Жаңалықтар

Игілік жылы жадымызда қалды

ашық дереккөзі

Игілік жылы жадымызда қалды

Еліміздің 2018 жылы саясат сахнасындағы басты жетістігі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі. Бұл – Тәуелсіздігінің 27 жылдығына қадам басқан Қазақстан мемлекеті үшін зор мәртебе. Әлем елдерінде орын алып жатқан түрлі кикілжің мен қақтығыстарды шешуге ат салысып, баршаның мүддесін қорғауға тырысқан Қазақстан бұл істі де абыроймен атқарды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «...Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық. Татулық пен тұрақтылықтың мекені – Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Қазақстан 2018 жылды БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұңғыш рет төрағалық етумен бастады. Бұл жас тәуелсіз мемлекет үшін үлкен абырой. Бұл – қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік», – деді.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік  Кеңесіне төрағалық етті

[caption id="attachment_74505" align="alignnone" width="1024"] Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазғандай, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Шындығында, егемен ел, Тәуелсіз мемлекет атану да, ұлы істі қолға алып, елдің дербес астанасын таңдау мен оны салуға күш-жігерін жұмсау да зор бақыт. Иә, қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған еді. Бүгінде «Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөркін аспанға ата қуанып, алып-ұшып, жаппай ат басын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етті. Міне, осындай тығырықты сәттерде Елбасы ерен ерік-жігер танытты. Мемлекет басшысы үлкен аудиторияларда, үкіметтік кездесулерде, ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында астананы көшіру идеясының стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын жан-жақты ашып, ел мүддесі, ұрпақ болашағы үшін бұл бастаманың баламасыз екендігін алға тартты. «Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр», – деген болатын Президент. Сол еңселі елордамызға – 20 жыл! Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт, әрине. Бірақ сол уақыт аралығында Сарыарқаның төсінде әлем таңдай қағып қарайтын Астана қаласы бой түзеді. Бас қаланың 20 жылдағы жеткен жетістігі, даму көрсеткіші де мақтануға тұрарлықтай. Астана – еліміздің бас қаласы атанған сәттен бүгінге дейін дамудың сан түрлі сатысынан өтті. Соның нәтижесінде, елорда 20 жылда экономика және саясат, ғылым және білім, мәдениет және өнердің орталығына айналды. Астананың 20 жылдығымен құттықтаған Елбасы «Қазақстан», «Тәуелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті. «Соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келді. Мемлекеттер басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың маңызды көрсеткіші саналады. Осындай әр сапардың арқасында Астананың бүкіл әлем бойынша достары көбейе түсті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал 20 жыл ішінде бас шаһарда тұрғын үй құрылысы үшін 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1265 тұрғын үй бой көтерді. Одан бөлек, Астанада 20 жыл ішінде 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңызы зор нысандар салынған. 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жетті.

Global Challenges Summit-2018: әлемнің ең үздік сарапшылары бас қосты

Қазақстан 2017 жылы ірі бидай экспорттаушы елдердің рейтингісінде 11-орынға тұрақтады. Бұл өнім 660 миллион 800 мың долларға саудаланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылы Қазақстанда астық жинау 22,8 млн тоннаға жеткенін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстанның экспорттық әлеуеті 9 млн тонна деңгейінде бағаланады, оның ішінде 6 млн тонна астық, 2,1 млн тонна ұн, қалғаны бұршақ дақылдары. Қазақстанның Қара теңіздегі порттар арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндігі зор. Бұл ретте теміржол вагонындағы өнімді кеме бортына бірден тиеу жағы жолға қойылған. Былтырғы астық маусымында осындай әдіспен экспортқа шамамен 100 мың тонна Қазақстан өнімі жөнелтілді. Алайда бұдан да жоғары өнім ұсынуға болады. Дәнді дақылдарды экспортқа жөнелтудің осындай әдісінің сыйымдылығы жылына 1 млн тоннаға жетеді. Соңғы уақытта Қазақстан дәнді дақылдарды экспорттауда белсенділік танытуда. Бұл өнімдерді арнайы контейнерлер арқылы тасымалдау жолы ұтымдырақ. Яғни, тек жақын елдермен қарым-қатынас орнатып қана қоймай, әлемдік сұраныстың ауқымды бөлігін – Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын да қамтуға болады. Және Қазақстан әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда. Негізгі импорттаушы мемлекеттер шекаралас: Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Сонымен қатар Африка және Азияның шығыс бөлігімен де байланыс орнаған. Бірақ ұнның сыртқа шығарылымын контейнерлік жолмен бұдан да ауқымды түрде арттыруға болады. Қазақстан өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық экспорттайды. Соңғы 5 жылда орта есеппен 19,1 млн тонна өнім сыртқа шығарылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Талғат Болатұлының айтуынша, бүгін Қазақстан астық экспорттаушы үздік 10 елдің тізіміне еніп отыр. «Өткен жылы жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сыртқа өнім шығаруға жеткілікті деп сеніммен айта аламыз»,– деді ол. Былтыр Қазақстан Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінен бастап, 35 мемлекетке өз өнімін ұсынып үлгерген. Экспорттың 87 пайызы Қытай, Түркіменстан және Иранға жіберіліп отыр.

Діндер съезі – «рухани  дипломатия»

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойды. Онда: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деді Қазақстан Президенті. «Бұл орынды шешім деп санаймын. Түркістан – түркі халқының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген», – деген Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды. Міне, бұдан кейін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ, қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер бойынша қызу жұмыс басталғанын мәлімдеді. «Биылғы жылы Елбасымыздың Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының орны халқымыз үшін әу бастан бөлек. Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған шежірелі шаһарда тағдырлы шешімдер қабылданды, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өтті. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, әр қазақтың жүрегінің төрінде қасиетті Түркістан қаласына деген мақтаныш сезімі тұрады. Ұлы ойшыл-ағартушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістанда жаққан шамы өшкен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын Ясауи іліміне деген қызығушылық артып отыр», – деді облыс әкімі Ж.Түймебаев. – Мемлекет басшысының шешімі қыркүйек айында Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде туыстас елдер басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын бауырлас елдер өте жылы қабылдады. Жаңа бетбұрыс бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды нығайтып, түп тамырымызды бекіте түсеріне сенім білдірді. Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді, – деді облыс әкімі. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі Академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Академияның штаб-пәтерін Түркістанға көшіру жөнінде ұсыныстар айтылуда. Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, «Түркістан кітапханасы» сериясымен жинақтарды шығару жоспарланды. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Түркі әлемінің рухани мұралары мен еңбектері қазақ тіліне аударылады. Тоныкөк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Махтымқұли сынды түркіге ортақ тұлғалардың мұралары насихатталады. Сонымен бірге, «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтап және жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум ұйымдастырылмақ. Бұдан өзге Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі Академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара өткізіп, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін атап өту ойластырылған. Сондай-ақ, Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады. Облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында өткен «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форумға әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аша түспек. Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бес қабатты 26 тұрғын үй бой көтерді. 1536 пәтерден тұратын баспаналардың 1200 пәтері (20 тұрғын үй) арендалық үйлер, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналарға жатады. «Барлық пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы аясында бой көтереді. Сондықтан халыққа берілетін баспаналардың сапасына мән беріп, мерзімінде аяқтау жұмыстарын назарға алыңыздар. Бүгінге дейін шаһардағы «Отырар» шағын ауданында қысқа мерзімде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп, 2018 жылдың қыркүйек айында халық игілігіне ұсынылады. Ендігі кезек нақ осы шағын ауданда бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің есігін жаңа оқу жылына дейін ашу міндеті тұр», – деді облыс әкімі.