Қыз болашағы мен ұлт келешегі
Қыз болашағы мен ұлт келешегі
Бүгінгі қоғамның құлағы жағымсыз жаңалыққа әбден үйренді. Тіпті, «тағы қайда, не болар екен?!» деп ұзынқұлақтың қауесетін күтіп жүретін болды. Және адам нені іздесе, соны табатыны тағы белгілі. Соның бір ұшы ұрпақ тәрбиесіне табан тірейді. Қазақ «Қырық үйден тыйым салған» қыз баланың ерсі қылықтарға ерте бой алдырып, өз тағдырын өзгенің ойыншығына айналдыруына кім кінәлі?
Ең бірінші уәж – интернеттегі ақпараттың ашық-шашық болуы. Қолжетімді интернет, түрлі «құлып» салынбаған порнографиялық сайттар оң-солын танымаған бұрымдының бұзылуына әсер етеді. Одан қалды, кабельдік теледидардағы түрлі арналар мен газет-журналдар нәпсіні қоздырып, қызды «қылығынан» айырады. Нәтижесінде сауатсыз жыныстық қатынас жоспарсыз жүктілікке, мұнан соң жасанды түсік пен түрлі дертке душар етеді. Екінші – күнделікті болып жатқан жағымсыз оқиғаларға етіміздің үйреніп кеткені соншалық, одан баланы аулақ ұстауға немкетті қарайтынымыз. Үшінші себеп – жасөспірімдер арасында жыныстық сауаттылық жайлы әңгіменің мүлдем қозғалмауы. Осыдан бірнеше жыл бұрын мектептерде валеология пәні жүретін. Дәріс барысында аз-кем қыз бен ер балалардың жеке бас гигиенасын сақтауға арналған сағат кезінде ата-анасымен ашық айтуға қысылатын ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас қаузалатын-ды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл пән оқу жоспарынан алынды. Соның бір салдарынан бесіктен белі шықпай бесік тербететін бұрымдылар көбейіп барады.
Деректерге сенсек, күн сайын дамушы елдерде кәмелетке толмаған 20 мың қыз оң жақта отырып босанып қалады екен. Ал бір жылда олардың саны орта есеппен 7,3 миллионнан асып жығылады. Жұмыр жерді шарпыған бұл қатер қазақ қыздарын да айналып өте алмаған. Елімізде соңғы бес жылда жасөспірімдер арасында жүктіліктің 33 051 фактісі тіркелсе, соның ішінде 9906 жасөспірім жасанды түсік жасатқан. Ал 2016 жылы 79 мың әйел жасанды түсік жасатыпты, соның 1418-і – жасөспірім қыз. Бір Алматы қаласында 2016 жылы 15-18 жас аралығындағы 152, 2017 жылдың тоғыз айында 104 жасөспірім қыз бала іштегі шаранасын тумай жатып, туа шөктірді. Бұл мәлімет пайыздық көрсеткіш бойынша Батыс Еуропа елдерінен екі-үш есеге артық.
Әрине, қыз бала үшін дүниеге сәби әкелу бір бақыт. Алайда балиғатқа толмаған шынашақтай қыздың біріншіден, некесіз, екіншіден нәрестені әкесіз тууы – қоғамдық дерт. Тіпті, қоқыс жәшіктерінен табылып жатқан шақалақтардың анасы бар ма? Әрине, бар! Олар әлгіндей «бәлекейлер». Дәл осындай шарасыз күйге түскен кейбір жас өрім өмірін мәңгілікке қиюы да ғажап емес. Бізде бұл жөнінде нақты дерек айтылмаса да, Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің үштігіне енген. Ал дамыған елдерде жыл сайын 70 мыңға жуық жасөспірім қыз осы себептен көз жұмады.
Жасанды түсік: тарих пен дәйек
Аборт туралы деректер ерте заманнан-ақ белгілі. Ол туралы мәліметтерді Гиппократ, Ибн-Сина, Аристотель мен Цицеронның еңбектерінен кездестіруге болады. Медицина атасы Гиппократ жасанды аборт жасау, түсік тастау заңсыз деп есептеген. Гиппократ мектебінен шыққан ол кездегі дәрігерлер: «...мен ешқашан да түсік тастауға дәрі-дәрмек қолданбаймын» деп ант берген. Қоғамның жасанды түсікке деген, бала тууды бақылау құралы ретінде тарихи қатынасы әртүрлі елде әр кезеңде түрліше өзгеріп отырған. Антикалық дәуірде жасанды түсік бала тууды шектеу әдісі ретінде пайдаланылса, ал христиан діни қызметкерлері жасанды түсік жасауды Құдай ісіне қарсылық деп бағалаған. Орта ғасырларда Еуропада мұндай жолды айыптаушылардың пікірі қоғамдық өріс ала түсті. Тіпті, XIX ғасырда жасанды түсік жасатқандарға қатал жаза қолданылғаны белгілі. Алайда XX ғасырда бұл тыйымдар бірте-бірте жұмсартыла бастады. 1973 жылы АҚШ-та Роу Уэйдқа қарсы ісінің шешімі бойынша жүктіліктің алғашқы үш ай мерзіміндегі жасалатын жасанды түсік заңдастырылды. Алайда АҚШ алғашқы үш ай мерзімінде түсік жасатуға өзіндік заңды шектеулер енгізгеннен кейін, абортқа қатысты қарсыластар мен жақтастар арасында пікірталас басталып кеткен-ді. Әлемнің ешбір елінде абортқа рұқсат берілмеген кезде, Кеңес одағында 1920 жылы 19 қарашада арнайы заң шықты. Қара жұмысқа жегілген әйелге түсік жасауға мүмкіндік берген билік оны тегін жүзеге асыру жағын да қамтамасыз етті. 1924 жылы абортты тегін жасау жөнінде шешім шыққаны сол-ақ екен, Мәскеуде 14 мың аборт тіркелді. Бұл көрсеткіш 1925 жылы 18 мың, 1926 жылы 36 мың, 1927 жылы 46 мыңға жетті. 1934 жылы аборттың өскені сонша, бір әйел босанып, үш әйел аборт жасатты, яғни өсім 3 есе құлдырады. 1936 жылдың алғашқы жартысында Ленинградтың өзінде 44 мың әйел аборт жасатқан. Тек 1936 жылы 27 маусымда Сталиннің абортқа тыйым салатын арнайы қаулысы жарық көреді. Ал 1954 жылы аборт жасатқан әйелді қудалау тоқтатылып, 1955 жылы Жоғары Президиумының Жарлығымен оған қайта рұқсат берілген-ді. Оған көршілес социалистік елдер де ілесе бастады. Мәселен, Болгария, Венгрия, Польша және Румыния 1956 жылы, Чехословакия мен Югославия 1957 жылы жасанды түсікке рұқсат береді. Он жылдан кейін бұл үрдісті Ұлыбритания іліп әкетсе, 1973 жылы – Данияда, 1974 жылы – Швецияда, 1975 жылы – Францияда, 1976 жылы – ГФР, 1981 жылы Нидерландтарда қабылданған. 1978 жылға дейін Италияда әйел денсаулығына кері әсер ететін болса ғана аборт жасатуға рұқсат болған екен. Португалиялық әйелдер 2007 жылы жасанды түсік жасатуға қол жеткізсе, Испанияда 2010 жылы ғана рұқсат етілген. 2018 жылдың 25 мамырына дейін Ирландияда тыйым салынып келген. Яғни, 2018 жылғы референдум кезінде қатысушылардың 66,4 пайызы абортқа тыйым салатын конституцияға өзгеріс енгізу керек деп дауыс берген. АҚШ-та жасанды түсікті ел бойынша заңдастырған уақыт – 1973 жылы. Қытай, Үндістан, Тунис, Куба сынды елдерде 1960-1970 жылдары реформа жүргізілсе, 1985-2010 жылдар аралығында Оңтүстік Африка елдерінде, Камбоджа, Непал, Вьетнам, Гайанада іске асырылған. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ бірлесіп, аборт саласындағы саясатқа негізделген мәліметтер базасын әзірледі. Бүгінде жасанды түсікке рұқсат етілген барлық елдерді шартты түрде бес топқа бөлуге болады: 1. Әйел денсаулығын құтқару үшін; 2. Өмірін сақтау және физикалық денсаулығын қорғау; 3. Өмірін сақтау, физикалық және психикалық денсаулығын қорғау; 4. Өмірін сақтау, физикалық және психикалық денсаулығын қорғау және бірқатар әлеуметтік-экономикалық себептер; 5. Әйелдің еркіне қарай. Бірқатар елдерде зорлық нәтижесінде немесе ұрық дамуы қалыптан ауытқыған кезде абортқа рұқсат беріледі. Бірақ түбегейлі тыйым салынған 26 мемлекет бар. Аталған бес топтың ішінде бұлар жоқ. Атап айтқанда, дамыған Андорра, Мальта, Сан-Марино сияқты үш ел және 23 дамушы ел (мысалы, Ангола, Египет, Лаос, Ирак, Филиппин). Әйелді аман сақтау үшін ғана абортқа рұқсат беретін елдер саны – 39. Өмірін құтқарумен қатар, денсаулығын физикалық тұрғыдан қорғау үшін рұқсат берген 36 ел және психикалық денсаулығын ойлап, тыйым салмайтын 24 ел белгілі. Дамыған елдердің ішінде бұл қатарда Польша, Монако, Лихтенштейн, Жаңа Зеландия, Солтүстік Ирландия және Израиль бар. Әлемнің 13 елінде әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты аборт жасатуға рұқсат етілген. Бұған әсер ететін факторлар да әртүрлі: табысының төмендігі, басқа балаларын бағуға жағдайының жетпеуі және т.б. Бесінші топта, яғни әйелдің қалауына қарай аборт жасауға рұқсат етілген 61 мемлекет бар. Израиль мен Жаңа Зеландияда шектеу болғанымен, аборт жасату қолжетімді қызмет саналады. Колумбияда 2008 жылы 400 мың аборт жасалса, оның тек 0,1 пайызы ғана заңды түрде жүргізілген. Үндістанда әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты абортқа рұқсат берілген. Бірақ заңды түрде жасатуға кедергілер көп болады. Мысалы, 2015 жылы осында жасалған жасанды түсіктердің 78 пайызы медициналық мекемелерден тыс жерде жүзеге асырылған көрінеді.Отты маймен өшіре алмайсың
Тамыз айында Аргентинада түсік жасауға қатысты үлкен дау туған-ды. Жергілікті депутаттар абортқа рұқсат беретін заң жобасын қабылдаған жоқ. Есесіне, кейбір белсенді топтар жасыл жалауын желбіретіп, ол заң қабылдануы керек деп алаңға шықты. Ал жуырда Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің аборт мәселесі жайлы ұсынысын естіген жұрт жағасын ұстады. Абортты айналып өтудің орнына 16 жастан бастап түсік жасату ісі қоғам назарына ұсынылды. Неге? Бұрынғылардан қалған «Балапанды торғайлар, Өрт болмасын тілейді. Балаларға аналар, Дерт қонбасын тілейді» деген тәмсіл бар. 16 жастан түсік жасату қыз болашағы мен ұлт келешегіне балта шапқандық емес пе? Бастаманың түп-төркіні бірді-екілі шарасызға көмек ету болғанымен оның маңайындағыларды осы іске мойын бұрғызбай ма? Денсаулық сақтау министрлігі қыз балаларға 16 жастан бастап ата-анасының келісімін алмай-ақ, жасанды түсік жасата беруді заңға енгізгісі келетіндей. Ал психологтар адам тағдырына қатты әсер ететін мұндай жағдай жастарға тым ауыр тиетінін айтып дабыл қағуда. «Жасөспірімдер 16 жастан бастап өз бетінше шешім қабылдайтын болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Қазір жоспарсыз бала көтеріп қалған қыздар көбейіп барады. Ал осы заң арқылы жүктіліктің ерте кезеңінде тиісті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді», – деген еді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева. Яғни, қыз бала өз бетінше шешім қабылдайды, оған ата-анасы немесе заңды өкілі араласпайды. Дәрігерлер де жасанды түсік жасау үшін үлкендерден рұқсат сұрап жатпайды. «Адам өз тағдырын өзі шешетін болса да, мұндай жағдай жасөспірімдердің таным-түсінігіне тым ауыр. Осындай кішкентай қыздарды түсікке апару тығырықтан шығудың жолы емес. Барлық мектептерге барып, сол қыз балалармен, жігіттермен сөйлесу керек. Жыныстық сауатын ашу керек», – деді психолог Әсия Мәмбеталина. Жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін басынан басталық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қараша айының соңында өткен VІІІ Азаматтық форумда елдегі ажырасу деңгейінің өсуіне алаңдаушылық білдіріп, қыз балалардың тәрбиесін тілге тиек етті. «Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, әрине. Ажырасу – алаңдатарлық мәселе. 25-30 пайызы ажырасады екен. Неліктен? Өйткені біз мектепте балаларға бұл тақырыпта білім бермейміз. Қарым-қатынас, есею, әйелдер қалай жүкті болады… мұның бәрін ұят санаймыз. Басқа елдерде 14-15 жастағы балаларды оқытады. Біз үшін бұл ұят. Психологияны өзгерту керек. Ұят ештеңесі жоқ, сол үшін бұған назар аударып отырмын», – деген еді. Осыдан кейін мәселенің ақ-қарасын зерттей қоймаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері аталған олқылықтардың алдын алу жолын қарастырудың орнына «отқа май құйып», қоғамдық пікірді екіге жарып жіберді. Министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуге кіріскенін мәлімдеді. Дәлірек айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова: «Қазір жастар мүшеқап қолданбайды. Өйткені оның арты неге апаруы мүмкін екенін ойлай бермейді. Сол үшін мұны қыз-жігіттерге түсіндіріп, кейін контрацептивтерді тегін таратуды жаңа кодекске енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді. Ол осылайша «үзілгелі тұрған қылға атан түйені байлап кетті» дейді жұрт. Оның артынша министр Е.Біртановтың өзі: «Меніңше, біздің балаларымыз 16 жасында біраз жауапкершілікті өз мойнына алады. Олардың медициналық көмектің кез келген түрін алуға құқығы болуы керек. Яғни, қазір біз оларды барлық жағынан шектеп отырмыз. Егер балаларымыз жыныстық қатынасқа түсу туралы шешімді бізсіз-ақ қабылдап жатса, қалғанына біздің пікіріміз қажет деп ойлайсыздар ма?…», – деп ақталғандай болды. «Мүшеқап тегін таратылғаны жыныстық қатынасқа жасөспірімдерді итермелеп, санасын уласа, 16 жасқа дейін ата-анасына байқатпай түсік жасауға рұқсат беру кей құзырлы органдардың сәтсіз бастамасын жылы жауып қою үшін әдейі ұйымдастырылуда» дейді көптеген белсенділер. Ұлттық менталитетіміз бен асыл дініміз қарсы болған, тіпті тыйым салған кей істерді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің белден басатыны қалай? «Әзірге ұсыныс қана» деген министрлік шын мәнінде 16 жастағы қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасатуға рұқсат беруді құптайтындай ма, қалай? Әйтпесе кодекстің жаңа редакциясына ұсыныс ретінде қосар ма еді? 2009 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстегі 104-баптың 3-бөлігінде «Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды түрде үзуі олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі» делінген. 2014 жылы ғана жаңарған Қылмыстық кодекстің 122-бабында он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. 319-бабында заңсыз түсік жасаудың кінәліге келер «залалы» тайға таңба басқандай жазылып тұр. Ең бастысы, түсік жасатқан қыздар екінші рет жүкті болу мүмкіншілігінен 20 пайызға айырылады. Тіпті мұны «Екінші бедеулік» деп те атаған. Тағы бір айта кетерлігі бала көтергеннің өзінде кемтар сәби өмірге келетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Екінші жағынан аборт жасауды қолдау – ұлттық өсімді тежейді. Қазақстандық демограф ғалымдардың зерттеуінше, қазақтың соңғы жылдары баяу өсуіне, бір жағынан түсік жасату да айтарлықтай кері әсерін тигізіп келеді. Жаһандық деңгейде аборт санын есептеу оңай емес. Осындай есептеулермен АҚШ-тағы Гуттмахер институтының мамандары айналысады. Соңғы зерттеу 2018 жылдың басында жарияланған. Сол жердегі мәліметтермен бөліссек, 2010-2014 жылдары әлемде жыл сайын 55,9 миллион аборт жасалған екен. Соның ішінде, 49,3 миллионы – дамушы елдерде, 6,6 миллионы – дамыған мемлекеттерде. Аборттың қазіргі жаһандық деңгейі бойынша, әр әйел өмірінде кем дегенде бір рет аборт жасататын көрінеді. Жасанды түсікке жаппай тыйым салу мүмкін емес. Олай ету – адам құқығына қол сұғу. Зайырлы мемлекеттің заңына қайшы. Шын мәнінде, мамандар «Абортқа тыйым салатын заңның керегі бар ма, жоқ па?» деген сұраққа бас қатыруда. Кейбірі «Абортқа – тыйым салатын заңның керегі жоқ. Аборт жасау – әркімнің өз еркі. Босанғысы келмейтін әйелге «бала тап» деп талап қоя алмаймыз. Ең алдымен, қоғамның санасын өзгертуіміз керек, азаматтардың құқығын бірінші орынға қоюымыз керек» десе, енді бірі міндетті түрде заң қажет деп санайды. 1991-2017 жылдар аралығында ресми тіркелген жасанды түсік жасату фактісі: 1991 1992 1993 1994 1995 1996 1997 1998 1999 2000 2001 2002 2003 2004 2005 2006 2007 2008 2009 2010 2011 2012 2013 2014 2015 2016 2017 260 000 350 000 295 000 260 000 225 000 194 200 156 800 149 200 138 197 134 100 136 800 124 500 128 000 129 495 125 654 130 599 133 097 123 992 113 320 106 074 95 288 95 654 84 265 83 709 80 000 79 000 95 000*Тақырыпқа тұздық*
Дилорям Абдрахманова, акушер: ‒ Қыз бала барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан басталады. Ендеше, аналар қыздарына үлкен көңіл бөліп, тәрбиесіне ерекше назар аударғаны дұрыс. Колледждерде оқитын студенттердің дені 15-18 жас аралығындағы жас жеткіншектер. Осы ортаның тәрбие ісімен айналысатын педагог ретінде күнделікті жұмысымыздың бір бөлігі қыздармен жұмыс істеуге арналады. Меніңше, ата-анасының келісімінсіз түсік жасату дұрыс емес. Себебі құқықтық жағына келсек, 18 жасқа толмаған әрбір бала ата-ананың қамқорлығында болуы тиіс. Жастар тез шешім қабылдайды, бірақ кейін отбасын құрған кезде үлкен өкінішке соқтыруы мүмкін.Түсік жасауға қолдау көрсеткенше, қыздарымызды дұрыс жолға салайық. Майгүл Бағыбаева, психолог: