Жаңалықтар

ӘЛЕМ ДЕМОГРАФТАРЫ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ӘЛЕМ ДЕМОГРАФТАРЫ НЕГЕ АЛАҢДАЙДЫ?

Орта мектептің жоғары сыныбында оқып жүргендерді әлем елдерінің тарихы мен географиялық жағдайы қатты қызықтыратын. Сондықтан болар көбі дүниежүзіне қатысты кітаптарды, оқулықтарды сүйіп оқитын. 2010-2011 жылдары әлем бойынша 6 миллиардтан астам адам бар деп жарыса айтатынбыз. Бір күні мектебімізге үлкен қаладан география пәнінің жаңа мұғалімі келді. Бізден 5-6 жас айырмасы бар оқытушы сендердің білмейтіндерің көп дегендей: «Жер бетіндегі адамдардың саны қанша?» деп сұрақ қойды. «6 миллиардтан астам» деп шу ете қалдық. Өйткені 2007 жылы дайындалған оқулықта 6 миллиард 500 миллион деп жазылып тұрды. Мұғалім болса, мұның дұрыс еместігін айтты. Бұл 2011 жылдың қарашасы еді. 1999 жылы 6 миллиардқа жеткен адамзат 2011 жылдың күзінде 1 миллиардқа және көбейген екен. Жалпы адамзат тарихында 107 миллиард адам туды дейді демограф ғалымдар. Соңғы 6 мыңжылдықта жер бетіндегі соғыс пен табиғи апаттар, аштық пен ауру көбейсе де халық өсімі азайған емес. 1951 жылы Адам ата ұрпақтарының саны 2 миллиард 540 миллион 870 мыңнан астам болса, аталған цифр 2018 жылдың соңында 7 миллиард 669 миллион 109 мыңға жетті. Байқасақ әрбір 11-16 жыл сайын қатарға жаңа миллиардтар қосылып отыр. Ғалымдардың жорамалы бойынша 2020-2022 жылдар аралығында 8 миллиардқа жетуіміз әбден мүмкін. Бір ғана 2018 жылы адамзат саны 100 миллионға артқаны сөзімізге дәлел. Халқы көп мемлекеттер көшін әуелден Қытай (1 млрд 400 млн) мен Индия (1 млрд 370 млн) бастайды. Тіпті, қос мемлекеттегі адамдар саны жер бетіндегі халықтың 3/1 құрап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі халық өсімін зерделеп отыратын комитеті 2025 жылы Индия Қытайды халық саны жағынан басып озады деп жорамал жасады. Оған 1970 жылдардың басынан бастап Қытай билігі ұстанған қатаң саясат әсер етсе керек. Жүктілікті алдын-ала жоспарлау, әр балаға қымбат айыппұл, түсіктің белең алуы халық өсімін тежеп ұстады. Қытай бірнеше жыл бұрын отбасындағы екінші баланың тууына заңды түрде рұқсат берді. Өйткені қытай еңбек нарығының негізгі тірегі 3,5 миллион адамға дейін азайып кеткен-ді. Бүгінде қытайлықтар санының өсуі жылына 0,4 пайыздан аспайды. Ал Индияда бұдан 3 есе көп. Қос мемлекет демографиялық өсімнің қарқындылығы жөнінен жарысар болса, тағы бір ғасыр ішінде адамзат саны еселеп артуы мүмкін. Халық саны жағынан Индиядан кейінгі орында тұрған 10 елдің әрқайсысында 100 миллионнан астам адам мекен етеді. АҚШ (330 млн), Индонезия (270 млн), Бразилия (215 млн), Пәкістан (192 млн), Нигерия (186 млн), Бангладеш (159 млн), Ресей (146 млн), Жапония (126 млн), Мексика (122 млн) мен Филиппинде (102 млн) жер бетіндегі халықтың шамамен тағы 3/1 бөлігі өмір сүреді. Байқасақ, 12 ел тұрғындарының өзі әлем халқының 70 пайызға жуығын құрап отыр. «countrymeters.info» сайты XXI ғасырдың соңында жердегі халық саны 11 миллиардтан асады деп жорамал жасауда. Әлемдік сарапшылар болса жыл сайынғы азық-түлік тапшылығының еселеп артатынына алаңдаулы. Астық пен ауыз су қорының бүгінгі тапшылығын кейінгі ұрпақ «молшылық кез екен» деп еске алып жүрмей ме?