Текелідегі жылыжай кешені қайтадан іске қосылды

Текелідегі жылыжай кешені қайтадан іске қосылды

Текелідегі жылыжай кешені қайтадан іске қосылды
ашық дереккөзі
Алматы облысының Текелі қаласындағы бірнеше жылдан бері жұмыс істемей тұрған жылыжай кешені қайтадан іске қосылды. Жаңа жыл қарсаңында өңір тұрғындарын өз өнімімен қамтамасыз еткен жылыжай алдағы көктемнен бастап, әр шаршы метрден 40 келі қияр алуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Текелідегі бұл жылыжай кешені қазір әр шаршы метрден 20 келі қияр жинауда. «Қыста күн сәулесі жаздағыдай түспейді. Сондықтан өнімділік әзірге осындай болып тұр. Өнімді өткізуде ешқандай қиындық жоқ. Табысымыз жаман емес. Ал бағаны нарық реттейді», - дейді жылыжайдың бас агрономы Ахмет Алмұратов. «Өйткені қияр өсіруге қажетті нәрсенің бәрі шет елдерден әкелінеді. Өзімізде өндірілсе, әрине, қиярдың бағасы да төмен болар еді. Биологиялық қорғаныс мақсатында пайдаланатын заттардың өзін Италия мен Голландиядан алдырып отырмыз. Өз зертханамыз бар, бірақ оның күші бүкіл кешенге жетпейді», − дейді бас агроном Ахмет Алмұратов. «Голландтық технология бойынша жылыжай ашайын деп отыр. Оған біз жер телімін бергенбіз. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін бүкіл құжаттарын дайындап жатыр. Жылдың аяғына дейін жылыжай салынып, ол жерде де қияр, қызанақ өндіретін өндіріс пайда болады», − дейді Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев. Мұнда бау-бақша өсіру ісі де өркендеп келеді. Текеліде биыл апорт өсіретін алма бағы ашылады.