Талайдың санасын улаған безбүйректер

Талайдың санасын улаған безбүйректер

Талайдың санасын улаған безбүйректер
ашық дереккөзі
Әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – есірткі саудасы.Бұл біздің еліміз үшін де ерекше түйткіл. Тіпті, соңғы уақытта Қазақстанда ғаламтор арқылы ашық түрде есірткі саудалайтындар жайында жиі сөз болып жүр. Салдары ауыр болатын мұндай саудаға қалай тосқауыл қоюға болады? Бұл – еліміз үшін күн тәртібіндегі негізгі сауалдардың бірі. Сондықтан есірткі саудасымен күресудің сан түрлі жолы ұсынылуда. Осындай ұсыныстардың бірін өткен аптада Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жасады. Тоқаев есірткі саудасын терроризммен теңестіріп, мұндай жолға түскендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру қажеттігін алға тартты.

Есірткі – қоғам дерті

Нашақорлық – бір адамның ғана ауруы емес, ол – бүкіл қоғамның дерті. Осыны ескерсек, Сенат төрағасының ұсынысы орынсыз деп айта алмаймыз. «Есірткі делдалдарының әрекетін лаңкестік қылмыспен теңестіріп, өмір бойына абақтыға қамау керек. Өйткені өзін емес, басқаның да санасын улайтындар еліміздің ұлттық мүддесіне нұқсан келтіреді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Рас, бүгінде есірткі сататындар жеткіншектерді де инеге тәуелді етуде. Сенат депутаттарының айтуынша, оқушылар, әсіресе, синтетикалық есірткілерді жиі тұтынады. Олардың көбі елімізге Қытайдан жеткізіледі. Дәл осындай психотропты дәріні ішкен жеткіншектер арасында биіктен құлап, суицид жасайтындар көбейген. Ең қауіптісі, синтетикалық есірткілер ғаламтор арқылы ашық саудалануда. Жақында ғана Павлодарда ғаламтор арқылы синтетикалық есірткі саудалап келген екі азамат қолға түсті. Олар есірткіні Еуропадан тасымалдап, сайт арқылы қазақстандықтарға сатумен айналысқан. Құрықталған азаматтар енді 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Әлгі сайтта улы заттардың бір дозасының құны – 1500 теңгеден басталыпты. Полицейлер олардың ізіне сол сайт арқылы түскен. Сөйтіп, құны 12 миллион теңге тұратын екі келіден асатын есірткіні тәркіледі. Алайда күдіктілердің бұған дейін қанша нашаны саудалап үлгергені белгісіз. Қазіргі уақытта полиция олардың есірткіні шетелден қалай алдыртқанын анықтауға тырысуда. Дәл осындай күдіктілердің бірі желтоқсан айының басында алматылық құқық қорғаушылардың қолына түсті. Ірі көлемде есірткі саудасымен айналысып, есірткілік заттарды сақтады деген күдікке ілінген 38 жастағы азаматты жедел қызметкерлер ұзақ уақыт бойы аңдыған. Ер адамның есірткі саудасымен айналысқаны арнайы құралдар арқылы тіркеліп, құжатқа енгізілген соң, кезекті саудаласудың бірінде ол қолға түсті. Алматы полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы міндетін атқарушы Ерлан Алмағамбетовтің мәлімдемесіне сүйенсек, күдіктінің Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы үйін тінту барысында 300 грамм ақшыл түсті ұнтақ, 200 грамнан астам өсімдік тектес зат табылған. Күдікті ұсталғаннан кейін бірден тәркіленген заттарға сараптама жүргізіліп, пакеттерде героин мен марихуана болғаны дәлелденді. Сонымен қатар, жедел қызметкерлер ұсталған адамның өзі де нашақор екенін анықтады, бұрын есірткі сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ведомство мәліметінше, күдіктіде барлығы 1 мың 395 дозадан астам есірткі болған. Бұл – есірткі саудасымен айналысып жүргендердің бірнеше мысалы ғана. Ал елімізде есірткі сатып, қалтасын қампайтып жүргендер қанша екені беймәлім. Сондықтан депутаттар Ішкі істер министрінен ғаламтор мен көшеде ашықтан-ашық сатылатын есірткі саудасын тоқтатуды талап етіп отыр. Ал Ішкі істер министрі үнемі нашақорлыққа қатысты жұмыстардың күшейгенін айтып келеді. Мысалы, үстіміздегі жылдың маусым айында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов тұрғындарға есеп беріп, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің соңғы 3 жыл көлемінде 154 есірткі алаңын тауып, 215 тонна тыйым салынған қарасораны тәркілегенін мәлімдеген еді. Ал соңғы 1,5 жыл ішінде Қазақстанда есірткі саудасына қатысты 4 мыңнан астам қылмыстың беті ашылды. Сондай-ақ, елімізде есірткі саудасымен айналысқан 190 сайт бұғатталған. Сол кезде сала басшысы ауған елінен таралатын қауіпті көкнәрдың Ресей мен Еуропаға біздің ел арқылы жеткізілетініне ерекше назар аударған. Өйткені транзит арқылы келетін есірткінің 10 пайызы елімізде қалып қояды екен. Ең өкініштісі, қалып қойған есірткі делдалдар арқылы қазақстандықтарға таралуда. Ал әзірге оған тосқауыл қою қолдан келмей тұр. Жалпы, Ауғанстаннан әлемнің түкпір-түкпіріне таралғанға дейін есірткі заттары көптеген елдердің шекарасын басып өтеді. Себебі есірткі тасымалының 70 пайызы автокөліктер, 20 пайызы пойыздар, 10 пайызы әуе жолдары арқылы жүзеге асырылады. Ал транзит елдерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті арнаулы қызметкерлердің көбісі есірткі саудасына көз жұмып қарайтын сияқты.

Жазалауға неге қауқарсызбыз?

Ресми деректерге иек артсақ, Қазақстанда жыл сайын есірткіге қатысты қылмыстардың 85 пайызы ашылады екен. Бұл қылмыстардың басым үлесі – 2 мың қылмыстық іс есірткі таратуға қатысты қозғалады. 2018 жылдың 9 айында есірткіге қатысты 6 219 қылмыс анықталды, оның ішінде 1 919 есірткі қылмысы, оның 1 304 фактісі – есірткі таратуға қатысты қозғалды. Заңсыз айналымнан түрлі 16,6 тонна есірткі алынды, оның ішінде – 38,7 кг героин, 14,4 тонна марихуана, 450 г гашиш бар. Құрамында есірткісі бар өсімдік өсірудің 259 фактісі тіркелді. Есірткі бизнесі саласында ұйымдасқан 9 топтың іс-әрекетіне тосқауыл қойылды. Есірткі таратушылар көбінесе ірі қалаларда ұсталады. Өткен жылы Астанада 153, Алматыда 259 қылмыс тіркеліпті. Марихуана, гашиш есірткілері негізінен еліміздің Жамбыл, Қызылорда сияқты оңтүстік өңірлерінде дайындалғанымен, ол барлық облыстарға таралады. 2017 жылы Түркістан облысында – 346, Жамбыл облысында – 235, Қызылорда облысында – 164, Шығыс Қазақстанда – 300, Қарағандыда – 246, Қостанай облысында 215 қылмыстық іс қозғалған. Оның үстіне, бүгінгі күні «QIWI-әмиян» арқылы есірткі саудалайтындарды қолға түсіру тіпті қиын. Өйткені қолданыстағы заң бойынша, жеке тұлғалар өздері туралы жеке мәліметтерді тіркемей-ақ, «QIWI-әмиян» арқылы 100 АЕК-ке (240,5 мың теңге) дейінгі қаржылық операцияларды жүзеге асыра алады. Сондықтан мұны бақылап отыру айтарлықтай қиын. Төлемдердің осындай тәртібі транзакциялардың ізімен ірі есірткі сатушылардың және олардың дилерлік торабының ізіне түсуге, оларды бақылауға мүмкіндік бермейді. Дегенмен қазір мемлекеттік органдар ҚР «Қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау туралы» Заңына, ҚР «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңына тиісті түзетулер енгізе отырып, электронды шотты идентификациялау, яғни ақшалай операция жасайтын адам жайлы мәліметтер енгізу мәселесін қарастыруда.

«Наркокурьер» жеткіншектер неге желігеді?

Соңғы уақытта елімізде есірткі саудасына оқушылар да араласа бастаған сияқты. Үстіміздегі жылдың маусым айында Алматы қаласында оқушыларды әлеуметтік желі арқылы наркокурьер қызметіне шақырушылардың көбейгенін айтып, мамандар дабыл қаққан еді. Есірткі саудасымен айналысатындар әлеуметтік желі арқылы мектеп оқушыларына «Күніне 10 мыңнан 50 мың теңгеге дейін табыс тапқың келсе, бізге хабарлас» деген мазмұндағы хабарлама жолдайды екен. Мұндай «батпанқұйрыққа» қызыққан жеткіншектер әлгілерге бірден хабарласып, олардың «тексеруінен» өтеді. Алматыдағы адам құқығы бюросының баспасөз мәслихатында құқыққорғаушы Константин Гудаускас: «Курьерлер тексеруден өтеді. Өйткені оларға сенуге бола ма, жоқ па, осы жағы тексеріледі. Ол үшін ең алдымен оларға есірткіге ұқсайтын тұз немесе ас содасы беріледі. Егер жасөспірім сенімнен шықса, аптасына 40 тапсырысқа 25 мың теңге төлеп жұмысқа алынады. Кәмелеттік жасқа толмағандар жеңіл есірткі тасымалдаса, кәмелеттік жасқа толғандар ауыр есірткі тасымалдайды», – деген болатын. Бұл істі тереңірек зерттеген мамандардың сөзінше, жұмыс схемасы бойынша курьер әр жерге затты жасырып кетуі тиіс. Клиент сол жерден алып кетеді. Егер тапсырыс беруші тауарды таба алмаса, курьерге айыппұл салынады. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері 2015 жылдан бері ғаламтор арқылы есірткі саудасымен айналысып келген бірнеше қылмыстық топтың әшкереленгенін жеткізді. Бірақ күдіктілер арасында жас­өспірімдер болмапты. Қылмыстық іс бойынша дәйек ретінде тіркелген ұялы телефондар соттың шешімімен жойылған. Ата-аналардың шағымы бойынша қызметтік тексерістер жүргізіліп, келтірілген дәйектер расталмапты. Соңғы 15 жылда Қазақстанда нашақорлыққа салынып, балауса ғұмырларын қор қылған жасөспірімдердің саны 20 есеге көбейген. Есірткіге байланғандар интернет беттерінде саудаланатын синтетикалық препараттарға еш қиындықсыз қол жеткізіп, естерінен айырылуда. Үстіміздегі жылдың қараша айындағы деректер бойынша, елімізде 900-ге жуық сайт емін-еркін есірткі сататыны белгілі болды. Тіпті, балалар да есірткі саудасына жегіліп жатыр. Қараша айына дейін 18-20 жас аралығындағы 8 бозбала есірткі сатқаны үшін сотталды. Осылайша, есірткі бизнесі жастардың қолымен етек жайып барады. Ал құқық қорғаушылар қылмыскерлерді жауапқа тартуға, жазалауға қауқарсыз. Себебі заң осал. Мысалы, Қазақстан 1990 жылдардың басында халықаралық конвенцияға қосылған. Онда героин мен апиын сияқты есірткінің 170 түрі ғана тізімге кірген. Есірткі таратқандарды ұстағанмен, препарат тізімде болмаса, олар жазадан сытылып, оңай құтылып кетеді. Мамандар жазаны қатаңдатып, заңға өзгеріс енгізбесе, дерттің дендеп кететінін айтады.