10 Қаңтар, 12:08 541 0 Қоғам Арман Құдайберген

Талай тарлан есімі тарихта қалды

Бейресми деректерге сүйенсек, жер бетінде 200 мыңнан астам спорттық ойын бар. Біз соның бір-екеуімен тұрақты айналыссақ, 10-20 түріне қызығушылықпен қараймыз, жанкүйерлік етеміз. Әрі кетсе 100 спорттың атын атап, түсін түстеп беруіміз мүмкін. Бірақ мыңнан астам спорт түрінен жыл сайын сайыстар, біріншіліктер қалай, қайда өтетінін біле бермейміз. Талай спортшының жұлдызы жағылып, мойнына алтын тағылып, әлемге танылып, енді талайының тауы шағылып қайтатын спорт алаңы өмірдің базарындай екені сөзсіз. Осындай у-шуға толы тағы бір жыл артта қалды. Әлемдік спорт тарихына жаңа чемпиондар есімі қашап жазылды. Ит жылында әлемдік спорттың қарқыны қалай болды? Қаракиік жылынан не күтеміз?

2018 жылы қазақ спортшылары түрлі додаларда бақ сынады. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спорт – біздің жампоздарды да несібесіз қалдырған жоқ. Талай тарлан спортшы жарқырап танылса, біршама мықтыларымыз спортпен қоштасты.

Қысқы спорттың халі 

Ел спортшылары үшін халықаралық дәрежедегі сайыстар көшін Оңтүстік Кореяда өткен XXIII қысқы олимпиада ойындары бастады. Пхенчхан қаласындағы байрақты бәсеке тартысқа толы болды. 46 спортшымыз ел намысын қорғап, солардың арасынан фристайлдың могул түрінен бақ сынаған Юлия Галышеваға ғана жүлделі орын бұйырды. 77,40 ұпай жинаған отандасымыз үздік үштіктен көрінді. Өкінішке қарай, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаева қарсыластарына жол берді. Шорт-трекші жігіттеріміз де жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ Канадада өткен әлем кубогында Абзал Әжіғалиев, Finland Throphy-2018 турнирінде Элизабет Тұрсынбаева күміс медаль иеленді. Қысқы спорт тарихында аңызға бергісіз өнер көрсеткен Денис Тен қазасын айтпай кетуге болмайды. Спортшыны 19 шілдеде ұрылар пышақтап, қайтыс болды.

Азия ойындары хақында

Жакартада өткен жазғы Азия ойындары талай талантты танытты. Сары құрлықтың 45 елінен ең үздік 9 мыңнан астам спортшы бас қосты. Олар спорттың 42 түрінен сынға түсті. Қазақстан құрамасынан 440 спортшы бақ сынап, 15 алтын, 17 күміс және 44 қола, жалпы 76 медаль иеленді. Елімізге алғашқы алтынды семсерлесуден Дмитрий Алексанин сыйға тартса, екінші және үшінді алтынды велоспорттан 150 шақырым қашықтықта және 40 шақырымдық жекелей сында сайысқа түскен Алексей Луценко тарту етті. Джиу-джитсу спортшылары Дархан Нортаев пен Руслан Исраилов та ел қоржынын алтынмен толықтырды. Каратэші Гузалия Гафурова, көркем гимнастикадан Адиля Тілекенова, Даяна Әбдірбекова және Алина Әділханова сынды қыздарымыз командалық сайыста жеңімпаз атанды. Алина Адилханова жекелей сында да топ жарып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Үш қарғып секіруден Лондон олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Жакартадағы Азия ойындарында да әлемнің ең үздік спортшысы екенін дәлелдеп, төртінші рет Азия ойындарының шыңына шықты. Дзюдошы Дидар Хамза, самбошылар Ділшәт Құрышбаева мен Бағлан Ибрагим, ескек есуші Инна Клинова және су добынан Қазақстан ерлер құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал қазақстандықтар үміт артқан палуандар мен боксшылар бір де бір алтынсыз қайтты. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан тоғызыншы орынға жайғасты.

Әуесқой бокс әлемі 

2018 жыл әуесқой бокста түрлі естеліктермен есте қалмақ. Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) үш дүркін чемпионы «Astana Arlans» командасы таратылды. Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) президенті лауазымына Өзбекстан өкілі Гафур Рахимов сайланды. Бұл екі жайттың біріне-бірі қалай әсер еткені белгісіз, бірақ осыдан кейін кей боксшылар қолғабын шешіп тастады. Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов солардың қатарында. Халықаралық олимпиада комитеті AIBA президентін сайлау қарсаңында Рахимовтың кандидатурасы ұнамайтынын және Өзбекстан өкілі сайланған жағдайда бокс олимпиадалық бағдарламадан шығарылуы мүмкін екенін айтқан. Токиода өткен Халықаралық олимпиада комитетінің отырысында боксты Олимпиада ойындары бағдарламасынан уақытша алып тастау туралы шешім шықты.

Кәсіпқой бокс майданы

2018 жыл шаршы алаңда ешкімге дес бермеген отандасымыз Геннадий Головкин және оның барлық жанкүйерлері үшін спорттағы сәтсіз жыл болғандай. Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында мексикалық «Канело» Сауль Алвареспен екінші рет жұдырық түйістірген «GGG» төрешілер шешімімен жеңіліске ұшырап, WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Бір жыл ішінде екі рет шаршы алаңға шыққан Головкин мамыр айында америкалық боксшы Ванес Мартиросянды 2-раундта сұлатып салғаны да ел есінде. Бұл Мартиросянның 4-жеңілісі, ал Головкиннің үздіксіз 38-жеңісі еді.

Айдар Шәрібаев, Сағадат Рахманқұл алғаш рет қарсыластарына есе жіберді. Есесіне кәсіпқой ринг қазақтың жаңа батырларымен толығып келеді. Атап айтсақ, Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахметов, Батыр Жүкембаев, Әли Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов есімдері әлемдік аренада өз орнын иеленуде. Аталған боксшыларымыз бір де бір рет қарсыласынан жеңілген жоқ. Жәнібек Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырған тұңғыш әрі жалғыз қазақ атанды. Данияр Елеусінов те әлемдегі ең мықты промоутерлік компания Matchroom Boxing-пен келісімшартқа отырды. Елеусінов кәсіпқой бокстың жарқын жұлдыздары Дэниел Джейкобс, Энтони Джошуа сынды былғары қолғап шеберлерінің промоутері Эдди Хирнмен бірге жұмыс істеуде. Ол кәсіпқой бокста өткізген бес жекпе-жекте де жеңіске жетіп, үш кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. Небәрі 20 жастағы Садриддин Ахметов те болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған оғландар қатарында. «Қазақ сарбазы» лақап атымен танылған боксшы бес кездесу өткізіп, барлығын нокаутпен аяқтады.

Қазір шаршы алаңда украиналық Василий Ломаченко есімі жиі аталады. Ол 2018 жылы 12 мамыр күні венесуэлалық Хорхе Линарессаны жеңіп, үшінші рет әлем чемпионы атанды. Үш салмақ дәрежесінде 12 кездесу өткізіп, чемпиондық атаққа қол жеткізген Ломаченко әлемдік рекорд жасады. Аталған рекорд бұған дейін жапондық Кадзуто Иока (18 кездесу) еншісінде еді. 24 қыркүйек күні 23 жасар жапондық Косэй Танака Ломаченконың жетістігін қайталаған екінші кәсіпқой боксшы атанды. Тағы бір Украин боксшысы Александр Усик кәсіпқой бокстағы 4 салмақ (WBA, WBC, IBF және WBO) дәрежесінде үздік деп танылып, абсолютті чемпион атағын еншіледі. 29 тамызда жеңіліп көрмеген тайлық боксшы Ваенхонг Менайотин 51 кездесуінде қарсыласынан тағы басым түсті. Ол осылайша атақты Флойд Мейвезердің рекордын жаңартты. Осы жылы елді «дүрліктірген» шаршы алаңдағы шоу күрзі жұдырық иелері емес, танымал блогерлер арасында өтті. «YouTube» желісінің чемпиондық атағы үшін болған кеш екі күнге созылып, ұйымдастырушыларға 53 миллион долларға дейін табыс әкелді. Аталған кездесуді 10 доллар төлеп, тікелей эфирден бір мезетте 5 млн 245 мыңнан астам адам тамашалаған. Осылайша бокс тарихындағы аудиториясы ең ауқымды кездесу атанды.

Қазақ күресінің қадірі

Қазақ күресі дегенде ел есіне «Қазақ­стан барысы», «Халық барысы», «Еуразия барысы», «Әскер барысы» және «Әлем барысы» сайыстары түсетіні белгілі. Шоу түрінде өтетін бұл бәсекелер бірнеше жыл ішінде өзінің тұрақты көрермендерін жинап, шет мемлекеттердегі спортшылар арасында да қызығушылық туғызды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Әлем Барысы» байқауы биыл да тартысқа толы болды. Әлемнің 33 елінен 39 спортшы бақ сынап, қазақ күресінің абыройын асқақтатты. Айбек Нұғымаров жеңіске жетті. Бірақ, көп ішінен көзге түскен Ерсұлтан Мұзаффаров есімді жас барыс. Жеребе бойынша кіл мықтылармен сайысқа түсіп, барлығының жауырынын жер иіскетті. Және қазақ күресіндегі айлалы әдіс-тәсілдерді әдемі қолдана білді. Жартылай финалдағы өзінен салмағы жоғары Роман Бобиковты уақытынан бұрын жеңгенде, бір әдіске бірнеше рет түсіргенде талай қазақ жанкүйері бөркін аспанға атты.

Бішкекте өткен Азия чемпионатында грек-рим күресінен Алмат Кебісбаев пен Асхат Ділмұхамедов топ жарды. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков үшінші рет Азияның ең үздік балуаны екенін дәлелдеді. 65 келіде белдескен Ниязбеков финалда жапондық балуаннан басым түссе, 57 келідегі Нұрислам Сана да ешкімге дес бермеді. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орынға жайғасты. Дзюдошыларымыз да барын салды. Дидар Хамза Жакартадағы Азия ойындарында топ жарып, алтын жүлде иеленгенін жоғарыда айттық. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те Екатеринбургтегі Grand Slam және Хух-Хотодағы Гран При турнирінде әлемнің үздік палуандарының бірі екенін дәлелдеп берді.

Әлем көз тіккен бәсекелер

 

Күллі әлем жұртшылығын теледидарға телмірткен, қаншама жанкүйерді елден елге «сүйреген» футболдан XXI әлем чемпионаты да өткен жылдың еншісінде қалды. XXI әлем чемпионатында ойыншылар бір-бірімен 49 мың 651 пас алмасты. Соның 3 мың 336-ы ағылшын құрамасының еншісінде. Және бұл ең үздік көрсеткіш. Ал Хорватия құрамасы 301 соққыға тойтарыс бере білгендігімен ерекшеленді. Қорғаныста ғана емес, шабуыл өтінде де жақсы өнер көрсеткен бұл құрама 352 қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Атап айтарлық тағы бір тарихи дерек жаңарды. Бұған дейінгі біріншіліктерде кем дегенде 4-5 құрама 1 гол сала алмай елге қайтуға мәжбүр болатын. Осы чемпионатта барлық 32 команданың қанжығасы майланып қайтты. Жалпы, 169 гол есепке алынды. 219 сары қағаз көрсетілді. Бір қызығы, финалда ойнаған Франция мен Хорватия құрамалары осы мундиальдағы ең «тәртіпсіз» команда атанды. Қысқасы, Дидье Дешам шәкірттері топ жарып, үздіктердің үздігі атанды. Футболға жаңа толқын келді. Әсіресе, Килиан Мбаппе есімі әлем назарында. Онан бөлек бұл біріншілікте чемпион емес, көрермен көзайымы бола білген Лука Модрич, Тибо Куртуа, Харри Кейн сынды сайыпқырандардың шоқтығы биік.

Жанкүйер күткен көп қызық

 

«Әләуләйлім таусылса, хәләуләйлім тағы бар» дегендей, қаракиік жылы да спорт бәсекелеріне толы болмақ. Жанкүйерлер күткен талай дода, тартыс биыл орын алуы мүмкін.

2019 жылғы халықаралық маңызды бәсекелердің шымылдығы Швецияда түрілмек. Венерсборг қаласында 27 қаңтар мен 3 ақпан аралығында хоккейден 2019 жылғы әлем чемпионаты өтеді. Ал наурыз айының басында XXIX қысқы универсиада ойындарының жалауы Красноярск қаласында желбірейді. Бұл Ресей Федерациясы аумағында өткелі отырған алғашқы қысқы универсиада ойыны. Төрешілер спорттың 11 түрінен мықтыларды анықтамақ. Байрақты бәсекеге әлемнің 50 елінен 3000 спортшы студент қатысады. Наурыздың 18-24 аралығында Жапонияда мәнерлеп сырғанаушылардың 2019 жылғы чемпионаты болмақ. Жалпы, Жапония халықаралық бәсекелерді жетінші рет өткізбекші. Ал Саитама қаласы екінші рет спортшыларға құшақ ашады. Шілде айында спортшылар, жанкүйерлер мен спорт журналистері Италияның Неаполь қаласына аттануға сай отыр. XXX рет алауы жағылатын дүниежүзілік жазғы универсиаданы өткізу құқығын дәл осы қала еншілеген. Студент жастар спорттың 18 түрінен сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар