Жаңалықтар

Мақсат Халық: Былтыр теңге төрт мәрте құнсызданды

ашық дереккөзі

Мақсат Халық: Былтыр теңге төрт мәрте құнсызданды

Жаңа жыл табалдырықтан аттаған кезде экономикалық болжам жасау заңдылық. Өткен жылдағы қаржылық ахуалға көлеңкесін түсірген жайттар сараланып, олқылыққа жол бермеуге таптырмас мүмкіндік. Осы тұрғыда соңғы кезде ойға қонымды болжамымен танылып жүрген экономист Мақсат Халықтың пікірін білгенді жөн көрдік. – Мақсат мырза, 2018 жыл доллардың шарықтап, теңгенің құлдырауымен есте қалды. Қалай ойлайсыз, бұл процесс биыл тағы жалғаса ма? – 2018 жылы расымен де теңгенің бір рет емес, бірнеше мәрте құлдырауына куә болдық. Оған негізгі әсер еткен фактор – АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесі доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін мақсатты түрде көтеруі. 2017 жылы да осындай болжам жасалған еді. АҚШ-тың федералдық резервтер жүйесі доллардың пайыздық мөлшерлемесін ұзақ мерзімде ақырындап көтеру керек деген шешім қабылданғанын жария етті. 2018 жылдың көктемінде 1,5 пайыздан 1,75 пайызға көтерді. Жаздың басында 1,75-тен 2 пайызға өсірді. Ал күзге қарай 2 пайыздан 2,25 пайызға көтерді. Сондай-ақ, желтоқсан айының 19-ында 2,25 пайыздан 2,5 пайызға көтерді. Қарап отырсақ, бір жылдың ішінде мақсатты түрде доллардың пайыздық мөлшерлемесі 4 мәрте өсіпті. Алғашқы екеуі бізге қатты әсер ете қойған жоқ. Себебі ол уақытта теңгеге деген сұраныс жоғары болды. Доллардың соңғы екі рет көтерілген кезі бірден теңгемізге кері әсерін тигізді. Тамыз айында халық арасында «Бір АҚШ доллары 400 теңге болуы мүмкін» деген қауесет тарады. Соны естіген жұрт жаппай доллар сатып ала бастады. Сондықтан теңгенің құнсыздану процесін басу үшін Ұлттық банк қыркүйек айында интервенция жасап, теңгеге қуат беруді көздеп, нарыққа 520 млн доллар шығарып, сатты. Және де теңгеге тағы қуат беру мақсатында Ұлттық банк қазан айының 16-сында теңгенің базалық пайыздық мөлшерлемесін 9 пайыздан 9,25 пайызға көтерді. Бұл шара теңгенің құнын арттыруға мүмкіндік берді. Мінеки, желтоқсан айының соңында Федералды резервтер жүйесі доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін 2,5 пайызға көтеруі теңгеге бірден кері әсерін тигізді. Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемені көтере беруінің де кері әсері бар. Себебі экономикада арзан ақша болмайды, несие қымбаттайды. Оң жағы депозиттің пайыздары қайтадан 15 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ал кері жағы «7-20-25» деген ипотекалық бағдарламалары тоқтауы мүмкін деген де болжам бар. Сондықтан ол үрдіс қайтадан жүргені не кері жүргені дұрыс емес. Бұл жерде Ұлттық банктің өткен жылдардан бері қарай жүргізіп келе жатқан саясатынан инфляциялық таргеттеу режимін ұстап отырғанын байқаймыз. Инфляциялық таргеттеу режимі дұрыс. Себебі мақсатты түрде арнайы дәліздің ішінде инфляцияның деңгейін ауыздықтап, бірте-бірте түсіріп келе жатқанын байқаймыз. Егер инфляция төмендейтін болса, онда халықтың қолындағы қаражат құнсызданбайды. Жұрттың алып жатқан еңбек­ақысы, нақты жалақысы құнды болады. Төлем қабілеті сақталады. Бұл халық үшін тиімді. Алдағы уақытта да 2020 жылы инфляциялық таргеттеу саясатына байланысты Ұлттық банк инфляция деңгейін 4 пайыздан асырмайтынын айтып отыр. Теңге құнды бола бастайды. Ал енді екінші жағы бар. Ол енді жалғыз ғана Ұлттық банктің қолынан келмейді. Теңгені ұзақ мерзімде құнды ұстап тұру үшін үкімет те арнайы бағдарламаларды жасай беру ғана емес, олардың атқарылуына ерекше көңіл бөлу керек. Сол кезде ғана экономикада өсім болады. Былтыр теңге ғана құнсызданған жоқ. Сонымен қатар дамушы елдердің ұлттық валюталары да осы жағдайды бастан кешті. Атап айтқанда, Аргентина, Түркия, Украина, Ресей, т.б. мемлекеттерде доллардың ықпалы жоғары болды. Ал 2019 жылы экономикалық жағдай қалай өрбиді? Қандай процестер болуы мүмкін? Бұл жерде АҚШ-тың федералды резервтер жүйесінің доллардың базалық мөлшерлемесін көтеруіне АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі қарсы екенін айта кету керек. Осы тұрғыда АҚШ федералдық резервтер жүйесінің басшысын ауыстыруы мүмкін деген пікір бар. Егер басшы ауысса, осы пайыздық мөлшерлеме сақталып, теңгенің тұрақты болуына жол ашылады деген болжамды айтуға болады. Ал ауыспаса, онда федералдық резервтер жүйесі осы саясатын әрі қарай жалғастыра беруі мүмкін. Биыл да доллардың пайыздық мөлшерлемесін жыл соңына дейін 3,5 пайызға көтерсе, тек қана теңге емес, әлемдегі дамушы елдердің ұлттық валютасы құнсызданады. Яғни, дамушы елдерден капитал ағымы АҚШ-қа құйылады да, мұның соңы дағдарысқа әкеп соғады. Алайда АҚШ-тың федералдық резервтер жүйесі доллардың базалық пайыздық мөлшерлемесін көтеруін тоқтататын болса, алдағы көктем айында теңгенің құны артады. Бұл тенденция алдыңғы екі жылда да орын алды. Сол процесс жалғасуы ғажап емес. – Сондай-ақ, былтыр банк секторында да елеулі өзгерістер орын алды. Кейбір банк банкротқа ұшырап, біріктірілгені белгілі. Бұдан соң халықтың банкке деген сенімі азайды ма, әлде... – Бүгінде расымен халықтың банктерге деген сенімі азайды. Оны халықтың несиеге байланып отырғанынан, несие пайызын артық төлеп, жасырын комиссиясы бар банктерге алданып жүргенінен көруге болады. Демек, көпшілікте сенімнен гөрі, ашу-ыза басымырақ. Неге бұлай десеңіз, біраз банктер банкротқа ұшырады, кейбірі біріктірілді. Сондай-ақ, депозиттерді кепілдендіру қоры арқылы 10 млн теңгеге дейін қаражат қайтарылады деген заң бар. Бұл артықшылық десек те, халық банкротқа ұшыраған банктердегі ақшасын алғанша біраз уақыт өтіп кетеді. Ал халыққа ақша бүгін керек. Сондықтан күту процесіне келгенде халықта реніш бар. Олар жасырын комиссия туралы да ашық айтып жүр. «Көрінбейтін пайыздар» деп айтады. Ол келісімшартта анық жазылған. Біраз жылдар бойы ай сайын заңсыз комиссия алынып келгені белгілі болды. Сол үшін соттасып жатқандар бар. Мұндай процесті көріп отырған кезде халықтың банктерге деген сенімі күрт азайғанын байқаймыз. Демек, банк секторында қордаланған мәселе көп. Оны шешу үшін не істеу керек? Әрине, бірінші кезекте қазіргі таңда әлсіреп тұрған банктерге мемлекет тарапынан, әсіресе, зейнетақы қорынан қыруар қаржы бөліп, қолдаудың ешқандай қажеттілігі жоқ екенін баса айтқым келеді. Тіпті, қаражат депозиттерге де салынған еді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Соңғы кезде ғана қаржы облигацияға салына бастады. Бұл кішкене сенімдірек құрал. Яғни, пайыздық үстемесімен, инвестициялық табысымен қайтарылады. Меніңше, мұны да рейтингі төмен банкке салудың қажеті жоқ. Оның табыстылығы да болмайды. Ал рейтингі жоғары банкке салынса, одан қайтарым болатынына сенесің. Сол сияқты қарапайым халық арасында «нарыққа шетелдік ірі банктер келсе, несиелік пайыз төмендейді» деген әңгіме тарап жүр. Бұған айтарым – соншалықты пайыз арзандай қоймайды. Өйткені бұл жерде ойын ережесін бекітетін – Ұлттық банк. Қазіргі таңда теңгенің пайыздық мөлшерлемесі 9,25 пайыз болса, екінші деңгейлі банктерге теңгені осындай пайызбен береді. Осы пайызбен несие алатын банктер де ешқашан төмен пайызбен несие бермейді. Шетелдік Deuthce bank сияқты ірі банктер келген күннің өзінде теңгені Ұлттық банктен алады. Олар да өздерінің маржасын көруі керек. Демек, олар да несиені төмен пайызбен бермейді. Бірақ шетелден ірі банктердің келгенінің пайдасы бар. Бұл корпоративтік этика, халыққа қызмет көрсетудің сапасын жақсартады. Және халықтың да банкке деген сенімін арттыруға үлес қосады деп есептеймін. – Көпті алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Жыл соңына таман Ресей Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы болу керектігін айтып қалды. Ресей бұл әң­гіменің шетін бұған дейін де шығар­ғанын білеміз. Сіздіңше, бұл қажет пе? – Бұл да өзекті мәселе. Бірақ әлем­­дегі мемлекеттер интеграция процесінде бірнеше кезеңнен өтеді. Ең бірінші кезеңде құқықтық нормаларын дайындайды. Екінші кезеңде кедендік одақ, сосын экономикалық одақ, одан кейін валюталық одақ құрады. Әрі қарай ортақ үкімет, ортақ парламент деп кете береді. Осылайша, одақ құрамындағы елдер интеграцияның шегіне жетеді. Біз қазір сол үшінші сатыдамыз. Ендігі қадам «ортақ валюта шығару». Әлемді таңғалдырып, өзіне қаратқан одақ – Еуропалық одақ. Осы Еуроодақтың өзі ортақ валюта шығару деңгейіне әрең көтерілді. Әрине, олар еуроны 2000 жылдары ғана шығарса да, 1970 жылдардың өзінде доллардан бас тарту үшін бірыңғай электронды есеп айырысу шотын ашқан болатын. Оны бастапқы кезде, яғни 1979-1998 жылдары ECU, қазір SDR деп атайды. SDR электрондық есептік шоты еуропалық мемлекеттер арасында әлі күнге дейін бар. Мысалы, Италия мен Франция бір-бірімен сауда-саттық жасайтын болса, осы SDR арқылы есептесе береді. Содан болса керек, осындай ортақ электрондық шотты Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері арасында ашамыз деген ұсыныс Ресей тарапынан шықты. Оның негізгі себебі – АҚШ долларынан бас тарту деді. Меніңше, электрондық шот ұлттық валютаға кері әсерін қатты тигізбейді. Қазіргі таңда Ресей мен Қытай шетелдік сауда қарым-қатынастың бәрін доллармен емес, юань немесе рубльмен жүргіземіз деген саясатты қолдап отыр. Олай болса, алдағы уақытта Ресеймен рубль, Қытаймен юань арқылы сауда-саттық қарым-қатынас жасауымыз мүмкін деген болжам бар. Бір жағынан жағдай осылай өрбісе, біз рубльге деген сұранысты арттыратын сияқтымыз. Сондықтан SDR сияқты электронды есеп айырысу шоты болса, онда белгілі бір дәрежеде мемлекет арасындағы сауда қарым-қатынасының жеңілдеуіне септігін тигізеді. Және де бұдан теңгенің жоғалып кетуіне қорқыныш жоқ. Ал екінші мәселе – қағаз жүзіндегі ақшаға өту. Бұл мәселені 2025 жылы көтереміз деген еді. Яғни, 2025 жылға дейін қабылданатын «Қаржы нарығын реттеу туралы» заң шешеді деген болжам бар. Меніңше, бұл – талас-тартыс тудыратын жайт. Егер ортақ валюта болса, қай мемлекетте шығады, қалай аталады? Бұдан кейін одақ құрамындағы мемлекеттердің төл валютасының тағдыры не болады? Ортақ валютаны басып шығару құқығын алған елдің алтын валюта қоры оған жеткілікті ме? Міне, осындай сауал көп. Мәселен, қазір Еуроодақтың алтын валюта қорының 80 пайызы Германия мен Францияның еншісінде. Сондықтан одақ шеңберінде Германия мен Францияның сөзі өтімді. Ал негізгі басымдық Германияда, себебі әлемде алтын валюта қоры бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында. Демек, ЕАЭО ортақ валюта шығарса, билік те, басымдық та Ресейдің қолына өтетіні сөзсіз. Бұл кезде теңгеден айырылып қалу қорқынышы бар. Осы тұста өз басым ортақ валюта идеясын қолдамайтынымды білдіргім келеді. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы