Жаңалықтар

Технологияның мүмкіндігін толық пайдалануға тиіспіз

ашық дереккөзі

Технологияның мүмкіндігін толық пайдалануға тиіспіз

«Білім орталығы» партиялық жобасы аясында дәстүрлі кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру қолға алынды. Бұл – Мемлекет Басшысы мақұлдаған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асып жатқанының дәлелі. Заманауи компьютер, жастар үшін ыңғайлы жиһазбен жабдықталған Коворкинг орталығы мен робототехника негіздері, программалау, ІТ білім меңгертетін арнайы ІТ сыныптар Алматы облысының Талғар ауданында салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Талғар ауданының әкімі Рыскелді Сәтбаев пен «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев қатысты. Жаңадан ашылған оқырман орталығы «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойына орай да ұйымдастырылды. Заманауи талапқа сай жабдықталған ұжымдық кеңсе,  әсіресе, белсенді жастарға тиімді әрі пайдалы болып жасалған. «Біз технологияның бар мүмкіндіктерін толық пайдалануымыз керек. Ол үшін партияның бастамашыл жобаларының беретін мүмкіндігін іс жүзінде пайдаланып, ауданның демеушілерінің көмегімен бүгін осындай арнайы сыныптар ашудамыз. Талғарлықтар үшін Коворкинг орталығы білім алу, ғаламтор желісін пайдалану, жастарға тәлім-тәрбие беру үшін бас қосатын орталыққа айналмақ. Өз кезегінде ІТ сыныптарда жас­өспірімдер программалау негіздерін үйреніп, робототехниканың тілін меңгереді. Бұл – жастар үшін жасалып жатқан қамқорлық», – дейді Талғар аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Рыскелді Сәтбаев. Салтанатты рәсімнен кейін облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы Талғар ауданының жастарымен кездесу ұйымдастырып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты концептуалды мақаласына орай пікір алмасып, жастардың ойын тыңдады. Осындай заманауи орталықтың тағы бірі С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ашылды. Партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев партияның Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысында Елбасының қолдауына ие болған тың бастамаларды өңірде қарқынды жүзеге асыру мақсатында қала, аудан әкімдеріне coworking орталықтарын ашу және оны қаржыландыру тетіктерін пысықтау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сапалы, жаңа форматта білім алуға мүмкіндік беретін coworking орталығы алғаш рет Алға ауданы, Бестамақ ауылдық кітапханасы базасында ашылған болатын. Жыл бойы тағы алты заманауи білім орталығы іске қосылды. Оның төртеуі аудандарда орналасқан. Сoworking орталығының ашылуы салтанатты түрде өтті. Мұнда жастармен қатар барлық жастағы келушілерге жайлы демалыс үшін қажетті жағдай жасалған. Нақты айтқанда, жеке және топпен жұмыс істеуге арналған аймақтар, тегін Wi-Fi, қажетті техника және кітаптарды онлайн оқуға арналған QR-код қарастырылған. «Сoworking орталықтарының ашылуы – жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жасалған қамқорлық және сапалы білім алуларына жасалған жағдай. Кітапханалардың жаңғыртылуы өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын оятып, білімге деген құштарлығын арттырып, жаңа құндылықтардың қалыптасуына оң әсерін тигізеді. Олар ізденуден, үйренуден, білім алудан жалықпауы тиіс. Соның ішінде бұл мүмкіндікті «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері тиімді пайдалануы керек», – деді партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова. Бұл пікірді «Жас Отан» ЖҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин де қостады. «Бұл – тек кітап оқитын орын емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер өтетін, жастар жиі бас қосатын білім орталығы. Жастар үшін ораторлық курстар, интеллектуалдық ойындар, шет тілдерін үйрету курстары, киноклубтар ұйымдастырылатын болады», – деді ол.