ӨЗБЕКСТАН ТАЛАПКЕРЛЕРІ ШЕТЕЛДЕ ОҚЫМАҚ
ӨЗБЕКСТАН ТАЛАПКЕРЛЕРІ ШЕТЕЛДЕ ОҚЫМАҚ
Оңтүстіктегі көршіміз соңғы жылдары білім саласына ерекше көңіл бөлуде. Заман ағысына ілесуді көздеген Өзбекстан енді, қазақстандық «Болашақ» халықаралық білім беру бағдарламасына ұқсас «Эл-юрт умиди» шәкіртқасын іске қосты.
Ұлттық кадрларын әлемнің жетекші университеттерінде кәсібилігін арттырып, онда тағылым алуы үшін аталған бағдарламаны жүзеге асыруда. «Эл-юрт умиди» қорының шәкіртақысы Өзбекстан елінің әлеуметтік сала, мемлекеттік басқару және экономиканың басым салаларында жоғары білікті мамандарды даярлап, олар үшін тиісті жағдай жасауға бағытталған.
Бұл өз кезегінде ел саясатының әлемдің аренаға еркін шығуына жағдай жасайды. Кандидаттарды конкурстық іріктеу Өзбекстан министрліктері мен ведомстволарының мақсатты тапсырыстарының негізінде жүзеге асырылмақ. Алдын-ала белгілі болғандай, 2019-2021 жылдары шәкіртақы алушылардың саны 4000 адамнан кем болмайды.
Бұған дейін Өзбекстан президенті заманауи кадрлармен қамтамасыз ету, білімді жастарды стратегиялық салаларға тарту мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, онда елдің барлық салаларында білікті кадрлар жетіспеушілігі бар екенін айтқан. Аталған жиын жемісін беріп, өзбекстандық талапкерлерге даңғыл жол ашылып отыр.