Ұлы даладағы ойран

Ұлы даладағы ойран

Ұлы даладағы ойран
ашық дереккөзі
Жоңғар хандығы 1635 жылы құрылғаннан бастап қазақ жеріне үздіксіз шапқыншылық жасап жүргенде, ұдайы қорғаныс ісін ұйымдастырған, қазақ мемлекеттігін жойылудан аман сақтап қалған Салқам Жәңгір 1652 жылғы cоғыста Галдамба нойонмен жекпе-жек шайқасып, қаза тапты. Осы жылғы ұрыстардан кейін ел ішінде едәуір уақыт тыныштық орнады. Тарихи еңбектерде сол шақтағы екі хандықтың бір-біріне қарсы бағытталған ірі әскери жорықтары жайында ешқандай елеулі мәлімет кездеспейді. Мұның бір себебі, Жәңгір хан өмірден өткен жылы Жоңғар хандығының әміршісі Ердени Батыр қонтайшы да дүние салып, хандықта тақ таласы туған. Билікке Батыр қонтайшының кіші ұлы Сенге келді, бірақ ол ішкі өзара алауыздықтарды тоқтата алған жоқ. Тіпті, өзінің әкесі бір, шешесі бөлек бауырларымен текетіресіп жүрді. Ақыры, 1657 жылы хошоуыт Очирту-Цеценнің көмегіне сүйене отырып, ағалары Цецен тайшы мен Цзотбаны жеңді. Сосын солтүстік-батыс Моңғолиядағы хотогойт хандығымен шайқасты. Оның соңғы әміршісін – Алтан-хан (Алтын хан) деп аталатын биік мәртебелісін, яғни солтүстік-батыстағы халхалардың ең соңғы Алтын ханы Еринчин-Лувсан тайшыны 1667 жылы тізе бүктірді. Өстіп, жоңғарларға шығысынан қатер төндіріп тұрған дұшпанын Сенге қонтайшы біржолата қауіпсіздендірді. Ішкі саяси жағдайын нығайту шараларын жасап, хандықтың аумағын кеңейтуді жалғастырды. Осындай ахуалға байланысты қазақтарға қарсы үлкен соғыс шаралары жүргізілген жоқ. Бұл кезде Қазақ хандығында жағдай біршама тұрақтанып, ел тұрмысы қалыпты күйге түсіп қалған. Майдан даласында қаза тапқан Салқам Жәңгір әруағына тиісті құрмет көрсетіліп, Қожа Ахмет Ясауи мазары кешеніндегі ата-бабаларының жанына – қазақ хандары пантеонына жерленді. Қазақ хандығына XVI ғасырдағы «Есім ханның ескі жолы» белгілеген меритократиялық тәртіпке сәйкес, мұрагерлік жолмен емес, халық алдындағы беделіне орай лайықты тұлға сұлтандар арасынан таңдалып, жаңа хан сайланды. Таққа – Батыр сұлтан отырды. Салқам Жәңгір құзырындағы әскери қызметі, ерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, ұстамды ақылымен көзге түсіп, ел аузына ілігіп жүрген сұлтан. Ол да – Жәнібек ханның ұрпағы. Жәнібек ханның кіші ұлы Өсеке сұлтаннан тараған буын өкілі, Бөлекей сұлтанның ұлы еді. Батыр сұлтан жиырма сегіз жыл хан тағында отырды. Бұл кезеңде қазақтардың дәстүрлі экономикасы, көрші елдермен сауда-саттығы, мәдени тыныс-тіршілігі дамып, ел іші белгілі бір дәрежеде тыныш заманды бастан кешті. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, ішкі жағдайларына байланысты жоңғарлар тарапынан қазақ еліне елеулі қатер төндірерліктей шапқыншылық жасалған жоқ. Осы шақта ойраттардың торғауыт тайпасы – қалмақтар – Ұлы даланың батысына бекем қоныс тепкен. Орыс патшасының әскерімен бірлесіп, ноғайларды тарихи мекенінен Қырымға және Кавказға ығыстыруға қатысқан. Олар оңтүстіктегі Теректен терістіктегі Самараға, батыстағы Доннан шығыстағы Жайыққа дейін көшіп-қонып жүрді. XVII ғасырдың ортасында қалмақтарға шығыстағы ойрат ұлыстарынан дүрбіт тайпасының үлкен тобы көшіп кеп қосылды. (Оларды орыстар Зенгория, яғни Жоңғария деп атаған). Осылай қатары көбейген қалмақтар Суворов әскеріне қосылып, ноғайларды қырып-жоюға қатысты. (Қалмақтарды жаңа өлкеге 1633 жылы бастап келген Хо-Өрлүк тайшыдан кейін хандықты 1644 жылы Шүкүр-Дайшын, 1661 жылы Моншақ басқарды, ал 1672 жылы билікке келген Аюке хан тақта жарты ғасырдан астам отырды). Қалмақтар басқыншыларға қарсы көтерілген қазақтар мен башқұрттарды 1644-1661 жылдары патша әскерімен бірге «жуасытуға» тікелей атсалысып тұрды. Қазақ хандығының іргесі қалана бастаған шақта Орыс мемлекетінің оңтүстігінде казактар қауымы (казачество) аталған әлеуметтік топ пайда болған. Олар әуелде билікке бағынбай қашып жүргендерден құралған-ды. Қатары тез көбейіп, Еділ бойында қарақшылықпен шұғылданып, көп ұзамай патшалықтың шекарасын түркілердің жер-суын басып алу жолымен кеңейтуге жан сала кірісті. 1580 жылы казактар тоғыз жол торабындағы үлкен сауда орталығы, ноғайлар мен қазақтардың астанасы болған Сарайшық шаһарын мүлдем қиратып, тонап кетті. 1582 жылы Сібір хандығын жоюға жол ашып берді. Сол 80-жылдары Жайық бойын жаулап ала бастады. 1584 жылы Жайық пен Шаған өзендері арасындағы түбекке Жайық қалашығы (қазіргі Орал) салынды. Казактар қауымы 1591 жылы патша билігін мойындайтындықтары жөнінде ресми ант беріп, жаңа жерлерді жаулап алу науқандарының алғы шебінде, патшалықтың негізгі соққы беретін күші қызметінде жүрді. Патшалық соларды алға сала отырып, Сібірге, Қиыр Шығысқа сұғынуды сәтімен жүзеге асырды. 1640 жылы Жайықтың теңізге құяр тұсына Гурьев қалашығы салынып, балық аулау кәсіпшілігі қолға алынды. Қазақ жеріне терістігіндегі агрессияшыл көршілер тараптарынан ірі шапқыншылық жасалған жоқ. Тиісінше, Батыр хан басқарған Қазақ хандығының орыс патшалығымен осы кезеңдегі қарым-қатынастары негізінен сауда-айырбас байланыстарын дамыту сипатында өрбіді. Қазақ жері арқылы орыс көпестерінің керуендері Орта Азия елдеріне жиі өте бастады. Қазақтардың оңтүстіктегі Бұхара хандығымен қарым-қатынастары да белгілі дәрежеде достық рәуіште дамыды. Бұл жылдары Бұхарада аштархандықтар әулетінің өкілдері Нәдірмұхаммед хан (1642-1645) мен оның ұлы Абдалазиз ханның (1645-1680) билігі жалғасып жатқан. Осындай ахуалда қазақ елі негізінен тыныштықта, бейбіт өмір кешті. Ал Жоңғар хандығында таққа таласқан Ердени Батыр қонтайшының үлкен ұлдары Цецен тайшы мен Цзотба батыр 1670 жылы Сенге қонтайшыны өлтірді. Ел билігін Цецен хан қолға алады. Осы жағдайда Сенгенің інісі Галдан тақ үшін күреспекке бел буып, Тибеттегі Далай-ламадан өзінің діни мәртебесінен босануға рұқсат сұрайды. Ол жастайынан Зая-пандитаның батасын алып, Тибетте оқыған, буддизм ілімі соңына түскен, ғылыми дәреже алған діндар еді. Далай-лама оған Зая-пандитаның ісін жалғастырушы ретінде қарап, таққа отырған ағасы Сенгенің жанында діни қызмет атқару үшін Жоңғарияға қайтарған болатын. Мұнда келгелі Галдан аз уақытта буддалық үш храм салып, үш монастырь мектебін ашқан еді. Далай-лама оның дін таратушылық қызметі әмірші лауазымына қол жеткізген жағдайда мүлдем пәрменді болатынын діттеп, өтінішіне сай, тікелей діни міндеттерінен азат етеді. Сөйтіп Галдан тақ таласына білек сыбана кірісіп кетті. Кезінде Сенгенің таққа отыруына көмектескен Алашан ойраттарының әміршісі Очирту-Цеценмен бірлесе қимылдап, жасақ жиды. Хандықтағы билікті басып алған Цецен ханның әскерімен шайқасып, жеңіске жетіп, Цеценді өлтіреді. Цзотбаны елден қуады. Одан, өзіне қарсы шыққан інілері – Сенгенің ұлдары Соном-Рабдан мен Цэван-Рабданды жеңіліске ұшыратады. Алғашқысы уланып өледі, екіншісі Еділ бойындағы Қалмақ хандығының әміршісі, нағашысы Аюке ханға қашады. Алайда ішкі қарсылықтар бәсеңдемей, тіпті үдей түседі. Галдан қонтайшының ықпалының арта түсуінен Очирту-Цецен де қауіптенген. Галданның таққа отыруына өзі көмектескеніне және қызы Ануды оған тұрмысқа бергеніне қарамастан, енді оған – өзінің күйеубаласына қарсы шығып, оның қонтайшы болуына наразы топпен бірігеді. Дегенмен 1677 жылы Галдан қонтайшы барлық қарсыластарын жеңіп (кейбірі қаза табады, біреулері Қытайға қашады), өзінің барлық ойрат иеліктеріндегі басты әміршілік жағдайын мойындатып, бекітіп алды. Осы оқиғаға байланысты, Далай-лама оған сол жылы хан мәртебесін берді. Галдан хан 1640 жылғы «Далалық заңдар жинағына» өзінің алға қойған мақсаттарына сәйкес толықтырулар жасайды. Ішкі саяси жағдайды осылайша біршама ретке келтірген соң, Ресеймен сауда және дипломатиялық қатынастарын дамытуға күш салды. Шығыс Түркістанға (Моғол­станға) 1679 жылдан бірнеше әскери жорық жасап, ақыры оны Жоңғарияға толық қосып алды. Сол жағдайды – буддизм дінін ұстанатын ойраттардың «дінсіздерді» (мұсылмандарды) бағындырғанын ескеріп, Далай-лама оған Бошогту (яғни, «Шапағатқа бөленген») мәртебесін береді. Жоңғариядағы негізгі қарсыластарын жеңіп, жерін кеңейткен, орталық билікті нығайтқан Галдан Бошогту хан енді қазақ еліне шапқыншылық жасауға дайындала бастаған. Сонымен, Салқам Жәңгірден кейін ел билеген Батыр ханның кезінде мемлекетке болашақта қауіп төндіретін жағдайлар жан-жақтың бәрінде (терістік-батыс, терістік, шығыс) біртіндеп орнай бастағанмен, еш жақтан ашық жаулық көрсетіле қоймаған еді. Қазақ хандығының басты жауы саналатын Жоңғария тыныштық сақтап тұрды. Өйткені ол, жоғарыда айтқанымыздай, өз ішінде күрделі саяси жағдайды, шиеленісі мол саяси дағдарысты бастан кешіп жатқан. Сондықтан да көшпенді екі ел арасында елеулі соғыс болған жоқ-тын. Көп жылдар бойы қазақ елінде тыныш заман орнаған еді. Әдетте, Тәуке хан есіміне орайластырылатын осынау «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» кезеңі Батыр хан тақта отырған жиырма сегіз бейбіт жылға сәйкес келеді. Тәуке хан мемлекет ішінде орнығып қалған осы алаңсыз дәуірді жалғастыруға тиіс еді. Бірақ олай болмады. Ол таққа отырған 1680 жылы Қазақ еліндегі мамыражай тыныштықты жоңғар әміршісі Галдан Бошогту хан бұзды... Қазақ еліндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда аса еленбейтін ұсақ қақтығыстармен шектеліп келген қазақ-жоңғар қарым-қатынасы, ақыры, 1680 жылы күрт бұзылды. Осы жылы қазақ тағына Жәңгір ханның ұлы Тәуке отырғаны мәлім. Әкесі ел билеген шақта елшілік қызметтер атқарған, алғашқы әскери ерліктерімен көрінген Тәуке Болат ханның құзырында да ел игілігі үшін еңбек етіп, әр салада көзге түскен, жұрт ықыласына бөленген сұлтан. Ол нағыз кемеліне келген, ақыл-ойы толысқан, өмірлік тәжірибесі мол, ерекше қасиеттерге ие сұлтан болатын. Ақылдылығы мен шешендігі, кемеңгерлігі мен данышпандығы оны билеуші әулет өкілдері арасында айрықша беделді ететін. Салқам Жәңгірдің тікелей ұрпағы болуы, әрі мемлекеттік істерге жастайынан араласып келе жатқандығы оның қазақ тағын иеленуі мүмкін екендігіне күдік қалдырмайтын. Болат хан дүние салғаннан кейін ел ағалары оны бірден ақ киізге отырғызып, көкке көтерді. Сонымен, Тәуке хан билікке келді. Тибеттегі буддашы дінбасының шешімімен «шапағатқа бөленген тағдыр иесі» Галдан Бошогту «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қазақ еліне соғыс ашар қарсаңда келді. Жоңғар әміршісі бұл жолы қалың әскерімен елге тұтқиылдан бас салған жоқ. Алдымен қазақ елінің жаңа ханына қояр шартын елшісі арқылы жеткізген... Ал шарты мүлдем тосын естілген еді. Жоңғарлардың жайылым үшін жортуылдап жүретіні бесенеден белгілі болғанмен, бұл жолы Галдан қонтайшының елшісі аузымен Тәуке ханға қойылған талапта ол мүлдем ауызға алынбады. Елші әуелі «Қазақ ханынан Жоңғар әміршісінің лауазымын өйтіп төмендетпеуін және таңданбауын сұрады, сосын Жоңғарияның билеушісі хан атанған, қатардағы көп ханның бірі емес – тәңір шапағатына бөленген хан – Бошогту хан атағын Тибет мемлекетінің астанасы, қасиетті Лхаса (тибетшеден аударғанда – «Құдайлар орыны») шаһарында отырған Далай-ламадан алған әмірші екенін айтты. Міне, осы Галдан Бошогту (Қалдан Бошоқтұ), әлемдегі ең зор оқымысты Зия-пандитаның шәкірті және оның ісін жалғастырушы Бошогту хан қазақ елінің енді ғана сайланған билеушісі Тәуке ханға арнайы сәлем жолдап отыр. Мәселе мынада. Зия-пандита ұстаздың атсалысуымен осыдан қырық жыл бұрын қабылданған «Ики Цааджин Бичик – Ұлы Заңдар Кодексі» барлық ойрат хандықтарының мемлекеттік діні етіп Будда иланымын бекіткен. Аталмыш «Далалық заңдар жинағында» осынау қағидатты тұжырымдауға бас-көз болған Зия-пандита 1642 жылы дүние салды. Сүйегі тиісті рәсіммен өртелгеннен кейін, арнайы бояуға араластырылған күлімен Галдан және өзге де монахтар қасиетті тантра мәтіндерін жазған. Соларды ұстаздың арнайы соғылған мүсіні ішіне салып, Галдан Жоңғарияға алып келген. Содан бері барша жұрт оған ұлы ұстаз ісін бірден-бір жалғастырушы ретінде қарайды. Міне, сол атақты Зия-пандитаның шәкірті, күллі ойрат иеліктерінің әміршісі Галдан Бошогту хан былтырлары «Цааджин Бичикті» толықтырды. Будда дінін бұдан былай тек ойраттар ғана емес, Төрт ойрат конфедерациясына кіретін барлық өзге хандықтар да ұстанатын болады. Галдан-Бошогту хан күні кеше Моғолстанды тізе бүктірді. Бүгінде бұрынғы Моғолстан жоқ, ол Жоңғарияның ажырамас бір бөлігі, ондағы билеушілер Буддаға бақұл. Тәуке хан да сол жолмен жүрсін. Буддаға сыйынсын. Сонда баршасы ойраттың айдаһар бейнеленген қара туы астында Ұлы Шыңғыс хан түзген аумақты байырғы мәртебесінде қайта жаңғыртып, жалғанды жалпағынан баса дәуірлейтін болады...» Хан ордасында жоңғар елшісін қабылдау рәсіміне қатысып отырған барша ел ағалары шектерін тартты. Демдерін іштеріне алып, Тәуке ханға қарады. Сонда ол қазақ тағы биігінен бәрінің көкейінен шығатын сөз айтты. Ойрат Қалданның талабы Ұлы Шыңғыс ханның жолын бұрмалағанын көрсетеді деді. Елші мынаны жеткізсін – өзінен бұрынғы ізашарлары секілді, қазақ хандығының жаңа әміршісі Тәуке хан, жаһанды дірілдеткен Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы болып табылады. Ал оның ұлы бабасы Шыңғыс қаһан әлемнің жартысын жаулап алғанмен, ондағы ел-жұрттардың жан дүниесіне зорлық жасамаған. Ол өзі сыйынатын көк тәңіріне табынуды ешкімге тықпаламаған. Сондай тәртіпті жиһангер ұлдары мен немерелеріне де өсиет еткен. Ойраттар Шыңғыс әскерінің аса ержүрек, жауынгер қанаты болғанмен, ұлы қаһан күшінің сырын ұқпаған екен. Елші қожайынына айта барсын, оның қойып отырғаны – ешқашан орындалмайтын және сол талапкердің өзін орға жығатын жөнсіз шарт. Қазаққа мұсылмандықты Мұхаммед пайғамбардың алғашқы жаушылары жеткізген. Бұдан пәлен ғасыр ілгеріде оны Қарахан әулеті, одан кейін Алтын Орда билеушілері мемлекеттік дін ретінде қабылдаған. Мұсылман иланымының ұлы уағызшысы Қожа Ахметтің осынау бас ордадан қол созым жерде тұрған кесенесін халықтың қастерлеп сақтайтыны сондай, бүгінде онда қазақтың күллі хандары мен игі жақсылары тыншыған. Жоңғар ханы қисынсыз талабын қайтып алсын, ондай орынсыз шарттар емес, достық қарым-қатынастар елдерімізді дәулет пен бақытқа кенелтеді... Жоңғардың Шапағатты ханының шартын қабыл алмауы Қазақ ханы тарапынан жіберілген үлкен қателік деп санайды елші. Дегенмен оның әлі де ойлануын, шартты қабылдамаудың арты жаман боларын бажайлауын қалайды. Тағы бір парықтасын, Бошоқтұ хан оған өте бейбіт жолды ұсынып отыр. Егер Тәуке ханның бекем байламы осы болса – онда амал жоқ, солай айтып барады. Енді қазақ ханы өзіне өзі өкпелесін... Алайда бұл шарт қазақ үшін мүлдем жат, сондықтан да үзілді-кесілді қабыл алынбайды – мұндай кесімді сөз естісімен елші аттанып кетті. Ал Тәуке хан қабылдауға қатысқан сұлтандар, батырлар мен билерге жоңғарлардың жаңа агрессиясына қарсы тұруға кідірмей әзірленуге пәрмен берді. Ел ішінен сарбаздар шақырылды, әскер жасақталып, қорғанысқа дайындық басталды. Елші оралған соң көп ұзамай, Галдан Бошогту жоңғардың қазаққа қарсы аса ауқымды соғыс қимылдарын жаңғыртты. Арнайы дайындықпен жорыққа шыққан бес қаруы сай жоңғарларға қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Басқыншылар Шу өзенінен өтті, Жетісу мен оңтүстік өлкеге басып кірді. Тарихта «Сайрам соғысы» деп аталған 1680-1684 жылдарғы шайқастар басталды. Қазақ әскерінің жан аямай көрсеткен қатты қарсылығына қарамай ілгерілеп, Сайрамсу мен Ақсу өзендері аралығындағы қорғаны биік, ірі де әсем шаһарды – ислам дінін таратушылардың уағыздарын алыс VIII ғасырда-ақ елти тыңдаған, керуен жолдары торабында жатқан сауда және қолөнершілер орталығы Сайрам қаласын басып алды. Басқа да қалалар бас иді. Басқыншыларға қарсы көтерілген халықты жуасыту үшін 1684 жылы жазалаушы жасақ жіберіп, Сайрамды мүлдем қаусатты, талан-таражға түсірді, бірқатар тұрғындарын Жоңғария мен Шығыс Түркістанға айдап әкетті. 1686 жылы Тянь-Шань қырғыздарын бағындырып, Ферғана алқабына өтті. Әрдайым қатты қарсылыққа ұшырағанмен, жеңіске жетіп отырды. Шайқастардың бірінде Тәуке ханның ұлын қолға түсіріп, Жоңғарияға алып кетті. Артынша оны Лхасаға жөнелтті. 1688 жылы Шығыс Моңғолияны, халхаларды бағындыруға аттанып, қазақ жеріндегі басып алған қалалардан гарнизондарын алып кетті. Алайда шығыста жеңіске жете алмады. Халхалар ойраттардан гөрі манчжурлармен одақтасқанды артық көріп, Цин империясынан көмек сұраған. Халхаларды алып Қытайдағы саны аз манчжурлардың үстемдігін орнықтыра түсуге пайдаланғысы келген боғдыхан Цин армиясын Шығыс Моңғолияға кіргізді. Сонымен, Галдан Бошогту 1890 жылы іс жүзінде цин-қытай әскерімен соғысты. Жеңді. Жеңілген қытай императоры ойраттарды Цин әулетінің аса қатерлі жауы санап, жаңа шайқасқа әзірленді. Осы кезде Галдан Бошогтудың немере інісі Жоңғарияның орталық бөлігін өзіне қаратып, ағасының жолын кесіп тастаған. Інісінің бүлік шығарғанын естіген Бошоқтұ хан тез терістікке қарай шегінді. Алайда оны жүз мың жауынгері бар манчжур армиясы қуып жетіп, Бейжиңге тақау маңда үлкен ұрыс салды. Төрт күнге созылған шайқаста екі жақ та жеңісе алмады. Сосын, өзінен бес есе көп әскермен табан тіресе соғысып, әскери өнерге әбден машықтанғанын танытқан ойраттар бір түнде шептерінен түп қопарыла көтерілді де, солтүстікке қарай шығандап кетті. Олардың жаужүректігін мойындаған қытай әскері соңынан қуған жоқ. Келесі, 1691 жылы халхалар Цин империясының бодандығына өтті. Осы қос от ортасында Галдан Бошогту оларға қарсы тағы алты жыл соғысты. Ақыры, ең соңғы заманауи қару-жарақпен – артиллериямен қаруланған цин-қытай әскерінен 1696 жылы толық жеңілді. Барар жер, басар тауы қалмағандықтан (алдында – халха–манчжур–қытай, артында, орталықта – іс жүзінде билікте бүлікшіл немере інісі отырған), 1697 жылғы наурызда у ішіп өлді... «Сайрам соғысы» кезінде терістік-батыстан Аюке хан бастаған қалмақтар да қазақ жеріне шабуылдаған болатын. Қазақ сарбаздары оған ойдағыдай тойтарыс берді. Жағдай біршама тыншыған шақта жоңғарлардың әскери қимылдары халха бағытына ауып, сол кезеңді Тәуке хан ұтымды пайдаланды. Елдің бірлігін, қорғаныс қабілетін арттыратын шаралар жасады. Қазақтардың «Алты-алаш» атауымен белгілі алты бөліктен тұратын федерациясын (алты алаш одағын) дүниеге әкеліп, ел бірлігінің, сырт дұшпанға жұмыла қарсы тұрудың сол шақтағы оңтайлы түрін жүзеге асырды. Федерацияға Төле би бастаған Ұлы жүз, Қазыбек би басқаратын Орта жүз, Әйтеке би билейтін Кіші жүз, Қоқым би қоластындағы қырғыздар, Сасық би басқаратын қарақалпақтар мен жеке бір топ ретіндегі қият, қатаған, үз және басқалар кірді. Алты алаш одағы іс жүзінде жоңғарлардың шабуылынан қорғануды мақсат еткен қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарының әскери-саяси одағы еді. Осы одақтың өкілдері – халықтың белгілі билері мен бас адамдары Тәуке хан ордасы маңындағы Күлтөбеде бас қосып, әдет-ғұрып заңдарын жетілдіруді қолға алды. Сонау Шыңғыс ханның «Ясасынан» бастау алып, Қасым ханның «Қасқа жолымен», Есім ханның «Ескі жолымен» жалғасқан заңнамаларды жетілдірді. Ел аузында «Күлтөбеде күнде жиын» деген тіркеспен айшықталған заңгерлер құрылтайы оң нәтижесін беріп, олар жасаған «Жеті жарғы» заңдар жинағы хандықтың әлеуметтік-экономикалық тұрмыс-тіршілігін және құқықтық санасын дамытты. Халық тату-тәтті ғұмыр кешті. Тәуке хан Әз Тәуке атанды. Елдегі ішкі жағдайды біршама реттеп алғаннан кейін, Тәуке хан жоңғарлар ұстап әкеткен ұлын босатып алуға әрекеттенді. Далай-лама оның тілегіне құлақ асып, баласын Тибеттен еліне қайтарған. Қасына бес жүз адам ілестірілді. Тәуке хан оларды өз діндерін уағыздау мақсатымен жіберілген буддашылар ретінде тұтқындап, қошеметшілерді басқарып келе жатқан нойонды өлімге бұйырған. Осы жәйтті жоңғарлар кейін қазақ хандығына тағы да бір жойқын шапқыншылық жасау үшін сылтау етті. Галдан Бошогту ханның көзі тірісінде іс жүзінде көтеріліс арқылы билікке келген Сенгенің баласы ұлы Цэван Рабдан бұл кезде Жоңғарияның ресми әміршісіне айналған еді. Содан 26 жыл бұрын оны тақ үміткері ретінде қуғындаған ағасы Галдан, әкесінің туған інісі Галдан, қанша Шапағатты (Бошоқтұ) атанса да, Моңғолияны Шыңғыс хан секілді біріктіре алмады. Оның халха жеріндегі жеңілісінен кейін Цин империясы шығыс Моңғолияны мүлдем жұтып қойды. Бұдан былай халханың тайпалық әкімшілік бірліктері манчжурлар өкіметінен талап түсісімен Ұлы дала жүйесіндегідей тәртіппен, әр он отбасынан бір жауынгерді күллі жарағымен цин-қытай әскері қатарына жіберіп, барлық шығынын көтеретін болды. Ал тәуелсіз ойраттар жерден, адамнан, материалдық игіліктен айырылып, қатты зардап шекті. Осындай жағдайда Цэван Рабдан қонтайшының алдына ауыр міндет қойылды – оған хандықты қайта жаңғыртып, нығайту керек еді. Цин империясымен соғыс кезінде Шығыс Түркістан мен Жетісу Жоңғарияға ауылшаруашылық, қолөнер өнімдерін жіберіп тұру жөнінде келісімшарт жасалған еді. Сондықтан ойраттардың жаңа әміршісіне бұл аймақтардағы саяси үстемдігін қайта қалпына келтіру қажеттігі туды. Сол себепті, мемлекетіндегі ішкі жағдайды ретке келтірісімен, қонтайшы 1698 жылы Шығыс Түркістанға қайта басып кірді. Бір жыл ішінде Қашқар, Жаркент секілді маңызды саяси орталықтарды бағындырып, өлкені екінші мәрте жаулап алды. Сосын Еміл өзеніндегі ордасын жаңа орынға – Іле өзеніне, Құлжа қаласы аймағына ауыстырды. Ескі орданы солтүстік-шығыс Жоңғарияны басқаратын немере ағасына қалдырды. Хандықтың қуаты біртіндеп арта түсті. Сондықтан қонтайшы Шығыс Түркістанға жасаған басқыншылық жорығын сол жылы-ақ қазақ хандығына қарай ұластырды. Тәуке хан қосындары жақсы қаруланған дұшпанның жан-жақтан лек-легімен анталап ұмтылған күштерін тоқтата алған жоқ. Жанқиярлықпен соғысты, бірақ әбден қалжырады. Шапқыншылық соғыстар үдей келе, қазақтар біртіндеп Жетісудағы, Тарбағатайдағы, Ертіс бойындағы жайылымдарынан айырылды. Ал Жоңғар әміршісі Қазақ хандығына қарсы соғыс мәжбүрліктен болғанын айтып, қуатты көршілері (Қытай, Ресей) алдында ақталып жатты: соғыстың басталуына «Далай-ламаның өкілдерін өлтірген», «Еділден Жоңғарияға сапар шеккен Аюке ханның қызын (Цеван Рабдан қонтайшының қалыңдығын) тонаған», «Ресейден оралып келе жатқан жоңғар саудагерлерінің керуенін талан-таражға түсірген» Тәуке хан айыпты деп, цин императоры мен орыс патшасына елшіліктер жіберді. Мәскеуге адалдығын шегелеп көрсетті, адалдығына дәлел ретінде қазақ тұтқынынан босатылған орыстарды еліне қайтарғандығын хабарлады. Әрине, мұнысы жәй ғана алдаусырату еді, мұндай ірі әскери жорықтар жоңғарлар тарапынан қазақ еліне дүркін-дүркін жасалды. Ал елдегі күйзелісті күшейте түскен ұсақ қақтығыстарда есеп жоқ-тын. Қазақ елінің терістігін де тыныш деуге келмейтін еді. Бұл кезде Еділдегі Қалмақ хандығының күш-қуаты артып, шырқау биікке көтерілді. Тақта хандық мәртебені Тибеттегі Далай-ламадан алған Аюке отырған. Ол еліндегі жекелеген билеушілердің дербес пиғылдары мен әрекеттерін жеңіп, Ресейге жартылай тәуелді мемлекет құрып алды. Қалмақ хандығының басты міндеті орыс мемлекетінің оңтүстік шекарасын көшпенділерден, соның ішінде қазақтардан қорғау болатын. 1697 жылы I Петр патша Аюке ханға Ресейдің шығысын күзетуді ресми түрде міндеттеді. Қалмақтар Ресейдің  көптеген басқыншылық жорықтарына белсене қатысты. I Петрдің қолдауы арқасында заманауи қарулармен жабдықталған қалмақтың жауынгер жасақтары орыс армиясымен бірлесе соғысып, ноғайларды тас-талқан етті, атамекенінен қуды. Башқұрттарды да туып-өскен ежелгі жер-суынан ығыстыруға тырысты, Кавказ елдеріне де шабуылдар жасады, Ресейдің өзге соғыстарына да атсалысты. Әрәдік қазақ еліне де шабуыл жасап тұрды. Қазақтар қалмақ иеленген мал жайылымдарына шығуға тырысатын, сондай себептермен осынау қос көшпенді көрші ел арасында қақтығыстар мен кезек шабуылдар да жиі-жиі орын алып тұрды. Әр сондай оқиға бір-бірінен мал барымталап, тұтқындар алуға, шайқастар салдарынан халықты қырып-жоюға ұласатын. Қысқасы, солтүстік-батыс жақ мазасыз еді.  

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы