Жаңалықтар

БАҚ өкілдері бас қосты

ашық дереккөзі

БАҚ өкілдері бас қосты

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да жергілікті билік пен баспасөзге ортақ маңызды міндеттер жүктеді. Себебі БАҚ – мемлекет пен қоғам, билік пен халықтың арасын жалғайтын басты құрал. Сондықтан ұлттың ұлылығын асқақтатып, рухын көтеретін Елбасы мақаласын жүзеге асыру үшін «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығару аса маңызды. Ал бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны өте жоғары. Өткен аптада әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған конференция өткізілді. Онда бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, ғалымдар мен тарихшылар «БАҚ пен қоғам әріптестігінің жаңа форматын» әңгімеледі. Ғылыми-тәжірибелік конференцияға «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, саясаттанушы Дәурен Бабамұратов модераторлық етті.   Зиябек Қабулдинов, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  директоры: – Бірінші кезекте біз әлеуметтік экономика мәселесін шештік. Ал енді идеология мәселесін шешуде тарихи сана жолымен шешетін кез жетті. Себебі әлемде әртүрлі өзгерістер болып жатыр. Сондықтан Елбасы мақаласын біз құптаймыз және кеңінен насихаттауымыз қажет. «Ұлы даланың жеті қыры мақаласы» бұл ең алдымен еуроцентристік көзқарастардан арылу. Көп адам, оның қатарында студенттер мен магистранттар неге мақалада жеті қыр ғана айтылған деп сұрап жатыр. Қазақ үшін жеті саны өте киелі ұғым. Сондықтан Президент жеті санын құрметтеп, ата-баба сенімін дәріптеп осыған тоқтаған. Ал шын мәнінде жетінің астарында жетпіс, жеті жүз, я жеті мың қыр мен сыр жатыр. Оның ішінде қазақ пен түркі әлеміне ортақ ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, ата-бабаға тағзым, қонақжайлылық, туысқандық қатынастың беріктігі – осының барлығы ұлы дала халқының ең асыл қасиеттері. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын іске асыруда БАҚ-тың атқаратын рөлі ерекше. Неге Қазақстанда екінші дүниежүзілік соғыс музейі жүйесін қалыптастырмасқа? Бұл туристерді тартудың бір амалы. Қазір әлем бойынша бұндай музей тек екі елде ғана бар. Бірі – Қытайда, екіншісі – Польшаның Гданськ қаласында. Бұл музейдің ашылғанына бір жыл ғана болған, кіру құны 5 еуроға жуық. Ал оған ағылған туристер саны осы уақытқа дейін 1 миллионнан асып жығылған. Енді қараңызшы, кішкентай ғана музей Польша экономикасына қаншама табыс әкелді? Бізге де осы сияқты істерді қолға алып, оның ішінде ашық аспан астында музей ұйымдастыру сияқты ерекше әрі тың жобалар аса қажет. Жалпы, конференция барысында «Ұлы даланың жеті қыры» бойынша алға қойылған мақсаттар мен атқарылған жұмыстар талқыға салынды. Сондай-ақ, Елбасы мақаласынан туындайтын қоғамды ақпараттандырудың өзекті мәселелері талқыланып, газеттер мен электронды БАҚ-тың атқаратын қызметі мен тәжірибесі сараланды.