ЖЫЛДАР ЖЫЛЖЫП, АЙЛАР АҒЫП БАРАДЫ...

ЖЫЛДАР ЖЫЛЖЫП, АЙЛАР АҒЫП БАРАДЫ...

ЖЫЛДАР ЖЫЛЖЫП, АЙЛАР АҒЫП БАРАДЫ...
ашық дереккөзі
Енді санаулы күндерден соң тағы бір жылды тарих қойнауына жіберіп, тағы бір жылды қарсы алмақпыз. Біреулерді қуантып, енді біреулерді жылатқан Ит жылы да осылай аяқталмақ. Әр жылдың өз еншісінде қызық та қайғылы оқиғалардың қоса жүретіні, табиғи заңдылық, әрине. Десек те, «Бас ауырып, балтыр сыздаған», жанға жара салған кей сәттердің де артта қалғанын ойласақ, бүгінге аман-есен жеткенімізді түйіндесек, құдайға шүкір деуіміз керек. Бір жыл! 365 күн! Ұзақ деуге де, қысқа деуге де келмейтін, әсілі қас пен көздің арасындай болғанымен, еліміз тарихындағы экономикалық-әлеуметтік өзгерістерді, халықтың тұрмыс-тіршілігіндегі оң өзгерістерді таразыласақ, тұтас бір ғұмырды құрайды емес пе?! Тәуелсіздікпен бірге ел өміріне енген Наурызды жыл басы санайтынымыз ақиқат, бірақ жарты әлемде мерекеге айналған Жаңа жылды да бейжай қарсы ала алмасымыз тағы анық. Осы ретте, қазақтың зиялы қауым өкілдерінің шаңырағында осы мерекені қалай қарсы алады екен деген ой мазалап, бірнеше отбасына телефон шалған едік. Ең алдымен, қаламгерлер арасында қазақилықтың иісі бұрқырап, ұлттық тәлім-тәрбиенің ошағына айналған қазақтың патриот жазушысы, марқұм Қалмұқан аға Исабаевтың жары Зәбира Әлиқызы Исабаевамен хабарластық. – Ағаларыңның балалық шағы, жастық дәурені қиын заманмен тұспа-тұс келгенін, одан кейінгі есейген, ес білген, етек жапқан кездерінен хабардарсыздар. Өмірінің біраз жылдарын әскери қызметке арнаған жазушы үнемі қолынан қаламын тастаған емес. Германияда жүрген кезінде-ақ «Комендант» атты роман жазған ғой. Бертін келе, алпысыншы жылдардың басында, Кеңес дәуірінде өз оқырмандарына жетпей, өртеніп кеткені, кейіннен қалған қолжазбалары арқылы қайтадан басылып шыққанын да көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Шет елде жүріп-ақ өзінің туған тілін ұмытпақ түгілі, көркем дүниелер жазу, әй, қайдам, екінің бірінің қолынан келмес. Сыртта жүріп, қатал тәртіптің ортасында жүріп, артына өшпес мол мұра қалдырған Қалекең балалық шақтың тәтті дәмін аз татқандардың бірі. Сондықтан да болар, жылдың қай мерекесі түгілі, жәй күндерінің өзін отбасы, ошақ қасында балаларының ортасында думанды өмір сүрді деп айта аламын. Екеуміз 1958 жылы бас қосып, отау тігіп, 58 жыл бір шаңырақта ғұмыр кештік. Көңіл қалдырардай отбасылық дау-дамай да болмапты. Қас-қабағымыздан ұғынысатынбыз. Бір-біріміздің бетімізден алып, не дауыс көтеріп көрмеген сол жылдарда байқағаным, шығармашылығымен қатар өзінің ұқыптылығы, жауапкершілігі, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы, ойға алған тірлігін аяғына дейін жеткізетін тиянақтылығымен балаларын да тәрбиелей алды. Соғысқа дейін, соғыстан кейінгі жылдардағы жоқшылықтың дәмі таңдайынан кетпегендіктен болар, үнемі мол дастарқан, ас та төк дәмді ас дайындауды талап ететін-ді. Жоқшылық дегеннен ойға түседі, соғыстан келгендердің барлығы дерлік үстерінен әскери шинелдерін, бастарынан әскери фурашкелерін тастамайтын. Бір жағы мақтаныш болса, екінші жағынан жоқшылықтың да азабы еді. Өзі көрген азапты, қиындықты, жоқшылықты әулетім көрмесе екен, ұрпағым жақсы ғұмыр кешсе екен деген әрбір қазақтың арман-мақсаты десек, соны біздің шаңырақ та назарда ұстады. Сондықтан да әрбір мерекені мол дастарқан басында қарсы алып, бала-шағасының ортасында әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырдық. Әрине, қонақсыз тағы болмайды. Ал біздің қонағымыздың көбі – жазушылар, қолына қалам ұстаған қаламгерлер болып келетіні ақиқат. Әзіл-қалжыңдары жарасып, өлең оқып, ән айтылып, қоңыр домбыраға жан бітіп қалушы еді. Арагідік қалжыңдарына мен де қосылып қоямын. Қалекең елу жасынан бастап мерейтойларын атаусыз қалдырмаған адам. Ол кез балалардың алды есейіп, өз қолдары өз ауыздарына жетіп, қолқанат болып қалған кез. Елуге келген мерейтой мейрамханада өтті. Қалалықтар мейрамханада өткен тойдан кейін үйді-үйлеріне тарайтын болар деп ойласақ, жоқ, бір топ жазушы тойдан кейін түн ортасында шаңырақта жалғастырды. Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов бар, қазір біразын ұмытып та қалдым. Қарағандыдан Евней Букетов бар. Дастарқанға жайғасқан соң қызу әңгіме басталды да кетті. Жаңа ғана той дастарқанынан тұрған кісілерге ұқсамайды, тіпті, біраз уақыттан бері кездеспегендей, бір-бірін жаңа көргендей ду-ду. Кіріп-шығып жүрген менің көңілімді сергітіп алайын деді ме, Евней: – Осы жазушылар осындай жақсы әйелді қайдан тауып алады? – деп жарқылдай күлді. Мен де қарап қалмай: – Құдай-ау, сенің маған жолықпағаның қандай жақсы болған, мына ағаңның шашындай ана бұйра шаштан түк қалмас еді ғой, – дедім. Қыран-топан күлкіге батты да қалды. Бірде тағы бір қызық оқиға болды. Ағаларың он шақты жыл Одақта әдебиетті насихаттау бюросын басқарды. Сол жылдары әр аймақ, әр облыстың қаламгерлерімен тығыз байланыста болды. Жас демей, жасамыс демей, алыстан келгендеріне міндетті түрде үйден дәм татқызбай жібермейтін. Бірде осындай сыйлы қонақтың бірі келгенін, түсте ертіп келетінін айтты да, жұмысына кетті. Бауырсақ-шелпегімді әзірлеп, балалар көмектесіп, анау-мынаусын дайындап, жүгіріп біз жүрміз. Сөйтіп жүргенде түскі астың уақыты да болып қалыпты. Есіктің тұтқасы сылдырлап, сырттан ашты да бір топ қонағымен Қалекең кіріп келе жатыр. Сөйтсек, өзінің ілулі тұрған кілтін үйге тастап, есікте тұрған кілтпен сыртымыздан құлыптап кеткен ғой сабазың. Әлгі жазушылар: «Ойпырмай, Қалаға жеңгемізді құлыпта ұстайды екенсіз ғой»,– деп әбден күлсін... Несін айтайын, ойын-күлкімен, жарасымды ғұмыр кештік қой. Бүгінде көз көргендердің қатары сиреді. Шүкіршілік жасайтының, бәрінің де артында ұрпағы қалды, тұяқтары бар. Ал шығармалары да халық есінде. Сол үлкендердің ұлағатты сөздерін, тілектерін естіп өссін деп балаларын да дастарқан басынан қумайтын. Қазақтың қай шаңырағы болса да қонақтан кенде емес шығар, дегенмен біздің үйден тіпті қонақ арылмайтын. Жаңа жыл, әсіресе, 9 мамыр, Жеңіс күніне деген құрметі ерекше-тін. Тәуелсіздіктің арқасында Наурыз жыл басы болып өмірімізге енгеннен кейінгі қуанышы тіпті бөлек. Көбіне Жазушылар одағындағы жиындарға қатысып, ересектерін ертіп те апарып жүрді. Төрт көзіміз түгел дастарқан басына жиналып, өзі қарқарадай болып төрде, мені жанына отырғызып, ұл-қыздары, келін-күйеубалаларына сыйлықтарын беріп, арқа-жарқа күй кешетін-ді. Бүгінде төредей болып отыратын төрдегі орнына немересі Абылай жайғасты... Соған шүкіршілік етемін. Мереке ғана емес, Жаратқанның сыйлаған жарық күнінің бәрі думан ғой, шырақтарым, аман болыңдар!

Мәмпәcи алғанымызға мәз болатынбыз

«Ісің түспесе де, тісің түскенде келерсің» деп қазақи қалжың, әзілге жаны жақын, стоматолог-дәрігер Нұрлан Жұмабеков Жаңа жылды асыға күткен балалық шағы жайлы былай деп әңгімелеп берді. Біздің балалық шағымыз кеңес дәуірінде өтті. Әкеміз партия қызметінде болды. Отбасындағы қарым-қатынас тек сол кісінің қабағымен, көзқарасымен шешіледі. Тәртіп қатал. Артық-ауыс сөзге, қимылға жол жоқ. Сабақ оқу, тәртіпті болу міндетіміз. Бүгінде Алматы облысына қарайтын Талдықорғанның Ақсу ауданы да еліміздің басқа өңірлері секілді өзге ұлт өкілдері көптеп шоғырланған өлке. Сондықтан да болар, Жаңа жыл мерекесін жақсы көретінбіз. Ваня деген ағай бүкіл ауданның мектептерінде, тіпті, балабақшаларында Аяз ата болатын-ды. Алғашқы жылдары кәдімгідей-ақ сеніп, тақпақ жаттап, орыс тілінде жаттағандарымызды тілімізді майыстырып айтып беріп, мәмпәси алғанымызға мәз болатынбыз. Екінші, үшінші жылдары да аң-таң болып, шын Аяз атадай қабылдадық. Кейін жоғары сыныпқа барған сайын оның өзіміз білетін, танитын, күнде көріп, сәлемдесіп жүретін кісі екенін білдік. Балалық қой, сөйтсе де жыл сайын асыға күтеміз. Екі беті қып-қызыл, жасанды сақал-мұртымен кіріп келгенде шынында да сонау алыстан келген, бізге жеткенше шаршап-шалдыққан шалды көргендей, қайтадан сеніп қалатынбыз. Одан кейінгі мереке – Рождество деп аталушы еді. Орыстардың неше түрге боялған жұмыртқасының дәмі де ерекше көрінетін сияқты еді. Он жылдықты бітіріп, Алматыға арман қуып жеткендердің бірі болдық. Алматыдай үлкен шаһардың тыныс-тіршілігі тіпті басқаша. Мереке болмаса да сәнді киініп алған кісілер арлы-берлі өз тіршілігімен асығыс кетіп бара жатады. Ал ауылда мұндай сәнді киімдер тек мейрам күндері ғана сандықтан шығады ғой. Күнкөрісіміз тәп-тәуір, тұрмысымыз асқан бай болмаса да, өзімізге лайықты ғұмыр кештік. Дегенмен ана, әпкелеріміздің дәл мұндай сәнді көйлек кигенін сирек көретінбіз. Алматы мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетінің студенті атандық. Қызыққа толы студенттік жылдар осылай басталды. Ал ол жылдардағы мерекенің жөні тым бөлек екенін студент болған замандастарымыз жақсы біледі. Оқу жылы басталғандағы институтаралық «Алтын күзден» басталады бәрі де. Алғашқы жылдары ұяңсың, көңілді кеште қараңғылау бір бұрышта тұрып аласың да, қыздардың биіне көз тастайсың. Шетінен әдемі, шетінен көрікті. Одан кейінгі мейрам, әрине, Жаңа жыл! «Қысы-жазы жап-жасыл» деп өзіміз әндетіп өскен шыршаға қызыға қарайсың. Жарқ-жұрқ жанған лампалары секілді сенің жаның да, жүрегің де от шашып тұрады. Еркінсің, өзіңе жымия қараған қызды биге шақыруға батылың жете бастайды. Ал соңғы курстарда әр жігіт жылына екі, кейде үш реттен туған күнін атап өтетін кездер келді. Үй болдық. Есейдік. Әке атандық. Жылдар жылжып, Тәуелсіздікке қол жетті. Бабалар арманы болған егемендікпен бірге өзіміздің Жыл басымыз – Наурыз атала бастады. Бұл мерекемен бірге ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымыз жаңарды. Ұлттық тағам, ұлттық сусындардың дәмін, әрине, менің тұстастарым білгенмен, бізден кейінгі ұрпақ ойша сезіне қоймайтын. Көзден бұл-бұл ұшқан түндігі желмен желбіреген алты қанатты киіз үйлер көзге жылы ұшырады. Анау шөл далада, малшы ауылдарда ғана, оның өзінде жайлауға шыққанда ғана тігілетін қазақи үйлер енді қалалықтарды қызықтыра бастады. Республикамыздағы жеңіл өнеркәсіппен айналысатын, оның ішінде ұлттық үрдістегі қолөнерімізбен шұғылданатын кәсіпкерлер киіз үйдің сән-салтанатын одан сайын көріктендіре түсті. Кейбір қалталы азаматтар түгілі, табысты мекемелердің алдында Наурыз сайын осындай үйлер тігіліп, мерекені тамашалаушыларға ұлттық ас-су ұсынатын жағдайға жетті. Есіктің алдында бұрқырап қуырылып жатқан қып-қызыл бауырсақ пен Наурызкөженің дәмін келесі жылдың Наурызына дейін тамсана жұтынып жүретін дәрежеге де жеттік. Осындай салтанатты жиынның үстінде немеремнің: «Ата, Наурыздың Аяз атасы қайда?» демесі бар ма, бәрімізді састырып. «Неге болмасын, ол кісі әлі жолда келе жатқан көрінеді»,– деп әкесі алдымызды орап кеткені бар. Содан бастап Қыдыр атамыздың кейпіне енетін жағдайға жеттік. Балаларымның тақпағын, әнін тыңдап, оларға бар білгенімізді әңгімелеп береміз. Дегенмен Жаңа жылдың аты жаңа жыл ғой. Біз қанша қазақша жыл басын Наурыздан бастасақ та, жыл желтоқсанмен аяқталады емес пе?! Сондықтан жаңа жылды тойлауға қарсы емеспіз. Мерекелік дастарқанымызды әзірлеп, немерелердің өнерін тамашалап, сыйлықтарымызды үлестіріп жатамыз. Ал ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық үрдістің орны бөлек, ол әрбір шаңырақтың, әрбір ата-ананың міндеті. «Жақсыны көрмек үшін» деген жақсы сөз бар қазақта, әр елдің жақсы нышандарынан үлгі алып, қажетсізін сызып, елеп-екшеп отыру қашанда үлкен кісілердің міндеті болған, бола бермек.  

     Жазып алған Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ