Жаңалықтар

Дәрігерлер шеруге шықты

ашық дереккөзі

Дәрігерлер шеруге шықты

Ұлыбританияда әлеуметтік сала қызметкерлері өз құқықтарын қорғауда өте белсенді. Үкіметтің әлеуметтік саладағы реформаларына наразы болған дәрігерлер қауымы осымен бірнеше жыл қатарынан шерулер өткізіп келеді.

Былтыр Англияда жүз мыңдаған дәрігерлер жаппай шеруге шығып, жалақы деңгейін 1 пайызға көтеруді талап еткен, бірақ бұл талаптары орындалмады. Жыл басында үш мың дәрігер тағы да жалақыларын көбейтуді талап етіп, көшеге шыққан болатын.

Ал 24 қазанда Ньюкасл қаласында 4000-ға тарта жас дәрігер үкіметтің саясатына қарсы наразылық шеруіне шықты. 17 қазанда осындай наразылық шеруін лондондық жас дәрігерлер өткізген болатын. Қазір Британ парламенті келесі жылдан бастап сенбі күнін жас дәрігерлердің жұмыс кестесіне қосу мәселесін және олардың жұмыс күндерінің сағатын ұзарту мәселесін талқылауда. Ал жас дәрігерлер келісімшарт талаптары өзгертілсе, жұмыс ауқымының көбеюіне байланысты табыстарының 30 пайызға қысқаратынын айтып, жаппай наразылық білдіруде.

Ньюкаслдегі наразылық шеруіне орта буын дәрігерлер мен медициналық оқу орнының студенттері де қосылды. «NHS-ті сақтаңдар!» деп ұрандатқан шерушілер бірнеше көшені жағалап, Laing галереясының маңындағы шағын алаңқайда митинг ұйымдастырды. Үкімет қолға алған өзгерістердің қоғамдық әсері ауқымды екенін көрсету үшін олар шеруге бала-шағасымен шығуды жөн деп тапқан. Сонымен, түрлі ұрандар жазылған үнқағаздар мен суретті плакаттар жас сәбидің де, аяғы ауыр келіншектің де, дәрігерлік форма киген маманның да қолында жүр. Ұйымдастырушылар денсаулық сақтау министрі Джереми Ханттың суретін келемеждеп, оны қызметінен кетіруді талап еткен ұрандар жазған. Оған қоса түрлі-түсті шарлар алып шығып, парадқа шыққандай қаз-қатар тізіліп, шеп түзеді.

Ал жергілікті полиция өкілдері наразылық шеруіне халық түгел жиналып болғанша күтіп тұрып, оларды митинг өтетін алаңқайға дейін бастап барды. Екі полиция өкілі шеру соңынан ере жүрді. Осылайша, полиция шерушілер көшеден өтер кезде көлік қозғалысын тоқтатып, адамдардың қауіпсіздігін қорғаумен болды. Ұзын-ырғасы төрт мың адам бір тізбекпен екі ірі көшеден өтіп болғанша, сол маңайдағы көлік қозғалысы тоқтатылды...

Жалпы, британдықтар Ұлттық денсаулық қызметін мақтан тұтатын. Себебі әлеуеті мықты АҚШ-тың өзінде денсаулық сақтау саласына қыруар қаржы жұмсалатынына қарамастан, медициналық қызмет көрсету жүйесі сынға көп ұшырайды.  Ең бастысы Америкада медициналық сақтандыру полисі жоқ адам дәрігерлік көмекті тегін пайдалана алмайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбритания әлеуметтік әділдік концепциясын басшылыққа алды. Мемлекеттік саясаттың көрінісі ретінде  1948 жылы NHS (National Health Service), яғни Ұлттық денсаулық сақтау қызметі құрылды. Осы кезден бастап британдықтар тегін медициналық көмек алу құқығына ие болды. Жалпы, бұл жүйеде қазір 1,7 миллион адам жұмыс істейді екен.

Бұл елде алты айдан көп мерзімге тұрақтаған әрбір азамат жергілікті медициналық бөлімшеге барып тіркеліп, дәрігерге тегін қарала алады. Денсаулық сақтау министрі Джереми Ханттың айтуынша, британ салық төлеушілерінің қаржысы есебінен жыл сайын 2 миллиард фунт стерлинг «денсаулық туризміне» жұмсалады екен. Басқаша айтқанда, британдық емханалардағы тегін қызметті пайдалану үшін бұл елге арнайы келіп қоныстанатын келімсектердің катары  көбейген.

Әрине, енгізілгеніне жарты ғасырдан асқан жүйенің өз кемшіліктері бар. Қаралушылардың көптігін, дәрігерлердің емделушілерге жеткілікті көңіл бөлмейтінін, көп күттіретін кезекті, жалпы, медициналық қызметтің сапасы түсіп кеткенін айтып, бұл жүйені сынаушылар көп. Бірақ оны қолдаушылардың айтуынша, мемлекеттік жүйе әлеуметтік статусына, материалдық жағдайына қарамастан барлық азаматтарға бірдей қызмет көрсетеді.

Ұлттық денсаулық жүйесі биылғы британ парламенті сайлауы тұсында саяси айтыс-тартыстың басты тақырыптарының бірі болғаны мәлім. Саясаткерлер сырттан келген мигранттарға бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалатынын айтып, бұл жүйені өзгерту керектігін мәлімдеген.

Қазір британ үкіметі Ұлттық десаулық сақтау қызметінің шығынын азайтудың қамымен әуре. Биылдан бастап мигранттарға медициналық қызмет көрсету ауқымы шектеле бастады.

Осылайша, экономикалық дағдарыс, жұмыссыздықтың артуы, бюджеттің тапшылығы Ұлыбританияны әлеуметтік реформаларды қайта қарауға мәжбүр ететін сыңайлы.

Ұлыбритания. Суреттер автордікі