Ақтөбеде  сансыз шырша...

Ақтөбеде  сансыз шырша...

Ақтөбеде  сансыз шырша...
ашық дереккөзі
Біздің әкімдер басқасынан тартынса да, қаланың бас алаңына шырша орнатып, безендіруден аянып қалған емес. Биыл Ақтөбе облысының шенеуніктері көш бастады. Тіпті, жаңа жылдық шыршаны безендіруге 45 млн теңге бөліпті. Бұл қаржыға жаңа жылдық мерекеге арналған қаладағы негізгі үш шырша мен мұз қалашығы, мүсіншелер жасалған. Оның сыртында кәсіпкерлер есебінен 50-ден астам шырша қойылғаны тағы бар. Демек, Ақтөбе қаласы биылғы жаңа жылға 50 миллион теңгеден астам ақша жұмсады дей беріңіз. Бұл дегеніңіз, Ақтөбеден 1 бөлмелі 7 пәтер сатып алуға болады деген сөз. Мәселен, «Нұр Ақтөбе» ауданындағы бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы – 6 миллион теңге көлемінде. Ал Ақтөбедегі ең биік шырша – 30 метр. Ол облыс орталығының бас даңғылына, тура облыс әкімдігінің алдына қойылды. Қалаға одан бөлек тағы да негізгі деп есептелетін 2 шырша орнатып әлек болды. «45 млн теңгеге қаладағы басты алаңдарға орнатылған 3 шырша мен оларды безендіру, мұз қалашығын жасау, басқа да мүсіндерді қою кіреді. Мысалы, Әбілқайыр хан даңғылында мұз қалашығын жасап жатырмыз. Одан бөлек, тағы бірнеше орындар мұз айдындарымен болады. Үш негізгі шыршадан басқа қаланың өзге аудандарына 50-ден астам шырша қойылды. Оны жергілікті кәсіпкерлер мойнына алған», – дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дастан Әжібаев. 45 миллионнан бөлек 50 шырша… Бәлкім, ақтөбелік кәсіпкерлер де жаңа жылды тойлаудан бас тартса, әлгі 50 шыршаға кететін ақша да қайырымдылыққа аударылар ма еді…  

Сәбден Бұлатай,

Ақтөбе облысы,

Шалқар қаласы