ойда жүрген еді. Еліміздің жоғары оқу орындарында, мұғалімдер білімін жетілдіру институтында талай жыл ұстаздық қызмет атқарған ғалым-ұстаз Нәзігүл Нұрғалиқызы ептеп сырқаттанып жүргеніне қарамастан ақтарыла сөйледі. Бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, студент-жастарға сағаттап лекция оқып қалған әдетімен бізді де баурап алғаны сөзсіз. – Мені жыл жаңарып, ай айшықталып жатқан кезде ғалым-ұстаз деп емес, ақынның жары деп іздеп келген боларсыздар. Қазақтың білім-ғылым жолын аңсаған талапшыл жастары секілді мен де сонау Абай елінен Алматыға аңсарым ауып келгендердің бірімін. 1967 жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы мемлекеттік унивсерситеттің филология факультетіне оқуға түстім. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өзіндік үлес қосып келе жатқан жазушы Мұхтар Мағауин туған жездем болғандықтан, әрине, сол үйдемін. Үй дейтіндей өз үйлері де емес, жалдамалы. Жездем «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөлімін басқарады. Сондықтан болар, қолына қалам ұстағандардың көбімен араласып, тіпті біразы үйге де келіп-кетіп жүреді. Әпке-жезденің қолында тұрсам да, анда-санда жатақханаға да барып тұрамын. Сондай бір сәттерде Жарасқан ағаларың сыртымнан көріп, «жібек жіп» тағып қойса керек. Сабақтан шыққан соң бір топ жігіт, арасында Жәкеңнің өзі де бар, үйге дейін шығарып салады. «Қай жігітке ұнап қалдым екен?» деп ойлап қоямын ішімнен. Бірде жатақханада студенттердің ұйымдастыруымен әдеби кеш өтті. Алғашқы жыл болған соң, оның үстіне жастар басқосуы болғандықтан, әрине, қалмаймыз ғой. Барымызды киіп, бойымызды жиып бардық. Сол кеште Жарасқан өлең оқыды. Ғашықтық, сүйіспеншілік! Тұнып тұрған махаббат! Қыз біткеннің көз қуанышына айналып, дуылдата қол соғып, біразға дейін жібермеді. Ақыныңыз да қайтпады! Небір сырлы да мұңға толы жырлар ағылды кеп. Сол кештен кейін оқу залдарында, кітапханада жиі кездесіп қалып жүрдік. Алматының жаңбырлы кештерінің бірінде шығарып салып келе жатып, өз сезімін білдірді. Келесі жылы бас қостық. Қазіргідей ұлан-асыр той жасау қайда, жағдайлары жетісіп тұрғандардың өзі қарапайым ғана дастарқанмен атап өтетін-ді. Қарапайымдылық деген қасиет басым болатын. Жарыса, мақтана ысырапшылыққа ұрынбаушы еді. Сонда жастар жағынан, әсіресе қалыңдық жағынан талап қойып, тойды, қымбат мейрамханада өткізесің деген болмайтын. Тіпті, мейрамхана да жоқтың қасы ғой. Тойымызға зиялы қауым өкілдері келіп, батасын берді. Сонда Қадыр ақынның: «Айналайын, ақынға тұрмысқа шыққан екенсің, бір балаң болса, екіншің – ақын, екеу болса – үшіншің тағы да ақын, ал қанша балаң болса да ақының – кенже балаң болып қалады, осыны түсіне біл», – деген еді. Жәкең екеуміз жұптасқан отыз үш жыл ішінде осы бір тілектің мәнін түсіндім, оның күмәнсіз шындық екенін мойындадым. Осы жылдар ішінде отбасындағы тірліктің бәрі, от жағып, күл шығару, бала тәрбиесі, қонақ күтіп-шығарып салу сынды шаруашылықтың бәрі менің мойнымда. Жәкең аппақ әрі сүйріктей саусақтары майысып отырып, қалың дәптері мен қаламы қолынан түспейтін. Ақын деген пендеңіз Алланың ерекше жаратқан адамы, жұлдызы өзгеше болатынын жаныммен түсіне білдім. Өйткені мен де кішкентайымнан өлең-жырға құмар, шығармашылыққа жақын болып өскенмін. Ал Жәкең таза лирик, сыршыл ақын. Кез келген өлеңінде үлкен философиялық ой-тұжырым басым болатын. Ғашықтық-сүйіспеншілік, құмарлықтың өзіне үлкен пәлсафалық таныммен қарап, жеңілдіктен сақтана отырып, ой түйіндейтін. «Мен саған емес, сенің өлеңдеріңе ғашық болдым», – деп қалжыңдайтынмын. Жаратылысы аса салмақты, мінезі өте ауыр, артық сөз шықпаушы еді. Отбасына өте жайлы адам болды. – Ақын шығармашылықпен айналысқанда қандай күй кешуші еді? – Күй тыңдағанды жаны қалап тұратын. Тербелмелі орындығында шайқалып, ұзақ-сонар ойға беріліп отыратын кездері көз алдымда. Ұзақ уақыт өлең тумай, өз жанын өзі жеп, қайда қоярын білмей бір сергелдең күйге түсетін-ді. Ары-бері жүріп алатын. Не болмаса жанарын бір нүктеге қадап, үнсіз ұзақ отыратыны бар. Ондай сәттерде «жігітшілік» құрып, біраз уақыт «жолаушылап» кететін тұстары да болған. Сондай сәттерде туған: «Ат айналып қазығын табады, Жарасқан айналып Нәзігін табады» деген әзілге құралған өлеңнің астарында үлкен сыр жатыр. Әйелдікке салынып, жүрегіңді сәл-пәл болса да қызғаншақтық тырнап тұрса да, ақынның бар болмысы сол екенін, ағынан жарылған кейпіне қарап, жүрегің жылып сала беретіні бар. Үйдің, отбасының ішкі-сыртқы шаруасына орынсыз араласса, отбасы-ошақ қасынан ұзап шықпаса, менің ғана қасымда бол деген қисынсыз назыңды тыңдаса, ол ақынның шығармашылығы тоқырап қалмай ма?! Сондықтан да еркіндікті жаны қалап тұрған Жәкеңнің ешқашан алдына түсіп, кей қылығын бетіне басып ашуланып көрмеппін. Қаламы ақ қағаз бетінде жорғалап, көңіліндегісі қағазға түсе бастағандағы көңіл-күйі алабөтен. Нүктесі қойылған сәттегі шексіз бақыты... маңдайын жауып тұратын селдір шашын артқа сілкіп тастап, бір көңілді күйге енеді. Оның жүрегін жарып, болмыс-бітімін тірілтіп, жарық көріп жататын өлеңдерін үнемі оқып, зерделеп отыруға да уақыт табатынмын. Ондайда сол поэзиясынан өзімді де оңай әрі тез тауып алатынмын. Әсіресе, бір өлеңінде мені «Ақылдым» деп атаған екен, сол үрдістен шығу үшін, ақылды әйел бола түсу үшін де тірлік кештім ғой деп ойлаймын. Жағасын кірлетпеуге, қабағын кірбің шалмауына барымды салдым. Қанша дегенмен, тірі пендесің, үнемі ақынның қабағына қарап, сол жақсы көретін ісімен шұғылдансын деп, өзіңнің де тірі жан екеніңді есіңе салып өтетін «қылықтар» жаныңды ауыртып, ашу-ызаға булыққан тұстарым да болмады емес, болды. Ондай сәттерде Жәкеңнің мына бір шумағын қайта-қайта оқимын: Қасыңда жүрсем қасқамын, Алыста жүрсем басқамын. Жасаған күнәм жетерлік, Кешіре алсаң, кеш жаным.   Қасыңда жүрсем қағынам, Алыста жүрсем сағынам. Айыбым бастан асады, Ақталмағанда не қылам?!   Өзіңсің гүлім, Нәзігім, Өмірлік Темірқазығым. Ақылдым егер түсінсең, Ақынмын – осы жазығым! – деп ақталғандай болған бейнесін көремін де, бар ашуымды ұмытып, әндетіп шыға келемін. – Жарасқан аға тым ерте танылған, қызметке де тым ерте кіріскен ақындардың бірі болды... – Иә, әдебиетке ерте келгендердің бірі. Мектеп қабырғасында жүріп, аудандық, облыстық газеттерде мақала, өлеңдері жарияланыпты. Аудармамен де сол жылдары дос болса керек. Ал студенттік жылдары жастар газеті «Лениншіл жаста» меншікті тілші, әдебиет және өнер бөлімінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Одан кейін «Қазақ әдебиеті», жаңадан ашылған «Жалын» альманағында, «Жұлдыз» журналында қызметтерін жалғастырды ғой. – Ақын Жаңа жыл мейрамына қалай қараушы еді? Ел тәуелсіздігімен бірге жаңара, жаңғыра келген Наурызды қалай тойлаушы едіңіздер? – Жас кезімізде, балалар өмірге келген жылдары, тіпті немерелер дүние есігін ашқалы да Жаңа жыл дәстүрлі түрде аталып өтілетін мерекелердің бірі ғой. Енді қалай, жыл жаңарып жатса, ол мейлі қай ұлыс-ұлттың болмысына тән болса да, мерекенің аты мереке. Үйдің бір бұрышына шырша орнатып, оның астыңғы жағына балаларға арнаған сыйлықтарымызды жасырып, Жәкең Аяз ата рөліне еніп, мәз болып жатушы едік. Өлең-тақпақ айтқан, домбыра шертіп, күй тартқандарына сый-сияпат бөлек болатын. Жәкең үй шаруашылығына, балалардың тәлім-тәрбиесіне көп араласпаса да, отбасындағы тәлім-тәрбие қазақи үрдісте болды. Ұлдарымыз да тек қана қазақша тәрбие алды. Тілдері қазақша шықты. Мектеп табалдырығын қазақша аттады. Ешкімнен кем емес. Бәрі жоғары білімді. Ол, әрине, әке тәлімі, әкеден қалған тура жол. Тәуелсіздік, бабалар арманы болған егемендігімізге қол жеткендегі қуаныштың орны, тіпті, бөлек. Наурыз да бүгінде жалпыұлттық мейрам қатарында ғой. Сондықтан да ол күнгі ас-су, дәм-тұздың қасиеті өзгеше. Наурызкөжеміздің дәмі ұрпақтар таңдайынан кетпейтіні сөзсіз. Қыстан қалған сүрдің, көктемгі тумалардың ақтарына дейінгі сақталған астың қадір-қасиеті жойыла қоймайтыны анық. Алғашқы жылдары Жазушылар одағында, қаламыздағы жоғарғы оқу орындарының алдында аппақ киіз үйлер тігіліп, қазан асылып, наурызкөже таратылып, абыр-сабыр болып жататын дәстүр жалғасып келеді. Ән айтылып, күй шертіліп жататын осындай сәнді кештерге балаларын, немерелерін ертіп барып, қызықтап мәз болып келетін. Жәкең 1974-1985 жылдары «Жұлдыз» журналының поэзия, әдеби сын және библиография бөлімдерін басқарып, редакция алқасының мүшесі болып қызмет атқарды. Сол жылдары қаламыздағы 28-панфиловшылар паркінде орналасқан «Жұлдыз» мейрамханасында жаңажылдық кеш ұйымдастырылып, ақын-жазушылар жұбайларымен барушы еді. Әкелері кеткелі Жаңа жыл мен Наурызда үлкен ұл – Рүстемнің шаңырағына жиналамыз. Аталарын еске алып, немерелер өлеңдерін оқып, мәре-сәре болысады. Әсіресе, менің жан-дүниемдегі құбылыс адам баласының тілі жеткізе алмастай, өмірімнің әдемі де сәнді-мәнді тұстары көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатады. Рахат күй кешемін. Өмірін шығармашылыққа арнаған ақынның мәңгілікке аттанар сәтіндегі соңғы сөзі құлағымнан жаңғырып өтеді. Өмір мен өлімнің арпалысып жатқан соңғы сәтінде де: «Көкірегіме бір жырдың келіп қалғаны, қағаз бен қаламымды беріңдерші» болғаны... бір жағынан қимастық сезімімді оятса, бір жағынан кеудемді мақтаныш сезімі баурайды. Өйткені ақынның жанын түсінген жары ретінде ақтық демі де сол әдетін ұмыттыра алмағаныма мақтана алатыным... – Ақынды жырқұмар оқырманы ұмыта қоймасы анық. Ал туған-өскен жерімен байланысы қалай? – Соған шүкіршілік жасаймын. Шығармаларын іздеп оқитын оқырмандары бар ақын әлі тірі жүргендей сезінем. АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінің журналистика факультетінің студенттері 2013 жылдан бастап қазақстандық бір топ ақын-жазушылардың шығармаларынан дәріс тыңдайды. Сол топтың ішінде Жарасқан да бар. Ал туған өлкесі ақынның жетпіс жылдық мерейтойында өзі өскен Арал ауданында, Қызылорда және Алматы қалаларынан көше атын берді. Елінде биік ескерткіш орнатылды. Одан артық өз перзентіне қандай сый-құрмет көрсетсін, елі аянып қалған жері жоқ. Ең бастысы, халық шығармаларын іздеп оқып, әлі күнге жадында сақтап келеді. Кім едік? Кім болдық біз? Халық таныр! Әйтеуір, ұмтылғанбыз жарыққа бір! Марқұмбыз – бәріміз де болашаққа, Жер деген – Адамзатқа алып қабір! – деп өмірінің соңғы жылдары жалған ғұмыр, өткінші тірлік жайлы күңірене жазып кетті. Сезген болар?!. Бүгінде бәрі сағыныш! Бәрі көз алдымда! Әйел ретінде бақытқа бөленсем, ақынның сырлас жары-серігі болсам, белгілі режиссер Рүстем, Шыңғыс пен Жәнібектей арлы-саналы ұлдардың анасы болып, бақытым асып-тасып жатқан жағдай бар. Біз келгендегідей емес, ақын жарының көңіл ауаны өзгеріп, аппақ жүзіне әдемі бір нұр пайда болғандай. Жанарындағы жарқылдан, шіркін, қазақ әйелдерінің жаратылысы-ай деп, ер-азаматына құрметке келгенде алдына жан салмайтын сергек сезімдеріне тағы бір іштей риза кейіппен қоштастық.

Сұхбаттасқан  Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ