Өндірістік өлкеге айналған өңір

Өндірістік өлкеге айналған өңір

Өндірістік өлкеге айналған өңір
ашық дереккөзі
Cәт санап жаңарған, жасарған Жамбыл облысында еліміздің игілігі үшін жүзеге асып жатқан жемісті жұмыстар жетерлік. Өнеркәсіп саласы облыста тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қарқынды даму жолына түсті. Оған дейін тоқтап қалған өнеркәсіп орындарының дені іске қосылып, шағын кәсіпорындардың жұмысы қайта жанданды. Өңірдегі өнім өндіру көрсеткіші жыл санап артып келеді. Өткен жыл Жамбыл өңірі үшін табысты жыл болды деуге толық негіз бар. Жыл бойы облыс аудандарын аралап, жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудан басшыларына нақты тапсырмалар беру арқылы аудан және ауыл ахуалын жақсартуды басты мәселе етіп қойды. Нәтижесінде өңірдің барлық аудандарында түрлі салалар бойынша оң өсім байқалуда. Соның нәтижесінде, Әулиеата өңірі өндірістік өлкеге айналып келеді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары нәтижесінде көптеген кәсіпорындардың екінші тынысы ашылуда. Мәселен, Жуалы ауданында мұнай базасы пайдаланылуға берілді. Қайта ашылған мұнай өнімдерін сақтау нысаны облыстағы ең ірі базалардың бірі. Бұл өңірдегі мұнай өнімдері бағасын тұрақтандыруға сеп болып, шаруалардың астықты себу-жинау науқандары кезінде арзандатылған жанар-жағар майды бір орталықтан алуға мүмкіндік бермек. Бас-аяғы жарты жылдың ішінде базадағы мұнай өнімдерін қабылдау сыйымдылықтары тазаланып, өндіріс қуаты толық қалпына келтірілді. Мұнай еуропалық стандарттарға сай жабдықталды. Айта кетейік, 2009 жылдан бері жұмыс істемей тұрған  нысан, қайта жаңғыртылып қолданысқа берілді.  Мұнда қауіпсіздік қағидалары да қатаң ескеріліп, түгел өрт дабылы қондырылды. Жанармай құю станциясы да күрделі жөндеуден өткізіліп, мұнай өнімдерін босату жабдықтары жаңартылды. Жаңадан ашылған кәсіпорында 30-ға тарта адам жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, Мойынқұм ауданының өткен дәуірде ауыл шаруашылығы дамыған аймақ ретінде аты шықса, бүгінгі күні өндіріс саласында қарқын алған аудан ретінде танылып келеді. Құмды аймақтың жер қойнауы табиғи байлыққа толы болғандықтан, аудан экономикасының негізгі тірегі сол байлықты тиімді игеріп отырған өнеркәсіп саласы екені де жасырын емес. Мемлекет басшысы елімізге инвестиция тарту мәселелерін әрдайым көтеріп келеді.  Нақтылы кезеңде ауданда үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 55,5 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба аймақтық кәсіпкерлік картасына енгізілді. Қазіргі таңда аталған жобалардың барлығы да жемісті еңбек етуде. Дәл қазіргі сәтте облыстың табиғи байлығын игеріп, көл-көсір табысқа кенелгенімен, салықты көрші өңірлердің қазынасына құйып отырған жер қойнауын пайдаланушылардың саны 13-ке жетіпті. Олардың қатарында «Шығыс кен басқармасы», «Құлан көмір», «Khan Tau Minerals» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Алтыналмас АК» акционерлік қоғамы сынды кәсіпорындар бар. Бүгінде өңірде 30-ға тарта түрлі ірі өндіріс орындары бар. Олардың ішінде тау-кен саласы мен өңдеу өнеркәсібі нысандарында оң динамика байқалады. Мамандардың пікірінше, мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу кәсіпорындарды қайта жаңғырту, технологияны жаңалау мен тауар экспорты көлемін арттырудың арқасында мүмкін болып отыр. Өңірдегі жобалардың ішінде экспортқа бағытталған «Қазфосфаттың» аммофос өндірісінің көлемін көбейту жобасы айрықша. 2018 жылдың 9 айында 24,4 млрд теңгеге 125,1 мың тонна өнім өндірген зауыт 8 айда экспорт көлемін 1,2 мың тоннаға жеткізген. Сонымен қатар, Жамбыл облысында  индустриалды аймақ құру арқылы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қосымша қолайлы жағдайлар жасалмақ. Ол үшін жергілікті билік индустриалды аймақты толық пайдалану үшін инвестиция тартудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастыруда. Тараздық тұрғындар арасында «Промзона» аталып кеткен ауданнан индустриалды аймақ құру үшін 68 гектар жер бөлінген. Алайда олардың тең жартысы кезінде жекеменшікке өтіп кеткен көрінеді. Бүгінде жер иелерінің кейбірі өз үлестерін сатуға келісім берсе, енді бірі оны жеке мақсатта пайдалануды жоспарлаған. Нәтижесінде қала билігі 38,8 гектар алқапқа 2,5 миллиард теңгеге индустриалды аймақ құруды жоспарлап отыр. Аталмыш қаржының негізгі бөлігі аймаққа инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Аудандарда да индустриалды аймақтар құру бойынша жер көлемі нақтыланып, тиісті ұсыныстарға сай жұмыстар басталып кеткен. Мәселен, Талас ауданында индустриалды аймақ құруға 40 гектар жер бөлінген. Ондағы тиісті жұмыстарды жүргізудің жалпы құны 1 миллиард 27 миллион теңгеге бағаланып отыр. Аталмыш аймақтағы жердің 20 гектарына кәсіпкерлер тарапынан сұраныс түскен. Ал Сарысу ауданында 60 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарланған. Алайда аудан орталығынан шалғай орналасқан жер телімдеріне инфрақұрылым тарту қымбатқа түспек. Сол себепті, бұл аудандағы индустриалды аймаққа арналған жерді Жаңатас қаласы аумағынан белгілеу ұсынылды. Шу ауданында да 25 гектар жерге индустриалды аймақ құру жоспарда бар. Сол секілді Жамбыл, Қордай аудандарында да индустриалды, индустриалды-аграрлы аймақтар құруға мүмкіндік мол.