Некені тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады

Некені тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады

Некені тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады
ашық дереккөзі
Қазақстанда неке тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрдің айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру саласындағы нормативті-құқықтық базаны жетілдіру үшін 43 заң мен 10 кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленген. «Аталған заң жобасы ведомствоаралық комиссияның ұсыныстары аясында көрсетілетін 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған бірқатар түзетулерден тұрады. Бірнеше мысал келтіре кетейін. Бірінші - некені тіркеу қызметін оңтайландыру арқылы бұрын 1 айға созылған процесті 3 жұмыс күнінде рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Екінші - салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару қарастырылады», - деді Дәурен Абаев. Үшіншіден, министрдің айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тәртібін бір ғана нормативті акт - ережелер арқылы реттейтін түзетулер де пысықталып жатыр. Жалпы алғанда 3,5 мың стандарт пен регламент өзгертуге жолданады. «Сонымен қатар, түзетулердің аясында «пилоттық жоба» түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Осылайша кейбір көрсетілетін қызметтерді алдын-ала қолданып көреміз. Тәуекелді тұстарын анықтап, халыққа ыңғайлы жолдарын қарастырып, таңдап аламыз. Бұл көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мерзімін қысқартады. Қазіргі уақытта осындай өзгертулер жарты жылдай уақытты алады. Сондай-ақ, осы арқылы әлеуметтік әсері бар мәселелерге байланысты тәуекелдерді төмендетеміз. Өйткені пилотты жобаны қажетті уақытта тоқтатуға және өзгертуге, азаматтарға кері әсер етпеуін қадағалауға мүмкіндік береді», - деді министр. Оның айтуынша, аталған шаралардың нәтижесінде 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80, ал 2020 жылы 90 пайызы автоматтандырылады. «Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 миллион құжат қысқарады. Ең бастысы көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұғынықты, қолжетімді және пайдалы болуы үшін бар күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді жұмсауға дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды. Негізгі мақсат - ел тұрғындарының сағаттап кезек күтпей, қажетті құжатына жылдам әрі оңай қол жеткізуіне жағдай жасау, Үкімет пен бизнестің, азаматтардың арасындағы интеграцияны жаңа деңгейге көтеру», - деді ол.