Тарихын түгендеу – парасатты ұлттың парызы

Тарихын түгендеу – парасатты ұлттың парызы

Тарихын түгендеу – парасатты ұлттың парызы
ашық дереккөзі
Өткен жұмада, 21 желтоқсан күні қалам құдіретіне табынған қауым – қазақ қаламгерлері Жазушылар үйіне көптеп жиналды. Алматыда «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиеті» атты Қазақстан Жазушылар одағының І Пленумы болып өтті. Шараға Жазушылар одағы басқармасының мүшелері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ, еліміздің бірқатар облыстарынан, Астанадан арнайы қонақтар шақырылған.Отырыстың ашылуында Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет «Ұлы даланың жеті қыры және қазақ әдебиетінің даму бағыт-бағдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған келелі міндеттерді жүзеге асыруда жазушылардың рөлі туралы да тілге тиек етті. «Осындай олқылықтардың барлығының орнын толтыратын уақыт келді. Мақалада айтылған міндеттер бойынша жазушыларға артылатын жүк бөлек. Бүгінде соның бәрін зерделеп ойластырудамыз», – деді ол. Жиын соңында Пленум қатысушылары Елбасының мақаласында айтылған барлық келелі ұсыныстарды қолдап, бірауыздан Үндеу қабылдады. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы деп білеміз. Әлемдік кеңістікке ұлттық кодымыз арқылы шығып, барша әлем халықтарына қазақтың жанын, Тәуелсіздігіміздің мызғымас рухын, қазыналы құндылықтарымызды дәріптеуді мұрат етеді. Қазақ қаламгерлері өз шығармаларында қашанда тамыры мыңжылдықтарға кететін төл тарихымызды зерттеп, зерделеуге, ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуында осыған дейін де өлшеусіз еңбек сіңіргені ақиқат. Осы орайда Президент Әкімшілігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, облыс әкімдеріне «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында байтақ Қазақ-станның барлық аймақтарын қамтитын «Тарихи әдеби өлкетану» жобасын ұсынамыз», – делінген Үндеуде. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ұлықбек Есдәулеттің жазушылар жиынындағы сөзін аздаған қысқартумен беріп отырмыз. Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы [caption id="attachment_74531" align="alignnone" width="1024"] width=  [/caption]

«Ұлы даланың жеті қыры» және қазақ әдебиетінің даму бағыт-бағдары

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ежелгі тарихымыз бен мәдениетіміздің қадір-қасиетін танытып, астарын ашып көрсеткен «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы баспасөз бетінде жарық көргелі бері оның мән-маңызы мен құндылығы үздіксіз талқылану үстінде, тиесілі жобалар да жасала бастады. Қадыр Мырзалиев ағамыздың: «Біздің тарих бұл-дағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» дейтін сөзінде үлкен шындық барын қайталап айтудан жалықпаймыз. Себебі бізге өз тарихымызды оқытпай, өзімізден жасырып, кейінгі бірнеше ұрпақ басқа ұлттардың, өзге мемлекеттердің тарихын өз тарихымыздан гөрі жетік біліп келгені құпия емес. Біз XVI ғасырдан XIX ғасырға дейінгі Ұлы даланы қорғау кезеңінде, ұлт ретінде жойылып кетпес үшін жан-жақтан анталаған жаулармен қанды соғыс жүргізе жүріп, көп қалаларымыздан, мәдени мұраларымыздан, ежелгі көне жетістіктерімізден айырылдық, одан бергі уақытта бостандығымыз шектеліп, тарихи-өркениет жолындағы дамуымызды тоқтатып алдық. Ал отаршыл үстем елдер өз ұлтымыздың тарихын өзімізден жасырып келді. Жерімізден Алтын адам табылып жатса, «ол скифтердікі, оның қазаққа қатысы жоқ» деді. Сонау кеңес кезінде Шіліктіден бір емес, екі Алтын адам табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да Қазақстанға бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері Эрмитажда тұр. Қазақ жеріндегі бүкіл сақ обаларын І Петрдің заманынан бері 200-300 адамдық арнайы қарулы экспедициялар шығып, жоспарлы, жүйелі түрде тонап келген. Обалардан табылған алтындарды Батыс Сібір генерал-губернаторы Матвей Гагарин патшаға жөнелтіп отырған. Қанағатсыз қанқұйлы Петр патша «қазақ даласынан алынған алтындардың бір бөлігін менен жасырып жымқырып,Тобылдың Кремліне тығып жүрсің» деген айып тағып, жан досы Гагаринді Сенат алаңында дарға асып өлтіреді. Және мәйітін алғызбайды. Үш айдан кейін арқаны шіріп, үзіліп, жерге құлап түскенде «үзілмейтін шынжырмен қайта асып қойыңдар!» деп бұйырып, қыс бойы өлігін еті әбден ағып түскенше салақтатып-салбыратып қойған екен. Не үшін? Пазырықтың, Шілікті мен Есіктің обаларынан табылған алтын бұйымдар үшін! Ол мұралардың біразы Эрмитажда тұрғанымен, қазаққа қатысы жоқ етіп көрсетіп келді. Отырарды Иран мәдениетіне апарып тіреп тастайтын. «Бізде Отырар кітапханасы болған» деп мақтансақ, «ол кітаптар сенің тіліңде болмаған» дегенге дейін барды. Ал енді айналып келгенде Мысырды билеген мәмлүктердің өзі біздің тілде сөйлеген. Оны біз емес, керек десеңіз, Израиль мен Америка, араб ғалымдары жазып отыр. Қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, ол да өзгеге тиесілі деген түсінік таңылған. Айналып келгенде, мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өзіміздің тарихы қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр. Бұл мақаланың еліміздің келешегі үшін, мемлекетіміздің өркениет жолымен ойдағыдай дамуы үшін стратегиялық маңызы зор. 30 елдің қатарына кіру үшін әлемдік өркениетке қосқан үлесің де мол болуы керек. Ал енді біз қандай үлес қостық? «Ұлы даланың жеті қыры» осыны түгендеуге жол ашып берді. Антикалық заманнан бергі гректердің «кентавр» деп жүргендері сақтар болып шықты. Ал сол сақтардың Ұлы даладағы жалғасы, атпен біте қайнасқан халық кім − ол қазақтар! Солтүстік Қазақстандағы археологиялық қазба «Ботай мәдениеті» ретінде танылып, сол жерде ежелгі дәуірде ең алғаш рет жылқыны қолға үйреткен кім? − біздің қазақтар болып шықты. Осы елдің азаматтары болғаннан кейін бәріміз де осы жердің тарихына, тарихи жәдігерлеріне, мәдени ескерткіштеріне мұрагер ретінде ие болуымыз керек. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» дейді мәртебелі автор өз мақаласында. Мысырға барсаң: «Біз арабтармыз, египеттіктердің тілі басқа болған, біздің тіл емес, бірақ фараондар тарихына бас-көз болып қалған бізбіз», − дейді. Сол сияқты біз де өзімізді ежелгі мәдениет иелерінің заңды ұрпағы ретінде сезіне білуіміз керек. Металлургияның дүниежүзінде ежелгі үш-ақ ошағы бар екен. Сол ошақтардың бірі Қазақстан, яғни өзіміздің Алтай мен Жезқазғанда табылған. Ал металл қорыту дегеніміз өз заманындағы озық өркениет емей немене?! Табылған Алтын адамдардың киімдерінің өзі − зергерлік өнердің шыңы. Бұл деген – ұлы мәдениеттің белгісі. Қалалық мәдениеттің тарихымызда болғанын Тараздағы ежелгі құбыр, Түркістандағы моншаның өзі дәлелдей түседі. Оған Көкшетаудан табылған сүйек конькиді қосыңыз. Қазақ жерінен табылған ежелгі бассүйекке трепанация жасалғанын медициналық ота тарихы туралы кітаптардан кездестірдім. Моңғолдар Шыңғыс хан заманынан бері арбаны «қазақ арба» дейді. Бұл не деген сөз? Арбаны ойлап тапқан қазақ деген сөз. Өзіміздің жылқыға байланысты түрлі әбзелдерімізді алайық. Үзеңгіні ойлап табудың өзі – сол замандағы үздік прогресс санатында. Қазақ жеріндегі таңбалы тастарда да дөңгелекті арба бейнеленген. Шалбар киюді де Еуропаға апарған Алтайдан шыққан бабаларымыз. Түріктер тоқыма жемпірді қазақ деп атайды. Сұрастырсам, тоқыма өнері қазақтардан келген дейді. Астанадағы бір ұстаның жеке коллекциясында самаурындар ішінен 15-16 ғасырлардағы бірнеше құман-самаурындарды көріп таң қалдым. Кәдімгі үлкен құман, бірақ ішінде су қайнатуға арналған оттығы бар. Ал керек болса! Демек, самаурынның о бастағы аты мен заты кәдімгі құман болып шықты! Атақты Тулаңыз далада қалды! Біздің ата-бабаларымыз көшпенді де, отырықшы да бола білген. Қаланы да салған, даланы да мекендеген. Міне, сондықтан сол далалар мен қалаларда болған ежелгі мәдениеттердің бәрінің заңды мұрагері біздің еліміз екенін айтудан жасқанбауымыз керек. Құбыр да біздікі, шығыр да бізді­кі, дөңгелек те өзіміздікі, әңгелек те өзі­міздікі. Өз тарихымыздың тереңіне үңілуден ешқашан да ұтылмаймыз, ешбір ұлт бұдан ұтылған емес. Сонымен қоса, аң стилі деген сөз дүние жүзінің өнертану ғылымында тұрақты термин болып қалыптасып кеткен. Бірақ осы аң стилі қайдан пайда болды? Ол да өзіміздің туған даламызда, кең-байтақ жерімізде пайда болған. Мына жердегі Берелден, анау жердегі Шіліктіден, міне Астана, осы Алматы маңайынан да түрлі-түрлі айғақтар табылып жатыр. Соның бәрі аң стилінің бізден бастау алғанын көрсетеді. Біздің Алтай тауы түркі әлемінің алтын бесігі деп аталады. Негізі, тек қана түркі әлемінің емес, адамзаттың бесігі деуге боларлық. Өйткені жапондар да өздерінің тілін Алтай тобына жатқызатыны белгілі. Олар «түбінде біз Алтайдан шыққанбыз» дейді. Эстондардың халық өлеңдерінің өзінде «біз Алтайдан шыққанбыз» дейді. Алтайдан шықтық дейтіндер көп. Бірақ айналып келгенде, түбі бір түркі әлемінің алтын қазығына, қасиетті қарашаңы­рағына бұл жерді мекендеп қалған біздің қазақтар ие болып отыр! Жібек жолы бойындағы қыруар қалалардың әкімдерінің форумы биыл Астанада өтті. Соның аясында біз «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, мемлекеттердің Жазушылар одағының төрағаларының да басын қосып, оннан астам елдің басшыларымен жолыққанбыз. Форумда Олжас Сүлейменов пен Мұрат Әуезов қаншама елден келген қонақтарға Жібек жолындағы қазақ елінің тарихи рөлі туралы әсерлі баяндамалар жасады. Ұйымдастырушылар бұл форумды келесі жылы қайтадан жалғастырып, дәстүрге айналдырмақ сияқты. «Архив-2025»-ке байланысты да түрлі жұмыстар атқарылып келеді. «Цифрлы Қазақстан» − келешекке аса керекті іс. Тарихтың өзін цифрға түсіріп, болашаққа ұсыну дейтін мәселе – аса үлкен ауқымды жоба. Елбасымыз әлемдік мұрағаттардан қазақ тарихына қатысты деректерді жинақтап, зерделеп, олардың бәрін кешенді жоспарға ендіріп, ашылмаған, шықпаған нәрселердің барлығы архивте цифрландыру арқылы сақтау қажет деп отыр. Біздің тарихымыз өзімізден гөрі басқа республикаларда, өзге мемлекеттерде көбірек сақталған. Мысалы, Қытайдың, Ташкенттің архивінде біздің тарихымызға қатысты құжаттар шаш-етектен. Ресейде (Мәскеу мен Петербургте) қаншама?! Мынау Орынбор, Омбы, Томбы, Барнаулдың архивінде де біздің қыруар тарихымыз қатталып жатыр. Арменияда армян әліппесімен жазылған қыпшақ ескерткіштері мол. Сонау Лондонның, Париждің де музейлерінде біздің тарихымыздың үлкен жұрнақтары жатыр. Олардың біреуіне қолымыз жетсе, біреуіне жетпейді. Біз оған мемлекеттік тұрғыдан кіріскен жағдайда қолымыз жететін шығар деп ойлаймын. Мәмілегерлік, елшілік жолдар бар. Елбасының өзінің ресми сапарлары кезінде де осындай мәселелер шешіліп жатады. Мәскеуде әдебиет институтында оқып жүрген кезімізде профессор Куницын айтатын еді: «Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің Германиядағы бүкіл архивін Мәскеу сатып алып қойған, немістерде ештеңе де қалмаған», − деп. Мәскеудегі Марксизм-ленинизм тарихы институты олардың бүкіл архивын өз қолдарына жинақтап алған екен. Сол сияқты өз тарихымызды басқа жақтан жинақтап алып, ұрпақтарымызға ұсынуымыз керек және біздің мынадай құндылығымыз, мынадай қазынамыз болған деп жұртқа да көрсете білуіміз керек. Мақалада әр қазақтың жүрегіне жақын, Алаш ардақтайтын «Ұлы даланың ұлы есімдері» деген бөлім бар. Бұл есімдер − біздің әл-Фараби, Бейбарыс, Абай, Шоқан, Махамбет, тағы да басқа батырларымыз, хандарымыз. Біз өзімізді сақ мәдениетінің мұрагеріміз деп есептеп, аң стиліндегі бүкіл қазынасына заңды иелік танытатын болсақ, сол сақ заманының ұлы тұлғаларына да дұрыс көзқарас қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе, бабаңның пенсиясын алып, өзін қарттар үйіне өткізіп тастағандай безбүйрек қылық көрсеткен болып шығамыз. Ол үшін арғы Анахарсистен бастап, Томирис, Шырақ, Зарина, т.б. тарихи тұлғаларды бауырымызға тартып, өз тарихымызға енгізуіміз керек. Сонымен қоса, ғұмыры біздің тарихымызға қатысты болса да, әлі ескерусіз, назарымыздан тыс қалып келе жатқан ұлы тұлғалар бар. Мысалы, Көктүрік қағанатының көсемдері Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, бәдізшісі Йолығтегін. Тарихқа бақсақ, олардың туған жері Қара Ертіс бойы. Қара Ертіс дегеніміз бар болғаны 100 шақырымдай ғана жер, Ертістің Зайсанға құйғанша ағатын тұсы. Меніңше, қазақ жерінде сол үш-төрт қаһарман баһадүрге ескерткіштер орнатылып, көшелер берілуі керек. Тағы бір ұлы есім − Бабыр. Кезінде Бабырдың кітабын аудардық. Бір заманда Байзақ Қожабек-ұлы деген ағамыз аударған, екі рет басылып шыққан. Бірақ сонда осы Бабыр біздікі-ау дегендей көп көңіл бөліне қоймады. Бабырдың кітабын оқып отырсаңыз, қазақ даласынан шыққанын өзі көрсетеді. Ол өзбектермен соғысты, Шайбанимен шайқасты. Өзбектерден жеңіліп барып, Ауғанстанды басып алады. Ауған-станды билеп отырады да, күш жинап қайта келіп, өзбектермен соғысып, тағы да жеңіліп қалады. Содан Үндістанды басып алады. Ол ұрпағымен Үндістанды үш жүз жыл билеген. Анау «Тәж Махал» Бабыр ұрпағы Жаһангер Әкбардың салған мавзолейі. Үш жүз жыл Үндістанды билеген сол бабамызды неге айтқымыз, иемденгіміз келмейді? Өзі Мұхамед Хайдар Дулатидың туған бөлесі екенін жазады. Ана жылы «Тәж Махалда» болдым. «Мұны салған құрылысшы, сәулеткері кім?» деп сұрағанымда, «Түркістаннан алдырылған шебер» деген жауап алдым. Аты да жазулы тұр екен. «Тәж Махалды» салған түркістандық шебер айналып келгенде біздің бабамыз емес пе?! Міне, осындай тарихымызға қатысты құнды мәліметтерді жинақтай алмай жатырмыз. Мысырдағы күллі мәмлүктердің араб тілінде емес, қыпшақ тілінде сөйлегенін әлем тарихшылары ашық айтып, жазып отыр. Александрия қаласында болсаңыз сізді міндетті түрде Қайтбай қамалына апарады. Ал сол атақты Қайтбай кім? Сонау антикалық заманда құлап қалған Форос маягының кебежедей-кебежедей кірпіштерінен қалап, айбынды қамал салған, Мысырды отыз жыл билеген атақты мәмлүк Қайтбай сұлтан да қыпшақ болып шықты. Біз оны іздемей, иемденбей, Бейбарыстың тасасында қалдырып отырмыз. Оған кейінгі уақытта өзбектер мен черкестер көз қадай бастады. Тезірек иемденбесек, айырылып қалуымыз мүмкін. Осы мақалада қозғалған мәселе­лерді орындауда Жазушылар одағына айрықша, бөлекше жүк артылары сөзсіз. Айтылмаған нәрселер көп қой, соның бәрін зерделеп, ертең қалай орындауды ойластырудамыз. Мәселен, «Ұлы дала тұлғалары» деп аталатын сериялы кітаптар жазылады. Оны жазатын кімдер? Айналып келгенде – жазушылар. Сол арқылы тарихи шығармалар туындайды. Тарихи шығармалар дегенде біздің Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Әнес Сарай, Қойшығара Салғарин, Қажығали Мұқаметқалиев, Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбай, Смағұл Елубай, т.б. ағаларымыз, Тұрсынхан Зәкенұлы сияқты інілеріміз бұған дейін де тарихи шығармаларды жазып келді. Бұрын тарихқа деген өгей қатынасты сезе отырып жазған, сонда да қаламы қолынан түспеген жазушыларымызға жаңа тыныс, кейінгі буынға кең жол ашылып отыр. Біз қазірдің өзінде Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен және Композиторлар одағымен бірлесіп, «Дала фольклорының антологиясын» және «Ұлы даланың көне сарындары» атты жинақты құрастыруды қолға ала бастадық. Бұл жинақтардың басылымын Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын болды. Бұл біздің көркем тарихымыз, санамыздың тарихы. Осының бәрі цифрлық форматта жинақталса, өте жақсы дүние болмақ. «Әдеби өлкетану» деген жобамызды жалғастырып, фольклорға байланысты, ұлттық салт-санаға байланысты аңыз-ертегілерімізді жинайтұғын экспедицияларды шығарсақ, қазынаға жолығарымыз хақ. Қазірдің өзінде жер-жерге барып келген жазушылар өнімді еңбек етіп жатыр. Алды роман, арты повесть, поэма туғызғандар бар. Түрлі кітаптар шығарылуы керек. Бұның бәрі, тағы да біздің, басқаның емес, жазушылардың мойнына түседі. «Бабалар сөзінің» 100 кітабы толықтырылып, 150 том болып қайтадан шығарылса деймін. Естуімше, қолжазба қорында баспаға қолы жетпеген әлі 50 томдық қолжазба жатқан көрінеді. Осы мақала-бағдарламаның арқасында қазір біздің жазушыларға көл-көсір тарихи тақырыптар ұсынылып, ұшан-теңіз мүмкіндіктер туып отыр деп санауға болады. Сіздер, қадірлі қаламдастар, бұл мақалада айтылған, ұлтқа қажетті бағыттардан қағыс қалмассыздар деп ойлаймын. Біразыңыз бұл мәселеде сергектік танытып, өз ой-пікірлеріңізді, жоба-жоспарларыңызды осы жерде және баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде ұсынарсыздар.

Дайындаған Ж.Баққондыұлы