30 мың санақшы планшет асынбақ

30 мың санақшы планшет асынбақ

30 мың санақшы планшет асынбақ
ашық дереккөзі
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысының Арал ауданында тұратын қазақтардың үлесі республика бойынша ең жоғары көрсеткішке ие. Аудан халқының 99,9 пайызы – қазақтар. Қазіргі Түркістан облысы болса, ауылды елді мекендердің саны жағынан көш бастап тұр. Аталған облыста 836 ауыл бар. 20-30 жастағы халық саны Алматы қаласында басым. 2017 жылы 186,5 мың ер адам және 226,6 мың әйел азаматша тіркелген-ді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ұлттық халық санағы 1999 және 2009 жылы жүргізілді. Үшінші ұлттық санақ биыл өткізілмек. Қазақстан халқының демографиялық көрсеткіштері қай деңгейде? Некеге тұру мен ажырасу статистикасында қандай өзгерістер бар? 2018 жылдан бастап, ел үкіметі Қазақстан тұрғындарының санын электронды түрде әрі онлайн режимде анықтап отыратын «Қазақстан тұрғындары санын есептеуішті» іске қосқан еді. Есептеуіш көрсеткендей 2019 жылдың басында Қазақстандағы халық саны 18 миллион 393 мыңға жетті. Ерлер ‒ 8 миллион 909 мың 774, әйелдер үлесі ‒ 9 миллион 483 мың. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті ұсынған мәліметтерге сәйкес, елімізде әрбір 85 секундта 1 нәресте тірі туылса, 219 секунд сайын 1 адам қаза табады. Тәуелсіз Қазақстандағы үшінші рет өткелі отырған ұлттық санаққа бюджеттен 8,8 миллиард теңге бөлу белгіленді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, аталған қаржының негізгі бөлігі – интервьюерлердің жалақысы мен планшеттер сатып алуға жұмсалмақ. Иә, биылғы санақ бұрынғылардан өзгерек. Науқандық жұмысқа заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану көзделіп отыр. Осы арқылы қазақстандықтардың интернет арқылы дербес деректерін өз бетінше енгізу және барлық сұрақтарға жауап беріп, белгі соғу мүмкіндігі бар. Енді ел тұрғындары шетелде жүрсе де, ұлттық санаққа қатыса алады. Заманауи ақпараттық технологиялар кең қолданысқа енгенімен, аталған жаңашылдыққа жатсына қарайтындар да жоқ емес. Осыны ескерген мамандар санақшылардың дәстүрлі түрде жаппай үй-үйді аралауынан да бас тартпайтын болды. Дәстүрлі санақ ісіне арнайы дайындықтан өткен 30 мың маман тартылмақ. Олардың барлығы бұған дейінгідей бума-бума бланкпен, үлкен портфельмен «қаруланбай» жалғыз планшетпен үй-үйді аралайды. Жаңа технологиялық заманауи шешім санақ жүргізу барысын жеңілдетеді. Статистика комитетінің басшылығы «тәжірибеде болған, толтырылып қойылған санақ бланктерінің бумаларын жоғалтып алу, жаңа бланктердің жетпей қалып, үрдістің кідіруі сияқты көріністер болмайды. Санақшылар қағаздар мен басқа да кеңсе өнімдері толтырылған сөмкені қаншама шақырым бойы арқалап, тасып жүру ауыртпалығынан құтылады. Оның үстіне жаңа технологиялар келіп түскен ақпаратты өңдеу процесін жеңілдетеді», ‒ дейді. Бірақ сарапшыларды санақ жүргізудің бұл түрі айтарлықтай алаңдатып отыр. Қазақстандықтардың маңызды, дербес деректері тек цифрлық күйде тіркеледі, қағаз күйдегі баламасы болмайды. Демек, олардың сақталуы, хакерлік шабуылдардан қорғалуы берік болуы керек. Онан бөлек, қылмыстылық, әсіресе, ұрлық белең алып тұрған кезеңде су жаңа нетбуктер мен планшеттер көтерген санақшылардың қарақшылардың нысанасына, тіпті құрбанына айналып кету қаупі де жоқ емес. Тағы бір айта кетерлігі, 2009 жылғы санаққа қарағанда биылғы ұлттық санақ сауалнамасы да ерекше. Бұл жолы тұрғындар 45 сауалға жауап беру керек. Сауалнама толық дайын болмағанымен алғашқы сауалдар белгілі бола бастады. Елді елең еткізіп жатқан сауалдар арасында: «шетелге көшіп кету жоспарыңыз жоқ па?» деген секілді сұрақтар бар. Аталған мәндегі ақпараттар легі көші-қон бойынша келешекке қатысты толық көрініске қол жеткізу, тиісінше, елдің даму стратегияларын түзу үшін керек дейді мамандар. Бұдан бөлек, адамның бір елді мекенде қанша жыл үздіксіз тұрғаны, қанша рет тұрғылықты жерін өзгерткені, өзге елдерде бір және одан көп жыл тұрған-тұрмағаны туралы деректер де үкіметті қызықтырады. Мұндай мағлұматтар халықаралық және елішілік миграция ағындарын бағалауға жол ашпақ. Әйел азаматшаларға: «қанша бала тууды ойластырып отырсыз?» деген сұрақ қойылуы мүмкін. Бұл 15 жастағы және одан ересек әйелдердің өмір бойы қанша рет перзент сүюді жоспарлайтынын білу, елдегі бала туу мәселелерін өзектілендіру мақсатын көздейді. «Сауалдардың бір тобы жұмыспен қамтуға байланысты. Неке жағдайы туралы сұрақтар қосылды: алдыңғы және қазіргі некесі туралы сұралады. Бала тууға, тұңғыш және кенже баланың туған күндері туралы сауалдар кірмек», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті басқармасының бас сарапшысы Жанар Ахметова. Аталған науқанның бірінші кезеңінде қазақстандықтар интернет арқылы санақ сайтына кіріп, тіркеуден өте алады. Сосын арнайы беттегі сауалнаманы толтырып, онда жеке бас деректерін, ұялы телефонының нөмірлерін, электронды поштасының мекенжайын да көрсетуі керек. Барлық міндетті сұрақтарға жауап берілген соң, респондент анкетаны сақтауы қажет. Осыдан кейін оның ұялы телефонына жалпыұлттық санақтан табысты өткені туралы хабарлама келіп түседі. Интернет-санақ Статистика комитеті арнайы құрған сайтта 2019 жылғы 1-15 қараша аралығында өтеді. Оған үлгермей не толтыра алмағандарды 15-30 қараша аралығында санақшылар санаққа алады. Азамат оған дейін сайтта сауалнаманы толтырған болса, қайта сұрау жүргізілмейді. Санақшылар атын жамылып, баспаналарға қылмыскерлер мен алаяқтар еніп кетпеуі үшін науқан алдында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Отыз мың санақшының әрқайсысына мөрі бар тиісті құжаттар жасалады, адамдар алыстан тануы үшін олардың киім киісі де өзгеше болады. Мәселен, барлығы көк түсті жарқын мойын орауыш-шарф тағып жүреді деп белгіленуде.