4 Қаңтар 2019, 12:53 633 0 Сыртқы саясат Назым Тойлыбаева

АҚШ Конгресінің спикері болып Нэнси Пелоси сайланды

Хабар 24
Хабар 24

АҚШ Конгресі Демократиялық партия өкілі Нэнси Пелосиді спикер етіп сайлады. Оны қолдап 219 конгресс өкілі дауыс берсе, 192-і қарсы болған. Ол палатадағы Республикашылдар лидері Кевин Маккартиден көп дауыс жинады. Пелосиге 12 демократ қарсы дауыс берген, деп хабарлайды centralasian.org.

Конгрестің жаңа құрамы 3 қаңтарда жұмысқа кірісті. 2018 жылдың қараша айында өткен сайлауда Өкілдер палатасы демократтар бақылауына өткен. Ал республикашылдардың көпшілігі Сенатта орындарын сақтап қалды.

Пелоси Мексикамен шекараға дуал тұрғызуға қаражат бөлінбеген бюджет туралы заң жобасын таяу уақытта қабылдауға уәде етті. Бұл заң жобасының қабылданбауы мемлекеттік мекемелердің жұмысына да әсер етті. NBC -ке сұқбат берген Конгресс спикері қорған салуға бюджеттен бәрібір ақша бөлінбейтінін айтады.

Ал Сенаттағы республикашылдар Трамптың қолдауынсыз демократтар жоспарын сенаторлар қарамайды деп отыр. Президенттің өзі осыған дейін Мексикамен шекараға дуал тұрғызуға қаржы бөлу туралы талабы орындалмайынша үкімет жұмысы ішінрара тоқтап тұра беретінін ("шатдаун") мәлімдеген.

"Шатдауан" зардабы федералдық мекемелердің 800 мыңнан астам қызметкеріне тиіп отыр, олардың жартысынан көбі ақысыз жұмыс істеп жатыр.

Президент Дональд Трамп Конгрестен Мексикамен шекарада қабырға тұрғыза бастау үшін 5,7 миллиард доллар бөлуді талап етеді, ал демократтар бұны орындаудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Шекарада қабырға тұрғызу жобасына барлығы 20 миллиард доллардан артық қаржы кетуі мүмкін.

Нэнси Пелосидің жасы 78-де. Ол — 2003 жылдан бері Өкілдер палатасында демократтар лидері. 2007–2011 жылдары Өкілдер палатасының бірінші әйел спикері болған. 2010 жылы сайлау кезінде демократтар жеңілісінен кейін, парламенттегі азшылықты басқарған.

Соңғы жаңалықтар