Жаңалықтар

Түркістанда арнайы экономикалық аймақ құрылады

ашық дереккөзі

Түркістанда арнайы экономикалық аймақ құрылады

 Түркістанда арнайы экономикалық аймақ ағымдағы жылы  іске қосылады. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшылығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Маханованың сөзінше, АЭА Түркістандағы  индустриалды аймақ жанына орналастырылады.  Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанынан бастап  аймақта жобаларды орналастыру жұмыстары жүргізіледі. Аумағы 400 гектар болатын  жерге болашақта 200 жобаны орналастыру жоспарланған. Бүгінде жердің құжаттандыруды қалалық кәсіпкерлік бөлімі жүргізуде.     Жақын арада инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары басталмақ. Жобаларды іріктеп, олардың жүзеге асуын арнайы экономикалық аймақ дирекциясы қамтамасыз ететін болады. «Қазір индустриалды аймаққа барлық инфрақұрылым жүйелері тартылып қойған. Енді сол инфроқұрылымның барлығын арнайы экономикалық аймаққа қарай созамыз. Ол жерге су,жарық, газ барлығы жеткізіледі», - дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы. Ал арнайы экономикалық аймақта жүзеге асатын жобалар мемлекет тарапынан жеті бірдей жеңілдікке ие болады деп күтілуде. Атап айтқанда, осы жердегі жобаларды жүзеге асыруға қажетті шеттен әкелінген заттардан кедендік құн салығы ұсталмайды. Сонымен қатар кәсіпкерлер 10 жылға дейін жерді тегін пайдаланады. Ал, коммуналдық тарифтер құны 35 пайызға дейін жеңілдетілмек. Облыс орталығындағы өндірісті өркендететін аймақты тездетіп іске қосу үшін бүгінде қала және облыс билігі тиісті жұмыстарды атқаруда.