«Aрт-Ордо» фестивалінің бас жүлдесін М.Әуезов театры қанжығалады 

Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан «Арт-Ордо» V Халықаралық театрлар фестивалі аяқталды. Фестивальге Қазақстан атынан қатысқан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының «Қас-қағым» спектаклі Гран-при номинациясын жеңіп алды.

Қырғыз Республикасында өткен V Халықаралық «Арт-Ордо» театр фестиваліне Қазақстан, Тәжікстан, Татарстан мемлекеттік театрларынан  бөлек, 9 қырғыз театры да қатысып бақ сынаған. Қойылымдарды 7 номинация бойынша сарапқа салған қазылар алқасы  бас жүлде – «Үздік спектакль» номинациясын жас режиссер Е.Нұрсұлтан қойған драматург Жабал Ерғалиевтің «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясына берген. «Науқасқа не жетпейді? Махаббат. Өміріміздің есалаңдық ырғағына қарамастан, біз адами қарым-қатынасты қалаймыз. Бізге не жетіспейді? Науқастарға күтім, ал бізге тыныштық, түсіністік жетіспейді. Ең жақын жандарымыздың өзіне көңіл бөлмейміз, міне, бұл – осы мәселелерді ашық бейнелеген өте нәзік иірімді психологиялық жұмыс», – дейді Тәжікстандық театр сыншысы Мухамадулло Табаров. Сондай-ақ, сыншы: «Қойылымда адам жанын тыныштандыратын көк, теңіз түстер, жүйке қоздыратын қызыл түс және жалпы түс қолданылған.  Спектакльде актерлер сахнаның қай тұсында тұрса да, біз  оларды көзбен, эмоциямен көреміз, сеземіз. Мизансценадан-ақ, жас режиссердің қолтаңбасы айқын байқалады. Өте гормониялық, динамикалық, еліктіргіш жұмыс», – деп спектакльдің қоюшы-суретшісі сценограф Ерлан Тұяқовтың жұмысына өз бағасын берді.

 «Қас-қағым»  –  М.Әуезов театры репертуарындағы жаңаша мазмұндағы жас спектакль болумен қатар, ең жас қазақ режиссерінің жеке дара қойған қойылымы ретінде көрерменге таныс. Спектакльдегі басты рольдерді актер Азамат Сатыбалды, актриса Зарина Карменова ойнайды.  «Театр, ең бірінші, адамдар, көрермендер үшін. Міне, сол себепті ол жеңді. Екіншіден, режиссер актерлермен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Тамаша актерлік жұмыс, тамаша сәттер бар. Спектакль көрермендердің және біздің санамызға әсер етті», – дейді Қырғызстан Республикасы Театр қайраткерлер одағының төрағасы Жаныш Кулмамбетов.  Ал Қырғызстан сахна өнерінің тіс қақты режиссер маманы Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Абдыкалыков: «Мен Қазақстанда көптеген жаңа стильдегі драматургтердің бар екенін білемін. «Қас қағым» спектаклінде көптеген жанрлар қамтылған. Әлбетте, бұлардың бәрі батыс, Еуропа театрларынан келген ағым. Бірақ, соған қарамастан, қаһармандар өз рольдерін иін қандыра ойнады. Менің білетінім, олар театр және киноның белді актерлері. Бұл экспериментальдық спектакль екені белгілі және көрермендер жақсы қабылдады», – деді.

Ал аталған спектакльді сахналаған театрымыздың жас режиссері Елік Нұрсұлтан: «Фестивальде бес күн бойы жанры, деңгейі әртүрлі қойылымдарды тамашаладық. Бәйге бәсекесіз болмайды, бірінің үстем түсіп, екіншісінің жеңілуі – заңдылық, десе де, әр елдің тарландары еңбек ететін театрлардың ең үздік қойылымдары сарапқа салынған бәсеке, ең бастысы, тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндік екенін ұмытпауымыз керек.  Театртанушылар мен сыншылар мен сахналаған «Қас қағым» спектаклін жүйірік деп бағалағанына қуаныштымын, бұл – театрымыздың жеңісі және менің болашағыма үлкен стимул береді. Сонымен қатар, келешекте қырғыз ағайындар қойылым қоюға шақырды, ол – ертеңгі күннің еншісінде.  «Алдыңғы толқын ағалар» демекші, театрымыздың директоры ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл мен көркемдік жетекшіміз КСРО және Қазақстанның  халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған үлкендерден үлгі алып, ізімен жүру біз үшін бақыт! Осы жеңісімізді  қазақ өнерінің қарашаңырағының 90 жылдық мерейтойына арнаймын!», – дей отырып, театр ұжымының алдағы уақытта бұдан да мерейлі жеңістерге жететініне сенімінің зор екенін айтты.

Биылғы фестивальді қырғыздар Ш.Айтматовтың 85 жылдық мерейтойына арнады. Өнер додасына КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов бастаған қазақстандық және шетелдік театр майталмандары қазылық жасады. Сондай-ақ, фестивальде театртанушылардан жасақталған сыншылар алқасы да жұмыс істеді.

Салтанат АБУЛҒАЗИЕВА

Мөлдір БЕКЖАН

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button