Жаңғырту жолындағы ортақ мақсат
Жаңғырту жолындағы ортақ мақсат
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр-Медиа» холдингінің басшылық құрамымен және оған қарасты ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, өткен жылы атқарған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жылдың бағыт-бағдарын талқыға салды.
Өткен жылы партия қызметін жаңғырту аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын және осы бағытта «Нұр-Медиа» холдингінде де игі істер жүзеге асырылғанын жеткізген Мәулен Әшімбаев: «Елбасы берген тапсырмалардың қатарында «Нұр-Медиа» холдингін жаңғырту ісі де бар. Соған орай көптеген іс қолға алынды. Холдингтің басшылығы ауысып, кәсіби мамандар жұмылдырылды. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұл істі Мемлекет басшысы да ескеріп, жоғары бағасын берді», – деді. Айта кету керек, жаңғырту аясында «Aiqyn» мен «Литер» газеттері бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрамына біріктірілді. Сол арқылы басылымдардың шығындары оңтайландырылып, екі газеттің редакциясы Алматыдан Астанаға көшірілді. Жаңа жылдан бастап аталған басылымдардың форматы да өзгерді. Сонымен бірге, «Нұр-Медиаға» қарасты «ASTANA» телеарнасы мен радиолардың да жұмысы жандана түсті.
– Енді біздің алдымызда Елбасы айқындап берген жаңа міндеттер мен мақсаттар тұр. Соны сәтті іске асыру үшін холдингтің жұмысын жүйелі түрде үйлестіре білуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев бірқатар басымдықтарды атап өтті. Биыл партияның құрылғанына 20 жыл толатынын, осы мерейлі жылды ел дамуына игі әсерін тигізетін іс-шаралармен атап өту керегін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары холдингке қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының аталған іске белсене қатысу керегін жеткізді. Сонымен қатар отырыста 20 жылдықтың аясындағы басты іс-шара болып саналатын партияның кезекті съезін өткізу ісі сөз болып, оны ақпараттық сүйемелдеу ісінде холдингтің тиісті жұмысты ұтымды ұйымдастыру керегі айтылды. Сондай-ақ, ақпарат құралдарының контентін жаңартып, заман талабына сай ақпарат тарату мәселесін айтқан Мәулен Әшімбаев сол арқылы рейтингті көтеруге жұмыс істеуді сөз етті. – Газеттеріміздің тақырыптық аясын шектемей, өзекті әлеуметтік мәселелерді талдап, сараптап жазуға аса мән беруіміз керек. Елбасы тапсырмаларын орындауда осалдық танытқан мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сыни мақалалар да жазылуы тиіс. Ең бастысы, біздің басылымдарда қоғамдағы ахуал қаз-қалпында көрініп, газеттердің өзіндік үні айқын сезіліп тұруы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев. Ал «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай, «Айқын-Литер» ЖШС-нің директоры, «Литер» газетінің бас редакторы Нұрай Оразов, «Aiqyn» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «ASTANA» телеарнасы бас директорының орынбасары Илхам Ибрагимов, NS радиосының директоры Әсел Балғаева, Orda FM радиосының директоры Лаула Оразақынқызы өздері басқарып отырған ақпарат құралдарының атқарған жұмысы мен алдағы мақсат-міндеті жайында айтып берді.