Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық істер көбейген

Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық істер көбейген

Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық істер көбейген
ашық дереккөзі

«Нұр Отан» партиясы Құқықтық кеңесінің кеңейтілген отырысында «Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заңнамалардың қолданылу тәжірибесі» деген тақырыпта партия Хатшысы Ф.Қуанғановтың қатысуымен арнайы жиын болып өтті. Отырысқа Парламент депутаттары, Бас прокуратураның, Ішкі істер, Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар  «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР  Заңының имплементациясына жүргізілген мониторингтің қорытындысын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеуді көздейтін  билік пен қоғамның серіктестік механизмдерін, сондай-ақ балалардың  құқықтарын қорғауға қатысты заңнамалық бастамаларын ой елегінен өткізді.

Шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаты С.Бычкова, ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Қ.Игембаев, ҚР БҒМ Бала құқығын қорғау Комитеті төрағасының орынбасары А.Макенова, ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитетінің құқық бұзушылықтың алдын алуды ұйымдастыру басқармасының бастығы А.Милюк және т.б. сөз алып, көтерілген мәселелер төңірегінде арнайы  баяндамалар оқылды.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, азаматтар және ана мен баланы қорғауды толық қамтамасыз ету үшін азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттар күш біріктіргенде ғана тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға болады.  Басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы жанындағы құқықтық кеңестің төрағасы Нұрлан Әбдіров: «Елдегі зорлық-зомбылыққа қатысты орын алған әрекеттер партия назарынан тыс қалмауы тиіс. Отырыс барысында актуалды мәселелер айтылып, Білім министрлігіне бірсыпыра нұсқау берілді. Қоғамдық педагогтар мен мектептермен жұмыс жүргізу, олармен байланыста болу маңызды болмақ. Неке және отбасы, ана мен бала, адам құндылықтары институтын қорғау – бұл мемлекеттің ең маңызды басымдықтары. Жиын барысында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылап, осыған қатысты шараларды ойластыру мен заңның жетілдіруін қарастырудамыз», – деді.

Іс-шараға қатысқандар кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар туралы заңнаманың қолданылу тәжірибесі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан азаматтарды қорғау, ана мен баланы қорғау, осы мәселелерді шешуде мемлекеттің рөлін арттыру мәселелерін талқылады. Айта кетерлігі, биыл кәмелетке толмағандардың арасында зорлық-зомбылық фактілері 12 пайызға артқан. Сондай-ақ, бала саудасы да тыйылмай тұр.

Бас прокуратураның Қылмыстық процесінің сотқа дейінгі сатысы заңдылығын қадағалау департаментінің басшысы Құсайын Игембаевтың келтірген мәліметіне сүйенсек, осы жылы бала сатудың 39 фактісі  тіркеліп, бұл көрсеткіш екі есеге өсіп отыр. Ал кәмелет жасқа толмаған 570 мектеп оқушысы жүкті болған.  «Биыл бала саудасының 39 фактісі тіркелді. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс жасаған жандарға еш аяушылық болмайды. Әсіресе, оларды жыныстық қатынасқа итермелегендер, зорлағандар тиісті жазасын алады. Мұндай қылмысқа барғандар кемі 15 жыл бас бостандығынан айрылады. Биыл осындай қылмысқа барғаны үшін 100-ден астам азамат темір торға тоғытылды», – деді Қ. Игембаев. Кеңес отырысының қорытындысында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың ұлттық жоспарын жасауды ұсынды.

Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы