10 Қаңтар, 10:15 227 0 Нұр Отан Әсел ӘНУАРБЕК

Денсаулық – басты байлық

Петропавлда «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Бюро мүшелері аймақта «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2018 жылғы қорытындысын талқылады.

Отырыс барысында атап өтілгендей, 2018 жылға Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші 25 пайызға төмендеді. Соңдай-ақ, қан айналымы жүйесі ауруларының өлім-жітім деңгейі және нәресте өлім-жітімінің деңгейі төмендеді.

«2017 жылмен салыстырғанда жалпы өлім-жітім көрсеткіші 1,1 пайызға төмендеді, жарақаттардан, жазатайым оқиғадан және уланудан өлім-жітім санының көрсеткіші 1,5 пайызға төмендеді. Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1,2 пайызды құрады. Сырқаттанушылық деңгейінің жалпы төмендеуі байқалады, өткен жылмен салыстырғанда 2018 жылда қатерлі ісіктен өлім-жітім 1,5 пайызға төмендеді. Облыста «Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру және цифрлау» Жол картасы іске асырылуда. Бүгінгі таңда өңірдің денсаулық сақтау ұйымдарының 90 пайызы қажетті компьютерлік техникамен жабдықталған. Қалалық деңгейдегі 16 ұйым мен аудандық деңгейдегі 13 ұйым Интернет желісіне кеңжолақты қатынаумен қамтамасыз етілген», – деді Солтүстік Қазақ­стан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев.

Оның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта облыста дәрігерлердің тапшылығы 235 адамды құрайды. Дәрігер мамандардың тапшылығын төмендету мақсатында Астана, Қарағанды және Алматы қалаларында бос орындар жәрмеңкесі жыл сайын өткізіледі. 2018 жылы облысқа 58 жас маман келді. Түйткілді шешу үшін дәрігерлерге әлеуметтік пакетті кеңейтуді Тимур Сұлтанғазиев ұсынды. Партия Сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссиясының жетекшісі Юрий Белоног атап өткендей, жүргізген социологиялық сауалнамаға сәйкес облыс орталығында жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмекпен сапасыз қамтамасыз ету байқалады. Сауалнама барлық қалалық емханалар пациенттерінің арасында жүргізілді. Бұдан басқа, комиссия мүшелері бірқатар облыстық медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын тексерді.

«Тексеру барысында 2017 жылы 1 қалалық аурухана үшін 128485 мың теңгеге сатып алынған медициналық құрал-жабдықтарды тиімсіз пайдалану анықталды. 1 қалалық аурухана хирургия бөлімшесінің жұмысы тиімсіз деп танылды. Себебі тәулік бойы диагностикалық процесс үшін жағдайдың болмауы. Денсаулық сақтау басқармасына Петропавл қаласының хирургиялық қызмет жұмысын қайта ұйымдастыру бойынша ұсынымдар жіберілді. Соның нәтижесінде 2018 жылғы қазан айында 1 қалалық аурухананың хирургиялық бөлімшесі қайта құрылды. Сондай-ақ, Қызылжар аудандық ауруханасында 10 ай ішінде жабдықтар пайдаланылмаған. Барлық проблемалық мәселелер бойынша денсаулық сақтау басқармасына ұсынымдар жіберілді», – деп атап өтті Юрий Белоног.

 

Соңғы жаңалықтар