4 проценттік автонесиені қалай алуға болады
4 проценттік автонесиені қалай алуға болады
Қазақстанның автобизнес қауымдастығы 4 проценттік несиеге көлік алудың шарттарын түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Ұйымның вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, жеке тұлғаларға 4 проценттік автонесие 2-3 жылға беріледі. Оны алғашқы жарнамен де, жарнасыз да алуға мүмкіндік бар.
«Бүгінде осы бағдарлама бойынша айналымда жүрген қаржының сомасы 34 миллиард теңгені құрайды. Ол - қайтарымды ақша. Бұл дегеніміз, несие алған адам ай сайын төлем жасағанда ол ақша қайтадан айналымға түседі, тағы бір адам автонесие рәсімдей алады. Аталған бағдарлама 20 жылға есептелген. Бұл - өте табысты бастама. Дегенмен, биыл Үкімет тарапынан қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді деген үмітіміз бар», - деді А.Мақашева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның сөзіне қарағанда, автонесиеге отандық көліктер беріледі. Ал несиенің өзін кез келген дилерлік орталықта рәсімдеуге мүмкіндік бар.
«Қазақстанда шамамен алты банк автонесие бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Банк қызметкерлері салондарда отырады. Кез келген адам сол жерге барып, өзіне ұнаған көлікті таңдай алады. Одан кейін банк өкіліне өтініш тапсыру қажет. Алдымен өтініш берген адамның төлемқабілеттілігі тексеріледі. Сосын келісімшарт жасалады. Бірақ Қазақстанның даму банкі де өтінішті қарастырып шығуы қажет. Олар өтініш берген адамның және көліктің бағдарлама талаптарына сай ма, жоқ па, соның бәрін жан-жақты тексереді. Барлығы дұрыс болса, 4 проценттік автонесие рәсімделеді. Мәселен, жаңа көліктің бағасы 5 миллион теңге дейікші, алғашқы жарнаның сомасы 10 процент болса, 5 жылдың ішінде артық төленген ақшаның көлемі тек 150 мың теңгені құрайтын болады», - деп атап көрсетті А.Макашева.
Айта кеткен жөн, аталған бағдарлама бойынша несиенің жылдық мөлшерлемесі 4 процентті құраса, тиімді ставканың деңгейі 7 процентке дейін барады. Себебі сақтандырудың «КАСКО» атты түрін алу қажет. Жол-көлік апаты болса, автомобильдің толық ақшасын алып шығуға мүмкіндік бар.