ЛИТВА БАЛАЛАРЫ ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІН ОҚИДЫ

ЛИТВА БАЛАЛАРЫ ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІН ОҚИДЫ

ЛИТВА БАЛАЛАРЫ ҚАЗАҚ ЕРТЕГІЛЕРІН ОҚИДЫ
ашық дереккөзі
Литвадағы Қазақстан елшілігі литвалық жасөспірімдерге тамаша тарту жасады. Литва балалар әдебиеті қазақ ертегілерімен толықты. Елдегі Қазақстан елшілігі литва тіліндегі қазақ ертегілерінің жинағын баспадан шығарды. Енді жануарлар айтысы, қарлығаш пен «Қаңбақ шал» туралы аңыздар, «Алдар көсенің» қылықтары мен қазақ ертегілерінің басқа да танымал кейіпкерлері туралы шытырман оқиғалар кішкентай литвалық оқырмандар мен олардың ата-аналарын қуантатын болады. Кітаптың алғашқы басылымы мен Жаңа жыл мерекесіне орайластырылған сыйлықтар Вильнюс қалалық емханасының Педиатрия орталығында ем алып жатқан балаларға сыйға берілді. Балаларды кітаппен таныстырған Қазақстанның Литвадағы елшісі Виктор Темірбаев еліміз туралы қызықты мағлұматтарға тоқталып өтті. Елші балаларға алма мен қызғалдақтың әлемге Қазақстан аумағынан тарағаны, алғаш рет жылқыны Ұлы дала оғландары қолға үйреткені туралы әңгімелеп берді. Танымал теле және радио диктор Бернадета Лукошюте Педиатрия орталығының жас сырқаттарына қазақ ұлттық ертегілерінің кейіпкерлері туралы бірнеше ертегі оқып берді. Қазақ ертегілері бүлдіршіндерге арналған литвалық радиода эфирге берілуі мүмкін. Қазақ ертегілерінің жинағының жүздеген данасы жақын күндері Литва кітапханалары мен мектептеріне таратылмақ. Кітаптың ресми тұсаукесері 2019 жылы ақпанда өтетін «Vilnius Book Fair» кітап жәрмеңкесінде өтеді.