АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ...

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ...

АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ...
ашық дереккөзі
Ел мен елдің, ұлт пен ұлттың арасында мәдени қарым-қатынас дамыған бүгінгідей өркениетті дәуірде кемсітуге жол жоқ. Алайда бұған мойынсұнғысы келмей, «бүйректен сирақ шығаратындар» аз емес. Тіпті, ондай жағдай аты әлемге белгілі оқымыстылар арасында да болып тұрады. Жақында сондай ыңғайсыз оқиғаның бірі америкалық биолог ғалым Джеймс Уотсонның да басынан өтті: нәсілшілдік ой-пікірлері үшін ғалымды құрметті атақтардан айырды. Джеймс Уотсон Фрэнсис  Крик пен Морис Х.Ф. Уилкинмен бірге қос спираль түріндегі үш үш өлшемді ДНҚ құрылымын (ДНҚ – Дезоксирибонуклеин қышқылы – тірі организмдердегі генетикалық ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуін, сақталуын, дамуы мен қызметін қамтамасыз етуіне жауапты нуклеин қышқылының екі түрінің бірі) анықтаған еңбегі үшін 1962 жылы физиология мен медицина саласындағы Нобель сыйлығын алған еді. Әлемдегі ең беделді сыйлыққа қол жеткізіп, шартарапқа даңқы кеткен ғалымның нәсілге қатысты әр кездегі даулы ой-пікірлері көпшіліктің наразылығын оятты. 2007 жылы генетик ғалым британдық Sunday Times газетіне берген сұхбатында «Африканың болашағы қасіретті» дей келіп, «Біздің бүкіл әлеуметтік саяси ұстанымымыз олардың ақыл-парасаты біздікімен тең деп санайды, ал шындығында жүргізілген сынақтар олай емес екенін дәлелдейді» деп төбеден түскендей мәлімдеме жасаған-ды. Оның ойынша, «барлық нәсіл адамдарының санасы, ақыл-ойы тең емес, оны қара тәнділерге әмірін жүргізетін өзге нәсілді адамдар біледі» деген-ді, алайда ол соңынан бұл пікірінен бас тартатынын айтып, жалпы жұрттан кешірім сұраған-ды. Сөйтіп ол зертханадағы жұмысынан айырылса да, Құрметті канцлер атағын, Оливер Р. Грейстің құрметті профессоры және құрметті қамқоршы атағын сақтап қалған еді. Бірақ бүгінде оның баяғы «нәсілдер теңсіздігі» туралы пікірлерінен ада-күде қайта қоймағаны белгілі болып отыр. Осы жылдың басында америкалық Пи-би-эс телеарнасынан көрсетілген «Америкалық шеберлер: Уотсонның сырын ашу» атты деректі фильмде ғалым әртүрлі нәсіл өкілдерінің ақыл-парасат деңгейінің өзара сәйкестігіне күмән келтіріп, баяғы пікірін тағы да тірілтіп – нәсілшілдік дауының отына май құйды. Міне, осының кесірінен Джеймс Уотсон жоғарыда көрсетілген барлық атақтарынан айырылып отыр. Джеймс Уотсон 2014 жылы өзінің нәсілдер туралы айтқанын түсінгісі келмеген ғылыми қауымдастыққа наразылық ретінде өзіне берілген Нобель сыйлығының алтын медалін сатып жіберді. Сонда ол алтын медальді сатудан түскен ақшаның бір бөлігін ғылыми зерттеулерді қолдап-қуаттауға жұмсайтынын айтқан-ды. Сөйтіп 18 караттық жасыл алтыннан құйылып, 24 караттық алтынмен жабылған Нобель медалі 2014 жылы Christie›s аукционында 4,8 миллион долларға сатылған еді. Оны сатып алған ресейлік миллиардер сол бойда Уотсонға қайтаруға ниетті екенін мәлімдеді. «Мен көрнекті ғалым өз жетістіктері үшін алған сыйақысын сатқанын ыңғайсыз жағдай деп санаймын, – деді сонда Усманов. – Уотсон мырзаның жұмысы – менің әкем қайтыс болған онкологиялық ауруларға қарсы күрес бойынша зерттеуге үлес қосты. Мен үшін қаражатым ғылыми зерттеуге жұмсалуы маңызды, ал марапат ғылымда өзгелердің қолынан келмегенді жасаған адамға тиесілі». 2015 жылы Мәскеуге келіп, Ғылым академиясында сөз сөйлеген Джеймс Уотсонға содан бір жыл бұрын сатып жіберген алтын медалі қайтарылды. Сөйтіп Уотсонға берілген сыйлық – тарихта иесінің көзі тірісінде сатылған алғашқы сыйлық болып қалды. Қазіргі кезде Уотсон қарттар үйінде, онда ол автокөлік апатынан кейінгі оңалтуға жатқызылған және айналасында болып жатқан оқиғалар туралы хабары аз көрінеді.