Шетелдік туристерді тәнті еткен шебер

Шетелдік туристерді тәнті еткен шебер

Шетелдік туристерді тәнті еткен шебер
ашық дереккөзі
Түркістан шаһарында ғажайып туындыларымен шетелдік туристерді таңдай қақтырған ағаш шебері тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24». Гаухарбек Күнқожаев бүгінде ұлттық нақыштағы бояуы қанық дүниелер жасап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруде. Гаухарбек Күнқожаевтің негізгі мамандығы музыкант. Шымкенттегі бұрынғы педагогикалық өнер институтының баян сыныбын бітірген. Бірақ өз саласы бойынша екі жыл ғана жұмыс істепті. Кейін бала күнгі арманы - ұлттық аспап жасауды қолға алған. «Оған екінің бірі домбыра жасап, ұлттық өнердің құнын түсіріп жібергені себеп болды», - дейді ол. Соңғы 10 жылдың көлемінде адамға ой салатын салмақты дүниелер жасап жүр. «Дәл мынадай жұмыс шығару үшін 1,5 жыл уақыт кетіп қалады. Өйткені бірі мен бірін байланыстырып келтіру өте қиын. Ол жерде ой туындату, байланыспаса бұндай туынды шықпайды. Ойға көп уақыт кетеді», - дейді шебер. Гаухарбек Күнқожаевтің айтуынша, әрбір шебер музыкант болуы тиіс. «Жасаған дүниеңнің бойынан әсем бір әуен төгіліп тұрса, көрген адамның жаны рахатқа бөленеді», - дейді. Ал жақсы дүние жасау үшін сапалы ағаш қажет. Шебер оны өзі туып-өскен Сырдың бойынан іздейді. Орман-тоғайды кезіп, қураған өрік пен жаңғақ, үйеңкі мен қайың сияқты ағаштарды жинайды. Әрбір дүниесін ғылыми ізденіспен жасайды. Оны туындыларынан да байқауға болады. Сондықтан болар шетелдік туристер шебердің қолынан шыққан жәдігерлерге құмар. «Шетелден кеп жатыр. Англия, Италия, Голландиядан мәдениеті жетілген. Солар таңғалып, айналып тұрғанда мен сұраймын - «сіздерде бар ма, мұндай жұмыс?» деп, олар таңғалады «бізде жоқ бұндай жұмыс» деп таңғалғаннан кейін, неге осыны шығармасқа деп «Өнеге өнер» деп ат қойып, қазір дайындап жатырмын. Бұны сахналап сөйлету керек, соған жұмыс істеп жатырмын. Қаржы тауып, ақша табайын деген менде жоқ. Менің байлығым - өнерім!», - дейді Гаухарбек Күнқожаев. Хас шебердің ендігі мақсаты - асыл өнерді дамытып, әлемге таныту. Ол өзі жасаған дүниелерін сатпайды. Жаны қалаған жандарға сыйға береді. Өнер сатылмайды деген ұстанымына берік.