Жаңалықтар

Қарты бар ел – қазыналы ел

ашық дереккөзі

Қарты бар ел – қазыналы ел

«Нұр Отан» партиясы қолға алған «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында тағылымды істер қолға алынып келеді. Осындай шаралардың бірі Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында жүзеге асырылды. «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында жастар көмекке мұқтаж жандардың ауласын қалың қардан тазалап, қажеттілікке байланысты өзге де көмектер ұйымдастырып, қарттарға қолғабыс жасап жүр. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дейтін ерікті жастар Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының орталығында тұратын жалғызбасты қария Батима Мұстафинаның үйінде болып, ауласын қардан тазартты. «Бұл – біздің ардагерлер алдындағы парызымыз. Мұндай көпті көрген, ата-әжелерімізді мақтан тұтамыз және оларға көмектесіп, олармен әңгімелесудің өзі біз үшін бір мәртебе», – дейді «Нұр Отан» партиясының мүшесі Тілеужан Хасенов. Батима Мұстафинаның күйеуі қайтыс болған, ал жалғыз қызы Орал қаласында тұрады. Үйінде жалғыз өзі тұратын жалғызбасты әже жағдайын сұрап, қамқорлық көрсеткен ауыл жастарына аналық ақ батасын жаудырды. «Үйімізге келіп, көмек көрсетіп жатқан жастарға үлкен алғасымды айтамын. Биыл қар қалың жауып, ауламды басып кетті. Бүгін міне, еріктілер ауламды тазартты. Енді көктемде үйімді су басады деп алаңдамайтын болдым», – деп қуанышын жеткізді Батима Ақжігітқызы. Сонымен қатар, «жасотандықтар» Нина Қадырова, Сара Нысанова, Пелогея Курина сынды қариялардың ауласындағы қарларын күреп, отын кесіп, қолдан келетін көмектерін көрсетті. Ал партиялық жоба аясында жүзеге асып жатқан «Қарияларға қамқорлық» акциясы әрі қарай да жалғасын таба бермек.