Светлана Байқадамова: Әлеуметтік серіктестік жемісті жұмысқа жеткізеді
Светлана Байқадамова: Әлеуметтік серіктестік жемісті жұмысқа жеткізеді
− Светлана Бауыржанқызы, қазіргі таңда кәсіподақ сала-сала бойынша құрылып, жұмыс істей бастады. Сіз де сондай үлкен бір саланың – көлік жөндеу кәсіпорындарының кәсіподақ ұйымын басқарып отырсыз. Айтыңызшы, «Қамқор Магистраль» КБ қарасты кәсіпорындар қандай қызметпен айналысады? Алдымен осының басын ашып алсақ.
− Жақсы, дегеніңіз болсын. Түсінікті тілмен айтқанда, «Қамқор Менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде 35 өндірістік кәсіпорынды біріктіріп отырған көп салалы холдинг болып табылады. Бүгінгі күні Холдинг теміржол көлігі саласында жөндеу, сервис және модернизациялау бойынша басымдық қызмет көрсетіп отырған белгілі компания. Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Тараз, Атбасар қалаларында және Ағадыр, Аякөз, Шар, Шу, Қазалы, Сексеуіл, Шалқар станцияларында орналасқан теміржол жүйелерінде 11 мыңға жуық жұмысшы жемісті және тиімді еңбек етеді. Олардың негізгі жұмысы – локомотивтерді, вагондарды жөндеу, модернизациялау және сервистік қызмет көрсету, теміржол автоматикасы, телемеханика мен байланыс жүйесіне жөндеу және орнату қызметтерін көрсету, электр энергиясын іске асыру, тартымды локомотив қызметтерін ұсыну, арнайы зерттеу (техникалық диагностикалау) және қазандық бақылау мен жүк көтеру механизмдерінің объектілерін жөндеу, сондай-ақ, теміржол құрылысы, автомобиль жолдары құрылысы бойынша ірі стратегиялық жобаларды іске асыру болып табылады.
«Қамқор Менеджмент» ЖШС-нің бас директоры Диас Төлеутайұлы Сүлейменовтің басқаруындағы компанияның негізгі стратегиялық бағыты – жұмысты әртараптандыру. Бұл уақыт талабы екенін бәріміз де жақсы түсінеміз. Айталық, арнайы жылжымалы құрам мен жабдықты жөндеу және жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың жылжымалы құрамына қызмет көрсетуді ұйымдастыру, GE және Alstom компаниясымен тораптар мен агрегаттарды жөндеу мен жинауды оқшаулау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру және автоматты есепке алуды енгізу – компанияның басым бағыттары. Осы жобаларды іске асыру «Қамқор Менеджмент» серіктестігін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, жұмыс орындарын сақтап, заманауи бәсекелестікке төтеп беріп, нарық талаптарына сай келетін бизнес-модельді қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
− Әңгімеңізге қарағанда, сіз де сол қыз-қыз қайнаған өндірістің ішінде жүргендейсіз-ау...
− Онсыз болмайды. Еңбек адамдарының күнделікті тыныс-тіршілігін, алға қойған мақсат-мүддесін толық білу үшін, олармен біте қайнасып жұмыс істеу қажет. Сонда ғана нәтиже болады.
− Олай болса, келесі сұрағыма да қиналмай жауап берерсіз деген ойдамын. «Қамқор Менеджмент» серіктестігінің республикалық деңгейдегі барлық стратегиялық жобаларға қатысатыны рас па?
– Рас. Мәселен, «Қамқор Локомотив» және «Қамқор Вагон» серіктестіктері Қазақстан теміржолының қажеттілігі үшін жылжымалы құрамды жөндейді және қызмет көрсетудің негізгі жеткізушілері болып табылады. Олар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен, General Electric Transportation, Alstom, Eurasian Resources Group, ArcelorMittal ұлттық компанияларымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.
«Қамқор Менеджмент» мемлекеттік стратегиялық бағдарламалардың ойдағыдай жүзеге асуына белсене атсалысып келеді. Оның ішінде Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бар. «Қамқор Менеджмент» компаниялар тобына қарасты «Теміржол жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс алаңында бас мердігер ретінде Қазақстан Республикасының жаңа көлік дәліздерін құруға айтарлықтай үлес қосып келеді. Оның ішіндегі бірінші ғаламдық құрылыс жобасы − «Өзен – Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолы. Онан кейін Жезқазған-Бейнеу теміржол желісінің Бейнеу-Шалқар учаскесін ойдағыдай аяқтап, Боржақты-Ерсай теміржол магистралі мен Алматы-Шу учаскесінде екінші трассалардың құрылысын іске асырды. Сонымен қатар, қазіргі кезде «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы (Нүкіс)» «Республикалық маңызы бар автожол қайта жаңарту жұмысы» жобасына қатысуда.
− Әлбетте, мұндай ауқымды жобалардың сәтті жүзеге асуы жұмысшылардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты екені сөзсіз...
− Бұл пікіріңізбен толық келісемін. «Қамқор Менеджмент» компания тобында білікті де тәжірибелі жұмысшылар мен мамандар жеткілікті. Өйткені қазіргі заманауи технология заман талабына сай мамандарды қажет етеді. Мәселен, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын алайық. Бұл − ел экономикасының болашағына салынған инвестиция. Оған өте маңыз берген жөн. «Қамқор Менеджмент» серіктестігі өз жұмыскерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды маңызды санайды. Өйткені жұмыстың алға басуы білікті мамансыз мүмкін емес. Сол себепті әлеуметтік-білім беру бағдарламасына серіктестік ерекше мән беріп отыр. Диас Сүлейменовтің бастамасы бойынша шағын қалалар мен аудан орталықтарында орналасқан компанияның өндірістік бөлімшелері үшін білікті техникалық мамандарды дайындау бойынша әлеуметтік білім беру жобасы жүзеге асырылды.Соның айқын бір көрінісі − өндірістік кәсіпорындардағы жас және болашағы зор жұмыскерлердің серіктестік қаражаты есебінен жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алды. «Қамқор Менеджмент» компаниясы тобының Ақтөбе, Тараз, Мақат, Шу, Сексеуіл, Қазалы, Шалқар, Аягөз, Өскемен, Қарағанды, Павлодар, Бірлік өңірлері мен Алматы және Астана қалаларынан жас мамандар білім беру жобасына тартылып, осы бағдарлама бойынша 70 өндірістік жұмыскер білім алды. Компания оларды оқыту үшін 165 млн теңге қаражат жұмсаған. «Қамқор Менеджмент» компания тобы білім беру әлеуметтік бағдарламасының аясында жоғары және орта техникалық білім алып, оқуын бітірген студенттердің бірінші тобы қазірдің өзінде кадрлар резервіне арналған жобаның табыстылығы мен өзектілігінің айқын дәлелі болды.
− Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, әлеуметтік әріптестік туралы да соңғы жылдары ерекше бастама көтергенін жұртшылық жақсы біледі. «Қамқор Менеджмент» компания тобы осындай мәселелерге мән беріп отыр ма?
− Бұл жөнінде ауыз толтырып айтуға болады. Бір ғана мысал. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл елді мекеніндегі әкімдікке қарасты орта мектеп, аурухана, балабақша, спорт мектебі, интернат, кітапхана және жедел жәрдем станциясы қысқы маусым кезінде жылу тапшылығын сезіне бастаған еді. Бұл мәселені ойдағыдай шешу үшін жылу қазандықтарын жаңарту қажет болды. «Қамқор Менеджмент» компаниялар тобы жалпы құны 51 миллион теңгені құрайтын 8 заманауи қазандық қондырғысын қайтарымсыз негізде сыйға тартты. Бұл елді мекенде теміржолшылардың отбасылары тұрады, олардың балалары мектепке, балабақшаға барады. Солардың игілігі үшін жасалған әлеуметтік жоба. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұдайы айтып келеді емес пе?! Еңбек адамдарына, олардың отбасына жасалған қамқорлықтың қайтарымы бар.
− Светлана Бауыржанқызы, енді сіздердің тікелей жұмыстарыңызға ойыссақ. Адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге, олардың әл-ауқатын жақсартуға кәсіподақ ұйымы қаншалықты атсалысып отыр?
− «Қамқор Менеджмент» компаниясы тобының жанында «Көліктегі жөндеу мекемелерінің салалық кәсіби одағы «Қамқор Магистраль» қоғамдық бірлестігі қызмет атқарады. Бүгінгі күні оның құрамында 30 өңірлік бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. «Қамқор Менеджмент» компаниясы тобында 5 еншілес ұйым қызмет атқарады. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны − 7506 адам. Бұл − барлық филиалдардағы жұмысшылардың 94 пайызы.
«Қамқор Магистраль» қоғамдық бірлестігінің басты міндеті − жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау. Кәсіподақ еңбек ұжымдарында жұмыс берушімен бірлесе отырып жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсартуға ұдайы назар аударып келеді. Кәсіпорындарда еңбек-келісім шарттары мен еңбек қауіпсіздігін сақтау шаралары өте жақсы. Осы мақсатқа жыл сайын 1,2 млрд теңге, ал жұмысшылардың біліктілігін арттыруға – 150 миллион теңге жұмсалады.
Мақтанышпен айта аламыз, қолданыстағы ұжымдық келісім-шарт талаптары 100 пайыз орындалып отыр. 2018 жылы бұл 400 миллион теңгені құрады. Жыл сайын жұмыскерлерді әлеуметтік қолдауға бағытталған қаражат 20 пайызға өседі.Компания жыл сайын негізгі қаражатқа 3 млрд теңгеден астам инвестиция салады. Бұл қаражат қайда жұмсалады? Теміржол және автокөлік жолдарының құрылысы бойынша техниканы жаңартуға, сервистік орталықтар мен вагон жөндеу деполарын жаңғыртуға жұмсалады.
Жұмыс орындарындағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға да ұдайы көңіл бөлінеді. Биыл «Теміржолжөндеу» серіктестігіне қарасты Ақтөбе жол жөндеу-машина станциясы мен Ақтөбе рельс дәнекерлеу кәсіпорындарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тамақтану бөлмелері жөндеуден өтті. Өскемен вагон жөндеу депосының асханасына екі тоңазытқыш сатып алынды. Шалқар сервистік орталықтарында жастарды патриоттық тәрбиелеу мақсатында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер бұрышы жабдықталды. Айта берсек, мұндай жұмыстар өте көп.
− Өмір болған соң адамдар әртүрлі әлеуметтік қиындықтарға тап болып жатады. Сондай қиналған жандардың жанынан кәсіподақ табылуы тиіс емес пе? Себебі ұйымның абырой-беделі қайырымдылық шараларға да байланысты.
− Ойыңызды түсіндім. «Қамқор Магистраль» қайырымдылықтан қашқан емес. Қазалы вагон жөндеу депосы мен Атбасар электровоз жөндеу заводының және Шалқар вагон жөндеу депосының жұмыскерлері өрттен зардап шекті. Атбасар электровоз жөндеу заводы мен Аягөз локомотив жөндеу депосы жұмыскерлерінің отбасылары тасқын судың зардабын көрді. Олар осындай қиын-қыстау кезде арқа сүйер еңбек ұжымдары бар екенін айқын сезінді, қамқорлық қолы дер кезінде созылды.
Соғыс пен тыл ардагерлері, еңбек майталмандары әрдайым құрмет-қошеметке ие. Тұрмысы төмен, мүгедек балалары бар отбасыларын да кәсіподақ назардан тыс қалдырған емес. Қажетті киім-кешек, азық-түлік бойынша қарасып келеді.
− Еңбек адамдары мен ардагерлеріне әлеуметтік қамқорлық жасау игілікті іс екенін жақсы түсінеміз. Сонымен бірге салауатты өмір салтына ерекше мән беру қажеттігін Мемлекет басшысы ұдайы айтып келеді. Кәсіподақ осындай іс-шаралардан да тысқары қалмайтын шығар...
− Оған бізде барлық мүмкіндік бар. Жеткілікті жағдай жасалып отыр.Салауатты өмір салты бағдарламасын қолдау мақсатында жұмыскерлердің дене шынықтыру және спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі спорттық сайыстар тұрақты түрде өткізіледі. Бұл – бір. Екінші – еңбек ұжымдары спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Биыл Астана локомотив депосына, Ақтөбе локомотив депосына, Шалқар сервистік орталығына спорттық құралдар және спорт залдарына қажетті жабдықтар сатып алу үшін кәсіподақ тарапынан ақшалай қаражат берілді.
− Мемлекет басшысы 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялағаны белгілі. Жастар – егемен еліміздің келешегі. Олардың білімді де білгір, жан-жақты болып қалыптасуына кәсіподақтың да қосар үлесі аз болмаса керек.
− Әлбетте, кәсіподақ мүшелерінің қатарында жастардың да көп, белсенді болғанын қалаймыз. Өйткені қазіргі қолға алынған қадау-қадау істерді ары қарай табысты жалғастыратын кімдер? Бүгінгі жастар.
2018 жылдың қыркүйек айының соңында Жамбыл облысында жастарға арналған республикалық форум өтті. Бұл іс-шара «Мерке» шипажайында ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен өңірлік бастауыш кәсіподақ өкілдері қатысты. Негізгі мақсат жастардың жұмысшы мамандықтарын таңдауына ықпал ету және қоғамның материалдық жағдайын жақсартуға жол ашатын қарапайым еңбек адамдарының абыройын асқақтату болатын. Осы мақсатымыз орындалды. Форумды құттықтау сөзбен ашқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым былай деді: «Біз жастарды кәсіподақтың жұмысына белсенді түрде тартуға тиіспіз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы еңбек пен кәсіподақ саласының қызметкерлері үшін «Қазақстанның жаңа тұлғасы» жобасын бастады. Ондағы мақсат – қатарымызға жастарды көбірек тарту. Олар біз қолға алған иігілікті істерді одан әрі табысты жалғастыратынына сенімдімін!». Барлық салалық кәсіподақтардың да алға қойып отырған мақсаты осы. Біз, әсіресе, жұмысшы жастарға ерекше назар аударып отырмыз. Олардың проблемалық мәселелерін біліп, оны шешуге тырысамыз, жастардың кәсіподақпен бірлесе жемісті жұмыс жасау жолдарын іздестіре береміз.
− Адам капиталы, қарапайым еңбек адамы, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы мен басқа да мәселелері кәсіподақтың ұдайы назарында бола береді ғой.
− Әрине. Осы үшін «Қамқор Магистраль» көлік жөндеу кәсіпорындарының салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі 2018-2019 жылдарға арналған ұжымдық келісім-шартқа қол қойған болатын. Оны мүлтіксіз орындау – біздің міндетіміз.
«Қамқор Менеджмент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тобының басшылығы мен «Көліктегі жөндеу кәсіпорындарының салалық кәсіподағы жыл сайын еңбек адамдарымен кездесу өткізуді дәстүрге айналдырды. Оның барысында жұмысшылардың еңбек жағдайы, әлеуметтік мәселелері, Ұжымдық шарттың орындалуы жан-жақты талқыланады. Биыл дәстүрлі кездесу қыркүйек айында өткізілді. «Қамқор Менеджмент» компаниялар тобының ұйымдарында жұмыс берушінің, кәсіподақтардың және еңбек ұжымдарының әлеуметтік серіктестігінің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Бір сөзбен айтқанда, еңбек адамдарының әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да мәселелері кәсіподақтың басты назарында бола береді.
− Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ғалым ОМАР-ХАН