Орынсыз талап орындалмайды

Орынсыз талап орындалмайды

Орынсыз талап орындалмайды
ашық дереккөзі
Тіл мәселесіне келгенде Балтық жағалауында орналасқан Латвия, Эстония елдерінің қолға алып жатқан шараларына тәнті боласың. Осыдан біраз жыл бұрын екі мемлекет ана тілін сақтап қалудың нақты мысалын көрсеткен. Әуелгіде жұрттың санасына сіңісіп кеткен Кеңестер Одағының сарқыншақтарынан құтылуға асықса, іле-шала мемлекеттік тілде сөйлемеген қызметкерлерге қомақты айыппұл салды.    Латвия, Литва сынды Балтық жағалауы елдері тіл туралы заңды 1989 жылы қабылдаса да, 1995 жылы оған түзетулер енгізіп, 2014 жылы тағы да қарады. Осылайша үш рет заң қабылдады, өйткені елдегі тілдік ахуал алмасты, кезінде саяси амалмен қабылданған түйткілдер жаңартуды қажет етті. Яғни, олар заңды 4-5 жыл сайын өзгертуге мәжбүр болды. Латвияның экс-президенті Валдис Затлерс тіл заңына селқос қараған азаматтарға 400-ден 1000 долларға дейін айыппұл салатын әкімшілік кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасына қол қойғанда-ақ, елде тіл мәселесінің өткір болып тұрғанына әлемнің көзі жеткен. Бұған дейін мемлекеттік білім ұяларында орыс тілінің қолданыс аясы біршама тарылса, былтыр Латвия президенті Раймонд Вейонис жекеменшік жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім беруге тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдаған еді. Сеймдегі оппозициялық «Согласие» партиясының депутаттары, сондай-ақ, бірқатар оқу орындарының жетекшілері ел президентіне үндеу тастап, заңға қол қоймауын өтінсе де, ештеңе өзгерген жоқ. Тіпті, жаңа заң бойынша шетелдік студенттер міндетті түрде латыш тілін үйренуге мойынсынады. Әйтпесе 2017 жылдың өзінде Латвиядағы жекеменшік жоғары оқу орындары студенттерінің үштен бірі білімді орыс тілінде алып келген. Орыс тілінің ахуалына «күйзелген» Латвиядағы Орыс қоғамы өкілдері жекеменшік оқу орындарында орыс тілінде білім беруге тыйым салу және аз ұлттарға тиесілі мектептерді жабуға байланысты Еуроодаққа шағым түсірген еді. Сондағы Еуроодақтың берген жауабы мынау. «Біздің бұған еш қатысымыз жоқ. Егер ұнамаса, сотқа жүгініңіздер» деп қысқа қайырған. «Еуроодақтың аз ұлт өкілдерінің құқығын қорғайды дегені осы ма?», – деп ашынған Орыс қоғамы өкілдері сотқа бергенмен, жеңістің ешқашан өз жағында болмайтынын іштері сезеді. Латвияда орыс тілінде білім берудің 200 жылдық тарихы бар. Ал алғашқы орыс мектебі 1789 жылы ашылған. 2018 жылы латвиялық Сейм Білім туралы заңға түзетулер мен толықтырулар енгізіп, орыс мектептерін қысқартуға кірісті. Латвия үкіметі мақұлдаған заң жобасы бойынша білім ошақтары біртіндеп латыш тілінде білім беруге көшеді. Жаңа ережеге сәйкес, үш жыл ішінде бастауыш сыныптарда оқытылатын пәндердің 50 пайызы, ал 7,8-сыныпта 80 пайыз, сондай-ақ, 10,12-сыныптарда білім беру тек қана мемлекеттік тілде жүзеге аспақ. Білім саласы өкілдері жастардың болашақта оқу орындарында мамандық алып, табысты жұмысқа орналасуы үшін латыш тілін жоғары деңгейде білгені дұрыс дегенді алға тартты. Білім мазмұны мемлекеттік орталығының орынбасары Гунтарс Цатлакстың пікірінше, білім жүйесін латыш және орыс деп бөлу мемлекеттің келешегіне де, қоғамға да пайда әкелмейді. «Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар және оған балама тіл болмауы керек», – деп қадап айтты шенеунік. Бүгінде Латвияның халқы 2,3 миллион болса, оның 34 пайызы – орыстілділер. Соған қарамастан 2011 жылдың өзінде-ақ оқу жүйесі сатылап латыш тіліне көшкен еді. Республикадағы барлық іс қағаздарын мемлекеттік тіл – латыш тілінде жүргізу міндеттелді. Адамдардың аты-жөнінен бастап, сырттан енген сөздерге дейін латыш транскрипциясына сай жазылатын болды. Ал тіл саясатының жүзеге асуын қадағалап отыру әділет министрлігіне тапсырылды. Негізі Латвияда оқу саласындағы түбегейлі өзгерістер 2014 жылдан басталды. Сол кезде билік орыс тілінде оқытудың пайыздық үлесін 40 пайыздан асырмауға тапсырма берді. Ал елдегі барлық мектептің мемлекеттік тілге көшу процесі 2021-2022 оқу жылына жоспарланған. Осылайша, Латвия мемлекеті тілдік норманы сақтауға мықтап кірісіп кетті. Бүгінде «Тілдің досы» атты мобильдік аппликация да қызу жұмысқа кіріскен. Яғни, кез келген адам орыс тілінде сөйлеген шенеуніктің үстінен шағым түсіре алады. «Бізге келіп түскен шағым бойынша сол шенеунікті зерттейміз. Шын мәнінде, ол мемлекеттік тілді тиісті дәрежеде қолдана ма? Егер жағдай керісінше болса, 270 еуро көлемінде айыппұл саламыз. Бір айта кетерлігі, айыппұл салынған шенеунікке тілді меңгеруге төрт ай уақыт беріледі. Ал осы уақыт ішінде ешбір нәтижелі көрсеткішке қол жеткізбесе, сотқа жүгінеміз», – деп мәлімдеді Латвия мемлекеттік тіл орталығының өкілі Виестурс Разумовкис. P.S. Мемлекеттік тіл мәселесінде талай елдің тәжірибесі сүйсінтеді. Ана тілін сақтап қалуда ештеңеден тартынып қалмайтын Латвия мемлекеті бұл жолы да ешкімнен жасқанып отырған жоқ. Себебі тілі өлген елдің өзі де жоғалатынын еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін санасына сіңірген. Бүгінгі қолға алған әрекеті – осы мақсат үдесінен шығу ғана.